Бейсенбекова Г.Б1.
Хаирова А.М. 2
Саматова Ұ.3
Е.А.
Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
доценті1. Қазақстан.
Қарағанды
қаласының КМҚК №42
«Тілек» балабақшасынын әдіскері2. Қазақстан.
Е.А.
Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
студенті3. Қазақстан.
Мектеп
жасына дейінгі балалардың
танымдық процестерінің дамуына ойын іс-әрекетінің
әсері
Мектепке дейінгі
кезеңдегі тәрбие - адам қалыптасуының
алғашқы баспалдағы. Бұл баланың әсерленгіш,
еліктегіш, ойлауды, сөйлеуді меңгеруімен алғаш рет
бөтен ортаға бейімделуімен сипатталатын кезеңі. Баланың
ақыл - ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік
іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойын
жүйрік етіп тәрбиелеу қажет. Сондықтан да баланың
танымын алғашқы күннен бастап дамытудың, бойында
оқыту мен тәрбиелеудің негізін қалыптастырудың
құралы – ойын іс-әрекеті[1].
Ойынның
дамуы бала психикасының үдемелі өзгеруіне ықпал
жасайды. Ойында психикалық үрдістер (таным процестері):
қабылдау, зейін, ес, сөйлеу, қиял, ойлау қалыптасады,
танымдық қызығушылығы артады – бұл баланың
ой - өрісін кеңейту қажеттігін туғызады. Бала бойында
қалыптасқан танымдық процестерді біртіндеп дамыту
мақсатында ойын түрлерін де біртіндеп күрделендіріп,
балаға байқатпай көздеген мақсатқа бұрып
отыру арқылы біз өзіміздің түпкі
мақсатымызға жетеміз – ол – балада ойын іс-әрекеті
арқылы қалыптасып келе жатқан психикалық
үрдістерді біртіндеп дамытып отыру. Ойын негізінде ойлай отырып,
тапсырмалары өзінше зерттеп, орындау, өзінше шешім жасау өз
ойындағысын айту жағдайларына мүмкіндік туғызылса
ғана бала еркін ойлы, өзіне сенімді, ерік - жігерлі, дүние
танымы кеңейген, сөйлеу тілі жақсы қалыптасқан,
болашаққа қызығушылығы оянған дара
тұлға ретінде жан - жақты дами алады[2].
Ойын балалардың
негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық,
анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық маңызы зор
қызметтер атқарады. Ойын баланың даму қуралы, таным
көзі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мәнге ие бола
отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына
ықпал етеді.
Ойынды
әрбір адам ойнап өседі, ойынды көп ойнаған
адамның дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік,
нағыз сезімтал тұлға болмақ. Әрине, ойын
адамның дамуына, қалыптасуына әртүрлі әсер
береді. Кей бала ойында шынайы өмірді бейнелесе, кей бала ішкі сезімін
білдіреді. Ойынның дамуына және баланың ойынға
араласуына әсер ететін факторлар өте көп. Мысалы,
үлкендердің ойынға басшылық жасауы, ойыншықтар,
баланың өсетін ортасы, балалар ұжымы, баланың
тәрбиесі т.б. Дегенмен де ойын тек әрекет емес, балалардың
да, үлкендердің де қызығушылық ермегі, адамды
рахат және қанағат сезіміне бөлейтін іс-әрекеті.
Балалар ойынына
талдау жасайтын болсақ, оның өзгеріп отыруы балалардың
жас және жеке дара ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, сюжеттік
рөлді, қимыл-қозғалыс, драматизациялық,
музыкалық, дидактикалық, құрастыру, ұлттық,
спорттық, дамытушы ойындардың түрлері бар.
Әрқайсысының өзіндік мәні, ерекшеліктері,
мазмұны, ережелері, тәртібі, білімдік, тәрбиелік,
дамытушылық функциялары бар. Оның әрқайсысына жеке тоқталатын
болсақ, сюжеттік рөлді ойындар ойынның алғашқы
танымы десек, артық болмас. Балалар ойындарының тәрбиелік
маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды:
«Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін
еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай
маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай
болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай
болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен
ойында басталады». Мысалы; сюжеттік - рөлді ойындар.
Ойынның
негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді -
адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады.
Ойын
іс-әрекетінің тағы бір ерекшелігі - оның
әрекеттік сипаты. Балалар ойын шығарушылар, ойынды жасаушылар. Олар
ойында өздеріне мәлім өмір құбылыстары мен
оқиғалары туралы білімдерін бейнелейді, оларға
өзінің қатынасын білдіреді. Балалар ойынының ерекшелігі
сондай-ақ бейненің, ойын әрекеті мен сөздің
ұштасуымен өзара байланыстылығында. Бұл оның
сыртқы белгісі емес, шын мәні. Ойында бала өзі бейнелеген
қаһарманның іс-әрекетімен, сезімімен тыныстайды. Кейде
бейненің баланы баурап әкететіні соншалық, ол тіпті
өзін әдеттегідей шақырғанға жауап та
қатпайды. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала
жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен
сөйлесіп жүреді. Ойынға қиялдағы
қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен мамасы үшін,
науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлеседі және т.б.
Сөз нақ бір ойын әрекетін сүйемелдеуші ретінде бола
алады. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен
рөл атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп,
әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын
анықтайды[3].
К.Ушинский:
«логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте
рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына
және оны дәлелдеп беруге жетелейді. Сондай - ақ, кімде – кім
баланың тіл қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен
оның ой қабілетін дамытуы тиіс,», - деп атап көрсеткен
болатын. Осыған байланысты төмендегідей берілген ойлауды, зейінді,
қабылдауды, есте сақтауды, қиялды дамытуға арналған
ойындарды алуға болады:
«Сен білесің бе?»;
«Бұл қай кезде болады?»;
«Суреттерді аяқтайық»;
«Не өзгерді?»;
«Түймелер»;
«Жұпты суреттер»;
«Пирамидалар, жинағыштар,
таяқшалар»;
«Кубиктер»;
«Таңғажайып дорба»;
«Суреттерді есіңде
сақта»;
«Түрлі - түсті доптар»;
«Көлеңке»;
«Гүл»;
«Алып бер»;
«Аяз Атаның үйі» сияқты ойындары
бойынша әдістемелік ойын сабақтарын ойната отырып баланың
оқу жылының бастапқы, орта және қорытушы
кезеңдеріндегі танымдық қабілеттерінің қалыптасу
барысына диагностика жүргізетін болсақ, онда жыл соңында
әр топтағы балалардың таным қабілеттерінің
дамуына жүргізілген диагностикалық жұмыс
нәтижесінің қорытындысы шығарылып, ортақ
ұпайы есептеледі, мониторинг жасалынады. 2 - 3 жылғы мониторинг
қорытындысын салыстыра отырып, баланың психологиялық
танымдық тұрғыдан даму деңгейі анықталады.
Ойын
баланың интеллектуалдық мүмкіндігіне, мінездерінің
ерекшеліктеріне, бір-бірімен қарым - қатынасының сапасына
ықпал етеді. Кез - келген ойын барысында ойынды бастаушы, қостаушы,
ойынды өздігінен қалаған арнасына бұруға
әрекет етуші (лидер) айқын көрініп отырады. Ойын барысында
баланың осы әрекеттерін бақылай отырып педагог – психолог
бала жайлы өзіне қажетті мағлұматтарды
жинақтайды. Сонымен қатар ойын кезінде баланы дамытудың
жаңа биік кезеңін дайындайтын нақты психикалық
өзгерістер болады. Ойын барысында баланың қиялы
толығымен көрініс береді.
С.
Торайғыров «Баланың қанына ойын азық»,- деп бекер
айтпаған. Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын
сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары
жайлы таным – түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы
тез тіл табысып, жақсы ұғынады, бір – бірінен ептілікті
үйренеді, дене қимылы арқылы өзінің
денсаулығын нығайтады, психологиялық таным қабілеттерін
арттырады, біліктілік дағдыларын кеңейтеді.
А.
Макаренконың айтуы бойынша, ойынға бір жақты
көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды
дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады,
балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа
ортаға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді. Жаңа
ортаға, оқу үрдісіне өту үйреншікті өмір
сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді. Ойынды тек баланы
алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай
олардың көзқарасының, мінез –
құлқының қалыптасу құралы деп
қарап, тиімді пайдаланғанымыз жөн [4].
Қорыта
келе, оқыту - тәрбиелеу
жұмысын бағдарлама талаптарына сәйкес ойын түрінде
ұйымдастыра отырып, баланың логикалық ойлау қабілетін
арттыруға жағдай жасау негізгі міндет. Баланың біліктілік
дағдыларын, таным қабілеттерін қалыптастырудағы басты
құралы - ойын екенін естен
шығармағанымыз абзал.
Әдебиеттер:
1. Алдамұрат
Ә. Жалпы психология. - Алматы: РБК,
2000. - 86 б.
2. Тоқсанбаева
Н.Қ. Оқыту процесі жүйесіндегі танымдык
іс-әрекетінің құрылымы. Алматы, 2001.-173б.
3. Бoгycлaвcкaя
З.М., Cмиpнoвa E.O. Мeктeпкe дeйiнгi жacтaғы бaлaлapғa apнaлғaн
дaмытy oйындapы. Москва, 1991.
4. Төребаева К.Ж.,Есенғұлова
М.Н. Психологиялық педгогикалық диагностика: Оқу
құралы,Алматы, 2012,-304б.