Бөрiбай Ә., Кусайын А.

Е.А.Букетов атынд. ҚарМУ, Қарағанды

 

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., проф. Мажитаева Ш.

 

ҒЫЛЫМ ТIЛIНIҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН  ЖЕТIЛУI

 

ХХ ғасырдың басы, әсіресе жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ терминологиясының тарихындағы қиын да күрделі кезең болып саналады. Өйткені жаңа қоғамдық құрылыстың орнауы, әдеби тіліміздің қоғамдық қызметінің артуы, сан түрлі ғылым салаларына арнап ана тілінде оқулықтардың жазылуы, басқа тілдерден енген неологизмдерді аудару қажеттілігі сол кездегі зиялы қауым алдына пән атауларының қорын жасау міндетін қойды.

Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты құралы болып саналатын тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады. Қоғам қашан да қозғалысқа, өзгеріске, дамуға бейім тұрады. Тілдің заман талабына сай дамуының бір көзі – терминдік жүйесінің қалыптасып, дамуы. Терминологиялық лексика халықтық тіл негізінде пайда болады. Мұның өзіндік жасалу жолдары, қалыптасу тарихы бар. Терминдік жүйе, оны түзу ісі қашаннан ұлттық тілдің ресми және мемлекеттің бүкілхалықтық тілі дәрежесіне көтеріліп, кең қолданысты толыққанды тіл ретінде әлем сахнасына шығып-танылуының бір негізі болып келді. Батыс Еуропа тілдерінің де терминдік жүйесінің екі-үш ғасыр бойы қалыптасудан өткені және бұл жайт олардың ұлттық дамуында елеулі орын алғаны белгілі. Елдің ресми тілі болып қабылдануына сәйкес бүгінде қазақ тіліне де осындай түбегейлі жүйеленуден өту, тілдің қоғамдық қызметінің жан-жақты жетілдірілу мүмкіндігі туып отыр. Сондай-ақ терминдік жүйенің ұлт, ұлттық тіл, қоғам алдындағы маңызы мен бүгінде халықаралық, тіларалық қатынастардың күрт артуына орай тілге өзге тілдер мен тілден тыс ықпалдардың күшею жайлары да бұл салада жаңа міндеттер жүктейді.

Осындай қоғамдық-әлеуметтік ахуалмен тығыз байла­ныс­ты қалыптасқан тілдік жағдаят функционалдық стильдердің кейбір түрлері қызметінің белсенділігін күшейтіп, жаңа сапалық деңгейге көтеруі өз кезегінде олардың табиғаты мен тарихын анықтауды керек етеді.

Аталған жайлар термин түзуді күнделікті тіршілік барысында жүріп жататын, өздігінен қалыптасатын таза практикалық іс деңгейінде қалдыруға болмайтындығын, оған аса ыждахаттылықпен қарау керектігін көрсетеді. Сондықтан бұл мәселені термин - ғылым тілі, ғылыми түсініктер атауы дегендей тар шеңберлі ойлар аясында қарау жеткіліксіз.  Оны тілдің өз табиғатынан айнымай, бұған дейінгі тарихынан бөлінбей, қоғамның ішкі-сыртқы сұраныс-талаптарын толық қанағаттандырарлық тіл болып жетілуі және ұлттық діл мүдделері тұрғысынан қарастыру, осы мақсат-мұраттар үдесінен  шығарлықтай жолға қою қажет. Ал мұндай шешімдер арнайы, мақсатты зерттеулер нәтижесіне негізделеді.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, әлеуметтік қызметтерінің жанданып-жаңғыруы термин ісін өзекті мәселелер қатарына шығарды. Осы кезеңде қазақ тілі терминдік жүйесі тақырыбына бірнеше докторлық, ондаған кандидаттық диссертация жазылып, қорғалды. Ол жұмыстар дені белгілі бір сала атауларын реттеуге, сөз жасау тәсілдері мен сөздің терминдену мәселелеріне, термин жасауға тілден тыс факторлар ықпалын сипаттауға арналды. Айталық, Ө.Айтбаев жұмысы қоғамдық-саяси терминдердің қазақ тілінде қалыптасу тарихы, жасалу жолдарына, Б.Қалиев жұмысы – қазақ тіліндегі өсімдіктер  атауының жасалу жолы, шығу тегін зерттеуге, Ш.Құрманбайұлы жұмысы – терминдегі шарттылық прин­ципі, халықтық тіл сөздерінің терминдену тәсілдеріне, Ш.Біләлов жұмысы - математика саласы атауларының қазақ тілі сөзімен берілу мүмкіндігіне арналған. Аталған жүмыстардың бәрінде дерлік терминді мүмкіндігінше қазақшалау ісі оң құбылыс ретінде бағаланып, бұл ниетті, принципті ғылыми негіздеу мақсатына қажетті ғылыми-теориялық алғышарттар жасалды. С.Ақаевтың зерттеу жұмысының мақсаты термин жасауда ұлттық тіл мүмкіндігін сарқа пайдалану принципін ғылыми-теориялық негіздеу, терминді неге қазақшалау керек деген сұрақ жауабын табу болып табылады және бұл ізденіс ұлттық мүдде ұғымымен байланыста қаралады.

ХХ ғасырдың 10-жылдарынан бастап, ғылымның түрлі салалары бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазылып, қазақ бас­пасөзінің ел арасына ғылым-білімді кеңінен насихаттауы – ғылыми терминологияның қалыптасуына негіз болды. А.Байтұрсынұлы бас­таған қазақ зиялыларының термин шығармашылығында ұстанған  принциптері терминологиялық лексиканы жалпыхалықтық тіл негізінде жасауға бағытталғандығымен ерекшеленеді.

Тіл адамзатпен бірге пайда болып, адамзатпен бірге өсіп-өркендеп келе жатқандықтан, оның даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты. Қоғам өмірінде болатын құбылыс­тардың барлығы тілден көрініс тауып, тіл арқылы болашақ ұрпақтарға жетеді.

Сонымен қатар тіл ғылым мен техниканың, мәдениет пен әдебиеттің, қоғамның басқа да жетістіктерін тарату құралына айналды. Қоғамның сан саласындағы тілдің қолданыс қыз­ме­тінің ерекшелігін тіл білімінде стилистика зерттейді. Ал тілдің табиғат пен қоғамдық құбылыстардың ерекшеліктерін зерттеу мүм­кіндігін беретін саласы - ғылым тілі.

Ғылым тілі әдеби тіл дамуының ең жоғарғы сатысында орналасқан. Ол көпшілік, халық тілінен өзіндік терең мағыналы атауларымен, қысқа да нұсқалығымен ерекшеленеді.

Бүгінгі таңда қазақ тілі тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебесіне көтерілді. Сондықтан оған дүние жүзіндегі дамыған ұлттық әдеби тілдерге қойылатын талаптар тұрғысынан қарайтын болсақ, дамыған ұлттық әдеби тілдердің негізгі белгілерінің бірі – сол тілдегі ғылыми стильдің қалыптасуы болып саналады. Демек, әдеби тілдің әдебилігі мен толық­қандылығы «ғылым мен техника» тілі деп аталатын «кіші тілдің» әлеуметтік қызметіне байланысты. «Әдеби тіл» мен «ғылым тілінің» өзіндік арақатынасы, қалыптасу жолы мен даму ерекшеліктері бар. Сонымен қатар «ғылым тілі» мен «ғылыми тіл» деген ұғымдар өзара байланысты болса да, екеуі бір емес. «Ғылыми тіл» әр саладағы ғылымның өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктердің белгілі жүйесі, қолданыс   тәсілдері. Бұл терминді көбінесе «ғылыми стиль» деп те атайды.

«Ғылыми тілге» қарағанда «ғылым тілінің» мағынасы әлдеқайда кең, ауқымы зор. Өйткені “ғылым тілі” деген ұғымды зерттеушілер жалпы әдеби тілдің атқаратын әлеуметтік-қоғамдық қызметінің үлкен бір саласы деп түсінеді. Бұл сала ғылыми-техникалық прогрестің шарықтап дамуына байланысты қанатын жайып, тамырын тереңдете түседі, өзі де дамиды, жалпы әдеби тілімізді де кемелдендіре түседі. Басқаша айт­қанда, қоғам өміріне ғылыми-техникалық прогресс қаншалықты қажет болса, сол қоғам мүшелеріне қызмет етіп отырған ғылым тілі де соншалық қажет деп есептейді академик Ә.Қайдари [1, 9].

 Демек, жалпы жазба әдеби тіл мен ғылым тілі өзара бай­ланыса, астарласа дамитын құбылыстар. Әдеби тілдің құра­мында ғылым тілінің пайда болуы оның қоғамдық қызметі мен қолданыс аясын кеңейту қажеттілігінен туады да, бұл оның дербес тіл ретінде өмір сүруінің бірден-бір кепілі болып саналады. Әдеби тілдің құрамында ғылым тілінің белгілі бір себептермен қалыптаса алмауы, немесе қалыптасса да, ғылыми қауым тарапынан кең қолданыс таппай, қалың көпшіліктен оқшау тұруы әдеби тілдің қоғамдық қызыметіне нұқсан кел­тіреді. Ғылым тілі қалыптаса алмаған әдеби тілді толыққанды әдеби тіл деп айтуға болмайды. Сондықтан да ғылым тілінің қалыптасуы, ғылымның жан-жақты дамуына сай жүйелене, жетіле түсуі әдеби тілдің әдебилігі мен әмбебаптылығының шартты белгісі болып табылады.  

Ғылым тіліне профессор Ө.Айтбайұлы ғылыми негізде жаса­латын, өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір түрі, әдеби тілдің ғылымға қызмет ететін бір тармағы деген анықтама беріп, оны адам, қоғам, табиғат жөнінде ақпарат беретін, шындықты баяндайтын ғылыми мәтін  деп түсіндіреді [2, 89]. Демек, ғылым тілі – болмысты танудың, оны зерттеудің нәтижесі туралы, табиғат пен қоғамның даму заңдары туралы мағлұмат берудің құралы. Ғылым тілінің қалыптасуы ғылымның дамуымен және әдеби тілдің жасалуымен тығыз байланысты. Ғылым тілі көптеген зерттеулерде ғылыми стиль­мен теңестіріледі, себебі ғылыми стиль жазу арқылы көрінеді.

Жалпы жазба әдеби тіл мен ғылым тілі өзара  байланыса, астарласа дамитын, қалыптасатын құбылысқа айналады. Әдеби  тілдің құрамында ғылым тілінің пайда болуы оның қоғамдық қызметі мен қолданыс аясын кеңейту қажеттілігінен туады да, бұл оның төрт құбыласы тең дербес тіл ретінде өмір сүруінін бірден-бір кепілі болып саналады.

 

Әдебиет:

1 Қайдаров Ә. Т. Ғылым тілі және әдеби тіл статусы // Терминдер және олардың аудармалары. –Алматы: Ғылым, 1990.

2 Айтбаев Ө. Ғылым тілі // Қазақ тілі. Энциклопедия. -Алматы: “IDK- TIPO” Редакциялық-Баспа орталығы, 1998.