Интерактивтік технология арқылы оқытудың негізгі ұстанымдары

 

Қасым Б. Абай атындағы Қаз ҰПУ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Османова З. филология ғылымдарыныңкандидаты

Алматы, Қазақстан

e-mail: bkasym_gosyaz@mail.ru

 

Кілт сөздер: Интерактивті технология, инновация, дидактикалық ұстанымдар, танымдық қызмет, тілдік құзырет, прагматикалық құзырет, білім беру.

 

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»,- делінген [1, 16]. Қазіргі кезде үздіксіз білім беру үдерісінде білім беру технологияларын қолдану ең өзекті мәселеге айналды. Педагогикалық оқыту теориясы – білім берудің формалары мен әдістерін, оқытудың мазмұны қамтылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі дидактика теориясына сүйенеді. Дидактикада қазақ тілінен білім берудің ұстанымдары мен әдістерінің  теориясын, оқу үрдісінің заңдылықтары қарастырылады. Оқытудың мақсатын гумандық негізге құрып, ақылды, білікті, зиялы адам тәрбиелеу мәселесіне назар аудартылды. Оқыту ісіне қойылатын басты дидактикалық талаптар: оқытуға қолайлы уақытты таңдау, оқушыларды сабақ оқуға ынталандыру, материалды біртіндеп күрделендіру, анық пайда келтіретін нәрсені ғана оқыту, саналы меңгерту, сатылы оқыту, оқу көрнекілігі т.б. болып табылады.

      Қазақ тілін оқыту әдістемесін жүйе ретінде тану үшін оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік-технологиялық негізін құрайтын әрбір ілім негіздері басшылыққа алынады. Солардың ішінде ұлттық педагогиканың тұғырнамасын жасаған Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың еңбектері кейінгі әдістеме ғылымның дамуына мүмкіндік жасады.  Оқушылардың қазақ тілі пәні бойынша сапалы білім алуының сан алуан мәселелері әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде әр деңгейде сөз болып келді. Үйрету мен үйренуден тұратын оқу үрдісінің негізгі мәселелері Ы.Алтынсариннен басталып, күні бүгінге дейінгі аралықтағы зерттеушілердің назарын аударып келеді. Модульді-интерактивтік технология арқылы тілді оқыту мақсат-міндеттермен, онда жүргізілетін әр бағыттағы жұмыстармен байланысты шешілетіні сөзсіз. Сондықтан да Ы.Алтынсарин: «Тіл сезімін дамыту – оқушының мектеп қабырғасына келгендегі сөз қорын әрі қарай байыту, ол әбден ойланған системаны талап етеді», – деп тұжырымдайды [2, 79]. Бұл, әрине, оқытудың белгілі бір тиянақты жүйемен жүргізілуі тиісті екендігін көрсетеді.

       Бүгінде оқыту әдістемесін ұйымдастыру мен әдісінің жаңалығы жаңа талаптарға байланысты оқу-трбие үдерісін шығармашылықпен пайымдалудың негізгі өлшеміне айналуда. Оқытудың жаңа инновациялық әдістері жалпы білім жүйесінде жаңа технологияны өздігінен іздеуге итермелейді [3]. Инновация деген ұғым латын тілінде – жаңарту, жаңалық, өзгеріс деген түсінікті білдіреді.

Инновация тәжірибеде жаңа технологияларды, әдістер мен құралдарды жасау және қолдану. Сонымен қатар жаңа идеяларды, ізденістерді, үдерістерді бірлікте жетілдірудің жүйесі. Инновациялық технологияны жаңа білім беру парадигмасын өмірде жүзеге асырудың құралы.

Интерактивті оқыту қазіргі кезде қарым-қатынас үрдісіне негізделген оқыту - интерактивті оқытуға үлкен көңіл бөлуде. Оқыту үрдісі тиімді болу үшін қарым-қатынастың үш жағы қатысуы қажет:

• ақпарттық (ақпараттық берілуі және сақталуы);

• интерактивті  (біріккен іс-әректте өзара әсердің ұйымдастырылуы);

Қазіргі кезде интерактивті оқыту екі бағытта жүзеге асырылып жүр:

• қарым-қатынас мәдениті;

• оқу  жағдаяттарын  барынша  пайдалану,  студенттер  үшін  «қарым-қатынас алаңын» құру. Қазақ мектебінде оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізі туралы арнайы білім беру болса, екіншісі – осы  білім негізінде оқушылардың сөйлеу, қарым-қатынас жасау дағдысын дамытып жетілдіру. М.Жұмабаев қазақ тілі сабақтарында оқушылардың тек қана тіл заңдылықтарын біліп қоймай,  сонымен қатар сөз бен сөйлеудің, тіл мен ойлаудың байланыстарын да танып отырудың қажеттігіне тоқталған [4].

Бұның өзі қазақ тілінің ғылыми негіздеріне сүйене отырып оқушыларға материалды жүйелі меңгертудің қажеттілігін дәлелдейді.

        Қазақ тілін модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертудің педагогикалық негізінде  қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды   енгізу   мәселелерін зерттеген Ф.Оразбаева, Б.Қасым, К.Жақсылықова, З.Бейсенбаева, Н.Құрманова, Ж.Балтабаева, Б.Жахина, Р.Рахметова, т.б. педагог-ғалымдардың пікірлері басшылыққа алынады. Бұл зерттеулерде оқушының жеке тұлғасын дамытуға негізделген жаңа оқыту технологияларын қазақстандық мектептерге енгізудің тиімді жолдары, жаңа технология бойынша жоспарлау мәселелері қарастырылады. Жаңа технологиялардың ішінде қазақ тілін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуды зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Қазақ тілін оқытуға байланысты оқыту әдістемесінде бірталай зерттеулер бар. Қазақ тіл білімінде алғаш тілдік қатынас теориясы ғылыми-әдістемелік мәселе ретінде ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның зерттеу еңбектерінде толық қарастырылған [5]. Осыған орай, тіл мен ойлау, тіл мен сөйлеудің рөлін айқындап, тілдік қатынастың лингвистикалық, қоғамдық-әлеуметтік негізін ашады.  Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің салалары, оның ішінде күрделі зат есімдерді оқыту  жүйе ретінде тануды мақсат еткендіктен, оның теориялық, практикалық негіздерін құрайтын әрбір ілім негіздері де жүйе ретінде қарастырылады. Күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы  оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары мен тілін дамытудың дидактикалық   негіздері   жүйесін   құрайтын   төмендегі компоненттер   алынады.

Ø модульді-интерактивтік технологияның дидактикалық ұстанымдары:

Ø күрделі зат есімдерді оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары және тілін дамыту әдістері мен тәсілдерінің дидактикалық табиғаты;

Ø күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту сабақтары және түрлері мен ерекшеліктері;

Ø оқыту мазмұны мен мақсаты.

        Модульді-интерактивтік технология арқылы  қазақ тіліннің күрделі салалары саналатын лексикология, сөзжасам, морфологияны оқытуда алдымен түрлі тілдік талдауға, сөз мағынасын меңгертуге және сөйлемдегі әр сөздің жеке құрамы мен тұлғалық бірліктерге түсінік беріледі. Сөз мағынасын меңгертуде  Б.Қасым: «...күрделі сөз саласында, ең көкейкесті міндет боп саналатын күрделі сөздің семантикасы мен олардың компоненттерінің арақатынасындағы мағыналарды, структуралық құрамындағы жеке компоненттердің байланыстылығын табу мәселесін құрылымдық тұтастықта ерекшеліктер мен белгілер секілді жаңа теориялық тұжырымдармен толықтырылады. Мағына – сөзді лексема ретінде танытатын негізгі көрсеткіш» [6,45] деп тұжырымдайды. Ойдың айқындылығы деген сөзді қолданудан, ойлау қабілеті дамытудан тұрады. Сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігімен, ойлау жүйесінің тереңдігімен, қазақ әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенеді. Қазақ тілі сабақтарында модульді-интерактивтік технология  арқылы сөйлем мүшелерін меңгерту жоғарыда аталған ғалымдар еңбектеріндегі грамматиканың ғылыми теориялық негізіне, тіл деректерге сүйене отырып жүргізіледі.  Сабақта қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері туралы қосымша мағлұмат көзі ретінде дидактикалық тапсырмалар топтамасында арнайы іріктелген танымдық мәтіндермен қатар, тілші-ғалымдардың өмір жолынан, шығармашылығынан хабардар ететін мәтіндер де ұсынылады. Интерактивтік технологияда оқушы белсенді субъектіге айналып, ауызша тілдік қатынас та, жазбаша тілдік қатынас та қатар жүзеге асады. Қазақ тілін модульді-интерактивтік технология арқылы  оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары мен тілін дамытудың дидактикалық   негіздері   жүйесін   құрайтын   төмендегі компоненттер   алынады:

Қазақ тілін оқытуды жаңа заман талап ететін сапа тұрғысынан меңгертетін дидактикалық үдерістің біртұтас мақсаты:

Ø қазақ тілін меңгертуде танымдық әдістерді қолдану;

Ø қазақ тілі туралы қарапайым эмпирикалық білім мазмұнын оның рухани қажетті білімге айналуына негіз болатындай етіп меңгерту;

Ø қазақ тілі туралы алынған эмпирикалық білімін теориялық сана тұрғысынан «қайта өңдеуіне» жағдайлар жасау;

Ø оқушының, студенттің, тіл үйренушінің қазақ тілі туралы білімін өзінің рефлексиялық жаттығулар орындауы мен жоба әдістері арқылы «қайта өңдеуін» практикалық тұрғыдан ұйымдастыру.

Қазақ тілі сабақтарында модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту жүйесі әрбір компонентті өзара байланыстыру және қатынас анықталуы керек екені белгілі. Ондай байланыс ретінде оқу-танымдық қызметті алынады. Ал қатынас ретінде дидактикалық қатынас алынады. Оқу-танымдық қызмет – дидактиканың жетекші категориясы, ол дидактиканың заңдарына бағынады. Оқу-танымдық қызметті жақсы да нәтижелі ұйымдастыру үшін, ғылыми негіз болып отырған оқыту, оқу-танымдық қызмет,   оқытудың   мақсаттары,   білім   алу, оқыту-тәрбиелеу  әдістері сынды дидактиканың басты ұғымдары. Оқытудың мұндай сипаттары оқу-танымдық қызметке тән. Сондықтан оқыту үдерісінде оқушыға дайын білімнің берілуі ғана емес, олардың танымдық, ізденімділік қызметін ұйымдастыру. Дидактикалық ілім  оқытудың шынайы түрде жүзеге асуына негіз болады. Қазақ тілінінің оқыту әдістемесі сабақтың өн бойында танымдық әрекеттердің небір күрделі   түрлері   өтіліп,   түрлі   логикалық   тұжырымдар   жасалып,   соның негізінде оқушының рухани әлемі қалыптасып жатады. Осы бағыттағы ізденістер туындауының өзі дидактикалық үрдістерде туындаған қайшылықтардың шешімін табу қажеттілігінен іздеу керек. Мұғалімнің міндеті жаңа технологиялармен меңгерту жолын алдын ала ойластырудың әртүрлі әдістемесіне негізделеді. Теориялық тұжырымдарды пайдалану арқылы оқыту сапасы жақсарады. Оқушылардың    танымдық    белсенділігін    жетілдіру, оқушылардың ойлауы мен тілін дамыту, оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын басты міндет етіп қоюға мүмкіндік береді. Тілді инновациялық технологиялар арқылы оқытудың  шешудің тиімді  жолы – әдістеменің жаңа формаларын  енгізу болып табылады. Жаңа педагогикалық технология жүйесі мектепте оқыту жүйесінің барлық құраушы бөлшектері:   пәннің мақсаты,   оқу   мазмұны,   әдістер,   құралдар, танымдылық қызметті ұйымдастыру түрлері, оқыту нәтижелері, гуманистік бағыттағы және тұлға тәрбиесі болып келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.            Назарбаев Н. Қазақстан халқына Жолдауы//ЕҚ газеті.– 2007. 1 наурыз.

2.            Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары. –Алматы, 1991.  –110б.

3.            Қасым Б. Педагогика және психология мамандықтары студенттеріне кәсіби қазақ тілін  кредиттік технология арқылы үйрету.//Білім беру жүйесінде кәсіби бағытты жүзеге асырудың өзекті мәселелері. Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы, 2013. 199-204 б.

4.            Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1993. –180 б.

5.            Оразбаева Ф.Тілдік қатынас.  – Алматы, 2005.– 272 б.

6.                               Қасым Б.Қ. Күрделі аталым жасалымы: когнититі-дискурстық ұстаным. (Зерттеулер). – Алматы: ЖК Волкова А.В., 2010. – 383 б.