Шалгымбекова Ақмарал
Ермеккызы,
Мажитаева
Шара
Е.А.Букетов
атын. ҚарМУ, Карағанды
МЕТОНИМИЯНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАБИҒАТЫ
Халық тілі – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіретін,
бейнелі ойды бедерлеп жеткізетін өрнекті сөз орамдарына аса бай.
«Сөздің немесе тілдің көркемдігі» дегенде, ең
алдымен, оның әсерлілігін ұғамыз. Әсерлі
сөйлеу, яғни көркем тілмен сөйлеу, өз ойын
өзгеге шама-шарқынша айқын түсіндіру – тек өнер
адамдарына ғана емес, мәдениеттімін деген бар қауымға
міндет, әрі қажет.
Қазақ тіл білімі жан-жақты зерттеліп, үздіксіз
дамып келе жатқан ғылым. Әйтсе де түпкілікті зерттеуді
қажет ететін тіл салалары да, мәселелері де жеткілікті.
Қазақ тіліндегі метонимияның лингвистикалық
табиғаты да сондай
салалардың бірі.
Көріктегіш құралдардың ішінде көркем
әдебиетте, оның ішінде прозалық шығармаларда актив
қолданылатыны – метонимия.
Суретті бейнелі, көркем ойлау арқылы бір нәрсенің
тікелей өзін емес оған ұқсас өзге затқа не
құбылысқа балап, мағынасын, мазмұнын
тереңдете, әсерін күшейту дейтін болсақ, онда бұл
көркемдеу құралы болған метонимияны әр түрлі
етіп қиыстыру шығармада үлкен шеберлікті талап етеді.
Метонимия
табиғатын зерттеу, оның көркемдік-бейнелік болмысына назар
аудару көптеген ғылыми еңбектердің нысанына айналады.
Олардың көпшілігінде
метонимияның көркемдік ойлаудың элементі ретіндегі
орны сөз болады. Сондай-ақ
пайда болу негіздері, білдіретін мәні туралы
пікір-тұжырымдар баршылық.
І.Кеңесбаев пен
Ғ. Мұсабаевтың анықтауынша, «Бір сөздің
орнына екінші бір сөздің ауыс қолданылуынан шығатын
іргелес ұғым метонимия деп аталады» [1]. Ал, Ә. Хасенов былай
деп анықтама береді: « Метонимия дегеніміз – белгілі бір заттар мен
құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының
реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы» [2].
Қазақ
халқының ірі ғалым лингвисі, аудармашы, түрколог, А.Байтұрсынов метонимияға
өз пікірін былай жеткізеді: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің
атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту түрі болса, ондай ауысу,
алмастыру (яғни метонимия) деп аталады» [3].
Метонимия қазақ тілінде жеке
ғылыми-лингвистикалық объект ретінде бұрын зерттелмеген. Түркі тілдерінің ішінде де
бұл мәселеге арнайы
ғылыми талдау жасалмапты.
Арнайы зерттелмегенмен, көріктегіш
құралдарды талдау барысында қазақ ғылымдары
метонимияның басты қасиеттері жөнінде бағалы пікірлер
айткан. Ол жайында өзінің
«Әдебиет танытқыш»
атты еңбегінде (1926) алғаш теориялық тұжырым жасаған қазақ ғалымы – Ахмет
Байтұрсынов. Қазақ тіліндегі метонимияның
лексикалық және грамматикалық басты ерекшеліктерін айқындауда қазақ ғылымдары, негізінен, орыс тілін
зерттеушілерден үлгі, тәжірибе алған. Орыс тілінде М.В.Ломоносов, Д.Н.Шмелев,
И.В.Арнольд, О.С.Ахманова, Г. Пауль, С.Ульман, Е.А.Некрасова, М.В.Никитина,
т.б. метонимия мәселесіне бірі
арнайы, екіншісі өзінің зерттеу объектісі ретінде ьоқталып отырса, қазақ ғалымдары
арасынан Қ.Жұмалиев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров,
Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, А.Ысқақов,
З.Қабдолов, Б.Хасанов, т.б. метонимияның жеке
ғылыми-лингвистикалық объект есебінде танылуына өз үлестерін қосты [3].
Шығармада
метонимияны қолдану үшін белгілі дәрежеде шеберлік
қажет.
М.
Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің қолдану шеберліктері
ерекше көңіл аударады. Теңіз қарнын семсердей тілгілеп
жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін
көкқасқа енді абайлады. Теңіз астында найзағай
көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар
барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет
алысын, жөнін сілтейді (Ғ. Мүсірепов). Жазушының
мұндағы найзағай деп отырғаны —
көкқасқа тәріздес ата балықтар. Әрине,
«Теңіз астында ата балық көбейген. Сол ата балықтар
барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет
алысын, жөнін сілтейді» деп те
жазуға болар еді. Бірақ мұның көркем
экспрессивтік, эмоционалдық бояуы алдыңғыдан әлдеқайда
солғын да, өте көмескі. Жазушы соны алдын ала ескеріп, ата
балық деудің орнына найзағай метонимиясын әдейі
және өте тапқырлықпен, дәл қолданып отыр.
Демек, метонимия — көркем әдебиет стиліне барынша тән
құбылыс Көркем әдебиет стилінде метонимияны
қолдануда қалыптасқан мынадай бір тәсіл бар. Мысалы,
әлгі найзағай зат есімін немесе сондай басқа бір сөзді
метонимия дәрежесінде келтіру үшін, алдымен оны -дай (дей)
қосымшасын жалғап, бір рет қолданып алады. Бұл
метонимияның қандай мағына білдіріп тұрғанын
аңғару үшін де қажет. Көкқасқа
бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын
қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті.
Құлқын тырбаңымен жүргендер найзағайды
қалай ұстай алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді (Р.
Мүсірепов). Алғаш кездескен құламадан аналықтар
да көп іркілмей өтті… Бір сәт құлама
үстінде күміс қанжар лақтырысып, ойнап жүрген
біреулер бардай еді. Төменнен жоғары қарай
лақтырған қанжарлар күн көзінде бір жарқ
етіп қалды да, суға шаншыла түсіп жоқ болды (сонда).
Жоғарыдағы найзағай метонимы тәрізді,
мұндағы қанжар метонимы да сол балық мағынасында
қолданылған. Метонимия көркем әдебиет стилінде тек жеке
сөз түрінде ғана емес, тұтас бір орам, тіркес болып та
келіп отырады. Мұндай орам түріндегі метонимияның
мағынасы да жалпы контекстен аңғарылады. Метонимияның
өзіндік осы ерекшеліктеріне байланысты, ол өзге стиль
түрлерінің көбінде қолданылмайды. Метонимияның
табиғаты, оған тән сипат ерекшелік көркем әдебиет
стилінде ғана жан-жақты, толық көрінеді.
Бұған ілгеріде келтірілген үзінділер де, сондай-ақ мына
бір мысал да әбден дәлел бола алады. Алдыңғы күні
Ержан аңшы үйіне екі түлкі әкеліп еді. Екеуі де алтайы
қызыл, алтындай жымыңдайды екен… Қалың қызыл
алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс
сызықтар бар (Ғ. Мүсірепов). Жемсауын шалқайта
ұстап, темір найзаларын тоса берді. Тырнақты да білекті екен
(сонда). Бұл үзіндідегі метонимиялық мәнде
жұмсалғандары: қалың қызыл алтын және
ақ қылаң күміс сызықтар, темір найзаларын деген
сөз орамдары.
Метонимия
сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады.
Мысалы, Абай “Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге
шапқанға” дегенде сүйінші сұраған жандардың
баспанасын емес, адамдарын айтады. Тілімізде мифологиялық метонимиялар да
кездеседі: Парнас – поэзия мен музыка мекендейтін тау аты, Пегас –
Зевстің қанатты тұлпары, ақындарды рухтандырушы.
Метонимия тілге жаңа сөз қоспайды, бұрынғы бар
сөзге жаңа мағына үстейді немесе оның
қолдану аясын кеңейтеді. Метонимияда әдет-ғұрыпқа,
діни ұғымға байланысты сөздер алғашқы
атауымен айтылмай, басқа сөздермен ауыстырылады (табу, эвфемизм): Тетелес, Шырайлым, ит-құс, жан
тапсырды, қолды болды, т.б.
Метонимия заттар мен құбылыстар атауын нақты
мағынадағы байланысына қарай алмастырады. Метонимия мен
оның бір түрі меңзеудің арақатынасын білу аса
маңызды, жалпының орнына жалқыны немесе бөлшегі
арқылы бүтінді тану меңзеуге жатса, басқа ауыстырулар
метонимия бола алады.
Көркем әдебиетке тән поэтикалық метонимия окказионалдық, ал
лингвистикалық метонимия
узуалдық құбылыс болып табылады. Сонымен,
метонимияның өзін екіге
бөледі екенбіз: бірі – көркем әдебиетке тән
поэтикалық метонимия, екіншісі – тілдің лексикасында ежелден
өмір сүріп келе жатқан
лингвистикалық метонимия.
Поэтикалық
метонимия өмірде нақты болатын және бола бермейтін
құбылыстардың атауын бейнелі, астарлы мәні бар
сөздермен алмастырылады. Мысалы:
«Біреулер
тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір – ер-тұрманы», -
дегендегі
(М.Мақатаев) «ер-тұрман» сөзі – поэтикалық метонимия. Ер-тұрман – адамның
тіршілігіне қажетті мүліктің бірі ғана. Ал ақын
бұл өлеңінде дүние-мүліктің ғана
бүтінделмеуін емес, адамдардың өзіне деген
қатынасының да мардымсыз болғандығын астарлап айтып
отыр. Мұндай поэтикалық қолданысты Мұқағалидың: «Кетем бе деп
қорқамын, Өз отыма өртеніп», - деген жолдарынан да
кездестіреміз. «От» сөзінің адам бойындағы жігерге,
намысқа, мәндік
жақындығы, яғни поэтикалық жақындығы
бар. Сол жақындықтан поэтикалық, яғни
окказионалдық метонимия жасалып тұр.
Ал енді «Асыл сөзді іздесең, Абайды
оқы, ерінбе» дегендегі («Қазақ әдебиеті» газеті) «Абай»
сөзі лингвистикалық, яғни узуалдық метонимияға
жатады. Лингвистикалық метонимия белгілі бір заттар мен
құбылыстардың атауын нақты, өзгеріссіз
мағынадағы байланыстылығына
қарай алмастырып атайды. Жалпы алғанда, поэтикалық
және лингвистикалық метонимиялар сипаттауы жағынан бір-біріне ұқсас
келеді. Сондықтан оларды іс жүзінде бөлектеп
қарағаннан гөрі бірлікте қарау қолайлы.
Метонимия
тәсілі аркылы тілімізде бір сөзден бірнеше ауыс мағына
тараған. Мәселен, тіл деген сөздің ең
алғашқы мағынасы – жан-жануарлардың дәм сезіну
және адамның сөйлеу мүшесін білдірсе, екіншіден,
ойлаған ойды сөйлеп жеткізудің (Баска пәле тілден
дегендегі) жүйесін ұқтырған, үшіншіден, бір
нәрсенің амал-әдісі, тетігі (Техниканың тілін біл)
дегенді білдіреді. Ең соңында бұл сөз жаудан
қолға түскен тұтқын дегенді де (Жаудан тіл алып
келдік) білдіреді. Сол сияқты қызыл деген сын есімнің негізгі
тура мағынасы қан сияқты түсті білдіруі. Екінші мағынасы – шикі ет (Қызыл
көрген қарғадай). Үшінші мағынасы — аяз,
суық (Қызыл соғып тұр). Төртінші мағынасы —
арудың аты (Қызылша дегеннің синонимі). Бесінші
мағынасы — совет тұсындағы революция жағында болған
адамдар (Ақтан қашып, қызыл қуған күндер
дегендегі) [4].
Жазушы
Ә.Кекілбаев етістік тұлғалы тұрақты тіркеске
есімшенің «-қан» жұрнағын жалғау арқылы
заттандырып, сол арқылы күрделі метонимия жасаған. Бұндағы «басын баққандар»
тұрақты тіркесі «өзін ғана қорғаушылар»
деген мағынаны алмастыру арқылы берілген. Адамның бір
мүшесі «бас» арқылы жалпы адамдар деген мағынада
қолданылған: Ол жолы
Әбілқайырдың қасындағы қол бұдан
әлдеқайда көпті. Бұл сөйлемдегі «қол» сөзі адамның
денесінің бір бөлігін білдіріп тұрған жоқ
және жекеше түрде тұрғанмен, көптік мағынада
қолданылып, «әскер» деген
мағынаны білдіріп тұр. Қазіргі қазақ
әдеби тілінде «қол»
сөзінің бұл метонимиялық мағынасы
тұрақты. Мұнда «қол» сөздері метонимиялық
мағынада қолданылған [5].
Сонымен прозадағы әрбір
сөз – көркем сөз, ал әрбір көркем сөз –
көрікті ойдың көрінісі. Жазушылар
шығарманы көркем түрде оқырманға жеткізу
үшін метафоралар мен метонимияны шеберлікпен қолданады.
Қаламгерлер тіліндегі метонимиялар көркемдігімен, бейнелілігімен,
терең мазмұнымен ерекшеленеді. Көпшілікке таныс сөздер
мен сөз тіркестерін өзге қырынан танытып, сөздерді
ажарлып айшықтауда авторлар талғампаздық танытады. Автор
қолданысындағы метонимиялар тосындығымен,
жаңалығымен қатар, бейнелілігімен ерекшеленеді.
Метонимия
көркем әдебиет стилінде тек жеке сөз түрінде ғана
емес, тұтас бір орам, тіркес болып та келіп отырады. Мұндай орам
түріндегі метонимияның мағынасы да жалпы контекстен
аңғарылады. Метонимияның өзіндік осы ерекшеліктеріне
байланысты, ол өзге стиль түрлерінің көбінде қолданылмайды.
Метонимияның табиғаты, оған тән сипат ерекшелік
көркем әдебиет стилінде ғана жан-жақты, толық
көрінеді.
Әдебиеттер
тізімі
1 Мусабаев Г. Лексика казахского
языка. Автореф. Докт.дисс. –Алматы, 1968.
2 Хасенов Ә. Тіл білімі.
Алматы, 1996, 116 б.
3 Байтұрсынов
А. Әдебиет танытқыш. –Алматы: Ғылым, 1987. – 167 б.
4 Нұржекеева Л.
Қазақ метонимияларының лингвистикалық
табиғаты.
–Алматы, 1991
5 Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар
жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 4. – 1999, 464 б.