Барсақбаева А.Б.
аға оқытушы, филология магистрі,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті,
Қазақстан, Қостанай қ.
ПРОБЛЕМАЛЫҚ ЖАҒДАЯТҚА НЕГІЗДЕЛГЕН
СЕМИНАР-ПІКІРТАЛАСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Семинар-пікірталас диалогтық
қарым-қатынаста өтеді. Мұндай семинарда студент
өз ойын анық, айқын, дәлелді жеткізуге, өз
пікірін, пікірлесінің пікірінін дұрыс-бұрыстығын
дәлелдеуге тиіс. Яғни семинар- пікірталас студенттің жеке басының интеллектуалдық
әрекетінің қалыптасуына, әр нәрсеге
баға бере алуына, өзіндік пікір айтып, белсенді
қатысуға мүмкіндік жасайды. Семинардың нәтижелі болуы мұғалімнің
ұйымдастыру қабілетімен, студенттердің дискуссия
жасай білу мәдениетімен байланысты. Студенттермен
қарым-қатынас, сұрақ
қоя
білу, оларды мәселелеге қызықтыру, жауаптарын қадағалау,
бағасын беру, кемшіліктерін түзеп, дұрыс жолын айту оқытушының
міндеті.
Жоғары оқу орнында өткізілетін
семинар-пікірталастың бір ерекшелігі – ол ғылымда
дәлелденілген мәселелерге негізделеді. Бұл
оқытушының да, студенттің де жұмысын жеңілдетеді, негізінен
дәрісте қамтылған теориялық
такырыптардың мәнін аша түсу мақсаты
көзделеді. Семинар-пікірталас белгілі бір жүйемен
өткізіледі. Алдымен дәстүрлі сұрақтарға жауап беріп, кейін, проблемалық жағдаят жасауға
болады. Проблемалық сұрақтар студенттердің
бұрынғы білімдері мен дәрістен алған, өз бетінше
ізденген жаңа білімдеріне
негізделеді. Проблемалық жағдаяттың нәтижесі, шешімі
студенттердің жаңадан меңгеретін білімі болып табылады.
Берілген тапсырманы өз бетімен іздену арқылы шешу, соған тырысу
олардың ойлау әрекетін іске қосады, бұрынғы
игерген білімдерін есіне түсіреді. Қажетті әдебиеттерді
қарай бастайды. Проблемалық жағдаят, яғни
интеллектуалды қиналыс субъектінің психикалық қалпына
әсер етеді, мәселені шешудің жаңа жолдары іздестіріледі.
Проблемалық жағдаятқа құрылған семинар-пікірталастар
студенттердің ойлау қабілетін арттырады, өз пікірлерін
айтуға, оны ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге,
сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына мүмкіндік
жасайды. Проблемалық жағдаят жасауда негізгі тірек – проблемалы
пікірталас туғызу. Пікірталас – қаралатын мәселе туралы әртүрлі талас
пікірлерді туғызудың негізгі бір жолы. Пікірталас туғызу, оны
шешудің жолын қарастыру – студенттерді шығармашылық
ойлауға, өз бетімен ізденуге, мәселенің шешімін
табуға тәрбиелейді. Пікірталас – студентті келешек
мамандығына жақындатады, өз пікірін айтуға, оны
дәлелдеуге үйретеді. Семинар- пікірталас талапқа сай өтуі
үшін сөз болатын мәселенің жоспарын беру қажет.
Жоспарда семинардың тақырыбы, мақсаты, пікір таласын
туғызатын проблемалық сұрақтар, қажетті әдебиеттердің
тізімі беріледі. Семинар-пікірталасты өткізуде оқытушы мына
мәселелерге көңіл аударады: 1) берілген тапсырманы орындауда
студенттердің білім деңгейі, дайындығы; 2) өз бетімен
іздену қабілеттері; 3) пікірталас өткізуде мәселенің
маңыздылығы; 4) оқытушының семинар өткізуге
дайындығы, яғни студенттерге дұрыс бағыт беру,
жауаптарын саралау, дұрыс жолын көрсету, семинарды дұрыс ұйымдастыру;
5) студенттерді дұрыс орналастыра білу. Семинар-пікірталастың студенттерді
жылдам ойлау, жауап беру, өз пікірлерін дәлелдеу, өзіндік
көз-қарасын қалыптастыру, т.б. ұтымды жақтармен қатар,
кемшіліктері де жоқ емес. Aтaп айтқанда, уақыттың көп
кетуі, проблемалық меселелерді дұрыс қоя алмау, оны шешуде
студенттердің білім, дағды, іскерліктерінің жетпей жатуы,
студенттердің пассивтілігі, т.б. Семинар-пікірталас өз дәрежесінде
өтуі үшін студенттер семинардың бұл формасының мақсаты
мен міндетін білуі тиіс. Яғни семинар-пікірталас студенттерді белсенді
ойлауға, қарым-қатынас жасауға, өз пікірін
дәлелдеуге, мәселенің ең маңызды бөлшегін
тани біліп, соны ғылыми тұрғыдан сипаттауға, т.б.
үйретеді. Семинарды проблемалық жағдаятта құруда оқытушы:
материалдарды жан-жақты қарастыруы, проблемалық жағдаят
жасайтын мәселелерді бөліп алуы, сұрақтарды
анық-айқын етіп қоюы, қажетті әдебиеттерді
нақты көрсетуі, өзі мәселені шешуде
бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Материалды проблемалы
баяндау кезінде проблемалық жағдаяттар ойдан шығарылмай,
талданатын мәселедегі проблемалы қайшылықтардан туындап жатуы
қажет. Оқытушының міндеті – сол қайшылықтарды
студенттердің түсіне, көре, талдай, шеше білуіне
мүмкіндік жасау. Проблемалық жағдаят –
тыңдаушылардың психикалық күйіне, ішкі сезіміне
қатысты нақты мәселе үстінде туатын логикалық
құбылыс. Сондықтан оны тек сұрақ қоюмен
білдіріп, жүзеге асыруға болады. Демек қойылатын
сұрақтар проблемалық жағдаяттың
құрамды бөлігі. Семинардың бұл түрін
рөлдік ойындарға бөліп те өткізуге болады. Мысалы,
студенттің біреуі оқытушының қызметін (негізгі
басқарушы), екіншісі – оппонент, немесе, рецензент, үшіншісі – логик,
төртіншісі – психолог, бесіншісі – эксперт қызметін атқарады.
Мұндай семинардың құрылысы: бір адам баяндама жасайды,
рецензент баяндамашанының жұмысын бағалайды, жетістік,
кемшіліктеріне тоқталады, логик баяндамадағы негізгі ойдың
бағытының дұрыстығына, бар материалды
құрастыру логикасына, болса қарама-қайшылықтарына
көңіл бөліп, өз ойын дәлелдейді. Психолог
студенттің аудиториямен қарым-қатынасын, зейінін,
қабылдауын темпераментін, өзін-өзі ұстауын (сын
жағдайда) т.б. қадағалайды. Эксперт баяндаманың
маңызын, студент үшін қажеттілігін, жасалған
қорытынды-тұжырымның дұрыс-бұрыстығын
бақылайды. Қалған студенттер баяндаманы тыңдап,
сұрақ қойып, өз білімдерін толықтырып,
жаңғыртып отырады. Кей жағдайда әр рөлге екі
адамнан қоюға да, немесе, студенттермен ауыстырып отыруға да
болады. Бұл жерде де оқытушының рөлі басым.
Оқытушы тақырыпты дұрыс таңдап, жоспарын жасап,
қажетті әдебиеттерін береді. Семинардың дұрыс
ұйымдастырылуын, студенттердің жауапкершілікпен қатысуын
қамтамасыз етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Бейсембайқызы З.
Қазақ тілін модуль негізінде оқыту
2.Сабыров Т.С. Болашақ
мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. А., 1999,