Р. Н. Маглумова
Тарих пәнінің
мұғалімі, № 49 мектеп - гимназиясы
Тараз қаласы,
Қазақстан
Тәуелсіз Қазақстан
жағдайындағы Қазақстан тарихының өзекті
мәселелері
XX ғасырдың соңында еліміз халықтарының
ұлы жетістігі Қазақстан тәуелсіз
мемлекеттілігінің орнатылуы болды. Бұл ұлттық
отарлықтан құрылу, толық мағынадағы
тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойы
аңсаған, күткен арманы болатын.
Тәуелсіз алғаннан кейін Қазақстан тарихына
бүкіл ұлттық қызығушылық артты. Бұл
кездейсоқ пайда болған қызығушылық емес еді.
Ұзаққа созылған науқастан соң есін енді
жинай бастаған адам сияқты, қазақ халқы да
өзінің өткенін жадына түсіргісі келді.
Халықтың жадысы - тарих. Сол тарих арқылы
қазақ, қалайша осындай жағдайға душар
болғанын білгісі келді, өзін-өзі түсінгісі келді. Ол -
заңды құбылыс. Тарихқа деген сұраныс
ұсынысты тудырды. Мерзімді басылым беттерінде тарихи деректер мен тарихи
мақалалар тасқыны басталды. Журналистердің, әдебиетшілердің,
басқа да зиялы өкілдердің тарихи тақырыпқа
арналған мақалалары көптеп жарияланды. Белгілі ғалым,
профессор Д. Кішібеков: «Тарих үйретеді, тәрбиелейді» деген
мақаласында «Қазақстан тарихы - біздің ата -
бабаларымыздың көне заманнан бүгінге дейінгі өмірі,
тіршілігі, ой - өрісі, әлем тарихынан алатын орны, оны объективті
зерттеп жазатын да, оған жаны ашитын да, жігерленіп кірісетін де,
орнықты терең ой айтатын да өзіміз болуымыз керек. Қай
халық өз тарихын басқа ел өкілдеріне жаздыртқан.
Ал өз тарихымызды жазуда біз білетін, біз айтатын мәселелер
жеткілікті. Бірақ өз тарихымызды өзіміз жазамыз деп жалпы
халықтар тарихымен байланысты үзіп алмауымыз басты шарт. Тарих тек
объективті тұрғыда жазылғанда ғана, оған ел ден
қояды, оның тәрбиелік мәні айқындалады» деп
жазды.
Тәуелсіздік жылдарында ұлт тарихында тұңғыш
рет деп айтуға болады, Қазақстан кәсіпқой
тарихшылары ешкімге жалтақтамай, өз халқының тарихы
туралы өз ойларын еркін жаза алатын жағдайға жетті. 1989-1990
оқу жылынан бастап, республика мектептерінде жаңа дербес пән
- «Қазақстан тарихы» дүниеге келді. 1993 жылдың екінші
жартысынан бастап елімізде тарих мәселелеріне арналған
қазақ тіліндегі тұңғыш журнал
«Қазақстан тарихы» шыға бастады. Белгілі ғалымдар,
зерттеушілер тарих ғылымының өткені мен келешегі туралы
пайымды ой-пікірлер білдірді, тарихқа жаңаша қараудың
үлгісін көрсетті. Еліміздің тәуелсіздік алуымен
қатар Отан тарихындағы көптеген өзекті мәселелер
жаңаша тұрғыдан қаралып, дербес, тәуелсіз
ой-пікірлер мен тұжырымдар қалыптаса басталды.
Тарих ғылымында жаңа бағыттар, айтарлықтай
өзгерістер пайда болды. Біріншіден, өзгеріс ең алдымен
ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық
–методологиялық негіздерін қамтыды. Қазақ тарихы жалпы
адамзат тарихының тілінде (контексінде) зерттеле бастады. Екіншіден,
қазақ тарихшылары өз халқының тарихын ешкімге
жалтақтамай ана тілінде жазуға мүмкіндік алды.
Қазақ тілінде кандидаттық, докторлық диссертациялар
дайындалып қорғалды және монографиялық зерттеу
жұмыстары дүниеге келді. Үшіншіден, Қазақстан
тарихшылары бұрын жабық болған қолдануға тыйым
салынған дерек көздерін пайдаланып, оларды ғылыми
айналымға тарта бастады. Жаңа деректерді іздестіру, оларды
сұрыптап, талдау негізінде арғы - бергі тарихымыздың
ақтаңдақ беттерін толтырудың жолдары мен әдістері
айқындалды. Төртіншіден, халқымыздың тарихына
қатысты бұрын пайда болған деректер газет, журнал беттерінде
молынан жарияланды немесе жеке кітаптар түрінде жарық көрді.
Бұл факторлар тарихымыздың қара түнек беттерін
ашық, тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік
жылдарында «Қазақ тарихы», «Отан тарихы», «Алаш» журналының
шығуы халық санасында жаңа көзқарас
қалыптастыру мен насихаттауда оң қызмет атқарды.
Бесіншіден, бұрын зерттеуге болмайтын тақырыптар, яғни «тарих
ақтаңдақтары» ашылып, большевиктер партиясының халқымызға
қарсы жасаған қылмысты істері әшкереленді. Большевиктер
қолымен ұйымдастырылып, ұлтымызға орны толмас
қайғы-қасірет әкелген зұлматтың
себеп-салдары көрсетіліп көлемі анықталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында
Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне
арналған еңбектер көлем едәуір болды. Олардың
арасында, әсіресе, кеңестік тоталитарлық жүйе тарихынан
жазылған еңбектер айтарлықтай мол. Алаш қозғалысы
мен Алашорда үкіметінің шын тарихы тек Қазақстан
тәуілсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңаша парадигма
негізінде зерттеле бастады. Қазақстан тәуелсіздік
алғаннан кейін, тарихымыздың осы мәселесін зерттеуге бет
бұрған тарихшы ғалымдардың бірі академик М.
Қозыбаев болды. 1992 жылы М. Қозыбаевтың осы
тақырыпқа және Қазақстан тарихының
басқа да өзекті мәселелеріне арналған
«Ақтаңдақтар ақиқаты» атты еңбегі
жарық көрді. Осы еңбектің «Тарихтың ащы
сабағы» дейтін мақаласы аталмыш мәселеге арналған.
Тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының назарын
аударған келесі бір аса ірі мәселе XX ғасырдың
алғашқы онжылдықтарына тоталитарлық жүйе
күшімен жүзеге асырылған аграрлық реформаның
барысы, сипаты және ауыр салдарлары. Бұл мәселенің
кеңестік жүйе тұсында тек жағымдық
тұрғыдан сипатталып келген белгілі. Сондықтан да тарихшылар
жаңа жағдайда мәселенің келеңсіз тұстарына
баса назар аударды.
Қазақстан тарихының кеңестік дәуірі
саяси-әлеуметтік, экономикалық, этникалық
қарама-қайшылықтарға, трагедиясы аралас драмаға толы
болды. Сондықтан Қазақстан тарихының осы кезеңге
сәйкес өзекті мәселері төңірегінде
зерттеушілеріміз біршама жұмыстар атқарғанмен, біздің
ойымызша тарихшылар алдағы уақытта осы тақырыптар және
басқа да зерттелетін тақырыптар төңірегінде
тарихнамалық талдауларды өрістету керек деп ойламыз.
Әдебиеттер:
1. Кішібеков Д. Тарих үйретеді,
тәрбиелейді.\\ Ақиқат.-2002.-№11.-77б.
2. Қозыбаев М.
«Ақтаңдақтар ақиқаты». – Алматы:
Қазақ университеті,1992
3. Нұрпейісов К. «Алаш
һәм Алашорда». – Алматы: Атабек,1995. -82б.
4. Омарбеков Т. «20-30-жылдардағы
Қазақстан қасіреті». Көмекші оқу
құралы. - Алматы, 1997. -141-142 бб.