Хасенов Болат Рашидович, Мырзахмет Гүлнұр

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

МАҒЫНА, ҰҒЫМ, КОНЦЕПТ

 

Әрбір халықтың рухани қазынасы, азығы – оның тілі. Қазақ тілі – ең бай, әуезді, сұлу да ажарлы ғана тіл емес, сондай-ақ зор білім мен ғылымды бойына жинақтаған қазыналы тіл. Ал бұл тілдің иесі, сол тілді жасаушы, тұтынушы қазақ халқы – дүниедегі интеллектісі жоғары, білімі кең, танымы терең ұлт болып табылады. Ұлттың білімі, мінезі, дәстүрі, мәдениеті, ойлауы – бәрі де тілінде көрінеді. Мысалы, қазақ халқы бауыр деген сөзге ерекше мән береді. Тілімізде бауырына басу, бауыр тұту, бала бауыр еті, бауырым деген секілді жағымды реңкке ие тілдік бірліктер қалыптасқан. Ал өзге ұлттарда, мәселен қытайдың дәстүрлі медицинасы мен сенімінде бауыр барлық жамандықтың ортасы болып саналған. Орыс тілінің «сидеть в печеньке» деген идиомасы – адамды жалықтыру, мезі қылу мәнінде қолданылса, итальян тіліндегі тұрақты тіркестерде бауыр сөзі «қайсарлықтың» (милан диалектісінде «көре алмаушылықтың») символы болып табылады (В.Маслова).Алқазақ өзінің бір туғанын, жақынын, қандасын бауырым деп атайды. Халқымызда бір батырдың әйелі мен баласын жау қолына тастап, жаралы бауырын атына өңгеріп алып, өлім аузынан аман сақтап қалғандығы жайлы аңыз сақталған. Сонда әлгі батырдан: «сау әйелің мен балаңды неге аман сақтап қалмадың», дегенде батыр: «Қатын мен баланы мен табамын, бірақ бауырымды менің дүниеге қайтадан әкелетіндей атам мен анам қартайды және оның орнын қатын да, бала да ауыстыра алмайды», – деп жауап қатыпты. Бауыр деген туысқандық атауы мен бауыр органының арасында ішкі мағыналық жақындық, «туысқандық» бар. Екеуі де қанмен байланысты және қазіргі кездегі медицина ғылымы адам органдарынан бауыр ғана ауыстырылмайтынын дәлелдеп отыр. Ал дүние бейнесін ерекше талғампаздықпен, асқан білімпаздықпен жасайтын халқымыз бауырдың қанға қатыстылығын, ауыстырылмайтындығын бағзы заманнан-ақ білген. Қазіргі таңда физика, химия, медицина, т.б. ғылымдар дәлелдеп, ашып жатқан жаңалықтарды, қазақ деген ұлт тілінде бейнелепті. Мысалы, қоңыр түс – ғылымда өзге түстермен салыстырғанда, нейтралды түс болып есептелінеді, ал тілімізде қоңыр тірлік, қоңыр шаруа, қоңыр ән, саз, күй, т.б. орта тірлікті, орта қалыпты білдіреді. Жалпы алғанда, тіл – ақпарды сақтаудың, білімді жинақтаудың, қайта өңдеудің, мәдениетті, дәстүрді жеткізудің ең негізгі құралы.

Қазіргі антропоцентристік бағыттағы зерттеулерде тіл мен ұлт, тіл мен мәдениет, тіл мен ойлау, тіл мен психология байланысында бір қабатта қарастыру, зерделеу – өзекті мәселелерге айналды. Әсіресе, тілімізде қалыптасқан түр-түс атауларына деген қызығушылық басым. Өйткені колоративті лексика зерттеушіге халықтың әлемнің тілдік бейнесіне енуіне, сол арқылы халықтың ұлттық палитрасын көрсетуге, дара танымын сипаттауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Түр-түс мәдениеттің ажырамайтын бөлігі, негізгі ұясы болып табылатындықтан, ол халық санасы арқылы қорытылған әр түрлі деңгейдегі ұлттық мәдени ақпарды жинақтайды. Және де түр-түс әлемнің бейнесінің обьективті сипаттамасы ғана емес, бағалауыштық, экпрессивті коннотацияларға толы халық мәдениетінің тірек категориясы болып табылады.

Қазіргі лингвистикада әлемнің тілдік бейнесін қалыптастырушы элемент ретінде концепт ұғымын жиі кездестіреміз. Тіл адамдарды концепт арқылы ұлт/этнос ретінде байланыстырады (Маслова). Ана тілінде сөйлеуші – белгілі бір концептуалды жүйені арқалаушы, таратушы болып табылады. Концепт – ол ментальді кешен. Әрбір концептіде адамның әлем жайлы білімі, түсінігі бір арнаға тоғысады, содан кейін адамдарға танылған, ұғылған заттар нормаға айналып, бірін-бірі түсіне бастайды, сөйтіп ұлт ретінде қалыптасады. Концептілерде ұлттық білім, дүние бейнесін қалыптастырудағы ұлттық таным, түсінік жатады. Ол тек сол ұлтқа ғана тиесілі. Ұлт мәдениетін концептісіз елестету мүмкін емес.

Концепт жайлы пікірлердің сан алуан болып келуі – ғылымның әр саласында қарастырылып, зерттеу нысандарының әр алуан болуында, оның құрылымының күрделі болып келуінде деп ойлаймыз. Концептіні зертеушілердің негізгі деген үш бағытын атап көрсетуге болады. Бірінші бағыт өкілдері – Ю.С.Степанов, В.Н.Телия. Бұлар концептіні мәдениет аясынада қарастырушылар. Олардың ойынша, концепт – ұғымның мазмұны және мәдениеттің негізгі ұяшығы. Екінші бағыт өкілдері – Н.А.Арутюнова және оның шәкірттері, Т.В.Булигина, А.Д.Шмелев, т.б. Бұлар концептіні сөздің мағынасынан туындайды деген көзқарасты ұстанады. Ал үшінші бағыт өкілдері – Е.С.Кубрякова және т.б. концепт сөз мағынасынан емес, сол сөз мағынасының адамдардың жеке, халықтық тәжірибесімен байланысының нәтижесінде пайда болады дейді. В.Маслова осындай әр түрлі пікірлерді жинақтай келіп, концептке тән мынадай белгілерді атайды:1) адам тәжірибесі арқылы қалыптасқан идеалды түсініктердің сөз арқылы көрінетін шағын ғана танымдық бірлігі және ол өрістік құрылымға ие;2) қайта өңдеудің, сақтаудың және де білімді ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің негізгі бірліктері;3) концепт үнемі дамып, толығады және нақты функцияларға ие; 4) мәдениеттің негізгі ұясы.

Сонымен қатар, ғалымдар мағына, ұғым, концептілердің өзара айырмашылығын да көрсетеді.Сөз мағынасы лексикалық және грамматикалық болып бөлінетіні белгілі. Лексикалық мағына  - « сөздерді бір-бірінен ажыратып, ол арқылы сөз жеке даралық (единица) қасиетіне ие болады. Лексикалық мағына зат, құбылыс, әрекет жайында бір тілде сөйлейтін қауым таныған, жалпыға түсінікті әр сөздің меншікті мағынасы болып табылады. Ол  - сөздің басқа мағыналарының тууына негіз болады»[1;71].  Ал грамматикалық  мағына «сөздің лексикалық мағынасы негізінде туады». Ол «грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің біріңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына»[1;72]. Алайда сөз мағынасының аясы концептімен салыстырғанда тар. Ғалымдардың пайымдауынша, сөз мағынасы концептінің бір ғана бөлшегі болып табылады. Б.Нұрдаулетова: «Концепт пен сөз мағынасының арақатынасын айқындау семантикалық талдау мен концептуалдық талдаудың ерекшеліктері арқылы көрінеді. Себебі жеке сөздің семантикасын түсіндіру концептуалдық талдаумен іргелес, бірақ екі талдаудың нәтижелері әр түрлі» деп, А.Іргебаеваның мынадай пікірін келтіреді: «Егер біріншісі сөздің семантикалық құрылымын жасауға, сөздің денотативтік, сигнификативтік, коннотативтік мағыналарын нақтылауға арналса, концептуалды талдау белгілі бір тілдік таңбада жинақталған жалпылама концептілерді көрсетеді, таңбаның табиғатын белгілі когнитивтік құрылымда айқындайды. Семантикалық талдау сөзді түсіндіріп, анықтауға қызмет етсе, концептуалдық талдау дүниені тануға бағытталады» [2;58]. В.Маслова концепт пен сөз мағынасының арақатынысының күрделі екендігін баяндай отырып, мынадай мысал келтіреді: «...у союзов и  или но врядли можно постулировать значение, но концепты, которые за ними стоят, достаточна ясны (соединение, противопостовление)...»[3;37]. Алайда шылаулардың  лексикалық мағынасы болмаса да грамматикалық мағынасы болатынын ескерген жөн. Шылаулар концептінің өрісін құрайды. Мысалы, кейін, шейін сөздері уақыт концептісінің құрылымына ене алады. Бұл ретте Е.Кубрякованың «концепт не непосредственно возникает из значение слова, а является результатом столкновение значения слова с личным и народным опытом человека» деген пікірі көңілге қонымды. Мысалы, қоңыр сөзінің сөздіктегі мағынасы «1. Қара мен қызылдың арасындағы қою түс. 2. Ауыс. Жұтаң, жадау. 3. Ықылассыз, көңілсіз, салқын» түрінде келеді. Алайда бұл қоңыр сөзінің толықтай сипаттамасын бере алмайды. Бұны ассоциативтік эксперимент нәтижесінен көруге болады (толықтай мақала соңында). Мысалы, жуас, қарапайым, аласа, биік емес, құлаққа жағымды, Жұмекен, т.б. Сөз мағынасының біршама толық сипатын сөздіктен емес, ассоциацивтік өрістен байқауға болады. Сондықтан да қазіргі лингвистикалық зерттеулерде мағына перифирияға кетіп, оның орнын концепт алмастырады.

Ұғым мен концептіның айырмашылығы мынада: ұғым – шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды санамызда жинақталып беріуі болса, концепт – ұлттық ментальді кешен. Ұғым кез келген ұлтқа түсінікті, мысалы, қоңыр әр ұлтқа түс ретінде ұғынылады. Ал концептіге келгенде олай айта алмаймыз. Қоңырдың түс ретінде де, басқадай мағыналары да сол ұлтқа ғана түсінікті болып келеді. Ұғымға жалпылық тән, ал концептіге жекелік тән, ол сол обьект жайлы барлық білімдердің жиынтығы болып табылады.

Қорытындылап айтатын болсақ, концепт – адамдарды ұлт ретінде жинаушы, біріктіруші. Концепт – мәдениеттің негізгі ұясы, оның мазмұны мағынадан, ұғымнан кең. Және кез келген ұғым концепт бола бермейді, егер сол ұғым жайлы ұлт мәдениетінде үлкен мән беріліп, мақал-мәтелдердің, прозалық-поэзиялық шығармалардың тақырыбына айналып,  фразеологиялық бірліктердің құрамында көптеп кездессе ғана концепт дәрежесіне көтеріле алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. –Алматы:Дәуір баспасы, 2003.– 242 б.

2 Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік лингвистика. Оқулық. – Алматы: Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. – 312 б.

3 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. Минск: Тетра Системс, 2005.–С.256