Хасенов Болат Рашидович, Қазкен Айпара
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
Г.САЛЫҚБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ
ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
Г.Салықбай –
қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар
ақын. Ақын өлеңдерді әр алуан тақырыпта жазады.
«Оның өлеңдері мазмұны, түрі, графикалық
ресімделуі тұрғысынан жаңашыл болып келеді. Бұл
оқырман тарапынан да, әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан да
әрқашан атап айтылып жүр. «Қаламгердің адами
тіршілігінің әр қилы сәттеріндегі
көңіл-күйіне байланысты туған өлеңдері
философияға толы, өмірдің жалпы қарапайым
заңдылықтары арқылы ортақ түйін жасайды.
Ақын лирикасы сан алуан тақырыпты қамтығанмен,
оның басты нысаны – адам, оның сезімдері, сондықтан
жақсылық пен жамандықтан, қуаныш пен реніштен,
күлкі мен көз жасынан, мейірім мен қаталдықтан
тұратын тіршілік деп аталатын үдеріс ұлттық танымы мен
өзіндік дара әлеуеті ұштасқан
шығармашылығында жаңа, соны бейнелерге, символдарға
толы өлеңдер тууына әсер етті. Қаламгер төл
туындыларының вербалды қабатында окказионалды, потенциалды
сөздер, синкретті тіркестер, фразеологизмдер контаминациясы,
мәтінаралық байланыстардың маркерлері - түрлі
деңгейдегі цитация, аллюзия, реминисценциялар – жиі кездеседі»[1].
Г.Салықбай
өлеңдерінің лексикалық қабаты жайлы айтатын
болсақ, оның өлеңдерінде кірме сөздер
жоқтың қасы деп айтуымызға болады. Ақынның
«Алыстағы аңсарым» атты өлеңдер жинағынан біз
осыны аңғардық. Барлығы дерлік
қазақтың төл сөздері. Алайда ақын осы
сөздерді түрлі стилистикалық амал-тәсілдерді
қолданғанда, сөз семантикасы өзгергенін,
түрленгенін, мазмұнның байғанын байқайсыз.
Метафора (грек metaphora –
ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі.
Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері
негізінде астарлы мағынада қолданылуы. Сөздердің
дағдылы, әдеттегіден тыс, ауыса қолданылуымен байланысты
«метафора» термині ежелгі Греция мен Рим заманындағы
зерттеу-еңбектерден белгілі. Зерттеулер мен оқулықтарда
метафораны алғаш сөз еткен ерте дүниенің данышпан
ойшылы Аристотель деп беріледі.
Метафора құбылысы – ең алдымен адам ойлауының
нәтижесі. Ауыспалы мағыналарды туғызу адам санасының
көнеден келе жатқан танымдық операциясы болып табылады.
Метафорасыз көзге көрінбейтін дүние лексикасының
және абстрактілі ұғымдарды сипаттайтын предикаттардың
болуы мүмкін емес. Бейне жасай отырып және көзге қайта
елестету арқылы метафора санамен қабылданатын мағына
туғызады. [2, 12]
Ақын тілінде, сөз саптауында метафоралар
қолданысы да ерекше болып келеді.
Ұйқы
бізді менсінбеуге айналды,
Құлақ
шіркін естімейді жайлы әнді.
Қарғыбауын
үзіп кеткен төбет ой
Қара
түннің бұрымына байланды.
Бұл
жердегі метафораны бір қолданыстағы сөздерге
жатқызуға болады. Себебі төбет ой тіркесі автор контексінде
ғана қолданылады. Бұндай тіркесті тудырушы ақын –
нағыз эстетикалық ляззат сыйлаушы. Қарғыбауын
төбет ой үзіп кетіп, тек қара түннің ғана
бұрымына байланады. Бұл сөздерді түсіну үшін
қазақ болып туу керек шығар. Қарғыбау иттің
мойнына тағатын қайыстан жасалған зат. Төбет
«үлкен арлан ит» (ҚТТС, 2008). Әдеттегі, жалпы
қолданыстағы сөздердің ішінен ой сөзімен мазасыз,
маза бермейтін, жанын жегідей жейтін, т.б. сөздер тіркес
құрайды. Ал ақын мәтінінде ой сөзін анықтаушы етіп
қарғыбауын үзіп кеткен төбет сөзі алынып,
өлеңнің әсер ету деңгейін
жоғарылатқан. Қайыстан жасалған затты үзу
өте қиын. Алайда автор сол арқылы өзінің ой
ағымының қаншалықты зор екендігін байқатады. Және иттің өте мазасыз,
бір нәрсе көрсе, естісе үріп тұратыны да бар. Осының
барлығы авторға сөз ойнатуға уәж болған
секілді. Ал осы төбет ойды, шабытты байлайтын бір-ақ нәрсе –
ол қара түн. Көптеген ақын-жазушылардың ұлы
туындылары түнде туатыны белгілі құбылыс.
Кеше
шөп ем.
Бүгін
тасқа айналдым.
Бұл
жолдардағы метофора сыртқы формаға байланысты
туындаған. Шөптің жасыл болатыны белгілі. Жасыл түспен
жастық шақ символданады. Автор бүгінгі өмірін
тасқа балайды. Қазақ тілінде тастай деген
сөздің ауыспалы мағынасы суық, мұздай дегенді
білдіреді. Сонда автор осы сөздерді пайдалана отырып, сөздер
арасында синтагмалық байланыс жасап, оқырман санасында түрлі
ассоцияцияларды жандандырады.
«Түрме» атты
өлеңде «сүр уайым» деген тіркесті қолданады:
Ана
жақта қызыл да, жасыл да бар,
Бақыт
көрсе арам да асылданар.
Ал
мұнда – сұр төсек пен сүр уайым,
Табаныма
тас төсеп жылынайын.
Жүректе
– мұз,
Жүзім
– күз,
Шашымда
– қар.
Осы шумақта жүректе
– мұз, жүзім – күз, шашымда – қар дегендердің
барлығы транформацияланып, авторлық метафора болып тұр. Біз
сүр уайым деген тіркеске қана тоқталып кететін болсақ:
қазақ тілінде сары уайым деген сөз бар. Сары сөзінің негізгі түстік
мағынасымен қатар түрлі-түрлі ауыс мағыналары да
бар. Сары сөзі – жиі қолданыста болатын, көп
жағдайда түсті білдіретін лексема. Бірақ ол да кез келген
қолданысында түсті білдіре бермейді. Сары сөзі
жер-су атауларымен тіркескенде «сар»тұлғасында
қолданылатынын байқау қиын емес. Топономист
Е.Қойшыбаев «сар» сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде
көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген
мағынада жұмсалатынын айтады. Ал Р.Сыздықова «сары алтын
» тіркесіндегі сары сөзінің
мағынасы қоспасыз, таза, ал «сары
уайым» дегендегі «сары» сөзі парсы тілінде уайым,
қайғы екенін айта келіп, «сары уайым» тіркесі бір
мағыналы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болып,
бала-шаға, бекер-босқа сияқты бір сыңары парсыша
– уайым (сар), екіншісі –
қазақша уайым сөзінен жасалған
плеонастық тіркес болып табылады», – дейді [3,
88]. Сондай-ақ «сары алтын» тіркесіндегі «сары» сөзінің
негізгі мағынасы «таза», «шынайы» екендігінде дау жоқ,
ал «сары уайым» тіркесіндегі «сары» сөзі түсті
білдірмейді, плеонастық тіркес те емес.
Себебі, «сар(ы)» сөзінің түркі тілдеріндегі бір
мағынасы – «шын», «нағыз». Е.Қойшыбаевтың «сары» туралы айқын,
анық көрінген, «басты» деуі қисынды. Осыған
орай «сары уайым» – «негізгі, анық
уайым», ал «сарыла күту» – «шыдаммен, нағыз
күту» дегенге саяды[4]. Бұл деректерді келтіріп отырған
себебіміз – автор осы сары сөзінің орнына тек формасы ғана
емес, сонымен қатар мағынасы да жуық келетін сүр
сөзімен алмастыруы болып тұр. Сүр сөзінің түсіндірме
сөздіктегі мағынасы мынадай: 1. Ұзақ уақыт
сақтау үшін, тұздалып сақталған ет. 2. Көп
уақыттан бері өзгеріссіз жатқан нәрсе (ҚТТС,
2008). Автор осы мәндердің ішінен «ұзақ» деген
уақытқа семасын алып отыр. Бақыт көрсе арам
да асылданар деген өлең жолдарын біз алтын көрсе, періште
жолдан таяр деген мақалдың трансформацияланған түрі деп
есептейміз.
Мына бір өлең жолдарындағы прецендентті айтылым
синткаситік өзгеріс арқылы аса әсерлі метафораға
айналған[5]:
Көп
ұзамай өмірден өтер ме екем?
Қол билеген құралдар көмер
ме екен?
Әке – өмірден (жездедей жақсылығы)
Ана –
жерге алаңсыз енер ме екем?
Ақын өмірді
әкеге, жерді шешеге балайды. Жер –Ана деген ұғым
ертеден-ақ қалыптасқаны белгілі, ал өмірді әкеге
балау – тек автор қоланысына ғана тән сирек
құбылыс. Ақын көпшілікке белігілі «әкенің
жақсылығы жездедей» деген тіркестің құрылымына
өзгеріс жасаған. Мәтінде әке сөзінен кейін ілік
септік түсірілген және жездедей мен жақсылығы
сөздерінің орны алмастырылған. Дегенмен бұл
өлеңнің сыртқы құрылысына да, мазмұнына
да ешқандай нұқсан келтірмеген. Керісінше, осындай
амал-тәсілдер арқылы автор оқырманға әсер ету
шкаласын жоғарылатқан деп санаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Әділова А.С. Көркем
мәтіндегі колоративтер
символикасы. Абай атындағы
ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (41), 2012 ж.
2 Сыбанбаева А.С.
Метафораның тілдік болмысы және концептуалдық метафоралар:
Көмекші оқу құралы. ‒ Алматы: Қазақ
университеті, 2002. ‒ 161 б.
3 Сыздықова
Р. Сөздер сөйлейді. Алматы: Мектеп, 1980. – 125 б.
4 Лауланбекова Р.Түр-түс
компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім +
зат есім үлгісі бойынша).Фил.ғыл.канд.дисс.автореф . Алматы, 2010.
29 б.
5 Адилова А.С.
Қазіргі көркем мәтіндердегі цитация құбылысы
немесе мәтін ішіндегі
мәтін: Монография. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2012. –
262 б.