Акжолова Маншук, магистрант

(Алматы, Қазақстан Республикасы)

 

Орталық Азия қауіпсіздігіне төнетін терроризм және оның шешу жолдары

 

Орталық Азия аймағы көптеген сарапшылардың пікірінше өзінің геосаяси орналасуы, табиғат байлықтары, посткеңестік мемлекет ретінде, әлем державаларының және аймақтық көшбасшылардың қызығушылығын тудырады. Дегенмен Орта Азияға байланысты туындаған ерекше назар шектен тыс әсерленгендіктен, соның нәтижесінде төнетін қауіп-қатерлер  деңгейі жоғары емес. Қазіргі таңда бұл тек аймақтан тыс мемлекеттер арасында ғана емес, сонымен қатар аймақтағы көршілес елдердің арасында қарым-қатынастар пікір алмасатындай деңгейде емес, оған қоса мемлекеттің ішкі жағдайын ескеру керек. Аймақта шешімін таппаған мәселелер аса көп, шетелдік мемлекеттердің мүддесі тоғысқан аймақты көре аламыз.

Қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы байқалып отырған басты тенденциялардың бірі - мемлекет ішіндегі қауіптің басқа мемлекетке оның аймаққа, аймақтың жаһандық қауіпке айналу қабілеті. Соған сәйкес халықаралық мемлекеттік емес акторлардың рөлі халықаралық қатынастарда өсуде, бұл терроризмді Орталық Азиядағы келесі өзекті мәселе ретінде көрсетеді [1].

Орта Азияның барлық мемлекеттері дерлік ұлттық қауіпсіздігін күшейту және тұрақтандыру үстінде, миграция, есірткі тасымалы, діни экстремизм, ұлттық бірегейлік, сепаратизм секілді көптеген мәселелер туындағандықтан оның орны терроризмен толықтырылды. Терроризмнің себептері ретінде экономикалық-әлеуметтік дамудың төмен көрсеткіштері, білім беру, маргинализация және т.б. себептері бар, бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет сол себептерін анықтау терроризммен күресуге бастама бола алады.

Қазақстанда орын алған террористік актілердің өзін алатын болсақ 2000 жылға дейін бұл шетелдік азаматтар тарапынан қырғыз, өзбек немесе т.б. тарапынан болып келді. Соңғы  бес жылы ішіндегі Қазақстанның азаматтары тарапынан жасалған террористік актілердің жасалғанын білеміз. Біздің еліміздің аумағында да террористік іс-әрекетпен байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған қазақстандықтардың саны да өсе түсуде. Мәселен, атап айтқанда 2008-2009 жылдары ресми деректер бойынша елде 7 террористік оқиғасының жолы кесілген.

Бұл Орталық Азияда кең тараған террористік ұйымдарға назар аударатын болсақ, яғни ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретін террористік және экстремистік ұйымдардың қатарында: «Әл-Каида», «Асбат-әл-Ансар», «АУМ Синрикё», «Боз ғұрд», «Мұсылман ағайындар», «Талибан» қозғалысы, «Орталық Азия моджахедтері жамағаты», «Шығыс Түркістан Ислам партиясы» , «Түркістан Ислам партиясы» (ТИП), «Өзбекстан Ислам қозғалысы» (ӨИҚ), «Күрд халықтық конгрессі» («Конгра-Гел»), «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» (ШАТ), «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир», «Таблиғи Жамағат», «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі және т.б. ұйымдар бар. Бұл ұйымдардың қызмет атқаруына тиым салынғанымен олардың атын өзгертіп немесе басқа заңы әлсіз мемлекеттерде өзінің жұмысын барынша тез қарқынмен жалғастырып жатуы мүмкін. Соған байланысты бұл ұйымдардың пайда болуы тәуелсіздік жылдарынан кейінгі Орта Азия мемлекеттеріндегі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысқан мемлекеттердің қауіпсіздік, бірегейлік, дін секілді маңызды шарттар екінші орынға жылжыды. Бүгінде оның салдарларын анық байқауға болады.

Орта Азиядағы терроризм мәселесіне келген сәтте оның таралуының келесідей алғышарттарын көреміз. Яғни Ауғаныстан, Пәкістан арқылы Тәжікстан, Өзбекстанға таралып басқа аймақтық мемлекеттерге жетуі, бұндағы ескеретіні олардың исламдық сипаттағы радикализмінің негізінде таралуы орын алады; әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендегі, саяси апатия, ескермеушілік т.б. кешенді мәселелерден туындайтын түп негізі белгісіз терроризм және сонымен күресудің өзі қиын, себебі нақты түрде оның белгілерінің өзі айқындалмаған.

Ал терроризм, экстремизм, заңсыз есірткі айналымымен күресетін қаншама ұйымдар мемлекеттің ішкі қауіпсіздік органдарынан басқа Ұжымдық Қауіпсіздік келісімі, ШЫҰ, ТМД қатысушыларының антитерористік ұйымы, БҰҰ есірткі және қылмысты басқаруы ұйымы (UNODC), бұл ұйымдардың барлығы Орталық Азиядағы терроризм, экстремизм, есірткіге қарсы күрес жүргізеді,  дегенмен де олардың барлығы да бұл мәселеге тосқауыл қоя алмай отыр. Мемлекеттердің арасында өзара әрекеттестігінің болмауы себебінен бұл жағдай өзінің толық шешімін таппай отыр.

Сондай-ақ Орта Азиядағы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес мәселесіндегі ұлттық заңдар тақырыбын отандық зерттеуші Л.Р.Қаратаеваның зерттеулерінен байқауға болады [2]. Ғалымның пайымдауынша Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстандағы террорзиммен күрес немесе контртерроризм әр түрлі деңгейде орындалып отыр. Бастысы заңнама бойынша арнайы заңдар қабылданған және тиісті өзгерістер енгізген. Сонымен қатар, осы елдердегі террорлық әрекеттерді жүйелі талдап, сараптағанын байқаймыз. Атап айтқанда,

-    "Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң терроршылдыққа қарсы күрестегi ынтымақтастығы туралы шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 қазандағы N 93 Заңы;

-    "Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы терроризмге, саяси және діни экстремизмге, ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа және Тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне өзге де қауіп-қатер төндіруге қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 9 қараша N 97-II Заңы;

-    "Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 сәуірдегі N 316-ІІ Заңы;

-    "Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының  2002 жылғы 4 шілде N 334-ІІ Заңы;

-    "Қазақстан Республикасының Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 2 қазан N 347-ІІ Заңы;

-    "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 29 наурыздағы № 422-IV Заңы;

-    "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 21 ақпандағы 569-IV Заңы;

-    "Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 25 қазандағы № 47-V Заңы және т.б. Бірақ та бұл ретте терроризмге заңнамалалық актілерді енгізуі, тиісті шараларды қабылдау нәтижесінде көлемін азайту айтарлықтай қиын болмақ. Онымен күресудің басты маңызды жолы ретінде идеологиялық және адамдардың санасына әсер ететіндей жұмыстары жүргізу әлде қайда тиімдірек болар еді.  

            Сонымен қатар, Орталық ТМД Терроризмге қарсы орталығымен, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымының жұмыс топтарымен, сондай-ақ терроризмнің алдын алу және жолын кесумен айналысатын басқа да халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттестікте жұмыс істейтін Қазақстан Республикасында Терроризмге қарсы орталық 2003 жылдың 29 желтоқсанда құрылды. Оның негізгі міндеттері,

-          терроризммен күресті тікелей іске асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ террористік және өзге де экстремистік белгілерге қарсы іс-әрекет ету саласындағы мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіру;

-          террористік және өзге де экстремистік қауіп-қатерлер және белгілер туралы ақпаратты жинау, реттеу, талдау және сараптау;

-          терроризмге қарсы қызметтің концептуалды ережелері мен бағдарламаларын, террористік және өзге де экстремистік акциялардың алдын алу және жолын кесу жоспарларын әзірлеу;

-          арнаулы терроризмге қарсы бөлімшелердің жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру және әдісемелік қамтамасыз ету;

-          терроризммен күрес мәселелерімен айналысатын халықаралық орталықтармен және ұйымдармен жұмыс байланыстарын орнату және ұстану;

-          терроризммен және экстремизмнің өзге де белгілерімен күрес мәселелерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындауға қатысу және т.б. [3].  

-          Отандың саясаттанушы Е.Қариннің Қазақстандағы терроризм қауіп-қатерін зерделей келе, келесідей пікір білдіреді. «Терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей және жекелей алынған елде қауіптің өзін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ терроризмді асыра бағалауға да болмайды, қоғамда дүрбелең салып және үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық резонанс әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге болмайды, себебі кез-келген теракт ең алдымен, кең ақпараттық әсерге есептелген. Осындай теңгерімді ұстап тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы – терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың ең басты шарты – ол қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік» [4].

         Қорытындылай келе, Орта Азиядағы терроризм қатерлері аймақтық деңгейде геосаяси және табиғи ресурстарына байланысты державалардың назарын өзіне аудартады. Бұндай мәселелер зерттеушілер тарапынан шектен тыс қауіп деңгейінде түсіндіріледі. Терроризмді болдырмау, алдын алудың ең оңтайлы жолы ретінде Орталық Азия мемлекеттері діни бірлестіктермен тізе қоса отырып, қоғамға шынайы діннің шабағаты мен теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатын түсіндіріп, ара жігін ашып беруі қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Ирина Черных, Рустам Бурнашев/ Доклад Центра антитеррористических программ / Секьюритизация: международный терроризм в Центральной Азии - http://studies.agentura.ru/centres/cap/internationalterrorism/

2.     Каратаева Л.Р. Понятие терроризма в национальном законодательстве государств Центральной Азии. // Спектр- Қазақстан. 2008/1 - №43 – 40-46 с.

3.     «Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 588 Жарлығы // Әділет Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі.

4.     Қарин Е. Қазақстандағы терроризм қауіп-қатері // abai.kz