П.ғ.к.,
доцент Досанова Алтынай Жапаровна
Магистрант Айткулова Токжан Нургалиевна
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
М.ҚАШҚАРИДЫҢ «ДИУАНИ ЛҰҒАТ АТ-ТҮРІК»
ЕҢБЕГІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МҰРАЛАР
Махмұд Қашқари – түркі
халқының XI ғасырда өмір сүрген аса дарынды
перзенттерінің бірі. М.Қашқари өз шығармасына
материал жинау кезінде түркі әлемін көп аралаған,
көргені мен көңілге түйгендерін еңбек етіп
жазған.
Бұл кез
Бағдатты түркілердің селжұқ тайпасы басып
алған, түркі тілінің дәуірлеп тұрған
тұсы болғандықтан ғалым түркілердің
этнографиясы, ауыз әдебиетінің хрестоматиясы іспетті өз
еңбегін араб халқына таныстыру мақсатымен араб тілінде
жазған.
М.Қашқари түркілер тарапынан өз
туындысының ескерусіз қилмайтындығын да пайымдаған.
Сондықтан да ол өз еңбегінің атын мазмұнына сай
етіп «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі
сөздерінің жинағы») деп атаған.
М.Қашқаридің бұл еңбегі аталған жерлердегі
халықтардың мәдени және рухани байланыстарын
анықтауға мүмкіндік береді. А.Н.Кононовтың
сөзімен айтқанда: «Түркі тілдерінің сөздігі» — XI
ғасырдың түркілердің өмірі, олардың
материалдық мәдениеті, бұйымдары, тұрмыс-жайлары,
этнонимдері мен топонимдері, қызмет адамдарының дәрежесі,
...балалар ойындары мен ермектері және басқалар туралы бірден-бір
деректеме болып табылады».
“Диуани лұғат ат-түрк”, - М.Қашқаридің
түркіше-арабша түсіндірме сөздігі бүкіл түркі
халықтарының тілтану энциклопедиясы іспетті. Мұнда орта
ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының бәріне бірдей
ортақ болып келетін 6 мыңнан астам түркі сөздері мен
жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Сонымен бірге,
бұл “Сөздікті” “көне түркі әдеби
жәдігерліктерінің хрестоматиясы” деуге де болады. Өйткені,
мұнда автор өмір сүрген дәуірде ғана емес, одан
сан ғасырлар бұрын өмірге келген ежелгі түркі
өлең-жырларының, мақал-мәтелдерінің,
қанатты сөздерінің, көркем теңеулерінің,
фразеологиялық тіркестерінің, т.б. ғажайып үлгілері
бар. Неміс ғалымы К.Броккельман “Сөздікті” неміс тіліне аударып,
1928 жылы Лейпциг қаласында, көрнекті түрік филологы Басым
Аталай оны түрік тіліне тәржіма жасап, 1939-41 жылы Анкарада, ал
белгілі өзбек ғалымы С.Муталлибов “Диуани лұғат ат-түркті” өзбек
тіліне тәржіма жасап, оны 1960-63 жылы Ташкенттегі “Фан” баспасынан
үш кітап етіп шығарды. Қазақ ғалымы А. Егеубай
шығарманың үш томын қазақ тіліне
тұңғыш рет аударып, оны “Түрік сөздігі” деген
атпен 1997-98 жылы оқырман қауымға ұсынды. Бүкіл
түркі әлемінің алтын қазыналарының бірі саналатын
осы кітаптың жарыққа шығуына Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Назарбаев сәт сапар тілеп, кіріспе
сөз жазды. М.Қашқари “Сөздігін”
зерттеу, насихаттау, тәржіма жасау істеріне А.Н. Кононов, М.Хартман, В.В.
Бартольд, К. Броккельман, Б. Аталай, И.В. Стеблева, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов,
А.Егеубай секілді ғалымдар мол үлес қосты.
“Диуани лұғат ат-түрктің”
әдеби және тарихи маңызы зор шығарма. Мұнда 200-ден астам
өлең, 300-ге тарта мақал-мәтелдер, жүздеген
қанатты сөздер мен көркем теңеулер, т.б. бар. Бұл
“Сөздікте” мысал ретінде келтірілген көптеген мақтау, жоқтау
түріндегі өлең үлгілерінің қадым замандарда,
алғашқы қауымда, сақтар, ғұндар
дәуірінде өмірге келгенін аңғару қиын емес.
Мысалы:
бақыт нышаны – білік; елгезектің ерні май болар,
еріншектің басы қан болар; еріншекке есіктен аттаудың
өзі асудан асқандай;
ұлан жасында қатуланса, ұлғайғанда сүйінер;
егілмейінше өнбес, тілемейінше бермес; арпасыз ат қыр аспас,
арқасыз батыр жау алмас. Осы
мақал- мәтелдер бүгінгі күнге дейін сақталып,
тәрбиелік мәнін жоймаған педагогикалық
тұрғыдан қарағанда құнды шығарма
екенін дәлелдейді.
Ал көне
жырларда алғашқы қауымдағы адамдардың
тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы
бейнеленген. Алғашқы
қауым адамдары Күнді, Айды, Бұлтты, Жұлдызды адам
сияқты “тірі жан” етіп, бірде “ашуланатын”, бірде
“көңілденетін” құбылыс ретінде суреттейді.
“Сөздікте” табиғат көріністеріне қатысты жыр жолдары
көп. Мұнда “бұлттар ойнай бастағанын”, “сай
салаға су толғанын”, “түрлі түсті бәйшешек
өсіп шыққанын”, “арқар-киік асыр салғанын”
бейнелейтін өлеңдер жиі ұшырайды. “Сөздікте” —
“Қыс” пен “Жаздың” айтысына құрылған
өлеңдер де бар. “Қыс” пен “Жаз” адамдар бейнесіне
түсіп, өзара айтыса бастайды. Әрқайсысы
өзінің артықшылығын мақтан етеді. Ақыры
адамдарға берер ырзығы да, қуаныш-шаттығы да мол жаз
жеңіп шығады. Жаз маусымының бұл “жеңісі” - адамдардың жеңісіне
айналады. Мұның өзі түркі халықтары арасында
айтыс өнерінің қадым заманда кең тарағанын
аңғартса керек. “Түркі тілдерінің сөздігінде”
ерлікті, батырлықты мадақтайтын өлең-жырлар көп.
Әрбір қадамы қатерге толы ежелгі дәуір адамы
үрейлі аңдармен арпалыста немесе түрлі тайпалар
арасындағы соғыста ерекше ерлігімен, қыруар
күш-қуатымен, әскери айла-тәсілімен жұрт
көзіне түсуді өзіне биік мәртебе санаған.
“Сөздікте” ерлік тақырыбын жырлаған көлемді
дастандардан келтірілген үзінділер жиі ұшырайды. Солардың
бірі — “Мыңлақ елін алғанбыз” деген жыр үзіндісі.
Бұл жырдан үлкен шайқастан кейінгі жеңіс
салтанатының құдіретті дабылы естіліп тұрғандай
сезіледі. “Диуани лұғат
ат-түркте”
мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілері де
жиі ұшырайды. Мыс., “Алып Ер Тоңғаны жоқтау” деп
аталатын жыр Махмұт Қашқари сөздігі арқылы
бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен. Бұл жоқтау
Тұран елінің әміршісі, даңқты қолбасшысы
Алып Ер Тоңғаның қазасына байланысты айтылған.
Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел
қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың
өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы
жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын
жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық
тұрғыда әсерлеп жеткізген. Мұнда “тау қойнауы
жыртылар”, “атса оны көздеп”, “атын болдыртты”, “қайғы
тоздыртты”, “жүз сарғайды”, “запыран жаққандай” деген
сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды.
Жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында
күні бүгінге дейін сақталған. “Диуани лұғат ат-түркте” аңшылық, еңбек
тақырыбына арналған өлең-жырлар көп. Мұндай
өлеңдерде тайпа мүшелерінің бірігіп аң
аулауға шыққаны, егін салғаны, мал баққаны
жырланады. “Диуани лұғат
ат-түркте”ежелгі
түркілердің наным-сенімінен туған тұрмыс-салт жырлары,
әсіресе, төрт түлік мал туралы өлеңдер, бата,
тілек, бесік жыры, жар-жар, сыңсу, естірту, т.б. жиі ұшырайды. Бұл еңбектер
болашақ ұрпақ тәрбиесінде аса зор педагогикалық
мұра, асыл қазына болып табылады. Сондай-ақ, “Сөздікте”
қадым замандарда халық арасына кең тараған
мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, афоризмдер көп. Солардың бірқатары
қазіргі қазақ тілінде айтарлықтай өзгеріске
ұшырамай, сол күйінде айтылып жүр. Белгілі түркітанушы
ғалым Кононовтың сөзімен айтқанда, М.Қашқаридің “Түркі тілдерінің
сөздігі” -
“ежелгі түркі халықтарының өмірі, олардың
материалдық және мәдени байлықтары, тұрмыс
жайлары, этнонимдері мен топонимдері, туыстық және жекжаттық
терминдері, қызмет адамдарының титулдары мен аттары, үй
жануарлары мен жабайы аңдар атаулары, астрономиялық терминдер,
халық күнтізбесі, айлардың және аптадағы
күндердің аттары, аурулар мен дәрілердің атаулары,
анатомиялық терминдер, металдар мен минералдар, әскери, спорт
және әкімш. терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік
қаҝармандардың есімдері, діни және этнографиялық терминология туралы көп
жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады”.
Қорыта келе,
М.Қашқаридің еңбектеріндегі педагогикалық
мұраны болашақ ұрпақтың оқу-тәрбие
жұмыстарына пайдалану – олардың құзіреттілік
деңгейлерін көтеріп, үлкен жетістерге жеткізетіні даусыз. “Диуани лұғат ат-түрк” – бүкіл
әлемдегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей
ортақ асыл қазына, педагогикалық мәні бар тілдік,
әдеби, тарихи тұрғыдан мейлінше бай мұра.
Әдебиеттер:
1. А. Егеубай.
Түрік сөздігі. - Алматы, 1998.
2. «Қазақстан»
ұлттық энциклопедиясы, «Қазақ энциклопедиясы», -Алматы,
1998. 3-том.
3. Н. Келімбетов. Диуани лұғат ат-түрк.
Алматы, 2001.