МҰХАМЕДЖАН
СЕРАЛИН ЖӘНЕ АЙҚАП
ЖУРНАЛЫ
ӨТЕСОВА Г.Е., ТАҢАТ
А.С.
Мұхамеджан Сералин 1872 жылы
Қостанай уезі, Шұбар болысының №5 ауылында (қазіргі
Қостанай облысы, Қарабалық ауданы «Өрнек» ауылында)
туған. Көрнекті жазушы, білікті журналист, қоғам
қайраткері ретінде танылған Мұхамеджан 3 жасқа толғанда, әкесі Сералы
қожа қайтыс болады да, ауыр тұрмыс жағдайынан шешесі
балаларын алып, Троицкіге туыстарына кетеді. Мұхамеджан Сералин 1880-1887
жылдары Троицкідегі медреседе оқиды оны аяқтағаннан кейін Қостанайдағы екі кластық
мектепке түседі. Оны 1891 жылы табысты аяқтайды. Оқуды
аяқтағаннан кейін 1891-1900
жылдар арасында біраз уақыт ауылнайдың хатшысы болып істейді, кейін
Арал теңізі жағына барып
оқытушы болып кетеді. Білімін өздігінен жетілдіре
түсіп, орыс, татар жазушыларының шығармаларын көбірек
оқиды. Мұхамеджан Сералин 1900 жылы Троицкіге көшіп, миллионер татар Яушев деген
көпестің приказчигі болады. 1909-1910 жылдары Яушевтің
сенімді өкілі болып істейді,яғни ел аралап Яушевтің
әркімге қарызға,несиеге берген тауарларының
ақшасын жинайды. Ол осының арқасында халықпен
араласады., оның тұрмысымен танысады, дала жайы мен қала
жайын, қазақ ахуалын мен қала халықтарының
ахуалын салыстырады. Елді көп аралаған Мұхамеджан ел аралай жүріп, қазақтың
мақал-мәтелдерін жинап жазып
жарыққа шығаруға ұмтылады. Осының арқасында Оның 1900 жылы «Топжарған», 1903
жылы «Гүлқашима» атты поэмалары жарық көреді. Оның бұл поэмалары өз заманынының зор еңбегі болады. Мұхамеджан Сералин большевик
социал-демократтардың Қостанай, Тройцкідегі ұйымының И.Ф.
Голованов,С.С. Ужгин сияқты біраз адамдарымен таныс-біліс болады,
солардың саяси жолына іш тартады, жұмыстарына көмектеседі. Әсіресе
1905-07 жылдардағы төңкеріс кезінде, онан кейін де
большевиктердің үндеулерін, листовкаларын қазақ тіліне
аударысады., қазақ арасына таратысады. 1906 жылы Мемлекеттік
бірінші думаға депутаттар сайлауы жүреді. Торғай обылысына
екі орын беріледі. Оның бірі қазақ арасынан,екіншісі орыстар
арасынан сайлануға тиісті болады. Большевиктер қазақ арасынан
Мұхамеджан Сералин сайлансын деп ұсыныс жасайды. Бірақ
бұл ұсыныс өтпей қалады. Қазақтың
би-болыстары Сералинге қарсы болады: ол діннен безген, қазақты
христиан болуға үгіттеп жүрген деген сияқты жалалар
жабады. Мұхамеджан Сералин есімін айтқан кезде біздің
есімізге «Айқап» журналы түседі, Мұхамеджан Сералин
қазақ даласында журнал шығарған алғашқы
қазақтың бірі ғана емес осы журнал арқылы
халықтың мұң-мұқтажын көрсете білген
біртуар тұлға. Мұхамеджан Сералиннің
қоғамдық қызметі осы журналмен тығыз байланысты. Мұхамеджан
Сералиннің қоғамдық қызметін екі кезеңге
бөліп қарастырамыз. Бірінші кезеңіне Айқап журналында
төңкеріске дейін басылған 40- қа жуық
мақалалары жатады. Екінші кезең 1918-1928 жылдар аралығын
қамтиды, бұл кезеңде «Ұшқын», «Еңбекші
қазақ», «Ауыл» газеттерінде саясат шаруашылық, мәдениет мәселелері жайында мақалары
жарияланады. Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық
қызметі 1911 жылы Троицкіде
шыққан демократтық
бағыттағы «Айқап» журналымен тығыз байланысты. «Айқап»
журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911жылдың қаңтарында
жарық көрді. Ол журналды алғаш жұрттан
қарызға ақша алып, пай жинай жүріп шығарды. Біраз
уақыттан соң журнал өз қаржысымен шыға бастады, оған
жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен қаржының
тапшылығынан ол алғашқы жылы айына бір реттен, кейде
шағын көлемді болып жарық көрді. Жәрдемдесушілер
көбейіп және өзі қаржығы ие болғаннан кейін,
яғни 1912 жылдан бастап журнал
айына екі реттен, 12-14 бет көлемде шықты. Профессор
Қ.Бекхожиннің дәлелдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000
дана болған. Жалпы журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық
көрген. «Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан»,
«Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты
айдарларының болуы оның жұмысындағы
ұқыптылықты, жүйелілікті танытады. Журналдың
жоғарыдағы айдарлар бойынша жарияланған материалдардан
айқын аңғаруға болады. «Айқап» журналында сол
заманның маңызды деген мәселелері талқыланды. «Айқап»
өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын
жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның
барлық обылысынан және Астрахань губерниясына қосылған
Бөкей ордасы мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау,
Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе Ақтөбеден
Қостанайдан, Семейден және тағы басқа жерлерден келген
мақалалар жие жарияланды.
«Айқап» мемлекеттік думаларға, дума сайлауларына
байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау
құқығын берілуін, Думаға қазақтан да
депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті
мәселелерінің қаралып шешімін табуын талап етті.
«Айқап» журналының
редакторы болған М.Сералин
журналдың 1912 жылғы үшінші санындағы «Юбилей»
туралы атты мақалада Романов тұқымдарының
патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне
қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырма
жүктейді:
1. Қазақстаннан
Думаға депутат сайланатын болсын
2.Қазақ жеріне енді
шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын
3.Қазақ,орыс
орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына
берілсін.
4. Мал шаруашылығын
жаңаша өркендетуге орыс пен қатар қазаққа
да учаске болсын.
5. Қазақстандағы
қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар
қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін.
6. Дін туралы, мектеп, медресе
ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын.[2.96]
Осындай мәселелерді көтере білген Мұхамеджан Сералин
қиындықтарға қарамастан, 1915 жылға дейін
журналдың шығуын қамтамасыз етеді. Мұхамеджан Сералин
патша отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп,
оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты.
Мәселен, оның мына пікіріне құлақ түрелік «Соңғы
он жыл ішінде үкімет... қырғыз-қазақтардың
отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге
алғызайын, салдырлап көшіп азап шеккенше отырықшы болып жан
тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып 12-15 десятина жер
алып,ала алмағандардың жерін кесіп алмақ».[2.99б] Дәл
бұлай батыл пікір айту тек Сералин тәрізді саналы, ержүрек жанның
ғана қолынан келмек. М.Сералиннің «Отырықшы
болған қазақтар туралы» деген мақаласында «Жаңа
болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдарды шешуге
икемсіз болып отырғанын мысалдармен ділелдеп, болыстық сот
құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды.
Қазақ арасындағы
жесір дауларының
құны көбіне 300 сомнан асып кететіндіктен дау-дамай
қалай шешіледі» деп жұртқа сұрақ қояды да
ол үшін «Қазақ әдеттері» деген кітап шығару
қажет дегенді айтады. «Айқап»
журналында Мұхамеджан Сералин алдымен қолға алған, көп
жазған негізгі, маңызды
мәселесі – жер мәселесі, отырықшы болу, егін
кәсібімен айналасу поселка, қала салу мәселелері болды.
Бұл мәселелер жөнінде Мұхамеджан Сералин
өзінің «Жер мәселесі», «Ескі жыр», «Қазақ
халқының мұқтаждығы» деген мақалалар жазып
оны журнал беттерінде жариялайды. Мұхамеджан Сералин тек журнал
шығарып қана қоймай ел арасындағы ағарту
мәселесіне де көніл бөледі. Мұхамеджан Сералин
өзінің туған ауылында кітапхана мен мектеп ашады.
М.Сералиннің бастамасымен №5 ауылда Шұбар
болысында 1917 жылы ауыл құрылып, суырып салма ақын
Сералының құрметіне «Сералы ауылы» деп аталады. Бұл
ауылда 30 үй болған. Егіншілікпен айналысып, қала типті
тұрғын үйлер ғимараттарының құрылысы
бой көтерген. Жетімдер мен кедей балаларына қамқорлық
көрсеткен. Мектепте кешке ересектер арасындағы сауатсыздықты
жою мақсатында курстар құрып, жастар
күшімен көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылып,
ауыл тұрғындарына тегін спектакльдер қойылған. Пьеса
авторы көбінесе Мұхамеджан Сералиннің
өзі болған. Спектакльдерде феодалдық көріністер
сыналып, білім, ғылым мадақталып, табиғи байлықтар мен
жануарлар әлемін сақтауға көңіл бөлінеді. Мұхамеджан Сералин
«Айқап» журналы жабылғанға дейін журнал беттерінде өз
заманының өткір мәселелерінің бірі ағарту, өнер,
ғылым, мәдениет, тіл әдебиет мәселелеріне байланысты «Біздің жастарымыз», «Шәкірттер халінен»
деген мақаларын жазады. 1915 жылы тамыз айында «Айқап» журналы
тоқталғанда «Басқармадан» деген мақала жазып, Мұхамеджан
Сералин журнал жұмысының барлық нәтижесін
атқарған жұмыстарын қорытқан. 1915 жылы «Айқап»
журналы жабылғасын Мұхамеджан Сералин Троицкіде біраз уақыт орыс тілінде
шығып тұратын «Степь» газетінің редакциясында қызмет
істейді.1916 жылы өз ауылына көшіп 1919 жылдың басына дейін
сонда тұрады. Мұхамеджан Сералин 1919 жылдың басында Орынбор
қаласына барып алғаш рет кеңес өкіметінің
қызметіне кіреді. Сонда губерниялық жер-су бөлімінде істейді.
Сонымен бірге Орынбор қазақ өлкесін басқаратын
соғыс-төңкеріс комитетінің қазақ тілінде
тұңғыш рет шыққан «Ұшқын» газеті
редакциясының алқа мүшесі болып істейді. 1920жылдың
аяғында өз еліне қайтады.
1920-1921 жылдары М.Сералин Шұбар болыстық
атқару комитетінің төрағасы және партия
ұйымының хатшысы болған.
1922 жылы Қостанай өз алдына губерния болып құрылды. Осы жылы Мұхамеджан Сералин
губерниялық қызметке шақырылды онда әуелі губерниялық,
жер бөлімінің бастығы, әрі губерния атқару комитетінің
төрағасының орынбасары болып сайланады. 1923 жылы
қыркүйекте Қостанай губерниялық партия кеңес
комитеттерінің тілі болып «Ауыл» газетін шығарады. 1924 жылы
қаңтарда
Кеңестердің Бүкіл Ресейлік II сьезіне делегет болып сайланды. 1926 жылға дейін
газеттің редакторы болды. 1928 жылы Қазақстан Орталық
Атқару Комитетініне мүшелікке өтеді. Осы жұмыста
жүріп қаны тасу кеселімен ауырып 1929 жылдың жазында дүние салады.
Мұхамеджан Сералин
қазақ тілінде тұңғыш рет «Айқап» журналын
шығарды, халыққа баспасөз арқылы қызмет
етті. «Журнал шығарудағы мақсатымыз.. тек қана
жұрттың көзі,құлағы болмақ еді» дейді
ол.[3.98б] Айқап кейбір қатесі, кемшілігі бола тұрса да жалпы
алғанда, демократтық-ағартушылық бағытта
болды,қазақ тарихында прогресшіл роль атқарды:
халықтың оянуына, саясат, шаруашылық, мәдениет
жақтан өсуіне біраз әсер етті. Қазақстанның
сол кезде құрала бастаған зиялыларына Айқап
қазақша ойлауды, ойлағанын қазақша жазуды
үйретті, газет, журнал шығару қазақ
оқығандарының да қолынан келетін жұмыс екенін
дәлелдеді. Мұхамеджан Сералин Айқап арқылы, өз
шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен
Ыбырай негізін салған сара жолдың одан әрі дамуына өз
үлесін қосты. Мұхамеджан Сералин қазақ
халқының ХХ ғасыр басындағы ірі көрнекті
қоғам қайраткері, әрі көрнекті журналисі
және ақыны ретінде тарихта өз орны бар тұлға екенін мойындаймыз.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 7 том .
2.Қ.Аллаберген
,Ж.Нұсқабайұлы Алты
алаштың ардақтылары. Алматы «Рауан» 1994ж
3.Б.Кенжебаев ХХ
ғасыр басындағы әдебиет Алматы «Білім» 1993 ж