ОҚУШЫЛАРДЫҢ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ

ҰЛТТЫҚ  СИПАТЫ

 

Нургазин Н. Б.

Солтүстік Қазақстан облысы, Уалиханов ауданы «Кішкенекөл №1 ОМ» КММ

 

Қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Осы ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Мемлекетіміздегі азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл ауқаты тармағында» және кезекті Жолдауында денешынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттілігі көрсетілген[1]. Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді еліміз осы бағытта жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты, дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын және саламатты өмір салты мәдениетін нығайту мәселесі айтылған[2].

Егемен елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ десек, олардың білімді де білікті, жоғары мәдениетті, парасат-пайымы мол, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына байланысты. Сондықтан да білім саласын қазіргі заманның ұрпағын тәрбиелеуші орта ретінде оқушылардың бойына арнайы адамгершілік және мәдениеттілік құзіреттіліктерін қалыптастыру мен жандандыру - күн тәртібіндегі басты мәселе.

Азаматтың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты, яғни салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салты деген не? Бұл жеке адамның тіршілік етуге бағытталған мүмкіндіктерін қалыптастыру.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Салауатты» сөзінің мәні – парасатты, байыпты, ақылды, ойлы, білімді және сабырлы – деген мағынаны білдіреді. Бұл түсіндірмелер өз кезегінде салауаттылық сипаттамасын, оны қалыптастыру жөніндегі ұстанымның ауқымын кеңейтеді. Ал, «Өмір салты», «Өмір сүру» – әлеуметтік категория.  Өмір салты – қоғамдық болмыстың, аумағындағы адамдардың іс-әрекеті, маңызды жақтарының жүйесі, жиынтығы.  «Өмір сүру» –  адамдардың табиғаттағы және әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас жүйесі, яғни ұзақ өмір сүруге талпындыратын іс-әрекет. 

«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі. Пәнді оқыту тұлғаны қалыптастыру, адамның танымдық белсенділігінің дамуына бағытталған.

Сондықтан, педагогтар өз кезегімізде алдымызға келген әрбір оқушының денінің сау болуы үшін осы бағытта да тәрбие бере білуге тиіспіз. Білім алушыны сауықтыруда дене шынықтыру пәні жетекші орынға ие болатын болса, басқа пәндердің өз үлесі болуы керек екені сөзсіз. Мектептегі әрбір мұғалім өзіне бекітілген бағдарламаны оқытумен қатар, оқушының тәрбиесіне, оның ішінде салауатты өмір сүруді қалыптастыруына да көңіл бөлуі қажет. Менің ойымша, әр педагог өз сабағында жасөспірімдердің назарын өздері үнемі сүйіп жейтін тәтті тағамдардағы құнарлылыққа аударғаны жөн. Мәселен, тіске залалды конфет, печенье қорабындағы, консерв банкасындағы және бауырға қатерлі сусындар сыртындағы жазуларды оқытуға болады. Сонымен қатар, калория дегеніміз ненің өлшеуі дегенше, латынның «жылу» мағынасын беретін, жылу мөлшерінің жүйеден тыс өлшем бірлігі екенін түсіндіруі тиіс. Халықаралық жүйедегі джоульмен оның байланысына келсек, 1 кал=4,19 Дж. Осы ретте, мұғалім әркімнің денсаулығына ұқыпты қарап, ішкен асының шектен тыс аз немесе көп ақуызды, майлы, көмірсутекті болмауы үшін «Тағамдар нәрлілігі» кестесінен хабардар болуы керек екенін ескерткені дұрыс.

Қазіргі мектеп оқушысын салауатты өмір салтына тәрбиелеудің басты міндеттеріне мына төмендегілер жатады:

·         халық педагогикасы элементтерін қолдану (ауызша халық шығармашылығы, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындар т.б.);

·         мектеп оқушысының бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруда тиімді психологиялық-педагогикалық шарттарды қолдану;

·         «салауатты өмір салты» ұғымын қалыптастыру;

·         салауатты өмір сүру туралы оқушыларды ынталандыру;

·         оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне көмек көрсету;

·         өз денсаулықтарын сақтауда, салауатты өмір сүру дағдыларында жауапкершіліктерін қалыптастыру;

Қазақ ұлтының салауаттылық, парасаттылық, имандылық, адамгершілік, тәлім-тәрбие туралы өлмес құнды ұлттық мұрасының дамуын шолып өтсек, Ибн сина еңбектері, Шығыс аристотелі атанған ғұлама әл-Фараби, Омар Хайям рубайлары, түркі тілдес халықтардың бәріне өшпес рухани мұра қалдырған: Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Иассауи, Хайдар Дулати шығармаларының орны ерекше. Араға бес ғасыр салып, қолымызға сағындырып жеткен ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі, ұлттық психологиядан болашақтың салауаттылығына, имандылығына арналған мол мағлұмат алуға болатын еңбек [3, 25-29б.б.].

Оқушы болашағы оның денсаулығына байланысты. Оқу, білім алу, үйрену немесе біреуді үйрету үшін адамға мықты денсаулық керек. Жеке тұлғаның денсаулығын сақтауға деген құндылық бағдары әрдайым әр түрлі жағдайларда өзінің ойлары мен іс-әрекеттерін денсаулығын сақтауға бағыттай алуы. Оқушылардың дені сау болу үшін ұстаздар оған жақсы дәстүрлер мен әдеттерді сіңіріп, салауатты өмір салтын сақтаудың қажеттілігі мен оны іске асырудың жолдарын үйретуі қажет.

Салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастыра алмау (режимнің дұрыс сақталмауы, қимыл-қозғалыстың аз болуы, дұрыс тамақтанбау, жағымсыз жағдайлардың көп болуы, зиянды әдеттерге үйір болуы) қоғамымыздағы келеңсіз жағдайлардың таралуының басты факторы.

Мектептегі денсаулықты сақтауға негізделмеген тәлім мен тәрбие үрдісі тиімді болуы мүмкін емес. Сондықтан да білім беру саласындағы мамандардың барлығының денсаулықты сақтау ұстанымына негізделіп жүргізілген де ғана нәтижелі болады.

Дене шынықтыру сабақтарында ұлттық спорт түрлерімен, ойындармен, билерімен шұғылдану бос уақытты өткізуге көмектеседі, денсаулықты нығайтады және ең бастысы мінездердің қалыптасуына ықпал етеді.

Халық ойындары, спорт түрлері мен билері педагогиканың дәстүрлі тәсілдері болып табылады. Көп ғасырлардан бері оларда адамдардың өмір салты, олардың тұрмысы, еңбегі, халықтық тұғырнамалары, ар-намысы, ерлігі, ептілікке, төзімділікке, күшке ие болуға деген ұмтылысы, қимылдар жылдамдығы мен әдемілігіне, күле жүріп орындауға, шығармашылықты ақыл-ойға, тапқырлыққа, ерік күші мен жеңіске деген талпынысы көрінісін табатын. Қазақтардың көптеген ұлттық халық ойындары бар: көкпар, бәйге, алты бақан, сақина тастау, соқыр теке, жекпе-жек, ат ойыны, ақ сандық-көк сандық, жорға жарыс, күрес, сайыс және басқалар. Бұл ойындар көбінесе күй сарынымен сүйемелденетін.           Тұрмыстық билер де өмірге келген: Қара жорға, Өрмек, Ұршық, Ши орау, Жүн сабау, Саба пісу, тары түю және т.б.

Ұлттық ойындарда, салт-дәстүрлерде, әдет-ғұрыптарда, халық ауыз әдебиетінде сау дененің сұлулығы туралы, мінез-құлық мөлшерлері мазмұндалады және салауатты өмір салтының барлық факторларының мәні толық көрсетіледі, оның өскелең ұрпақ бойында қалыптасу мәселелері ашыла түседі. Біздің пікірімізше, жинақталған халық тәжірибесі қазіргі таңда өзінің көкейтестілігін жоғалтпақ түгілі, мәселені шешудің басты құралы болып табылады және тәрбие жұмыстарында қеңінен қолданылады.

Сабақтың мазмұны жайлы айтсақ, логика бойынша, сабақтың басынан бастап оқушыларды қызықтыра білу қажет, оларды спорт түрінің шығу тарихымен, ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілген жарыстардың тарихымен, атақты спортшылардың өмір жолымен және жарыс ережелерімен қоса сабақ барысындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына да ерекше мән берген дұрыс. Оқыту әдістемесі дене жүктемелеріне бейімделуі үшін педагогикалық принциптер мен заңдылықтардың орындалуын қарастыруы тиіс, олардың орындалу көлемі мен жаттығу жүктемелерінің қарқынын бірте бірте арттырып отыру қажет.

            Ұлттық қазақтың спорт түрлерінің жастарды тәрбиелеудегі қызметтік тек педагогикалық міндеттер бағытта ғана емес, дене дайындығы және спорттық жаттығудың жалпы білімі мен әдістемелеріне әсер ететін жағдайлар бойынша ұлттық спорт түрлері және басқа да спорт түрлерінен жаттығуды ұйымдастырудың түрлері мен әдістемелеріне арнайы жаттығулар жасауға мүмкіндік туғызады.

            Педагогикалық бақылау қазақтың ұлттық спорт түрлерімен айналысушы жастар мен жасөспірімдер арасында дене тәрбиесі сабағында өткізілді.

                  Бақылау нәтижесінде оқушыларға қазақтың ұлттық спорт түрлерінің келешек жастарды тәрбиелеудегі маңызы және оның қызыметін жетілдірудің тиімділігі туралы айтылды.

         Салауатты өмір сүру денсаулық зор байлық деген нақты айтылған  түрде қалыптасады. Сондай-ақ, адамдардың іс-әрекеттеріне байланысты болады. Салауатты өмір сүру салты шаруашылық, күнделік үй тұрмысы, материалдық және рухани формаларын қанағаттандыру үшін, қоғамдық ұжымдарда өзін-өзі ұстай білуі, қоғамдық тәртіппен санасу, артық сөз айтпау, орынсыз саясатпен айналыспау, кез-келген адамдарды жамандамау, біреуді-біреуге шағыстырмау, өзін ақылды деп есептеп, басқаларды ақымақ ретінде көру т.б. аулақ болу. Сонымен өмір сүру салты дегеніміз – тұлға мен қоғам деңгейінің прогрессті дамуының көрсеткішінің категориясы.

 Ұлттық ойындарды арқылы салауатты өмір салтына төмендегідей артықшылықтарын байқауға болады:

·        қазақтың ұлттық ойындары – халық мәдениетінің бір тармағы ретінде;

·        ұлттық ойындар негізінде оқушының денесін шынықтыру және болашақ еңбек дағдыларына қажетті дене қозғалыстарына баулиды;

·         халық ойындары арқылы оқушылар жерін, елін сүйетін патриоттыққа тәрбиеленеді;

·         ұлттық ойындар салауатты өмір салтына қалыптастырады  және көптеген оқу құралдары арқылы ізденуге болады.

Ойынның ұлттық деп атауының астарында түрлі мағына жатыр. Олай болатыны ұлт ойындары әр түрлі ерекшелігін даралап көрсететін ұлтқа тән қасиеттерді ашып айтып көрсете алатындығымен ерекшеленеді. Екіншіден, ұлттық ойындар, ұлттық әдет-ғұрыптарды салт-сананы, дәстүрді өз ойына жақсы сіңірген, сол арқылы жас ұрпақ ана сүтімен ұлтқа тән қасиеттерді ойын барысында еркін меңгеріп бойына жастайынан дамытуға мүмкіншілік алады.

 «Денсаулық – зор байлық, адам бақытының бастауы» - дейді халқымыз. Ата бабаларымыздың бұл дана ой –пікірі талай ғасырлар белесінен өтіп бізге жетіп отырған шындық. Ұлттың денсаулығы ұлан асыр байлық екені рас, тек оған ие болу үшін көп күштер жұмсауымыз қажет. Денсаулық – адамға бір-ақ рет берілетін табиғат тартуы. Ол тұрақты, мәңгілікке берілмейді, үзбей өзгерісте болады. Оны сақтау үшін еңбек сіңіру, ауырмай тұрып іс - әрекет жасау керек. Оған нақты білім, ынта-ықылас, ерік –жігер қажет. Білім беру саласында оны жүзеге асыратын педагогтер қауымы. Жас ұрпаққа мектеп жасынан бастап саналы түрде салауатты өмір салтын қолдауға бағыт-бағдар беру - әр мұғалімнің қызметтік те, азаматтық та борышы.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.«Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. - Астана қ., 2014 жылғы 11 қараша

2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. - Астана, 2016

3.Мұхамеджанова Ұ.Ж., Дене шынықтыру пәнін оқыту әдістемесі. Оқу құралы.- Астана, 2012

4.Оразбекова К. А. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында. -Алматы: «Дәуір», 2000 – 554 б