ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕРДЕГІ АЗ
ҚАМТЫЛҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК -
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖҮЙЕСІ
Орынбасар М.,
«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану»
мамандығының
1 курс магистранты,
педагогика және білім беру менеджмент кафедрасы, философия және
саясаттану факультеті, әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық Университеті,
Алматы қаласы,
Қазақстан республикасы
Әрбір
әлеуметтік ортада жеке тұлғаның тәрбиесі мен
қалыптасуы маңызды фактор ретінде көрініс табады.
Қоғамның мүшесі болып отырған әрбір
адамның жан дүниесі, өмірге деген көзқарасы,
алдына қойған мақсаттары мен өзіне беретін бағасы
оның тұлға ретінде қалыптасып, әлеуметтік
шеңберінің жүйеленуіне тікелей әсер етері анық.
Ал осы социологиялық тәрбие адамның бала кезінен отбасында
басталып, мектеп жасында оқу орындарындағы арнайы мамандардың
көмегімен жүзеге асады.
Қоғамдағы
отбасылар әртүрлі әлеуметтік жағдаймен ерекшеленетін
болса, солардың ішінде тұрмыс жағдайы төмен отбасылар,
сол жанұяда тәрбиеленетін балалар әлеуметтік педагогтардың
басты назарында. Себебі, тұрмыс тапшылығын, отбасындағы
келеңсіз жайттарды көріп өскен, ата-ана назарының
кемшілігін сезінген балаға жанұя жылулығының біршама
аздық етері сөзсіз. Ал ондай кері әсер етуші факторларға
ұшыраған болашақ азамат немесе азаматшаның өзі
өмір сүріп жатқан қоғамға да жағымсыз
әсер етуі әбден мүмкін. Сондай қайғылы
жағдайлардың алдын алуда, жағдайы төмен
жасөспірімдердің өмірін дұрыс арнаға бұруда
әлеуметтік педагогтың еңбегі аса маңызды.
Материалдық
жағдай - адамның өзі өмір сүріп жатқан
қоғамдағы статусын анықтайтын бірден бір себеп.
Балалардың тиісті дәрежеде киіммен, азықпен,
оқуға қажетті құралдарымен қамтамасыз
етілуі – оның алдағы өміріне, психологиялық
жай-күйіне әсер етері сөзсіз. Сол себепті, жағдайы
төмен, аз қамтылған отбасыларының балаларына
әлеуметтік ұстаздар материалдық көмектің
көрсетілуін қадағалайды. Мектептегі аталған
қызметті атқарушылар оқушылардың ыстық
тамақпен қамтамасыз етіліп, жаңа киімдерге қол
жеткізуіне тікелей жауапты. Әрине, мұндай материалдық
көмек көрсету әлеуметтік педагогтың ғана емес,
мемлекеттің міндетінде.
Әлеуметтік
ұстаздар балаларға педагогикалық қолдау көрсету
барысында олардың өзіндік көзқарастарын, өмірлік
мақсаттарын, адамгершілік қасиеттерін қорғап, оларды
сақтап қалуға күш салады. Олар өз
қамқорлығындағы оқушылардың рухани
ерекшеліктерін, эмоциялық жай күйін бағамдап, отбасы
жағдайымен жете таныс болуы тиіс. Маманның бала проблемаларына
көңіл бөлуі, онымен түсіністікке толы ашық
қарым-қатынас орната алуы әлеуметтік тәрбиенің
жүзеге асырылуына мейлінше әсер етеді.
Сондай байланыс
нәтижесінде әлеуметтік педагогтың мектептердегі жұмысы
өз жүйесін таппақ. Оқушы тәрбиесіне жауапты
маманның міндеттері мен атқарылатын істерін қысқаша
былай жүйелесек болады:
·
алдымен оқушының жеке психологиялық
ерекшеліктерін зерттеумен айналысады
·
келесі ретте проблемаларды жүйелі түрде
шешіп, қиындық тудыратын жайттарды ретке келтіреді
·
баланы әлеуметтік ортаға бейімдеп, оның
бойындағы тұлғалық қасиеттерді дамытуға
күш салады
·
балаға мемлекет тарапынан көрсетілетін
көмектер, мүліктік және мүліктік емес
құқы бойынша жұмыс жүргізеді
·
баланың бос уақытын, оның мектеппен,
қоғаммен, ұжыммен байланысын ұйымдастырады
·
білім беру ұйымдарынан білім бағдарламаларын
құрастыруға, бекітуге, жүзеге асыруға
қатысады.
Әлеуметтік педагогтың жалпы білім беретін
мектептердегі аз қамтылған жасөспірімдерге көрсететін
көмегі осындай сипатта жүзеге асады. Социологиялық
көмекке мұқтаж болған оқушы бейімдеу
жұмыстарынан өткен соң да арнайы мамандардың
бақылауында болуы керек. Күрделі әлеуметтік жағдаймен
ерекшеленетін жасөспірімнің психологиялық кемшіліктері
толығымен жойылып, қоғамнан өз орнын тапқанда
барып педагогтың міндеті толығымен атқарылған болады.
Жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттер,
әрине, белгілі бір мақсат аясында жүзеге асады.
Әлеуметтік педагогтың негізгі мақсаты өзі жұмыс
істейтін әлеуметтік ортаны өмірлік мақсатқа итермелеп,
жақсы мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған
іс-әрекеттерімен игілікті өмірге ынталандыру.
Осы міндетті арқалаған әлеуметтік
қызметкердің қызметі мынадай бағыттарда өрбиді: диагностикалық,
ұйымдастырушылық, болжамдаушылық, алдын алу және
сауықтырушылық, ұйымдастырушылық-коммуникативтік
және қорғаушылық.
Әртүрлі бағытта қызмет
атқаратын әлеуметтік ұстаз, сәйкесінше, түрлі
әлеуметтік рөлдерге енеді. Олар: қарым-қатынасты байланыстырушы, бірлескен іс-әрекетті
ұйымдастырушы, рухани жетекші, әлеуметтік оңалдырушы,
қоғамдық қайраткер. Сонымен, жалпы білім беретін
мектептердегі әлеуметтік педагогтың ашық
қоғамдағы орны қандай? Ол отбасылық
әлеуметтік педагог, оқушының бос уақытын
ұйымдастырушы, жалпы басқару буынындағы әлеуметтік педагог, әлеуметтік
қызметкер ретінде бағаланады.
Мектептің әлеуметтік-педагогикалық
қызметінің бағыттары түрлі шаралардан құралады.
Ұйымдастыру шаралары: қажетті
құжаттармен жұмыс, ата-аналар, мұғалімдер мен
оқушыларға кеңес беру шараларын ұйымдастыру,
әлеуметтік мекемелермен байланыс жасау (денсаулық сақтау,
спорт , СПИД орталықтары т.б)
, құқықбұзу жағдаяттарының алдын алу
Кеңесін құру. Зерттеу
шаралары: оқушылар категорияларын анықтау, олардың
әрқайсысына әлеуметтік зерттеу жүргізу, мүгедек
балалардың денсаулығына сараптама жасау, мектеп қызметін
бағалау мақсатында педагогтар арасында сауалнама жүргізу. Түрлі балалар категорияларымен
жұмыс: біздің зерттеуіміздің нысаны болып отырған
жағдайы төмен жасөспірімдермен осы шараның негізінде қарастырылады.
Отбасымен жұмыс: қиын
жағдайдағы отбасына диагностикалық,
ескерту-профилактикалық , әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық,
ұйымдастырушылық бағыттарда жүйелі көмек
көрсетіледі.
Жалпы білім беретін мектептердегі әлеуметтік
педагогтар мен мектеп психологының өзіндік , түрлі
бағыттардағы жұмыстары болады. Дегенмен, екі
қызметкерді көпшіліктің шатастырып жататыны рас. Сол себепті,
әлеуметтік педагогтың жұмыс бағыттарын психолог жұмысынан бөліп, айқындап
көрсетпекпіз. Әлеуметтік педагог келесі бағыттарда
жұмыс атқарады: диагностикалық
қызмет; өз құзырындағы көмекті қажет
ететін балаларды әлеуметтік қорғау; кәмелетке
толмаған жасөспірімдердің және олардың
ата-аналарының құқықтарын реттестіріп,
көрсету; мектепте ерекше көзге түсетін, өзге
жағдайдағы оқушылармен, ата-аналарымен жеке жұмыс,
сынып жетекшілері, медицина қызметкерлері, мектеп
басшылығындағы қызметкерлердің оқушылармен
қарым-қатынасын бағалау, олардың арасындағы
байланысты үйлестіру.
Әлеуметтік педагог пен псхологтың
қызметі түрлі бағыттарда жүзеге асады дей
тұрғанмен, бірлесіп шешетін проблемалары да аз емес. Мәселен,
оқушылардың сабаққа қатыспауы, олардың
тәрбиесіндегі, мінез-құлқындағы ауытқулар,
баланың құрдастарымен, мұғалімдермен
қарым-қатынасының шиеленісуі, білім алу жолындағы
қиыншылықтар т.б. Осындай көбіне жағдайы қиын
жасөспірімдер арасында кездесетін келеңсіздіктерді қос
қызметкердің бірлесіп шешкені көбірек нәтиже бермек. Халқымыздың
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл
сөзін осы бірлестікке қарап қолдансақ та орынды болар.
Әлеуметтік педагог жасөспірімдерге
көмек көрсету барысында диагностикалық, яғни
кеңес беру бағытында жұмыс жасайтыны белгілі. Ол шара,
алдымен, оқушыны толықтай дерлік таныған соң барып жүзеге
асады. Оқушы мен әлеуметтік педагогтың қажетті
деңгейде таныс болуы үшін
бірнеше тәсілдерді өолдануға болады. Мәселен,
оқушының әлеуметтік портретін жасау. Ол үшін маман
өзі жұмыс істейтін оқушының аты-жөнін, жасын,
сыныбын, отбасы туралы мәлімет, денсаулық жағдайын, жеке
психологиялық ерекшелігін ,
яғни темпераментін, мінез-құлқын,
тұлғалық бағытын, мақсаттарын білуге тиіс.
Оқушыға не ұнайды, не ұнамайды, оның
айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы қандай? Осы сұрақтарға
жауап табу да педагог үшін өте маңызды. Бұл «тану
шаралары» түрлі сұрақ-жауап, тест, бағалау жұмыстары
нәтижесінде қолжетімді болады.
Әсіресе, қиын
балалардың тұлғалық ерекшелігін зерттеу аса
маңызды процесс. Оның жоғарыда көрсетілген
тұлғалық ерекшеліктерімен қатар,
мінез-өқлөында ауытқушылық тудырған
факторларды анықтап, оларды жоюға күш салу қажет. Жалпы
және нақты мүмкіншіліктерін нақты бағалап,
тұлға-аралық қарым-қатынас мінездемесін жасау осы
процесстің негізгі әдістерінің бірі болып саналады. Білім
алуға , еңбекке, түрлі қоғамдық
шараларға қатынасуын бақылау да қажеттілік тудырады. Көріп
отырғанымыздай, жағдайы қиын жасөспірімдермен
жұмыс жасау қажырлы еңбекті, арнайы кәсіптік білім мен
тәжірбиені қажет етеді.
Әрбір
қоғам үшін өскелең ұрпақтың
өмірі аса маңызды. Ұлт болашағы , ел келешегі есептеліп
отырған жастар, жасөспірімдер мен балалардың
қоғамдағы әлеуметтік орны арнайы мамандармен
қатар қарапайым халықты да алаңдатары сөзсіз.
Кез-келген проблема дер кезінде дұрыс бағаланса, жолға
қойылса ғана нәтижелі шешілмек. Демек, тәрбие бастауы
болып отырған оқу орындарында, мектептерде, қызмет атқаратын
әлеуметтік қызметкерлер - жеке адамды ғана емес, ұлт
болашағын үлкен келеңсіз мәселелерден
құтқарып, жарқын болашаққа жол ашып
отырған бірден бір мамандар.
Адамның
күйзеліске түсіп, психологиялық қиыншылыққа
ұшырау көрсеткіші күрт өсіп тұрған
жаһандану дәуірінде, жаңа заманда әлеуметтік
қызметкерлердің, олардың ішінде жасөспірімдерді
тәрбиелеумен айналысатын педагогтарың қызметі аса
маңызды рөлге ие. Осы мамандар өз жұмыстарын
жүйелеп, білімдерін тәжірбиемен ұштастырып, тынымсыз
еңбектің арқасында үлкен нәтижеге жетер болса, ол
қоғамның тыныштық пен бейбітшілікте дамитыны
сөзсіз. Әлеуметтік педагогика әрбір қоғам
үшін аса қажетті қызмет деп білеміз.