Педагогика / 4. Стратегические направления реформирования системы образования

 

А. Н. Танибекова

Тарих пәнінің мұғалімі, № 49 мектеп - гимназиясы

Тараз қаласы, Қазақстан

ТАРИХ САБАҒЫНДА ЛОГИКАЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫНЫ ЖҮЙЕЛІ ОЙЛАУҒА БЕЙІМДЕУ

Бүгінгі таңда оқытушылар алдында оқушыларға тек дайын білімді репродуктивті (білімді есте сақтау, жаттау, қайталап айтып беру) әдіс арқылы оқыта салмай, жүйелі түрде білімді өзі меңгеретін, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, өзгеше ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.

Білім сапасын арттыру мақсатын көздеген оқытушылар заман талабына сай оқушыларды жан-жақты түлға ретінде дамыта отырып, оқыту үрдісінде педагогикалық жаңа технологияларды пайдалануда. Шығармашыл тұлғаны шығармашылықпен жұмыс істейтін оқытушы ғана қалыптастыра алады.

Шығармашылық іс - әрекет — ойды түжырымдап айту, аталған мәселені шешуде тиімді әдістерді қолдану, негіздеу, оны тәжірибе жүзінде қолдану барысында нәтиженің нақты көрініс беруі. Бұл — әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы деген сөз.

Шығармашылық іс-әрекет оқушының жеке тұлғасының қалыптасуына, танымдық біліктердің жетілуіне, өз іс-әрекетіне жауапкершілік, өз болашағына және қоғам өміріндегі құндылықтар мен дұрыс көзқарас ұстанымдарының қалыптасуына мүмкіндік береді. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал жасау үшін біз олардың дербес ойлануын жандандыра түсуге тиіспіз. Оқушы тарихты «зерттеп үйрену» кезінде оқу материалын «жаттап, қайталай бермей» өткеннің оқиғалары мен адамдарына өзінің көзқарасын білдірсе, өткенмен сұхбат құра отырып оның тәжірибесін өз бойына дарытып іштей нәр алса, оқушы рухани жағынан биіктей түседі.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін шығармашылық ойлауы мен шығармашылық тұрғыда жұмысын дамытуда логикалық тапсырмалар орындатудың маңызы зор. Логикалық тапсырмалар оқушыларды белсенділікке тәрбиелеу, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру, сондай-ақ оқушыларды икемділік пен шеберлікке баулу мақсатында пайдаланылады.

Логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үш негізгі бағытта іске асыралады:

- кызығуын арттыру (біліктілігін кеңейту, өзіне талап қоя білуі);

- ойлау және қабылдау қабілетін дамыту;

- шығармашылық ізденісін дамыту.

Оқу үдерісінде оқушылардың шығармашылық сипаттағы тапсырмаларын жүйелі түрде ұйымдастыру және оны болашақтағы кәсіби бағдарымен сабақтастыра қарастыру мұғалімнің педагогикалық құзіреттілігіне байланысты. Оқушының шығармашылық тұлғасын үш тұрғыдан қарастыруға болады:

1. Танымдық сапасы – оқушының қоршаған ортаны түсінуге ұмтылуы.

2. Шығармашылық сапасы – ойлау белсенділігі, ой тереңдігі, өзекті мәселені табу, шығармашылық қызығуының тұрақтылығы.

3. Ұйымдастырушылық сапасы – берілген тапсырманың мақсаты мен міндеттерін түсіну, мақсатқа жетуге қажетті іс-әрекетті таңдай білу, коммуникативтік қабілеттері т.б.

Логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру төрт кезеңнен тұрады:

1. Машық. Сергіту.

2. Оқушылардың шығармашылық қабілетінің негізі болған психикалық механизмдерін дамыту.

3. Іздену тапсырмаларын орындау.

4. Оқушыларға белгілі түсініктен жаңалықты көруге тәрбиелеу мақсатында, шығармашылық тапсырмаларын орындату.

Есте сақтау қабілетіне негізделген зейінді тұрақтандыратын, қабілетті арттыратын негізгі тапсырмалардың сабақта көптеп пайдаланылуы, балаларды әрдайым жиынтық әр түрлі қиылыстарға даяр, өзінің қабілетіне сенімді және жалпы білім алуда саналы жоғары дәрежеге жететіндігін көрсетеді.

Логикалық тест сұрақтарын үлкен тарауларды қорытқаннан кейін немесе тұтастай сынып материалдары бойынша дайындаған тиімді. Себебі, бір немесе екі параграфты пысықтау кезінде бұл әдіс пайдаланылса, тар шеңберде қаралады.

Таным тапсырмалары пәнаралық байланыспен құрастырылып, тұлғаның психикалық даму негізіндегі – ес, зейін, ойлау қабілеттерін арттыру қажет. Тапсырмалар репродуктивті бағыттан, ақырындап іздену бағытына, таным процесіне, кейіннен қарастырылған өзіндік шығармашылыққа өтуі қажет:

- ойдың шапшаңдығы (аз уақыттың ішінде көптеген идеялардың пайда болуы);

- ойға икемділік (бір ойдан екінші ойға өтуі);

- оригиналдығы (шешім қабылдау қабілеті);

- дүниетанымдығы (қоршаған дүниені тану);

Тапсырма – танымдық, іздену және шығармашылық процестің бастамасы. Дәл сол арқылы ойлаудың оянуы жүзеге асады. Шығармашылық тапсырмалар толық өз алдына жұмысты талап етеді. Іздену қызметіне негізделген, ілімге шығармашылық кірісу, жеке тұлғаны қалыптастырып және еліміздің ғылыми әлеуетін жоғары деңгейге көтеретін ұрпақты даярлауға жол ашады.

Қолданылған әдебиеттер:

1. С. Әлімқұлова «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудағы логикалық тапсырмалардың маңызы» Қазақстан тарихы әдістемелік журналы,

№ 5 2006 жыл.

2. Д. Айтахунова «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудағы логикалық тапсырмалардың маңызы» Жалпы тарих және құқықтану мектепте журналы, №1 2004 жыл.

3. Ж. Жақсығалиев «ҰБТ: логикалық тест – заман талабы» «Қаратөбе ұстазы» газеті 20 мамыр 2011 жыл