Педагогика / 5.
Современные методы преподавания
Р. Е. Омбаева
Тарих пәнінің
мұғалімі, № 49 мектеп - гимназиясы
Тараз қаласы,
Қазақстан
Тарих пәнін
оқытуда ойын элементтерін пайдалану
Тарих дегеніміз - оқиғалардың, есімдердің,
құжаттар мен даталардың құр күнтізбесі
емес, тарих халықтардың қуанышы мен
қайғысының, жарқын өмірге ұмтылған
талпынысының, мәңгі жасампаздығының жарқын
бейнесі. Олай болса тарих мұғалімі күнделікті өмірде
оқушыларға қаншама қызықты
мағлұматтар, танымдық дүниелер сыйлап, тарих
әлемінің құпия сырларына терең бойлатады.
Ұстазға әрбір сабақ, оны өту барысы,
оқушыға жеткізу технологиясы, бәрі - түсінікті де
анық сияқты, бірақ сабақта кедергіге, аяқасты
қалыптасқан проблемаларға ірілі - ұсақты
түрлі педагогикалық ситуацияларға келіп тірелгенде,
жұмбақты ұтымды әрі нәтижелі шешуді талап етеді.
Әрбір оқушының пәнге деген
қызығушылығын арттыру, ойлау, еңбек ету қабілетін
дамыту, жанындағы досының жұмысына анализ беріп үйрену,
мыңдаған фактілердің ішінен ең керектісін, ең
қажеттісін бөліп алу, өз ойын еркін жеткізе білу,
қорытынды жасау, өз жұмысына баға беру –
мұғалімнің алдына қойған негізгі мақсаты.
Ал ойын элементтері кез келген оқушының
қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының
өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан
қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды.
Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын
ойындардың бірі - танымдық, тарихи ойындар.
Сабақтарда танымдық ойындарды жаңа тақырыпты
түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, қорытындылау
сабақтарында да пайдалануға болады. Ойындар оқушылардың
ой-өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар,
үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік
меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар оқушылардың
шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар,
сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды.
Оқушылар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып
қана қоймай, оның қандай мағынада
қолданылатынын да біледі. Ойын оқу пәндерінің
мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана
дұрыс нәтижелер береді.
Ойын арқылы оқушы
нені меңгереді?
1.
Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
2.
Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса
отырып қиын мәселерді өз бетінше шеше білуге үйренеді.
3. Оқу
процесінде алған білімді нақты істе қолдана білуге
мүмкіндік береді.
4. Оқушы
әрекетіне негізделген оқу көлемін басқарады.
5.
Уақытты үнемдеуге үйретеді.
6.
Оқушылар үшін психологиялық тұрғыдан жағымды
іс - әрекет.
7. Ойын
барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап
етеді.
8.
Оқушылар үшін қауіпсіз.
9. Кейде
қарапайым оқу қызметімен салыстырғанда көп
уақыт мөлшерін алады.
10. Ойын
материалдары дәстүрлі оқу материалдарымен салыстырғанда
күрделірек.
11. Кейбір
ойын түрлерінде қатысушылардың саны шектеулі.
12. Ойын
нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі,
дағдысы жөнінде оқушылар ата – аналарымен, өзге
балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі,
кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей
білуге үйренеді.
Ойын түрлерін тарих сабағында пайдалану - оқушылардың
еркін сөйлеуін, логикалық ойлауын, тіл байлығын жетілдіреді.
Ойын араласқан сабақ барысы - оқушыларға әсерлі
болып, біліуге деген құштарлығы арта түседі.
«Тарих дөңгелегі» ойыны: бұл ойын тарауды,
тақырыпты қорытындылау үшін тиімді. (Тұлғалар,
жылдарды сөйлету, термин сөздер, қанатты сөздер). Тұлғалар
бөлігінде - тарихи тұлғаны табуға арналған
сұрақтар. Жылдарды сөйлету бөлігінде - дата,
уақыт, санға сәйкес сұрақ жасырылады. Термин
сөздер - жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру.
Қанатты сөздер бөлігінде - бір тарихи
тұлғаның сөздерін, өсиеттерін жасыруға
болады.
«Жұлдызды сағат» ойыны: оқушылардың
шығармашылық қабілеті ашылады, деректермен, хронологиялық
жылдарды анықтауда есте сақтау қабілеті артады. Білімі мен дүниетанымы
кеңейеді. Бұл ойынға мынадай шарттар қоюға
болады: даталар сыры, тұлғалар, оқиғаны анықта, .…
деген екен, мәре.
Бұл жұмыстар оқушылармен тығыз байланыста
болуға, оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді
ашуға, оқушының танымдық іс-әрекеттерін
қалыптастыруға, оқушы тарапынан белсенділік танытып,
дербестік көрсетуіне, өзіне деген сенімділігін
қалыптастыруға көмектеседі.
Оқушылардың алған білімдерін кеңейтіп,
логикалық ойлау жүйесін дамытып, тиянақты білім алуына жол
ашады. Бірақ шамадан тыс тапсырмалар беруден сақтану керек,
ең басты оқиғалар мен фактілерді ғана білуі керектігін
ескеріп, нақты тапсырмалар берген жөн.
Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс - тәжірибесін
жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған. Ойын
халық педагогикасында, мектепке дейінгі және мектептен тыс
мекемелерде кеңінен пайдаланылады. Қазіргі мектепте ойын
әрекеті ойын пәнінің тарауын және тақырыбын
түсіну үшін өздік технология ретінде, жалпы технологияның
элементі ретінде, сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде,
сыныптан тыс жұмыстың технологиясы ретінде қолданылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» заңы
2.
Қазақстан тарихы – әдістемелік журнал. Алматы 2006-2010ж. ж
3. Г. Төлеубаева
Тарихты оқытудағы әдістемелік технологиялар.
Қазақ
тарихы, №2, 2009ж.
4. Д. Айтахунова
Тарих сабағында оқушылардың шығармашылық
қабілетін дамытудағы логикалық тапсырмалардың
маңызы //Қазақстан тарихы әдістемелік журналы 2005 № 4