Досова А.Т.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті,  филология ғылымдарының кандидаты

 

Көркем мәтіндегі «қазақ әйелі» концептісі

 

Дүниенің тілдік суреті дүние суретінің бір бөлігі ғана, яғни тіл – дүниені бейнелеудің  бір құралы ретінде түсінілуі қажет. Әйтсе де, дүниенің тілдік суреті дүние суретінен басқа вербалды емес (тілдік емес) формадағы түрлерімен салыстырғанда, оның маңызды құрамдас бөлігін құрайды.

Дүниенің тілдік бейнесін жасаудағы басты ұстанымдардың бірі - антропоцентристік ұстаным. Антропоцентризм – дүниені, тілді адами тұрғыдан, адам үшін түсіндіретін концепция екендігін жоғарыда атап өттік. «Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді әр зерттеуші өзіндік тұрғысынан шешеді. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүниені, әлемді көзі, тілі арқылы тани алатынын тұтас теория ретінде алғаш ұсынған неміс ғалымы Л.Вейсгербер болатын. В.фон Гумбольдтың тілдің ішкі формасы ілімін негізге алған ол, «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына лейнгвопсихологиялық концепцияларды негіз етіп алады. «Ғаламның тілдік бейнесі» - индивидтің танымдық көзқарасын көрсететін тілдік бірлік, яғни эмпирикалық тәжірибелердің жиынтығы, аралас жүйедегі білім. «Ғаламның тілдік бейнесін» Ислам Айбарша былай дейді: «Дүниенің тілдік суреті адамның танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде түзіледі және белгілі бір ұлт қауымдыстығының өкілдеріне ортақ. Демек, дүние суреті дегеніміз – концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы» [1, 12].

Ғаламның тілдік бейнесі әр тілде әртүрлі болады. Себебі индивид сол тілдің семантикалық базасында тілді меңгереді. Осы кезде тілдегі мәдени құндылықтар сөздердің мәні ұжымдық арқылы ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады. Осы орайда тілші ғалым Г. Смағұлова былай дейді: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да аз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Осындай ерекшеліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталатын Шоқан, Абай, Ыбырай тіліндегі ғаламның тілдік бейнесінің ерекше болуы, яғни ұлттық нақышта ұлтжандылық концептілерінің келуі олардың өз ана тіліндегі барлық сөздердің мәнін түсініп, ұлттық таным позициясында шегеленуінде, сол деңгейде өсіп-өнуінде жатыр» [2, 12].

 

 

Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындық болмысты танып білуі ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың беййнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға  ортақ таным үлгісі. Өйткені биологиялық табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені мәлім. Қандай да тіл өзінің тілдік құрылымы немесе тілдік үлгілері жағынан әр түрлі болғанымен, шындық болмысты түсінуге келгенде ортақ танымдық дүниелерден тұрады. Бұл сайып келгенде, таным түсініктің тіл арқылы емес, ми, ойлау арқылы жүзеге асатындығын дәлелдей түседі. Демек, дүние суреті дегеніміз – концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы.

Дүниенің тілдік бейнесін жасайтын адам. Тілдік бейне адамның рухани қызметі мен таным қызметінің нәтижесі, жеке түсінігі. Жеке түсінік болған соң, тілдік бейне кейде дәл, кейде жаңсақ бейнеленуі мүмкін. Дәл осы сияқты дүниенің ғылыми бейнесін кәсіби тілдік тұлға жасайды. Ғылыми бейне сол ғылым саласындағы маманның танымы мен түсінігінің, тәжірибесі мен білімінің нәтижесі.

Осы тіл мен таным сабақтастығына негізделген ғаламның тілдік бейнесіндегі «қазақ әйелі» концептісін қарастырып отырған шығарма тіліндегі мынадай мысалдар арқылы таныта аламыз:

Арада балалар да қызығып, тамаша қып, күле айғайлайды:

       - Бөріктері сәукеледей!

       - Шалбарын қара, шалбарын!

       - Балағы қатынның көйлегіндей шұбатылып жүр (Абай жолы, 112-б).

Шығармада арнайы көріктеуіш құралдардан көбірек қолданылатыны – теңеу болса, әйел атауымен қатысты теңеулер М.Әуезов шығармасында кездеседі. Шығармадағы қатынның көйлегіндей теңеуі кейіпкердің бейнесін аша түседі.

Ол топ жұлдыз ортасында шолпанындай, той иесі – қалыңдық Үмітей болаты (Абай жолы, 148-б). Қазақ әйелінің асқан сұлулығын, көркемдігін беруде шолпан жұлдызға теңеп, әсем де, сәнді бойжеткеннің кескін-келбетін көз алдымызға әкеліп, көркем бейне жасайды.

Ел аузында есімі қалған небір кемеңгер ойшылдардың, ұлтымыздың біртуар азаматтарының, танымал тұлғаларының бойындағы асыл ғажайып қасиеттердің әжесінен  не анасынан, яғни нағашы жұртынан даритыны кездейсоқтық емес. Көркем әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында «қазақ әйелі» концептісі тұрғысынан қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып қазыналарға, жақұт-жауһарларға ездесеміз.

Мысалы: «Абай жолында» Зере Құнанбайдың қаталдығына разы болмай, қапаланған тұста былай дейді:

 - Айында, аптасында бір көреді. Арыз, мұңын саған айтпай кімге айтады? Қатты болсаң, қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп қайда барасың өзің? «Жер тәңірі сенсің» деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айттым ғой, жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау аналар аналық зарын айтады. Кәмшат турасында күйзелтіп отырсыңдар сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.

 Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, булығып қалды. Талайдан естімеген үнін есітті, анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр (Абай жолы, 116-б).

 Сөз зергері  М. Әуезов халықтың рухани және материалдық мәдениетін, дүниеге көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау етіп өреді.

Көркем мәтінде ғаламның тілдік суреті әр жазушының дүниетанымына байланысты құбылып беріледі. Осы ойымызды дәлелдей түсу үшін біз қазақ халқының классик-жазушысы Т.Ахтановтың шығармаларынан біраз мысал келтіре кеткенді жөн көрдік. Т.Ахтанов өз шығармаларында қазақ халқына тән психологиялық ерекшеліктерді ұлттық ерекшеліктердің тілдік көрінісі ретінде қолданған.

Автор әйел психологиясы жайлы хабар беруде көбінесе «қазақта» сөзін қолданады. Мысалы «Әуелгі ұрлығымның бойыма сіңгеніне шүкірлік етіп, мен бірден тыйыла алмадым, бір күн шыдап-ақ бағып едім, келесі күні дәндеп алған құлқыным тіпті маза бермеді. Және әкем «есі бар» деп менен онша күдік алмайды, оның үстіне қазақта қыз балаға әкесі ұрыспайды, шешесі ұрысады, шеше менде болған жоқ. Кемпірлер ер бала аңқау, қыз бала залым болады деуші еді, сол залымдығым ба, әлде аштықтың адамды не бір пәлеге үйрететін сұмдығы бар ма, әйтеуір өзімді ақтап алатын дәлелдер басыма қаптап келе береді» (Шырағың сөнбесін, 180-б).

  Жоғарыдағы мәтіндерде  қыз балаға әкенің ұрыспауы сияқты қазақы түсініктер көрініс тапқан.

 Жазушы шығармаларында ұлттық психологияны диалогтарда кейіпкер сөздері арқылы да жеткізе алған. Мысалы,

 «Света бір кезде маған қарай қисайды да, белімнен құшақтап алды.

    Мен әйелдерден естіп сенбей жүрсем. Рас екен ғой.

 Ол жұмсақ алақанымен менің құрсағымды майда сыпырып өтті.

  Рас, - дедім мен.

  – Мен де аңқаумын. Сенің қасыңда жүріп жұрттың ең соңынан біліппін.  – Света кішкене қабағын шытып отырды да. – Апыр-ай, бекер болған екен мұның, - деді.

  – Неге?

  – Сен немене, еш нәрсені сезбейсің бе? – деп Света қабағын көтеріп таңырқай қарады. – Шекарада тұрмыз. Ертең не боп кетерін қайдан білесің?

 … – Не ғылар дейсің. Күнім жақындағанда елге қайтам ғой, - дедім.

  Әйтсе де, сақтануың керек еді, - деді Света.

  Ау, қалай сақтанам? – деп таңырқадым. Шынында да осы күнге дейін біздің халықта баладан сақтанды дегенді естіген жоқ едім.

  – Өзің сақ боласың да, - деді Света мойнымнан құшақтап» (Шырағың сөнбесін, 19-б).

 Жоғарыдағы мәтінде «баладан сақтану» деген ұғымды білмеген ертедегі қазақы дүниетанымдық түсінік,  қазақ әйелінің ұлттық психологиясы айқын берілген.

 Жазушы романдарында қазақ тұрмысындағы әйелдер психологиясы да кейіпкер сөзінде шынайы көрініс тапқан. Мысалы, «Ал, шынымды айтсам өзім араласып кәнігі болмаған ел-жұрттан да сескенетін түрім бар. Қайран қалың қазағымның арасы болса… Бұрын тіпті құлақ естіп, аяқ баспаған жеріңе барсаң да, әйелдерге мұңыңды шағып, жағдайыңды айтсаң “беу, алда байғұс-ай”, деп еріндерін сылп еткізіп, көңілшектері көзіне жас алып…

  Ал мына халықпен әлі сырмінез болып көрген емеспін» (Шырағың сөнбесін, 150-б).

 Жоғарыдағы мәтінде қазақ әйелдерінің бір-біріне мұңын шағып, біреудің қайғысына ортақтаса кететін дархан мінез ерекшелігі сипатталған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1                         Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Фил. ғыл. док. дис. авторефераты. – Алматы, 2004.

        2 Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 112 б.