ҚАРЖЫЛЫҚ
ЕСЕПТІЛІКТІ ЖҮРГІЗУДЕГІ ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ
Р.Қ.Айтманбетова
Қаржылық есептілікті
қалыптастырудың орталық және неғұрлым
күрделі мәселелерінің бірі шешім қабылдау
үдерісін толық және шынайы ақпаратпен қамтамасыз
ету болып табылады. Қаржылық есептіліктің шынайлығы
қабылданатын шешімдердің сапасын, түптеп келгенде,
шаруашылық субъектілері қызметінің қызметін
анықтайды.
Бухгалтерлік есептің ғылым және
тәжірибе тұрғысынан алғандағы ерекшелігі, осы
ілімнің дамуы оның қызмет ететін ортасымен анықталып
негізделетіндігінде жатыр. Басқаша айтқанда, бухгалтерлік есеп
алдына қойған мақсаттарына және
қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық
жағдайларға тәуелді. Ал елдегі экономикалық ахуалды
сипаттайтын күрделі және алуан қырлы
әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың бірі –
инфляция.
Инфляция «бағаның өсуі»
ретіндегі жалпы ұғымы белгіленіп қойылғанына
қарамастан, шын мәнінде «инфляция» ұғымының
мазмұнын анықтауға жасалған әртүрлі
қадамдар кездеседі. Оларды екі топқа біріктіруге болады –
түсініктемелік және функционалдық.
Инфляция жағдайындағы шаруашылық
қызметін дұрыс жоспарлау үшін инфляциялық
үрдістердің күшін ескеру керек. Оларды өлшеудің
төрт тәсілі бар: 1) баға индексінің көмегімен
өлшеу; 2) бір жылдағы инфляция қарқынын өлшеу; 3)
Пааше индексінің көмегімен есептеу; 4) «жетпіс тәртібі»
бойынша есептеу.
Тәжірибеде тұтыну бағалары
индексі, көтерме бағалар индексі, ЖІӨ дифляторы және
ресурстардың бағасының өзгеруі индекстеріне
сүйенеді.
Инфляцияны белгісіздік факторы ретінде жан-жақты
зерделеу үшін оның қаржылық есептің
көрсеткіштерінің орындылығына (релеванттық),
салыстырмалығына, шынайылығына әсерін де қарастыру
қажет.
Инфляция жағдайында компанияның
мүліктік және қаржылық жағдайы туралы
ақпараттың белгісіздігі оның баланстың жеке баптарына
айрықша әсерінен көрінеді. Өз кезегінде, бұл
есептіліктің монетарлық және монетарлық емес баптарына
инфляцияның әсерін бағалау мәселесін туындатады.
Инфляция ақшаның сатып алушылық
қабілетін төмендету үдерісі ретінде баланстың
түрлі баптарын бағалауда әр түрлі әсер етеді.
Монетарлық активтер (мысалы, ақша қаражаттары және
дебиторлық берешек) құнсызданады, нәтижесінде компания
жанама шығындарға ұшырайды, керісінше, кредиторлық берешектің өсуі жанама
табысқа әкеледі. Негізгі құралдар мен тауарлы-материалдық
құндылықтарға келетін болсақ, инфляция
жағдайында олардың нақты нарықтық
құны мен сатып алу бағасы бойынша есепте көрсетілуі
арасында қарама-қайшылық туады (осы әдістеме
дәстүрлі түрде есепте қолданылады).
Егер монетарлық активтер монетарлық
пассивтерден артық болса, онда бағаның өсуінде
және ақша бірліктерін сатып алушылық қабілетінің
төмендеуі кезінде компания осы активтердің
құнсыздануынан қаржылық жоғалтуларға
ұшырайды. Және, керісінше, егер монетарлық пассивтер (банк
несиесі, кредиторлық берешек, алынған аванстар және
басқа да тартылған қаражаттар түрлері) монетарлық
активтер сомасынан артық болса, онда инфляцияның себебіне
байланысты қарыздардың құнсыздануынан компанияның
табысы ұлғаяды.
Әртүрлі көзқарастар мен ой
пікірлерді қарастыра келе, инфляцияның монетарлық
объектілерге тигізетін әсері бухгалтерлік есептің маңызды
мәселесі болып табылады деп санаймыз, және ол бухгалтерлер
тарапынан ешқандай еленбей қалмауы тиіс. Бухгалтерлік есеп
жүйесінде монетарлық объектілерден түсетін
қаржылық нәтижелерді анықтап, көрсетдің
әдістемелік сұрақтары ары қарай қарастырылады.
Монетарлық емес объектілерге келсек,
яғни негізгі құралдар мен тауарлы-материалдық
қорлар, инфляция жағдайында олардың нақты
нарықтық құнының тұрақты өсуі
және есепте өзгеріссіз бағасымен (бастапқы
құны бойынша бағалау) көрсетудің арасында
қарама-қайшылықтың бар екендігі айтпаса да
түсінікті. Есептілікті жасау сәтіне қалыптасқан
баға бойынша бағаланған мүлік, сатып алу
бағасымен бағаланған (бастапқы құны)
мүлікке қарағанда қымбатырақ тұрады.
Бұл мәліметтердің салыстырымсыздығына әкеледі.
Бірақ инфляция тек дебиторлық
және кредиторлық берешектер, негізгі құралдар
және тауарлы-материалдық құндылықтардың
мөлшерін қате есептеуге ғана әкелмейтінін атап
көрсету керек. Инфляцияның басқа да салдарлары бар:
-ресурстарды алмастырудың
ағымдағы құнымен салыстырғанда сатылған
өнімнің өзіндік құнының шамасы
төмендейді;
-инфляция жағдайында пайданың сомасы
аса көтеріліп кетеді;
-капиталды салу тиімділігін, компанияның
рентабельділігін, қаржылық жағдайын сипаттайтын
қаржылық коэффиценттерді есептеу нәтижелері
бұрамаланады.
Инфляцияның тигізетін әсерінің
салдары компанияның мүліктік және қаржылық
жағдайы туралы ақпараттардың белгісіздігін айтарықтай
көтеріп, қаржылық есептіліктің шынайылығын
және салыстырмалығын төмендетеді, әрі осындай
есептіліктің негізінде дәйекті инвестициялық және
басқарушылық шешмдерін қабылдау мүмкіндігін
қиындатады.
Жүргізілген талдау, бағаның
инфляциялық өзгеруі кез-келген компанияның
қаржылық есептілігінде көрсетілген ақпараттық
бұрамалануының ең елеулі себептерінің бірі болып
табылатынын көрсетеді. Инфляция деңгейі жоғарлаған
сайын, бұрмалану деңгейі де жоғарлайды. Қаржылық
есептілік көрсетілген ақша бірліктерінің әртүрлі
сатып алушылық қабілеті әр түрлі есептік
кезеңдерде және тіпті тек сол бір есептік кезеңнің
ішіндегі әр түрлі уақыт мезетінде де есептік
мәліметтерге сәйкесінше түзетулерлі талап етеді. Басқа
сөзбен айтқанда, инфляция жағдайында қаржылық
есептілік, егер объектілерді ақшалай бағалау есебі есептік
күнге ақша бірліктерінің сатып алушылық қабілетін
көрсеткен жағдайда ғана тәжірибелік мәні бар
болады. Қаржылық есептілік пайдаланушысы шынайы ақпарат алу
үшін, онда есептіліктің сәйкесінше баптарының
көрсеткіштеріне инфляцияның әсерін көрсету қажет.
Инфляция жағдайында компания есептілігі есеп
беру кезеңінде қаржы-шаруашылық қызметі
нәтижелері бойынша инфляция қарқынына түзетілген болуы
керек. Ақша сатып алушылық қабілетін жоғары қарқында
жоғалтатыны сондай, әр түрлә уақытта тіпті бір
ғана есеп беру кезеңі шегінде болған операциялар мен
оқиғалардан алынған сомаларды салыстыру қаржылық
есептілікт пайдаланушыларын адастыруға әкеледі деп саналады.
Инфляцияның әсерін есепке алу
мәселесі нарықтық
экономикасы дамыған елдерде XX ғасырдың 20-шы
жылдарынан бастап белсенді талқылана бастады. Осы уақыт ішінде
белгілі бір жүйелеуді және сынаптауды қажет ететін
көпетеген ұсыныстар жинақталды. Осыған байланысты,
бірінші кезекте, есептілікті түзетуге негізделген әдістерлі атап
көрсетуге болады: валюта бағамы құбылуы бойынша; тауар
бағалары деңгейінің құбылуы бойынша.
Кез келген материалдық және
материалдық емес объектілердің алғашқы
құжаттарында әрқашан екі бағалау
қатысатындықтан – заттай және құндық
өлшемдер, ең қарапайым тәсіл
құндылықтарды түсіп кеткен валютаның
тұрақты валютаға шаққандағы бағам
өзгерісі бойынша бағалау болып табылады. Не статикалық, не
динамикалық қайта бағалау жүргізілуі мүмкін.
Тауар бағасы деңгейінің
құбылуы бойынша инфляцияның әсерін есепке алудың
базалық әдістемесі негізінде капиталдың қаржылық
және физикалық табиғаты концепциялары жатыр. Бірінші
концепцияда, капитал компанияның активтерінде меншік иелері мүддесі
ретінде сипатталады, осы активтердің материалдық-заттық
құрылымынан абстракциялауды болжайды. Бұл кезде активтерді
есепке көрсету атаулы баға бойынша, не сатып алушылық
қабілеті бірдей ақша бірлігіндегі бағаның жалпы
индексінің көмегімен көрсетілген баға бойынша
жүргізіледі.
XX ғасырдың басынан көптеген
ғалымдар мен тәжірибешілер инфляция жағдайында бухгалтерлік
есеп пен қаржылық есептілікті жетілдіру мәселесімен айналыса
бастады. Соған орай, осы мәселеге қатысты мол ұсыныстар
жинақталып, ал көптеген мемлекеттерде белгілі бір тәжірибе
қалыптасты.
Инфляция жағдайындағы бухгалтерлік
есеп пен қаржылық есептіліктің тәжірибесі эволюциясын
келесі түрде көрсетуге болады. 70-ші жылдардың ортасына дейін
инфляция жағдайында есеп пен есептілкті жүргізу бойынша
ұсыныстар жалпы сатып алушылық қабілеті әдісіне
негізделеді. Содан соң ағымдағы құн әдісін
қолдануға қатысты сұрақ талқылана бастады
және 1983 жылы бұрыннан қолданыстағы ҚЕХС 6
ауыстырған ҚЕХС 15 шықты.
ҚЕХС 15 компанияның есептік
ақпараттарды бағаның өзгерісін көрсететін
есептің әдісін қолдана отырып, ұсынуы тиіс екенін
белгілеген. Негізгі екі әдіс (ақшаның жалпы сатып алушылық
қабілетіне және ағымдағы шығындарға
негізделген) немесе олардың құрамдастырымы қолданылады.
1990 жылдың 1 қаңтарына бастап,
ҚЕХС 29 (бұл стандарттың елеулі өзгерістерсіз
соңғы редакциясы 2003 жылы шықты) қолданысқа
түсе бастады. Осы құжатқа сәйкес
компаниялардың есепті кезеңдегі және алдыңғы
өткен кезеңдердегі қаржылық есептілігі (оның
нақты немесе қалпына келтіру құнының
қайсысына негізделгеніне қарамастан) осы есептілікті жасау
күніне берілген өлшем бірлікте ұсынылуы тиіс.
ҚЕХС 29 негізгі есептік мәліметтерді
инфляцияны ескере отырып қайта есептеуді талап етеді.
Гиперинфляцияға бейім валютада есеп жүргізетін компаниялардың
қаржылық есептіліктері бастапқы немесе ағымдағы
құны бойынша бағалау әдісін қолдану кезңнде
есепті балансты жасау күніне ақшаның тұрақты
сатып алушылық қабілетіне қайта есептелуі тиіс. Бұл
талап еткен есепті кезеңдердің тиісті көрсеткіштеріне де
қатысты. Активтер мен пассивтердің монетарлық баптары бойынша
сатып алушылық қабілетінің өсуі не кемуі
ағымдағы пайдада көрсетілуі тиіс.
Сонымен бірге әртүрлі елдерде сол немесе
басқа уақыт кезеңдерінде қаржылық есептілікте
инфляция салдарын көрсетудің бір-бірінен түбірімен
ерекшеленетін тәсілдер қолданылады. Біріншісін
ғаламдық, ал екіншісін ерікті талдау тәсілі ретінде
сипаттауға болады. Ғаламдық тәсілге сәйкес
қаржылық есептіліктің барлық немеесе негізгі
элементтерінің бағаның инфляциялық
өзгерістерінің ықпалына ілінетін бастапқы мәндері
түзетіледі. Мысал ретінде CCP,
RPA, CCA және CoCoA әдістерін келтіруге болады. Таңдау
тәсіліне сәйкес тек жекелеген элементтерге түзету
жүргізіледі. Мысалы, активтерді ауыстыру құнының
өсімін жабуға арналған резервтерді құру,
активтерді қайта бағалау, қорларды бағалаудағы
FIFO әдісі және амортизацияның жеделдетілген әдісі.
Инфляцияның салдарын есепке алудың
қарастырылған формальды әдістерінен басқа,
көптеген елдерде инфляцияның әсерін ескеруге мүмкіндік
беретін формальды емес механизмдер де қолданылады. Инфляцияның
бұл жағдайдағы теріс ықпалына қарсы тұра
алатын екі әдіс белгілі. Бірінші әдіс негізгі
құралдарды оқтын-оқтын қайта бағалауды білдіреді.
Ол екі әдістің бірімен орындалады: сараптамалық бағалау
әдісі және коэффиценттер әдісі.
Екінші әдіс инфляцияның ықпалына
айтарлықтай қарсы тұра алмайды; оның іс
әрекетінің механизмі жұмбақтау, әрі оны тек
мардымсыз инфляция жағдайында қолдану ғана өз жемісін
береді. Әдістің мәні тек жеделдетілген амортизация механизмін
қолдануда жатыр.
ҚБЕС 6 «Негізгі құралдар есебі»
әдістемелік нұсқауларында жеделдетілген амортизацияның
екі әдісі ұсынылған: азайтылған
қалдықтық әдіс және сандық жиынтығы
бойынша есептен шығару әдісі (кумулятивтік әдіс).
Нұсқауда осы әдістер туралы айтылғанымен, оларды
есептеу алгоритмі көрсетілмеген, әрине әдістемелік
сипаттағы құжат үшін бұл заңды да.
Сондықтан аталмыш әдістерге егжей-тегжейлі салыстырмалы сипаттама
бермес бұрын, осы әдістердің негізіне қаланған
есептік процедуралардың қисындық болмысын қарапайым
түрде қарастырамыз.
Азайтылған қалдықтық
әдіс амортизациялық аударымдардың жылдық сомасын Ао
төмендегі формуламен есептеуді қарастырады:
Ao=k*N1*Sb,
(1)
мұндағы: N1 – бір қалыпты амортизация нормасы; k – төмендету коэффиценті; Sb
– активтің қалдық құны.
Активтің құнын пайдалы
қызмет мерзімі жылдарының жиынтығы бойынша есептен
шығару әдісіне сәйкес, амортизациялық
аударымдардың есептелетін жылды қоса алғандағы, нормативті
қызмет мерзімі біткенге дейінгі жылдар саны.
Қарастырылған әдістер
жалпыға белгілі болып табылады және әртүрлі
елдердің бухгалтерлік тәжірибесінде жиі қолданылады.
Жеделдетілген амортизация әдістері
инфляцияның ықпалын есепке алуға нақты мүмкіндік береді,
өзінің мәні жағынан жергілікті болып табылады. Оларды
қолдану тек амортизацияланатын мүлік бөлігіне ғана
шектеледі және қаржылық шешімдерді қабылдауға
инфляцияның әсері мәселелерін толық шеше алмайды.
Бірақ экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі бұл
әдістердің анықталған артықшылықтарға
ие екенін көрсетеді.
Инфляция салдарынан есептік
мәліметтердің салыстырымсыздығы қаржылық есептілікке қайта бағалау
жасауды немесе жеке баптарына түзету жүргізу қажеттігін және
оларды негізгі нысандарға түсініктемеде көрсетуді негіздейді.
Соған байланысты отандық және шетел компанияларының
тәжірибесінде қаржылық есептілікке инфляцияның
тигізетін әсерін есепке алудың
әр түрлі әдістерін қолдануды қарастырамыз.
Әлемдік тәжірибе талданатын
объектілерге инфляциялық түзетулер не валюта бағамының
құбылуы бойынша, не тауар бағалары
деңгейінің
құбылуы бойынша жүргізілетінін көрсетеді.
Компания өзінің қызметін
жүзеге асыратын негізгі экономикалық ортасы, әдетте
өзінің ақша қаражаттарын айналдыра алатын орта болып
табылады. ҚЕХС сәйкес қаржылық есеп берулерді
құрған кезде валюта өлшемі негізгі рөл
атқарады. Валюта өлшем – бұл негізінен, тауарлар мен
қызметтердің сату бағасына әсер ететін, сонымен бірге
еңбек құнына және материалдарға әсерін
тигізетін мемлекеттердің валюталары.
Шетелдік валютадағы операциялар
бастапқыда операцияның жасалған күніндегі ауыстыру
бағамы бойынша валюта өлшемде көрсетілуі тиіс.
Операцияның жасалған күні – бұл ҚЕХС сәйкес
қаржылық есептілікте операцияның көрсетілуі тиіс
күні. Тәжірибе жүзінде сол кезеңде (мысалы, апта немесе
ай) жүргізілген операциялар бойынша шетелдік валютаны қайта есептеу
үшін орташа бағамдарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Алайда егер бағам айтарлықтай өзгеретін болса, онда бағамның
орташа шамасын пайдалану ақпараттың сенімділігін қамтамасыз
ете алмайды.
Бастапқы тану бағамынан немесе
баланстың өткен кезеңі күніндегі ауыстыру
бағамынан өзгеше ақшалай баптарды өтеу кезінде, болмаса
бағам бойынша басқа валютаға қайта есептеу кезінде
пайда болатын бағамдық айырма есеп беретін компанияның немесе
шетелдік қызметінің жеке қаржылық есептілігінде , атап
айтқанда оның пайда болу уақыты туралы пайда мен залал туралы
есеп беруде танылуы керек. Есеп беретін компанияның таза инвестициясының
бір бөлігі болып табылатын, монетарлық емес баптардан пайда болатын бұл айырма сәйкесінше
жеке пайда мен залал туралы есеп беруде немесе шетел қызметінің
жеке қаржылық есептілігінде көрсетілуі тиіс.
Валюта бағамының құбылуы
бойынша түзету әдісін қолданудың өзінің
жетістігі мен кемшіліктері бар. Оның басты жетістігі оның
қарапаыймдылығы. Ол үлкен көлемдегі қосымша
ақпаратты қажет етпейді. Бірақ бұл әдіс екі
валютаның бағамдық қатынасының олардың
нақты сатып алушылық қабілетіне дәл келмейтіндігін
нақты нәтиже бере алмайды. Тұрлаулы валютаны таңдау да
проблема болып табылады. Сондықтан бухгалтерлік ғылымда және
тәжірибеде тауарлық массаға баға индексі негізінде
қайта бағалау тәсілі көбірек қолданылады.
Тауарлық баға деңгейі
құбылуы бойынша қаржылық есептілік баптарын
түзету дәлірек нәтиже береді деуге болады. Ол бүкіл
тауарлық массаға да, әрбір нақты тауарға немесе
тауарлық топқа бейімделуі мүмкін. Бірақ
түзетудің бұл әдісі, біріншіден, көп
еңбекті қажет етеді, екіншіден, кәсіпорындарғы
қорлардың жағдайы туралы қосымша сенімді ақпарат
тапқанда ғана қолдануға жарамды.
Тауарлық баға деңгейі
құбылуы бойынша түзету негізінен тұрақты сатып
алушылық қабілеті ақша бірліктерінде есепке алу әдісі
және ағымдағы құн бойынша есепке алу
әдісімен жасалады. Бірінші әдісті қолдану
түзетудің қарапайымдау тәртібін, екінші әдісті
қолдану инфляция жағдайындағы компанияның
мүліктік және қаржылық жағдайы туралы нақты
мәлімет алуды болжалдайды.
Қазақстанда алдағы уақытта
ҚЕХС енгізуді бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің дамуы және
реформалауында заңды кезең ретінде қарастыру керек.
Осыған байланысты қолданыстағы есеп пен есептілік
жүйесін ҚЕХС 29 сәйкес келтіру қажеттілігі туындайды.
Ол үшін қаржы-шаруашылық
қызметі нәтижелері бойынша компанияның есептіліг есеп
беру кезеңінде инфляция қарқынына түзетілуі тиіс.
ҚЕХС 29 көшу қаржылық
есептіліктің барлық баптарын (ақшалай көрсеткіштерді
қоса) есептік валютаның кезең соңындағы
жағдайы бойынша жалпы сатып алушылық қабілетін ескере отырып қайта есептеуді негіздейді.
Аталмыш стандартты қолданудың баланстық есептілікке тигізетін
әсері инфляция деңгейіне, компания міндеттемелері талабының
арақатынасына тәуелді.
Қаржылық есептілік түзету
мәнін сипаттайтын бірден бір қағидалық ерекшелігі
бухгалтерлік есеп объектілерін монетарлық және монетарлық
емес деп бөлу екені белгіленді. Монетарлық және монетарлық
емес объектілерді анықтауда кейбір проблемалар бар.
Айта кету керек, барлық ғалымдар тек
бухгалтерлік баланстың монетарлық
және монетарлық емес баптары арасына ғана меже
қояды. Пайда мен залал туралы есеп берудің баптарына келетін
болсақ, барлығы бір ауыздан оларды монетарлық емес баптар
ретінде сынаптауды ұсынады.
Халықаралық стандарттарды талдау,
баланс баптарының монетарлық және монетарлық емес болып
жіктелуі әр кез мәндес бола бермейді. Монетарлық активтер
ҚЕХС 29 «алынған және күтілетін ақша
қаражаты» ретінде анықталған. ҚЕХС 21 монетарлық
активтерге кеңейтілген анықтама береді , яғни , аталмыг
стандарт бойынша монетарлық активтер – бұл белгілі бір сомада
бейнеленіп алынған ақша қаражаттары, алынуға тиісті
активтер мен міндеттемелер болып табылады.
Монетарлық объектілер қаржылық
есептілікті құру сәтінде – ақ ағымдық сатып
алу қабілеттілігінің ақшалай бірліктерінде көрініс
табады, ал монетарлық емес объектілер әр кезеңдердің
сатып алу қабілеттілігін өлшем бірліктерінде көрсетіледі.
Демек, монетарлық емес активтер ағымдық сатып алу
қабілеттілігінің ақшалай бірліктерінде көрініс табуы
тиіс және есепте тіркелген сәттен бастап инфляция индексі бойынша
түзетілуі керек.
ҚЕХС –на сәйкес қаржылық
есептілікті даярлаудың екі негізгі әдісі бар: қаржылық есептілікті
трансформациялау; параллельді есеп (конверсия).
Алғашқы әдіс – ең
қарапайым әдіс, алайда, одан 50%-ға дейін қателік
айқындалуы мүмкін. Трансформациялау үдерісі
(алдыңғы есеп кезеңдерінде түзету әдісі) – бухгалтерлік
есептің қазақстандық жүйемен
қалыптастырылған ақпаратын ҚЕХС сәйкес келтіру
үшін дүркін-дүркін талдайтын және түзтетін
тәсіл.
Қаржылық есептілікті трансформациялау
үдерісі қажет болған жағдайда ғана
жүргізіледі және қосарлы жазуды құрумен
және жүргізумен байланысы тұрақты үстеме
шығыстарды талап етпейді. Сондықтан бұл әдіс
компаниялар үшін арзанға түседі.
Трансформациялау үдерісінің
кемшілігіне мүмкін болатын қателерден басқа, ҚЕХС
бойынша дайындалған ақпаратты кезең соңында ғана
алуға болады және де трансформацияның негізгі үдерісі аяқталғаннан
кейін «қолмен» түзетулер жасау қажет болады.
Бүгінгі таңда көптеген
қазақстандық компаниялар үшін (әсіресе шетел
инвестициялары барлар үшін) анағұрлым келешегі бар
тәсіл – параллель есеп (конверсия) жүргізу болып табылады.
Қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға
сәйкес құру мақсатында операциялардың параллель
есебін жүргізу көп пайдалы басқару ақпаратын береді.
Есептің бұл әдісі анағұрлым күрделі,
бірақ дәл тәсіл болып
табылады.
Параллель есеп үрдісі (конверсия)
қосарланған параллель есеп жүргізуді қарастырады.
Есепті параллель жүргізудің бірнеше нұсқалары бар:
толық конверсия, саты бойынша конверсия.
Инфляция әсерін есепке алудың
қоланыстағы тәсілдерінің жағымды жақтарын
және кемшіліктерін есепке ала отырып, компаниялардың
қаржылық есептілігін түзетудің келесі әдістемесі
ұсынылады. Осы әдістемені анықтауға байланысты, ол
келесі негізгі міндеттерді шешуді
көздейді:
а) ҚЕХС 29 сәйкес қаржылық
есептіліктерді түзету қажеттілігін; б) қаржылық
есептілік көрсеткіштерін инфляция деңгейіне түзету
әдістерін; в) инфляцияны өлшеу көрсеткіштері мен
әдістерін; г) қаржылық есептілік көрсеткіштерін
түзету коэффиценттерін; д) қаржылық есептілік
көрсеткіштері түзету процедураларын жүргізу тәртібін.
Түзетудің қарастырылып
отырған әдістемесі әлемдік тәжірибеде кеңінен
қолданыс тапқан тұрақты сатып алушылық
қабілетіндегі ақша бірліктерінде есепке алу әдісіне
негізделген. Бұдан басқа, аталмыш әдісті қолдану
гиперинфляцияны бастан кешіп отырған елдер үшін ҚЕХС 29
қарастырылған.
Берілген әдістемеде трансформация деп есеп
ақпаратын талдап, түзететін және оған инфляциялық
үдерістердің әсерін бейнелеу үшін өзгерістер
енгізетін кезеңдік тұжырымдаманы айтады. Осылайша
ағымдық есепке барлық операциялар оларды жүргізу
бағасы бойынша есепке алынуы тиіс, алайда кейіннен есептілікті салыстыру
барысында мәліметтері түзетіледі.