Киясова К.К.,
Исахова Л.Т., Бейсенбаева А.А.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Шымкент, Қазақстан
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНДАҒЫ
ҚАЙШЫЛЫҚТАР
Резюме
В
этой статье говорится о необходимости перехода казахского алфавита в латинский
алфавит в Казахстане. А также широко обсуждены с примерами нынешнее состояние
казахского алфавита и внутренние разногласия, имеющие в нем.
Summary
In this article it is told about need of
transition of the Kazakh alphabet to the Latin alphabet in Kazakhstan. And a
present condition of the Kazakh alphabet and the internal disagreements having
in it are widely discussed with examples.
Елімізде Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2013-2015 жж.
гранттық қаржыландыратын «Қазақ
жазуын латын әліпбиіне ауыстырудың әдіснамалық, ғылыми, технологиялық
және әдістемелік негіздері» атты жоба бойынша көптеген
ғылыми жұмыстар орындалуда.
Бұл жобаның
мақсаты – қазақ жазуын латын әліпбиіне
ауыстырудың дұрыс және тиімді әдісін табу, оның
технологиялық және әдістемелік негіздерін анықтау мен
қолдану болып табылады.
Бұл қазір
көптеген елдерде талқыланып жүрген ғаламдану
дәуірінде ғаламдық ақпараттық
кеңістіктің бір ғана ортақ әліпбиі болғанын
қалап, ақпараттық ресурстарды базалық латын
әліпбиінде жасау мәселесін шешуге тікелей байланысты. Себебі,
дүние жүзінде шығарылып жатқан барлық
компьютерлер мен телефондар ағылшын тілі қолданатын базалық
латын әліпбиін қамтиды. Егер одан басқа тілдің ең
болмаса бір ғана әріпі базалық латын әріпінен
бөлек болса, онда осы тілдің әліпбиін осы аппараттарда
жұмыс істету үшін қосымша қаріптер, драйверлер
қажет. Сонымен қатар, егер кез келген ұлттық әліпбидегі
әріптердің орналасу реті ағылшын әліпбиіндегіден
өзгеше болса, онда әрбір
жаңа шыққан ақпараттық технология үшін осы
ұлтық әліпбиге арнап
ақпаратты сұрыптау және іздеу программаларын жасап отыру
керек. Ал оларды жасау бірқанша уақытты, еңбекті және
қаражатты талап етеді.
Қазақ тілі
жазуының шығу тарихына үңілетін болсақ, ол V-VIII
ғасырларда көне түркілер қолданған
руникалық әлiпби екендігі белгілі, ал VIII ғасырдан бастап
ислам дінімен бірге енген араб әліпбиі қолданылды.
XX ғасырда
қазақ тілі өзінің әліпбиін үш рет
өзгертті. 1912 жылы қазақтың ұлы ағартушысы
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық
жүйесін айқындап, құрамында 28 әрпі бар
араб графикасы негізінде жаңа әліпби жасап, төте жазу
ережесін анықтады. Бұл әліпбиді біздің елде 1929
жылға дейін пайдаланды, басқа (мысалы, Ауғаныстан, Иран,
Қытай және Пәкістан) елдерінде тұратын
қазақтар осы күнге дейін пайдаланып келеді.
1929 жылы қазақ жазуы 29 әрпі бар
латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшті. Көшу кезінде
қазақ тіліне жаңа [хы] дыбысы қосылды, ол
латынның h әріпімен белгіленді.
1940 жылы 42 әріптік
кирилл графикасы негізіндегі әліпбиге ауыстырылды. Бұл
әліпбиде орыс тілінің 33 әріпіне
қазақ тілінің ерекше 9 дыбысын
таңбалау үшін кириллицадан тыс ә,ғ,қ,ң,ө,ұ,ү,һ әріптерін қоса салды.
Соңғы реформада
қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктері ескерілмеді:
қазақ тіліне орыс тілінің дыбыстарын негізсіз кіргізді;
қазақ тіліне қіргізілген дыбыстарды таңбалау үшін
қазақ әліпбиіне артық в,ё,и,ц,щ,ф,э,ю,я,ь,ъ орыстың әріптері
ендірілді. Қазақ қазақ тіліндегі орыстың кірме
сөздерінің жазылулары мен айтылулары орыс тілінің нормасына
сәйкес жүзеге асулары керек деген жаңа талаптар пайда болды.
Мұндай жаңалықтарды кейбіреулер қазақ
тілінің дамуы деп есептейді (егер орыс тіліне ағылшын тілінің
дыбыстарын кіргізсе және оларды таңбалау үшін орыс
әліпбиіне ағылшын әріптерін ендірсе, сондай-ақ, орыс
тілінде ағылшынның кірме сөздерін ағылшын тілінің
нормасымен жаздырып және айттырып қойса, онда орыс тілінің
қандай «дамитындығын» елестетіңізші). Қазақ тілін
осылай «дамыту» арқасында оның жазылым
және айтылым
емле-ережерінде көптеген
қайшылықтар пайда болды, тіл өзінің ішкі бірлігі мен
үнділігін жоғалтып бұзыла бастады. Осы күнге дейін
қазақ тіліне қатысты бір-біріне қарама-қайшы
оқулықтар мен ғылыми еңбектер шығарылуда.
(1-Қосымша.
Қазақ тілі оқулықтарының
қайшылықтары, оларды қазақ тілінің дыбыстық
әртүрлі береді).
Енді қазақ тілінде
пайда болған қайшылықтардың кейбіреулерін көрсету
үшін қазақ тіліне ендірілген орыс тілінің дауысты «и»
және «у»
дыбыстарының қолдануын қарастырайық. Олар жазуда
қазақтың төл «ы», «і», «ұ», «ү» дыбыстарын
ысырып тастады. Мысалы, қазіргі кездегі жазуда «и» және «у»
дыбыстарына аяқталатын «ми», «би», «ту», «гу»
сияқты сөздердің тәуелдік жалғауларының
үшінші жағында «ми+ы», «би+i», «ту+ы», «гу+і» болады. Бұлар “Қазақ
тілінде тәуелдік жалғауларының үшінші жағында
дауыссыздармен аяқталатын сөздерге «ы» немесе «i» жалғауы, ал дауыстыларға
аяқталатын сөздерге «сы» немесе «сі» жалғауы жалғанады”
деген ережеге қайшы болады. Егер қазақ тілінде «и»
және «у»
дыбыстарын дауыссыздар деп есептесек, онда «ми», «би», «ту», «гу» деген сөздерде бір де
буын болмайды екен. Осыдан мынадай 2 сұрақ туады: «Қазақ
тілінде жалғаулар ережелері дұрыс па?», «Қазақ
тілінде ешбір буынсыз сөз бола ма?». Бұл сұрақтарды
тудырмау үшін, оларды қазақтың
дауысты дыбыстарын қолданып былай жазу керек «мый», «бій»,«тұу», «гүу»,.
Сонда қазақ тілінің түбір, буын және морфема
деген айтылым бірліктері бұзылмай жазылады, яғни,
жоғарыдағы жалғау «мый+ы», «бій+і»,«тұу+ы», «гүу+і» түрінде
жалғанады. Осыдан қазақ
тілінде дауысты «и» дыбысы
жоқ екендігі, ал қазір у әріпімен
белгіленіп жүрген дауыссыз
дыбыс екендігі шығады. Соңғы дыбыс орыс тілінде жоқ,
бірақ ол ағылышын тілінде бар және оны
халықаралық фонетикалық әліпбиде w әріпімен
таңбалайды. Орыс тіліндегі у әріпімен белгілеген
дыбыстың халықаралық фонетикалық әліпбидегі
таңбасы u:, яғни, қазақ
тіліндегі дауыссыз у [w] дыбысы мен орыс тіліндегі дауысты у [u:] дыбысын, естілім
ұқсастығына қарамай, өзара шатастыруға
болмайды. Бұл “Қазақ
тілінде сөз ішінде буын дауысты дыбыстан басталмайды” деген ережеге
де сай келеді, яғни, жоғарыда түзетілген сөздер «мы-йы», «бі-йі», «бұ-уы», «гү-уі» түрінде
буынға дұрыс бөлініп, сөздің буын
құрамын бұзбайды.
Қазіргі қазақ
тіліндегі осындай қайшылықтар орыс тілінің әліпбиімен
қатар, оның емле-ережелерін де еріксіз қолданудан пайда
болды. Сондықтан қазақ тілінің жазылым емле-ережелері
(орфографиясы)мен қатар айтылым ережелері (орфоэпиясы) бұзылды.
Қазақша сөйлеуде орыстың акценті пайда болды, себебі
көптеген терминдер орыс тілі арқылы қабылданды және кірме сөздердің
жазылуы мен айтылуы орыстың орфографиясы мен орфоэпиясына сәйкес
болуы керек деген талап қойылды.
Айтылған
қайшылықтар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде
дамытпақ түгіл, оны тікелей бұзып отыр. Демек,
қазақ тіліне жаңа кешенді реформа керектігінде
күмән жоқ. Егер оны қазір жасамасақ, онда
қазақ тілі уақыт өткен сайын өзінің
табиғи заңдылығынан айырылып қандай-да бір
будандық тілге айналып кетуі мүмкін.
Реформаны қазақ
тілінің емле-ережелерін бұзатын орыс тілінен енген дыбыстардан
арылып, яғни, қазақтың дыбыстық жүйесіне
және тілдің үндестік, буын құрау, жалғаулар
және басқа заңдылықтарына негіздеп,
ақпараттық технологияларды оңай пайдалануға және
оларды тиімді жасауға мүмкіндік беретін латын әліпбиіне
көшіп жасау керектігі айқын. Ол тек әліпби таңбаларын
ауыстырумен қатар қазақ тілінің жазылу және
айтылу емле-ережелерінің барлығын қайта жасайтын кешенді
реформа болуы керек. Соның
ішінде аса көңіл беретіні, ол қазақ тілі орфографиясының графикаға
байланысты ережелері (әріптердің кескіндері мен дыбыстық
мәндерінің және олардың графикалық контекстегі
жазылу емлесі), морфологиялық ережелері (түбір сөздер,
бөлек және бірге жазылатын сөздер, қос сөздер
емлесі), үндесім және үйлесім заңына негізделген
фонологиялық ережелер (қосымшалардың, шылау
сөздердің емлесі), жазудың идеографиялық принципіне
негізделген ереже (бас әріптің қолданылуы) және
техникалық ереже (сөздердің тасымалдануы) дәл
және толық анықталған болуы керек.
Сонда ғана біз қазіргі қазақ жазуындағы
қайшылықтардан арылып, ескерілмей қалған тұстарды
екшеп тілімізді қайта жаңғырта аламыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –
Қазақстан дамуының басты бағыты». 2012 жыл 27
қаңтар.
2.
Мырзабеков С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. Алматы: Сөздік-Словарь, 1999.
3.
Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы негізгі
заң актілері // Алматы, 2004. – 40 б.