№ 2 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайырбекова Д.Е.

ҚИПХДУ- нің магистранты Жапақов М.

Жыраулар шығармаларындағы  ел тағдыры

      Батыстан-Ресей, Шығыстан-Жоңғар мен Қытай мемлекеттері қазақ даласының табиғи байлығы мен ұлан-байтақ жеріне көзін тігіп, жаулап алу саясатын жүргізе бастаған кезеңінде қазақ халқының тұтастығын сақтап қалу, тәуелсіз ел ету Абылай ханның басты мақсаты болды. Ханның осы  саясатын Бұқар жырау қолдап, толғауларында халықты бір тудың астына топтасуға шақырады. Сондықтан да Бұқар баба поэзиясының негізгі өзегі - Отан тағдыры, ұлт санасы, ел бірлігі болып табылады. Бұқар жырау шығармаларында  елдік пен ерлік мәселесі, ел-жер тағдыры ой таразысына салынып тереңінен толғанады. «Бірлік болмай, тірлік болмас»-деген. Сырт жау соқтыға алмайтын айбынды ел болу үшін жұрттың ынтымағы бірауыздылығы қажет. Бұл жайды Бұқар жақсы түсінеді. «Ел бірлігін жырлау-Бұқар өлеңдеріндегі  негізгі мәселенің бірі.... Ол ел бірлігі мәселесіне үлкен мән береді»,-дейді,  Бұқар шығармашылығын көптен бері зерттеп келе жатқан профессор Қ.Жұмалиев [1].

     Дана жырау халықты тұтастыққа,елді бірлікке шақырып:

                                  Өлетұғын тай үшін,

                                  Қалатұғын сай үшін,

                                  Қылмаңдар жанжал-ерегіс [2], 

не болмаса:

                                  Маң-маң басып жүрініз,

                                  Байсалды үйге түсініз,

                                  Айнала алмай ат өлсін,

                                  Айыра алмай жат өлсін,

                                  Жат бойынан түңілсін,

                                  Бәрінің бір енеден туғандай болыңыз!-

деп жырлай отырып, елді ынтымаққа, жатқа тізгін бермеуге шақырады [3].           

      Ру аралық тартысты қоймаса елдің елдіктен айрылатынын, басына қиын күндер туып, әркімнің бір теперіш көретінін айтады.

      Алауыздықтың өзара қырқыстың неге соғатынын көрсету үшін Бұқар қалмақтардың тағдырын мысалға келтіреді.

                                 «Кіші қара қалмақ бүлерде,

                                 Бозылардың билігі

                                 Бұлт бұрқан болысты,

                                 Уағдадан жылысты,

                                 Буыршындай тіздесті,

                                 Жамандықты іздесті,

                                 Бірін-бірі күндесті;

                                 Жаулаған ханын қара оңбас,

                                 Хан қисаиса бәрі оңбас.

                                 Ханын қалмақ жаулаған, 

                                 Сүйткен қалмақ оңбаған:

                                 Сол қалмақтың жұрты еді-ау,

                                 Үш Қарқара ,Көктөбе,

                                 Иттей ұлып қалмаған» [4].

      Халықты осы қалмақ еліндегі оқиғадан хабардар етіп, оның жайын баяндап,алауыздықтан ауызбіршілікке, күншілдіктен аулақ болып жамандық іздеспей жақсылыққа ұмтылуды билеушісін сыйлауға үндеп толғаулар  арнаған.

     Бұқар шығармашылығының негізгі арқауы - ол елдің бірлігі, ал бірліктің негізгі ұйтқысы сыйластықта, өмірдің сәні де, мәні де осында  деп білген жырау тіршіліктегі адамдар арасындағы осындай   жарастықты, шат-шадыман өмір сүру туралы былай деп жырлайды:

                          Адамзаттың баласы,

                          Атадан алтау тумас па,

                          Атадан алтау туғанмен,

                          Оның ішінде біреу арыстан болмас па.

                          Арыстанның барында,

                          Жорғасы болса мінісіп,

                          Торқасы болса киісіп,

                          Толғамалы қамшы алып,

                          Толғай да толғай дәурен сүрмеспе [5].

      Араларындағы асылдарыңды қадірлеп, құрметтеп, оны сақтай біліңдер дейді. Арыстаннан айрылса, артында қалған жамандар бас-басына тозбаспа деген ғұлама айтқан өсиет әлі күнге өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өсиет жан ұядан бастап, мемлекетке дейінгі аралықтағы әлеуметтік топтар ішінде өзара қарым-қатынастың жазылып қойған кодексіндей.

     Халық өмірінің  алмағайып – аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екі талай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз  толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы –жыршысы бола білді. Оның жыр-толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.

       Бұқар жырау өзінің шығармаларында халықтың еңсесін көтеріп елге, ерге дем беріп, жұрттың көңілінде жүрген асыл арманы - «Қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» тыныш заманның салтанатын жыр етеді. «Маң-маң басып жүріңіз, байсалды үйге түсіңіз» деп тынымсыз жаугершіліктен қажи бастаған елге қуатты сөздермен қайрат беріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, халықты рухани жүдеушіліктен сақтап, жігерлендіріп өз күшіне сенімін арттырып бейбітшіліктің мазмұнды тіршілігін жыр етті. Оны мына өлең шумағынан көруге болады:

                            Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

                            Бұл үйректей болыңыз,

                            Судан суға жүйгемен,

                            Көлден көлге қоныңыз

                            Байлар ұғылы шоғалар,

                            Бас қосыпты  бесінде,

                            Маң-маң басып жүріңіз,

                            Байсалды үйге түсіңіз.

                           Айнала алмай ат өлсін,

                           Айыра алмай жат өлсін,

                           Жат бойынан түңілсін

                           Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз [6].

       Бұхар жырау өзінің үгіт насихат жырларында көшпенді елдің ертеден орныққан қағидасы шеңберінде рулық қайшылықтарға қарсы тұрып, туысқандық, ынтымақ жолымен, ру тайпалардың ара қатынасын бекітерліктей саналы саясат жүргізді.

      Бүгінгі біз айтып жүрген патриоттық сезім кейінгі ұрпаққа Бұқар жырының бесігімен тербеліп, жүрегіне осылай ұялаған. Ол кездегі алға қойылған міндет пен саяси әлеуметтік талап қазақ деген ұлттық сананы, рулық жүздік ұғымның шеңберінен асырып, түбі бір тұтас мемлекеттік дәрежеге көтеру еді.

      Бұқар жырау қазақ жұртын қабырғалы мемлекет қатарына қосуды арман етті. Елімнің басын біріктірем деп, талай қияпат қиындықты басынан кешірді. Жарқ етіп сермеген алдаспан жырлары ханды да қараны да аямады, түйінді ойлардың тұсауын кесіп, шеңберлі саясаттың тынысын кеңейтіп отырды.

     Жырау сол замандағы ірі мемлекеттердің қол астында қалған  ұсақ елдердің тағдырына шұқшия үңіліп, бағдарлай байқап, бастарына түскен алапат өмірдің ауқымынан  еліне тиімді зерделі ой пікірлер айтып, ақыл кеңес беріп отырды. Ұлы мемлекеттердің шен-шекпен арқылы бүтіндей елді айрандай ашытып, сүттей іріту саясатын  әшкерелеп, ел басқарушыларына ескерте: «Жемқорларға жем беріп, ел қамын айтқан жақсыны, сөйлетпей ұрар ұртына», деп өсиет нақыл сөздерін айтып та, жазып та кеткен.   

       Бұхар баба тек жырау емес, халықты бірлікке шақырып, елдің тәуелсіз мемлекет болуы жолындағы ірі саясаткер Абылай ханның  Батагөй данасы болды, сондай-ақ Абылай ханның маңайына  ер жүрек батырлардың, әділ билердің, халық жанашырларының топтасуына игі ықпалын тигізді.

     Қазақ хандары мен сұлтандарының кейбіреулері бас сауғалап, қара басының қамын ойлап, қарауындағы руларының ғана мүддесін көздеп, дұшпанға бағынып, іріткі салып жүрген шақта өзара алауыз жұрттың басын қосу ел басшыларының көреген, қажымас қайратты, данышпан, парасатты болуын қажет ететін. Абылай бейнесін халық қиялында ерекше іріленіп, сомдалуының басты себебі де оның тар кезінде, тайғақ кешулерде ел бірлігіне ұйытқы боларлық, ақыл, айла, ынтымақ кілтін таба алғандығына байланысты [7].

      XVІІІ ғасыр Қазақ елінің басына күн туып аумалы-төкпелі заман орнап,  жоңғардың шапқыншылығынан көп зардап  шеккен  халыққа  жырымен рух берген  ханға ақылшы, елге дана бола білген жыраулар қазақ халқының сол кездегі өмірінен жырлары арқылы  қоғамды сипаттап ел өмірінен хабар берген. Бұқар шығармасы қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын көзге көрсете жырлап, қазақ-жоңғар шапқыншылығы хақында  таптырмас дала деректері дала жыры тұрғысынан баяндап, болашақ ұрпаққа елінің тарихынан хабар беріп, бірлікке үндеп тұрғандай.

 

                                Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қ.Жұмалиев. XVІІІ –XІXғ. Қазақ әдебиеті.А., 2001.48-б.

2. Бес ғасыр жырлайды. І-том.А., 1984,105-б.

3. Б.Исабек. Бұқар жырау ғибраттары.// Қазақ тарихы.2004. №2. 27-б.

4. М.Мағауин.Қобыз сарыны.А., 2006, 98-б.

5. Ж.Омари. Бұқар жырау Он екі тарих.Қарағанды.1994, 85-б.

6. Қуанғанов Ш.Т. Бұқар жырау және оның заманы. А., 2000, 16-б.

7. Рахманқұл Бердібай. Эпос-ел қасынасы. А., 1995. 238-б.