ӘӨЖ
37:001.895 (574)
СЫР
БОЙЫ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ СТУДЕНТТЕРГЕ
ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ
Магистр-аға
оқытушы Смаилова М.С.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Резюме
В данной статье
рассматриваются методы эстетического воспитания студентов на основе творчества
акынов-жырау Сырдаринского региона
Summary
This
article examines the methods of aesthetic education of students on the basis of
creativity akyn-zhyrau of the Syrdarya region
Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев: «Сыр – алаштың анасы. Тарихқа жүгінсек,
бұл жерде қазақтың үш астанасы болған:
Жент, Сығанақ, Қызылорда. Сыр өңірі
Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай
сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Кердері мен
ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбілда
мен Нартайдың, тамаша халық жазушылары Әбдіжәміл мен
Қалтайдың, т.т. көптеген аруақты, дарынды
перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда
күллі қазақ үшін қасиетті ортақ жер» [1]
деген болатын. Қазақ даласында ХІХ ғасыр мен ХХ
ғасырдың бас кезінде ақындық-жыраулық өнер
ерекше өріс жайып, әсіресе Сыр бойы өңірінде
көптеген ақын-жыраулар өкілдерінің жыр
сайысындағы ерекшеленген, халық ортасында дәріптелініп
өрлеген кезеңі болды. Сыр өңірі – белгілі бір
дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес,
тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар
мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ.
Сол себепті, өңірде өмір сүрген жырау, жыршы,
ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы
әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде,
өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар
аударады. Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге
мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ
тәрбиесіне, инабаттылық пен ой-өрісінің дамуына,
эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда
ұстаған, сөйтіп барша шығармаларында рухани
құндылықтарды арқау еткен. Бұл жырлар
ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол
салған. Атадан-балаға мұра болып келе жатқан
жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын
жоғары көтеріп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек
етуге үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді
көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған.
Тәрбие бастау бұлағын халқымыздың
ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтарынан
алуы тиіс. Сондықтан Сыр сүлейлері шығармалары бүкіл
тәрбие жүйесінің негізгі сипаттарына сай келеді. Жиенбай,
Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың
Омары, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы,
Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп,
Нұртуған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді
жыр жампоздары артына тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып,
өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған. Бірлік,
татулық, адамгершілік қасиеттер қауымдастыққа
әкелетін Сыр сүлейлері толғау-терме, ақыл-нақыл
сөздері арқылы көрсеткені айқын. Келтірілген
ұстанымдарға сай, Сыр саңлақтары шығармаларында
тәрбие үдерісінің мақсаттарын нақтылап
отырған. Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше
көңіл бөліп, жастарды өзін-өзі танып білуге,
жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа
ұмтылдыруға, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген.
Жастардың жан дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетілдіруді
басты мақсат тұтқан Сырдың сырлы сарынымен
жырлаған Сыр сүлейлерінің толғау-термелерінен
үзінді алып, дәлелдеме жасап, тізе беруге болады. Жан
тазалығы ізет-тәрбиеден бастау алатынын, жыр жолдарымен жеткізген
олар адам жанын рухани жағынан жетілдіру, адам жүрегіне ықпал
ете отырып тәрбиелеуге көңіл бөлген. Оқушы мен
тыңдарманға ой түсіретін асыл сөз термеленген. Демек,
Сыр елінде өмір сүрген ақын-жырауларымыздың
дүниетанымы халқымыздың ежелгі даналық
үлгілерімен қабыса байланысып жатыр екен. Сыр елінде ғасырлар
бойы қалыптасқан жыраулық, жыршылық өнер
халқымыздың рухани дүниетанымының көркемдік
ойлау жүйесінің жемісі. [2].
Қазақтың
ақын-жыраулар тарихынан ерекше орын алатын Сыр бойы
ақын-жырауларының әдеби-музыкалық мұрасы
ұлттық рухани құндылықтарымыздың
үлкен бір саласы болып табылады десек, ақын-жыраулардың
өмір, заман жайындағы толғаныстарын, дана өсиеттері мен
ақыл-нақылдарын қазіргі жастарға насихаттау – білім мен
тәрбиені ұштастырудың негізгі тәсілдерінің бірі.
Оның тарихи негіздері де жоқ емес. Студенттерді Сыр бойы
ақын-жырауларының шығармаларымен таныстырып,
тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік
эстетикалық ерекшеліктеріне қарай талдауға машықтандыру
арқылы ғылыми ізденушілігін, өлке өнерін танып-білуге
құлшынысын арттыруға болады. Студенттерге жыраулық
өнердің құдіретін, оның адам баласы
жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын,
мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін
түсіндіре отырып, сол өнерді жасаушылардың бір тобы - Сыр
бойы ақын-жыраулары, олардың әртүрлі
дәстүрде жазылған шығармалары жайында айтуымыз керек.
VIII-ІХ
ғасырларда ғұмыр кешкен ұлы Қорқыт
бабалардан бастау алған Сыр бойының ақын-жыраулары
өзіндік дәстүрімен өзге аймақтардан ерекшеленіп
тұрады. Өлеңді өнердің пірі тұтып,
басқа қонған бақ, абырой санап, жақсы жыр
тудыруды басты мақсат тұтып, ерен дарындылығымен суырылып
алға шыққандарды Сыр бойы халқы үлкен
құрметпен дүр, шайыр, сүлейлер деп атады.
Шайыр, дүр, сүлейлер өз шығармаларына рухани
құндылықтарды арқау еткен. Сүлейлер дүниеге
келтірген жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге
ретінде жол салған, теңдесі жоқ мұралары арқылы
жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды
ауызбіршілікке, адамгершілікке, елжандылыққа, еңбек етуге
үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді
көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған.
Дәстүрлі
киелі жыр өнерінің Сыр еліндегі қайталанбас
тұлғалары Балқы Базар, Жиенбай, Тұрмағамбет
Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет,
Дүр Оңғар, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал,
Тұрымбет Салқынбайұлы, Тасберген жырау, Кете Жүсіп,
Қаңлы Жүсіп, Нұртуған, Нартай Бекежанов,
Рүстембек, Көшеней секілді майталман жырау-шайырлар жас ұрпаққа
тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні
бар ақыл-нақылдар жазған. Олардың шығармашылығын барынша терең
зерттеп, оны жастар тәрбиесінде қолдану ұлттық
тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі. Сыр сүлейлері
шығармашылығындағы ұлтжандылық идеялар
өмірді, адамды сүюден бастау алып, жастарды
еңбексүйгіштік дағдыларын қалыптастыруға, адамгершілік
асыл қасиеттерді насихаттауға, сана-сезімді жетілдіріп,
ұлттық рухты көтеруге бағытталған. Жалпы, Сыр
сүлейлерінің педагогикалық ой-пікірлері мен оның
шығармаларындағы ұлтжандылық идеялары арнайы зерттеліп,
оған қатысты теориялық тұжырымдар мен
ұсыныстардың нақты көрсетілмегендігі ғылыми
педагогикалық тұрғыдан зерделеуді қажет етеді. Сыр
сүлейлері, дүрлер мен шайырлардың, ақын,
жыраулардың өсиеттері - адамгершілікке,
өнер-білімге, әділеттілікке үндейді. Мазмұны
жағынан олар ел тілегі, халық мүддесі, болашақ
қамы үшін айтылған адамгершіл
ақыл-тағылым сөздер.
Сыр бойы жыраулары
шығармашылығының басты лейтмотиві – адами
құндылықтар. Олар көркем туындыларымен, шұрайлы
тілімен жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан
жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыруға,
мейірімділікке, сүйіспеншілікке баули білген. Осындай тағылымды
жыраулардың бірі – аты бүкіл қазақ халқына
белгілі атақты жырау Базар Оңдасұлы Өтемісов. Жыраулардың жампозы атанған Базар жырау
Оңдасұлы Қызылорда облысы Қармақшы
ауданында туған. Руы — Кіші жүздің
шөмекейі, оның ішіндегі Балқы, сондықтан
халық арасында Балқы Базар аталып кеткен. Базар ерте жетім
қалып, нағашысы Өтемістің қолында
тәрбиеленеді. Тоғыз жасынан Тәспен бидің
тәрбиесінде болады. Тәспен бидің ауылына белгілі жыраулар жиі
келіп, апталап-айлап жатып, жырлайтын болған. Жастайынан сол
жыраулардың тағылымды жырларын тыңдап өскен Базар жырау
15 жасынан жырау атанады. Сол кезден бастап Ор төңірегін,
Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа
өңірін аралап, жыр жырлайды. Базар жырау Ноғайлы
дәуірінің қиссаларын, халық көп тыңдайтын
«Көрұғылы», «Жүсіп — Ахмет», т.б. дастандарын
өздігінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сол кезде
шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна
— тарақ» дейтін шағын дастандар дүниеге
келеді. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан
тасқа басылып шыққан «Айман — Шолпан» жырын қайтадан
жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп
өзгеріс енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады. Жыраудың
«Әр кемелге - бір зауал», «Тіршіліктің түрлері»,
«Керқұлан», «Кермиық», т.б. толғауларына
жақсылық пен жамандық, адамшылық пен
зұлымдық мәселесі арқау болады. «Жырау көзі
тірісінде, әсіресе, қартайған шағында
құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің
Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып,
көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен.
Оның бұдан да басқа хатшылары болған. Жыраудың
өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары,
5 дастаны сақталған» [3].
«Базар жырау
шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы
айту ерекше орын алды, адам туралы жаппай айтудан толғау үлгілі
өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту,
мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем
шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты.
Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау
шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін
жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір
сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін
көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын
жолға қойды. Кез келген өнер туындысының бойынан адам
бейнесі, оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым
айқын көрінсе, бұндай ерекшелік әдебиеттің
соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе
жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзиямыздың
тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының
философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің
саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жырлайтын Базар жырау
толғауларын өз заманының үздік туындылары болды деп
нық айтуға болады», - деп жазады белгілі филолог ғалым
Б.Кәрбозұлы
Базар жыраудың өлең
құрылымы негізінен – толғау. Толғаулардың кейінгі
ұрпаққа үлгі аларлықтай терең
мағыналы нақыл өсиеттерге бай болып, ұйқасы,
әуені, белгілі ырғағы болуы керек. Базар шығармалары
осы талаптарға сай келеді. Жырау толғаулары негізінен ойға,
сезімге құрылған. Пікірі тұтас ойы терең,
жүйелі болып өріледі. Базардың қай
өлең-толғауларын алмайық, бәрінен ақын
өмір сүрген кезеңнің тыныс лебі еседі. Сол кездегі қоғамдық
ортаның түсінік-танымы, мінез-құлқы суреткерлік
шеберлікпен ашылады:
Жақсы мен жаманның
Арасы жер мен
аспандай.
Білерсің бір күн
басыңа
Іс түскен кезде
сасқанда-ай.
Мырза менен сараңды
Өлшестіріп
қарасаң,
Ылди мен зәулім
асқардай!
Ғалым менен наданды
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп тасқандай!...
[4]
С. Сейфуллин: «Бұқар
жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы Базар жырау» деп бекерге
айтпаса керек... Халқымыз ғасырлар бойы қадірлеп, әр
сөзін бойтұмарындай қастерлеп, жадында ұстап жеткізді.
Ұрпақ мүлкі, ел қазынасы ретінде сары алтындай
сақталды. Олар қалдырған татымды терме тұтымды
үгіт, адамгершілік өсиет әр кез ақын-жырауларын
тебіренткен аса құнды туындылар
Базар жырау өзінің
«Сұм дүние», «Халқы үшін туған
қайратты ер» жырында әлеуметтік мәселелерді
қозғап, елді ынтымаққа, бірлікке
шақырады. Базар жырау «Ел жақсылары» толғауында
Сыр өңірінің айтулы тұлғалары: Өткелбай
сыпа, Бекетай молда, Құлбарақ
батыр, Көбек, Басығара би, Бекмырза, Бәймен, Төртқара, Үмбет
секілді тарихи кісілер туралы жырлайды. Сыр елінің әр
жерінен жер-су атаулары берілген мұндай тарихи тұлғаларымызды
жырау басқаларға үлгі ете және кейінгі
ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында
жырлаған. Кіндік қаны тамып, өсіп-өнген
туған елінің елеулі тұлғаларының есімдерін
ұлықтап, жас ұрпақ үшін шежіреге айналдыра отырып
жырлауы жастарға тамыры терең тәлімнің,
елжандылық пен батырлықтың, туған
жерге, елге адалдық, адамгершілік
қасиеттердің ұтымды насихатталуы деп ұғамыз.
Сыр бойы жыраулары адам
тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жастарды
өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа
ұмтылдыруға, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген.
Жастардың жан дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетілдіруді
басты мақсат тұтқан Сырдың сырлы сарынымен жырлаған
Сыр сүлейлерінің толғау-термелерінен үзінділер алып
дәлелдеме жасап, тізе беруге болады. «Сыр сүлейлері», «Жыраулар мекені»
атанған Сыр бойының музыкалық мұрасы бүгінгі
күнге дейін әлемнің музыка зерттеушілерінің назарынан
тыс қалмай келе жатқаны жасырын емес. Осы орайда музыка мамандары
өнертану ғылымына Арал, Қазалы аймағының мақамдарын
топтастырып, «Сырлы сарын», «Даланың даналық дәстүрі»
және «Аталар аманаты», «Көрұғлы», Қармақшы
мақамдарын жинап нотаға түсіріп шығарған
еңбектері көпшілік қауымнан оң бағасын алуда.
Демек, ғасырдан-ғасырға, атадан балаға ауызба-ауыз,
қолма-қол беріліп, үзілмей жетіліп келе жатқан
жыраулық дәстүрдің музыкалық мұрасын
қазіргі таңда зерттеуге мүмкіндік туды және ол
жалғасын тауып келеді. Өнер
мен жырдың ордасына айналған Сыр өңірі күллі
түркі тектес халықтарының тұнық бастауындай десе
болады. Боз даланы боздата салған жыраулық
дәстүрдің сан қырлы мақамы көне түркі
әлеміне жетелейді. Осындай саф алтындай мұраны алға апарушы
Сыр саңлақтарының сара іздерін жаңғырту
бүгінгі ұрпақ үшін үлгі мен өнеге. [5] Қазіргі уақытта Сырдың бойында
500-ден аса жыраулық өнерді дәріптеушілер болса,
солардың рухына арнап, «Сыр сүлейлері» аллеясын салынып
ұрпақ үшін өшпес мұра болып қалды. Астарлы
сөздер мен тұлғалардың бейнелерін көріп,
оқып білген, бүгінгі жас ұрпақтың ой-санасы
жаңарып, жаңаша көзқарас қалыптастырары анық.
Сырдария бойының
ақын-жыраулары мұралары – ұрпақтардың
өткені мен бүгінін, келешегін жалғаудағы рухани
дәнекер. Сондықтан жыраулық поэзиядан келген бұл
үрдістің Сыр бойы ақын-жырауларының шығармалары
арқылы жалғасуы қазіргі және болашақтағы
ұлттық сөз, ән өнері дамуының
дәстүрлі көркемдік негізі болып қала беретіні
ақиқат.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы:
Атамұра, 1999.
2.
Егізбай Н.Ә. Сыр сүлейлері. –
Қызылорда. 2002.
3.
Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. А., Жазушы,
1982.
4.
Базар
жырау. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1986.
5.
Еңсегенұлы Т. Сыр бойы
ақын-жыраулары. Әдеби зерттеу. – Алматы: Білім. 2000.