БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Ирсакова М.А., Тараз қ.

 

          Бүгінгі таңда  бастауыш мектептің ең маңызды міндеті – оқушыларға заман талабына сай білім беру. Бастауыш мектеп балаға білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.

          Бастауыш мектеп  оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбас кезең.   Бастауыш сынып оқушысын ойы ұшқыр, қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптастыру үшін оқу үрдісін жан-жақты жаңаша ұйымдастыра білу талап етіледі. Сондықтан да оқу-тәрбие үрдісінде жаңа технология элементтерін тиімді қолдана білуіміз қажет.

         Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологиялар пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі мектептердегі жаңарту үрдісін қызу қолдап, жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды практикада қолдануда үлкен белсенділік танытуда.

        Педагогикалық жаңа технологиялар бастауыш сынып мұғалімдеріне мынадай қағидаларды ұсынады: оқуға шығармашылықтың енуі, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық, өзара әрекеттестік сипатындағы жаңа әлеуметтік қатынастың пайда болуы, жеке тұлғаның дамуына жағдайдың туғызылуы, яғни жеке тұлғаға бағдарланған оқу, тұлға дамуының сыртқы әсермен бірге оқушының ішкі түрткілері негізінде жүргізілуі. Сонымен, педагогикалық технология дегеніміз-тәжірибеде жүзеге асырылып, нәтиже беретін педагогикалық жүйенің жобасы.

       Бастауыш сынып оқушыларының шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуы үшін оқу үрдісінде жаңа технологияларды қолдану тиімді. Бастауыш сыныптың оқу үдерісінде жиі қолданыста жүрген педагогикалық технологиялардың бірі «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту».

        «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі деп түсінуіміз керек.Бұл бағдарламаның мақсаты барлық жастағы, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының кез келген мазмұн, түсінікке сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға сапалы шешім қабылдауды осы сабақтарда үйренеді. Сын тұрғысынан ойлау-сынау емес, шыңдалған, бірін-бірі толықтырған ойлау десек қателеспейміз. Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым үш деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің үлгісі. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып ішінен қажеттісін алуға үйретеді.

        1-кезең-Қызығушылықты ояту. Бұл үйрену үрдісі. Оқушының бұрынғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Сондықтанда сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Бұнда ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркендіргіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін «Жұпта талқылау»стратегиясын бүгінгі практикалық жұмыс барысында байқайсыздар, сондай-ақ келесі сабақтарда үйренуге болады. «Топтау», Түртіп алу», «Болжау», «Әлемді шарлау»т. б. әдістер жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты - үйренушінің белсенділігін , ынта-жігерін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады. Жұбымен, тобымен талқылайды. Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады. Және де жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.

       2-кезеңі «Мағынаны тану». Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетінше жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауға көмектесетін оқу стратегиялары бар. Соның бірі ІNSERT.

Y- білемін;

- - білмеймін;

+ - мен үшін жаңалық;

? –мені таң қалдырды;

Осы белгілерді қоя отырып, мысал өлеңді оқу тапсырылады.

        ІNSERT- оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну күрделі жұмыс. Сондықтан да оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі.

        Тақырып бойынша «Ой толғаныс»бағдарламаның 3-кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап , оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Толғануды тиімді етуге лайықталған «Бес жолды өлең», «Венн көрсетілімі», «Еркін жазу», «Екі түрлі түсініктеме күнделігі», «Ойлану стратегиясы»т. б осы сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне қарай лайықты қолданылады.

         Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау және практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.

       Дамыта оқытуды ұйымдастыруды, балаға ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.    

Қазіргі кездегі сапалы білім беруге бағытталған дамыта оқыту технологиясы -оқушының ақыл-ойын дамытуға арналған теориялық әдістерді қолдана отырып, бағдар алған оқыту жүйесі. Дамыта оқыту технологиясы арқылы оқу материалдарын меңгертудің маңызды орны оқушының алдына қойылған проблеманы дұрыс шешуге ғана емес, келесі жол сол проблеманы аз уақытта оптималдылықпен сапалы шешу жолын үйренуге жетелейтіндігінде [15].

        Дамыта оқыту сабақтарында жаңа материалды талдауға зор көңіл бөлінеді. Өйткені, талданбаған шығарма, есеп бала жүрегіне жетпейді деп есептелінеді. Талдау – бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр баланаң көңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға мүмкіндік алады. Әсіресе оқу сабақтарындағы материалды талдау арқылы шығарманың айтар ойы, идеясы бала жүрегіне жетіп, талдау арқылы ар-ұят, қайырымдылық, әдептілік т.б сияқты тамаша адамгершілік қасиеттер балалар бойына жұғыстығы болады.

        Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-

ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей 3 құрамдас бөліктен тұратын болады.

1. Оқу мақсаттарының қойылуы.

2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.

3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Бұл – үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері.

        Бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үрдісінде ойын технологиясын қолдану арқылы оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыруға болады.  Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды.

        Сабақта ойын түрлерін пайдалану сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын түрлерін оқу процесін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдалануға болады. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдылық маңызы да арта түседі. Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді.

        Ойын өмірде пайдасыз көрінгенмен аса қажетті көрініс-құбылыс. Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері — мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Өйткені, кіші жастағы оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырмаларды тез, әрі қызығып орындайтын болады.

         Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Ал мұғалімнің міндеті — балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету.

        Ойын элементтерін қолдана отырып мұғалім оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, зейінін арттыру мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, мұғалім ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады.

        Ойындар оқушылардың ой — өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды.

Сонымен жаңа технология эементтерінің кешенді жүзеге асырылуы бастауыш сынып оқушыларының тек теориялық ойлауы мен тілін ғана дамытып қоймай, олардың интеллектуалдық дамуын, адамгершілік және рухани тәрбиесін, іскерлігін қамтамасыз етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1        Сабиров Т. Оқыту теориясының негіздері. –Алматы, 2004.

2        Бұзаубақова Қ.Ж. Жаңа педагогикалық технология.- Алматы: Алматы, 2004.

3        Б.Тұрғынбаева.   Дамыта оқыту технологиялары. Оқу-әдістемелік құрал.- Алматы: Рауан, 2000.