Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

МТ 11к1 тобының студенті Қареке Г.

 

Бәсекелестік ортадағы стратегияны қалыптастыру және тиімді іске асыру қажеттілігі

 

XXI ғасырдағы жаһандық экономиканың қарқынды дамуы бәсекелестіктің күшеюіне және бәсекелестікпен күресу тәсілдерін іздеуді талап етеді. Қарқынды дамып жатқан бәсекелестік ортада бизнесті басқарудың негізгі әрі тиімді  құралы  «стратегиялық менеджмент» екендігін барлығы да мойындайды. Тәжірибеде көрсетілгендей, стратегиялық менеджмент  көптеген ұйымдардың шаруашылық іс- әрекеттерін басқаруда маңызды орын алады және оны қолданған ұйымдар жетістікке қол жеткізеді.

Барлық ұйымдар үшін бірегей стратегия, сонымен қатар бірегей стратегиялық басқару жоқ. Әрбір ұйымның өз ерекшеліктері бар, сондықтан әрбір бөлек ұйым үшін стратегияны құрастыру үдерісі де ерекше болады. Ол ұйымның нарықтағы орнына, оның дамуының серпініне, әлеуетіне, бәсекелестердің мінез-құлқына, өндірілетін тауар немесе көрсетілетін қызмет түріне, экономика жағдайына, мәдени ортаға және басқа да жағдайларға байланысты болады. Стратегиялық басқаруды анықтау мәселесін шешудің тиімді нұсқаларының бірі – белгілі бір ұйымға сәйкес келетін үдерісті табу. Ол үшін ұйымның миссиясы, оның күшті және әлсіз жақтары, мүмкіндіктері мен қауіптерінің жиынтығы қажет. Егер бұл шарт орындалса, үдерісті ұйымдастыруды бастауға болады. Тиімді стратегиялық басқару мәселелерін шешу ұйым үшін айтарлықтай пайда алып келуі мүмкін. Ол ұйымға бастамашы болуға және өз тағдырын белсенді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа сұраныстардың пайда болуы, тұтынушылар құрамының өзгеруі, шектеулі ресурстарға бәсекелестіктің артуы, бизнестің жаһандануы заманауи компаниялардың менеджерлерін басқарудың тиімді әдістерін, яғни қысқа мерзімді табыстылықты көздеуден, ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялық басқару әдістерін қолдануға итермелеп отыр. Сондықтан, барлық компаниялар қатал бәсекелестік және жылдам өзгеріп отыратын сыртқы орта жағдайында тек компанияның ішкі жағдайына ғана бейімделетін емес, сонымен қатар, сыртқы ортаның өзгермелі факторларына тез бейімделе алатын ұзақ мерзімді стратегия құрастыруға басты назарын аударуда.

Компанияның жалпы стратегиясы менеджерлер ұсынған жаңа идеялар моделінен туындайды. Ұйымның ұзақ мерзім бойы қандай қызмет түрімен айналысатыны туралы менеджерлердің көзқарастары стратегиялық болжамды құрайды. Стратегиялық болжам компания жетекшілігіне оның ұзақ мерзімді даму перспективасына қатысты барлық күдіктерді жою және бәсекелестерге төтеп беру үшін керек. Жақсы негізделген стратегиялық болжам – тиімді стратегиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету үшін міндетті шарт. Өз бизнесінің айқын тұжырымдамасы – қандай қызмет түрімен айналысады, нені қолға алуға болмайды және қандай ұзақ мерзімді бәсекелестік позицияны таңдау қажет екенін білмейтін менеджер көшбасшы немесе стратегияны әзірлеуші ретінде тиімді жұмыс істей алмайды. Әдетте компанияның стратегиясын құрастыру үдерісіне қатысты жоғары басшылықтың қарастыратын негізгі сұрақтары мынадай болып келеді:

·                        «Біз өз компаниямызды болашақта қандай болады деп есептейміз?»

·                        «Не  істегелі жатырмыз? Не өндіреміз, не сатамыз? »

·                        «Неге қол жеткізгіміз келеді?».

      Бұл сұраққа нақты әрі негізделген жауап беру үшін менеджер өз компаниясының бүгінгі күнгі және болашақтағы қызмет сипатын, сондай-ақ алдағы 5-10 жылға компанияның мүмкін қажеттіліктерін ойластыра алуы тиіс. Оның «Біз кімбіз, не істейміз, қайда бағыт алдық?» деген сұраққа берер жауабы фирма жүзеге асыра  алатын және күшті көшбасшылық пен дарашылдыққа ие  болуға көмек беретін бағдар болуы тиіс. Компанияның істегісі келетін шаралары- компания миссиясы болып табылады. Миссияны қоя отырып, менеджер компанияның қызмет саласын, сондай-ақ өз клиенттеріне ұсынатын қызметтерді анықтайды. Менеджерге фирманың қызмет саласын стратегиялық тұрғыдан ойластыру қажет. Мұның бәрі фирманың ұзақмерзімді даму тұжырымдамасын әзірлеумен бірге жүріп отыруы қажет. Миссия мен стратегиялық болжамды дамыта және жария ете отырып, менеджер қызметкерлерге мақсаттың мәнін және болашақ даму бағытын түсіндіреді. 

Бизнес-кәсіпорынның стратегиялық жоспарын құратын басшылар көп жағдайда стратегияның не екенін, оны қалыптастыру, сәтті жүзеге асырылуы үшін не істеу керек екенін анық түсіне білмейді. Сондықтан назарларыңызға ұтымды стратегияны қалаушы «10 кірпішті» ұсынамын:

1. Бірінші болуға ұмтылмай , бірегей болуға ұмтылу керек

Стратегтер жіберетін қателердің ішіндегі ең бастысы әрі ең қауіптісі – бұл бәсекелестермен бір тауашаның шеңберінде сайысу: «Бәсекелестеріңнің іс-әрекетін қайталау – бұл стратегия тұрғысынан қарағанда сәтсіздікке ұшырау деген сөз». Мақсатыңыз өз өнеркәсібіңіздегі нөмірі 1 немесе 2, тіпті ең озық компания болу емес. Сіз жаңа маркетинг жолдарын тауып, бірегей сауда ұсынысын паш ететін компания болуыңыз керек.

2. Сіздің негізгі мақсатыңыз – тиімді инвестициялар

Компанияның басты мақсаты – инвестициялық қаржы пайдалылығының жоғары коэффициенті (ROIC); компанияның өсуі – екінші реттегі мақсаттар қатарында, оны жүзеге асыру, тек бірінші басты мақсатқа жеткеннен кейін жүзеге асады.

3. Өнеркәсіп – стратегиялық анализдің негізі

Компанияның экономикалық тиімділігі екі нәрседен: өнеркәсіп құрылымы және өз саласындағы компанияның алатын орнынан (бәсекелестіліктің артықшылық көзі) құрылады. Стратегия осы элементтің екеуін де қамтиды.

4. Ортақ шешімге келуден бас тартпаңыз

Стратегияның ең маңызды бөлігі ол екі стратегиялық позиция бір-біріне қарама-қайшы келген кезде дұрыс таңдау жасау, демек, компанияға қайсысы тиімді екенін ажырата білу.

5. Стратегияның әрбір буыны табысты болуы керек

6. Стратегия тұрақты болу керек

Стратегияның тиянақтылығы компанияның тұрақтылығының кепілі болатыны сөзсіз. Өз стратегияңнан қайта-қайта ауытқып, үнемі пайдаланушының ырқына жығыла беруге болмайды.

7. Өз сегментіңізді таңдап алыңыз

Ең маңыздысы, таңдап алған сегмент шектері нақты белгіленіп, құндылықты құру тізбегінің буындары сол сегменттке сәйкес болу керек.

8. CEO – стратегияны «тұтынушы» да, оны алға қарай қозғаушы да емес.. Есте сақтайтын жәйт, стратегия тек жоғары лауазымдағы басшыларға ғана емес, мекеменің барлық мүшелеріне де ортақ болу керек!

9. Мыналар Стратегия деп саналмайды :

Мақсаттар ; көріну ; реструктуризация; бірігу мен сіңіру ; альянс тар және серіктестіктер ; технологи ялар ; инноваци ялар ; аутсорсинг; оқыту .

10. Стратегия – бұл :

Бірегей мағыналы ұсыныс, бәсекелес компаниялардан мүлдем өзгеше болатын құндылық құру тізбегі; икемді болуға тырысу және де компания тарапынан жасалынбайтын әрекетті анықтау; бір-бірімен үйлескен және бірінің нәтижесін екіншісі арттыратын әрекет жасау; позициялаудың тұрақтылығы .

Компанияның ең үздік, табысқа бағытталған стратегиясы бәсекелес фирмалардың күші мен стратегиясына тәуелді болады да, компанияның бүкіл күш жігерін тек қана бәсекелестік күресті жеңуге бағыттайтынын айта кету жөн. Бәсекелестік күрес -  шаралар мен бақылау шараларынан тұратын стратегиялық ойынға байланысты ұқсас болып, кәсіпкерлік және бәсекелестік ережелерінен жинақталған айқасқа ұласады. Шынында да бәсекелестік нарық – бұл айқастардың экономикалық аймағы. Сондықтан ұзақ мерзімді, ұтымды, бәсекелестерге төтеп бере алатын стратегияны қалыптастыру әрі тиімді жүзеге асыру өте маңызды.

 

Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі

 

1.                     Ансофф И. Стратегическое управление. – М.: Экономика, 2009.

2.                     Виханский О.С., Наумов А.И. Менеджмент: человек, стратегия, организация, процесс. – М., 1995.

3.                     Назарбаев Н.Ә Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан – 2050» даму стратегиясы (қаңтар 2014ж).