Педагогические  науки”

Тазабекова А.С. - п.ғ.м., аға оқытушы,

Әбілқасым Б. – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 4 курс студенті

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

Бастауыш сыныптарда жаңа педагогикалық технологияларды қолдану  мәселелері

         Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын [1]. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу ғана емес, тарихи танымдық, педагогикалық – психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауттылық талап етілуде.

Оқушылардың білімділігі мен белсенділігі мақсатты бағытталған жаңа педагогикалық технологиялардың және   оларды әр сабақ мазмұнына қарай    тиімдісін таңдай алатын, педагогикалық шеберлігі жоғарғы дәрежедегі мұғалімге байланысты екені даусыз.   

 Бастауыш сынып оқушыларына қолданысқа дендеп еніп жатқан жаңа инновациялық технологиялар қолдану  арқылы берілетін білім оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабаққа деген ынтасын күшейтеді.

Көптеген зерттеуші-ғалымдардың пікіріне сүйенсек инновациялық технологиялардың идеясының өзегі тым тереңге кетеді. Ежелден-ақ ойшылдар білім мен ақыл-ой тәрбиесінің арақатынасын, олардың бала дамуына әсерін зерттей бастаған. Сөйтіп, баланың ақыл-ой күшін, қабілетін дамыту – білімге деген құштарлығын оятады деген тұжырымдары өмірге енгізген. Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготский: «дәстүрлі оқыту — бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту — «дамытуды өзімен бірге ала жүреді» деп атап көрсеткен [2].    

       Алғашқысында оқытудың тиімділігі игерілген білімнің көлемі, сапасымен өлшенсе, соңғысында оқытудың тиімділігі қабілеттің деңгейімен, психикалық әрекеттің пайдалы түрлерінің қаншалықты дамығандығымен өлшенеді.  

 Қазіргі инновациялық технологияларды қолдану оқушылардың ой өрісін, қиялын еркін дамуына, танымдық қабілетінің дамуына, жан - жақты білім алуына жағдай жасайды [3].

Заман талабына сай технологияларды қолдану ауқымы, түрлері өзгеріп отырады. Бірақ, ең басты технологияларды тиімді, жүйелі қолдану.  Олардың ішінде үнемі қолданыста жүргендер: жобалау технологиясы; саралап - даралап оқыту;  дамыта оқыту технологиясы; модульдік оқыту технологиясы; сын тұрғысынан ойлауды дамыту; деңгейлеп оқыту технологиясы т.б  [4].

Ал осы педагогикалық жаңа технологияларды бастауыш сыныптың сабақтарында қолдану  оқушыларға не береді деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Осы орайда республикалық басылымдарда  жарияланған көптеген  озат бастауыш сынып  мұғалімдерінің тәжірибелерімен танысып, талдадық. Осының нәтижесінде, жаңа инновациялық технологиялардың тиімді,  сабақ мазмұнына сай қолданылуы оқушылардың: ойлау қабілетінің тереңдеуіне;   берліген тапсырманы оқи отыра сын тұрғысынан ойлай алуына;     теорияны түсіне білу және оны логикамен ұштастыра алуына; шапшаң ойлау қабілетінің қалыптасуына; көру, есте сақтау қабілетінің дамуына; математикадан есеп шығару барысында шешімін табуда оның  тиімді жағын көре білуге, сонымен қатар пәнге деген құзырылылығының артуына әсер ететініне көзімізді жеткіздік.

 Бір технологияның өзі әртүрлі атқарушылардың шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге асырылуы мүмкін. Қазіргі кезде әдебиеттерден қазіргі заманғы білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтитын 50-ден астам педагогикалық - технология қолданылып жүргендігі мәлім.

Педагогикалық технологияның негізгі мақсаты –  білім алушылардың   даралық тұлғасын дамыту деп санаймыз.

Ал енді «инновациялық технология» терминіне тоқталсақ: «Инновация» ұғымы педагогикалық сөздік қорына ежелден енген екен. Ол кейбір ғалымдардың еңбектерінде «жаңа», «жаңалық енгізу»  деп көрсетіледі. Кейбіреулері оны «өзгеріс» деген терминмен анықтайды. Біздің ойымызша, бұл түсініктер кең мағынадағы терминдермен білім беру жүйесіндегі кез-келген өзгерісті сипаттайды [5].

Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын - педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін мұғалімдердің инновациялық іс - әрекеттің ғылыми - педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияны пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып мүмкіндік деңгейге жеткізеді. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін көтеру мен шығармашылық, педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор [6].  Оқытудың жаңа технологиясы дегенде, ең алдымен, технология кеңіннен педагогикалық технология деген ұғымды түсіну керек. Оқыту, білім беру тәжірибесі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап етеді. Осыған байланысты ғылым мен тәжірибеде педагогикалық үрдістің сапасын көтерудің бай тәжірибесі жинақталған және Мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияларды ендіруді міндеттейді [7].

Технология және педагогикалық технология терминінің анықтамаларын көптеген авторлар өз түсінігі мен өз санасында қалыптасқан көзқарастарын қалыптастырған:

«Технология” сөзі латынша «Thexnos» – өнер, сала және «Logos» – пән деген мағынаны білдіреді [8]. «Ұлы дидактика» еңбегінде Я.А.Коменский оқытуды технолизациялау керектігі туралы сол кездің өзінде айтқан. Ол «дидактикалық машина» үшін: 1)  қойылған мақсат;  2) сол мақсатқа жететін құрал;  3) мақсатқа жеткізбей қоймайтын, сол құралдарды қолдану ережелерін табу керек», – деді.   

В. М. Шепель: «Технология» - қалыпты өзгерту, өңдеу әдістері, өнері, шеберлігі, іскерлігі жөніндегі ғылым жиынтығы.

Сонымен технология дегеніміз – педагогтың білім, біліктілік, интеллектуалдық, кәсіптік әдіс-тәсілдер жүйесін қолдану арқылы білім беру мақсатындағы мұғалім мен оқушылардың арасындағы өзара қарым-қатынас процесі болып табылады [9].

Орыс педагогі К. Д. Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай жаңашылдықты өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды болары сөзсіз деген пікірмен толықтай келісуге болады.  Бастауыш сынып оқушыларын іздендіре отырып, ой - пікірін тайсалмай айтуға ұмтылдыру баланың ойлау қабілетін дамытары даусыз.  

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.       Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2050» Жолдау.

2.       Иманбекова Б., Әбдіреймова К, «Сабақ – оқытудың негізгі формасы». Алматы, 2003 жыл.

3.       Мейірманқұлова Т. Білім берудегі инновациялық технологиялар – Алматы, «Үш Қиян», 2005, 12-бет.

4.       Кларин М.В. Технология обучения: идеал и реальность. Рига,    Эксперимент, 1999,180-бет.

5.       Қабдықайыров Қ. Инновациялық технологияларды диагностикалау.–А.,2004

6.       Таубаева Ш.Т. Барсай.Б.Т. Оқытудың қазіргі технологиялары. //Бастауыш мектеп  №3-4, 1999.

7.       http://45minut.kz.

8.     Кобдикова Ж. Оқытудың  технологиясы //Бастауыш мектеп №3 2000, 25-30б

9.       Әбдіғалиева Қ. Осы заманғы педагогикалық технология. //Қазақстан мектебі – 2001 №2 8-13 бет.