Уразгалиева С.Б.

аға оқытушы, филология магистрі,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

 Қазақстан, Қостанай қ.

 

АЙМАҚТЫҚ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫНЫҢ СЫРЫ

Аймақтық жер-су атаулары белгілі бір тарихи деректермен байланысты болады. Әр атау тарихи деректерді, этнографиялық мәліметтерді, географиялық сыр-сипаттарды танытады. Жер-су атаулары сол елдің, халықтың этнографиялық, қоғамдық жай-күйінен хабар береді. Белгілі бір атауларды қарастыра отырып, этностың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық мәдениетіне байланысты да өзіндік ерекшеліктерді тани аламыз. Жердің, елдің тарихына, саяси-әлеуметтік жағдайына, этникалық мәдениетіне ерекше көңіл бөлу арқылы аймақтық атаулардың туу себебін, мәнін айқындауға болады. Нақты атаудың пайда болуы қандай да бір ішкі белгілермен тарихи байланыста. Көне замандардан бастап адам баласы тұрған жеріне байланысты, өз айналасындағы қоршаған ортаға атау берген. Белгіленген әр атау белгілі бір мағынаға ие болған. Географиялық атаудың пайда болуының міндетті түрде тарихи себебі болады. Сол секілді топонимдердің де пайда болу жолдары бар. Қазақ халқының атам заманнан орнығып, өмір сүріп жатқан жерінің өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың да мыңдап саналатыны мәлім. Ертеде ата-бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қою жағынан шебер де тапқыр болған. Халық арасындағы жер-су атауларының мағынасы турасындағы жорамалдарға көп жағдайда аңыздар негіз. Қазақ әдебиеті туындыларында жер, ел атаулары туралы көптеген қызықты деректермен танысуға болады. Әдебиет ел тарихымен тығыз байланыста. Жер-су атауларының арасында ұшырасатын бөгде тілден енген сөздер де кездеседі. Халқымыз өзінің мыңдаған жылдық өмір жолында түрлі тарихи тағдырды бастан кешіп, көптеген халықтармен араласты. Осының нәтижесі жер-су атауларында да өзінің ізін қалдырды. Мәселен, жер-су атауларының ішінде араб, парсы т.б. тілдер сөздерінің де әсері болғаны байқалады. Облысымыздағы ойконимдердің лексика-семантикалық құрамы да әр алуан. Жер аттары қоғамдық дамудың сипатына қарай өзгеріп отырған. Жергілікті халық өздері мекендеген, көшіп-қонып жүрген жердің бет-бедеріне, судың ащы-тұщылығына, көлемі мен ағысына, табиғатына, жалпы олардың алуан түрлі қасиеттері мен белгілеріне орай ат қойған. Сондықтан да ондай атаулар белгілі бір мағынаға ие. Олай болса, ойконимдерді семантикалық тұрғыдан зерттеудің де мәні айырықша. Ойконимдердің семантикасы аталып отырған белгілі бір нысан жайында тиісті дәрежеде мағлұмат беріп қана қоймай, сол жерге адамның қатыстығын да көрсетіп, білдіріп отырады. Топонимдерді лексика-семантикалық тұрғыдан талдау жөнінде біраз еңбектер жарық көрді. Топонимияны зерттеуде көптеген ғалымдар еңбектер жазды. Топонимика ғылымының халық үшін ағартушылық рөлі мол. Түрлі басылым беттерінде, ғылыми көпшілікке арналған зерттеу еңбектерде жазылып жүрген топонимикалық мәліметтерден алуан түрлі географиялық атаулардың мән мағынасын, жасалу тарихын, өзгеру, өзгерту себептерін білуге болады. Сонымен, сан мыңдаған атаулардың әр қайсысының өзіндік ерекшелігі, қасиеті, тарихы бар. Еліміздің әр жер-су атауларының қыр-сыры әралуан.   Уақыт өткен сайын олардың бірі қолданыстан шығып жатса, екіншісі дүниеге келіп, тілімізге күнделікті өмірімізге араласып жатады. Жер-су атаулары – халықтың тарихи кезеңдердегі өткен өмірінің, тіршілік болмысының, ой-санасының, табиғатының, байлығының куәгері болып табылады.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Қостанай облысының энциклопедиясы. Қостанай, 2006.

2. Бектасова Б. Қостанай облысының қысқаша жер-су аттарының сөздігі. Aлматы,1969.

3. Нұрмағанбетов Ә. Жер-су аты – тарихтың хаты.  Aлматы, 1994.