Ұлттық ән
өнері
Қазақтың музыкалық
фольклорының түрлік-жанрлық құрылымын және
оның тәрбиелік мүмкіндігін айқындау негізінде
мәдени шаралардың проблемаларына талдау жасағанда, оның
негізгі екі түріне – ән мен күйге тоқталып өткен
де дұрыс. Қоғамның демократиялық
жолмен дамуы ұлттық мәдениеттің жетілу үрдісін
жеделдете түседі. Мәдениеттің құрамдас
бөлігі ретінде ұлттық шығармашылықтың
түрі мен мазмұнының көрінісі оның жалпы
адамзаттық мәнін айқындамақ. Қазақтың
халық музыкасы терең және жан-жақты зерттеуге
тұрарлықтай. Өйткені, ол өзінің бейнелік
мәні мен мазмұнын аша түсуімен сазгерлік
шығармашылықтың одан әрі өркендеуі үшін
негіз жасайды. Сан ғасырлар бойы ұрпақтар жасаған
рухани құндылықтар мәдени мұраның мол
қорының негізін құрайтын дәстүрлі
ұлттық шығармашылықта айрықша орын алды деуге
негіз бар. Шығармашылық – тәжірибенің баға жетпес
мұрасы, адамгершіліктің, мәдениеттің іргетасы ретінде
ол тек ұлттың ғана емес, сонымен бірге
қоғамның рухани баюының таусылмас бастауы
қызметін де атқарып келе жатыр күні бүгінге дейін.
Халықтық шығармашылық – ұлттың рухани
мәдениетінің деңгейі, ұлтаралық қатынастар
құралы ретінде тәрбиенің негізі, оны жасаушысы мен
тыңдаушының өзіндік ойын ынталандыру болып табылады.
Қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне
байланысты дәстүрлі өнер кейде өркендеп, кейде
құлдырау барысында өзінің тәрбиелік
мүмкіндіктерін құбылтып отыратынын уақыт өзі
дәлелдегендей. Төл шығармашылықтың
тәрбиелік әлеуетін жүзеге асыруда музыкалық
өнердің айтарлықтай ықпалы бар.
Ол мәдени мұра, тарихи-рухани
құндылық, халықтық салт-дәстүрлер,
дәстүрлі халық ән өнері түсініктерімен
тығыз байланысты болғандықтан, оның ерекшеліктері мен
табиғаты қай кезде де халық жанына жақын болған. Халықтың
музыкалық шығармашылығы әр халықтың рухани
мәдениетінің басты құрамдас бөлігі болып
табылады. Сонымен қатар, қазақ әнінің
өзіндік тағы бір ерекшелігі,
ұрпақтан-ұрпаққа,
аймақтан-аймаққа тарай отырып, ауызша үйретіліп, дәстүрлі
түрде орындалып, орындаушы өнерпаздардың орындау барысында,
шабыттана отырып шығарманың кейбір жерлеріне өз
өзгерістерін жасап отыруы жиі кездеседі. Қазақ халқы
ежелден әншілік өнерімен ерекшеленген. Ұлттық
дәстүрлі музыка қорымыздағы ең көп
сақталғаны да осы – ән өнері. Өмірдің
әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін
әнмен жазған халқымызда шығарушысы ұмытылса да,
мәтіні мен әуезі ел жадында сақталып келе жатқан
бірнеше мың халық әндері бар. Тарихтың сан қилы
талқысынан сүзіле өтіп келе жатқан бұл
әндер ұлттық болмыс пен қасиетті,
тұрмыс-тіршілікті білдіретін айрықша құндылық
болып саналады. Небір жез көмей дарынды әншілер мен ән
әуезін жанына жұбаныш жасай білген талантты өнерпаздар
арқылы бүгінге жетіп отырған халықтық ән
өнері – уақыт өткен сайын өз қасиетін арттыра
түсетін, ұлттық ерекшелігімізді айқындап беретін асыл
мұрамыз екені анық. Қанша буын өнерпаздар қолынан
өтсе де, өз мазмұны мен маңызын жоймай,
ұлттық мінезді, терең сезімді жырлап келе жатқан
бұл өнер, шын мәнінде, өзіндік салт- санамызды,
дәстүрлі тірлігімізді сақтаушы қасиетімен де
құнды. Кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап
тұрған халық әндерінде ақыл-парасат та, тарих та,
ұлттық мінез бен игілік те тұнып-ақ тұр.
Жүздеген жылдар бұрын айтылып, әр
заманның тыныс-тіршілігін, рухани әлемін анық
көрсететін ұлттық болмыстағы әндер бүгінгі
мен ертеңгі ұрпақ үшін де аса қымбат мұра
екені анық. Шын мәнінде, ұлттық
мәдениет, ұлттық рух – бесіктен белі шықпаған
баладан басталады. Тәуелсіз, егемен еліміз әлемнің төрт
бұрышына бірдей танылып, саяси-әлеуметтік және
экономикалық жағынан тұрақты даму жолына түскен
бүгінгі күні мұның өзі ел үшін ең
басты мұраттардың бірі. Сондықтан жас ұрпақ
бойында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеп, қалыптастыру,
мәдени мұраларымыздың сыры мен қырын ашып,
халықтың игілігіне жарату – баршамыз үшін үлкен парыз.
Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының
дәстүрлі өнері ұрпақтан-ұрпаққа
мұра болып жалғасуының нәтижесінде бүгінгі
күнге дейін жетті. Халық шығармашылығының
басқа да түрлері тәрізді қазақ музыка өнері
де өзіндік сипатымен ерекшеленеді.
Қарағанда қаласы, «№3 балалар музыка
мектебі» КМҚК домбырамен ән салу сыныбының оқытушысы Динар Абишкенова