Әбсаттар Ә.М.
«Лингвистика»
мамандығының 2 курс магистранты
Ғылыми жетекшісі:
ф.ғ.д., профессор Манкеева Ж.А.
әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университеті
absattar.adil@gmail.com
Қазақ халық
әндерінің лингвомәдени сипаты
Ұлт мәдениетінің қай түрінде болмасын, онда
сол ұлттың бүкіл таным болмысы мен тұрмыс-тіршілік
суреті сақталған. Белгілі бір ұлттың тарихынан,
мәдениетінен, таным болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін
тілдік бірліктерге ең алдымен тілдегі фразеологизмдер,
мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жатады, себебі бұл
тілдік бірліктер белгілі бір ұлттың өзге ұлттардан
менталдық айырмашылығын көрсететін, салт-дәстүр
ерекшеліктерін білдіретін ұлттық өмір көріністерінің
айнасы болып табылады.
Мәдениет – халық дамуындағы
ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын
ұлттық құндылықтар жиынтығы. Әр
ұлттың ана тілінде оның бүкіл өмірі, тарихы,
тыныс-тіршілігі, жан дүниесі, яғни, мәдениеті көрініс
табады. Тіл мен мәдениет-қоғам дамуының
әлеуметтік азығы. Тілдің әлеуметтік маңызы тіл
мен мәдениетті, тіл мен қоғамды бірге алып
қарағанда ғана ашылады. Адамның жан дүниесі мен
болмысының, мәдениетінің қалыптасуына үлкен
үлес қосатын халықтың баға жетпес байлығы –
оның тілі. Тіл – мәдениеттің көзі, ұлт
өмірінің айнасы. Тіл мәдениеттен тыс өмір
сүрмейді, себебі ол мәдениеттің бір көрінісі. Ал, кез
келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы
бейнеленіп, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.
Сонымен, тіл – халықтың мәдениеті,
салт-дәстүрі, қадір тұтатын заттары мен
құндылықтар дүниесінің, қоршаған
ортаның т.б. өмір сүру үлгілерінен хабардар ететін
құрал. Мәдениет – адамның тілде көрініс табатын
бүкіл рухани өмірі, тәжірибесі.
Әр мәдениетте дүние,
қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас,
түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет заманына,
діліне моральдік нормаларына қарай адамға, өмір-өлімге,
адамның іс-әрекетіне, сұлулыққа тағы да
басқа әр халықтың басында бар негізгі
құндылықтарға байланысты өзінің
көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы
көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын
құралы – тіл [1, 154].
Тіл ұлттық мәдениеттің бір
бөлігі ретінде халықтың ұлттық болмысын
танытатыны, қоғамда болып жатқан құбылыстар,
өзгерістер тілде үнемі ізін, таңбасын қалдырып
отыратындықтан, тарихпен, этнографиямен тығыз байланыста зерттеуді
қажет етеді, сол мұраны ұрпақтан
ұрпаққа жеткізуші болып табылады.
Осыған орай, тіл мен мәдениет бұл
өзара байланыста болатын күрделі және көп қырлы
құбылыс деп С. Савойская өзінің зерттеу жұмысында
атап өткен. Соңғы жылдары тіл мен мәдениеттің
арақатынасы туралы мәселе өзекті мәселелер
қатарында қарастырылып келеді. ХХ ғасырдың
аяғында ғалымдардың аталған мәселеге ерекше назар
аударуы лингвомәдениеттану ғылымының дамуына жол ашты. Ол тіл
бірліктерінің ұлттық-мәдени семантикасын зерделеуге
мүмкіндік береді. Когнитивтік ғылымның аясы – адамзаттың зердесінде
қалыптасқан символдық процестердің табиғатын
ұғынуға саяды. Тіл білімі сөздігінде когнитивті
лингвистика туралы мынадай түсінік берілген: «Когнитивтік лингвистика
(лат. сognition – білім, түсінік, көзқарас) – тіл біліміндегі
бағыт. Тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру
үшін білім жинау, қолдану және оны түсіну моделін
құру тұрғысынан зерттеледі. Когнитивтік лингвистика
бұл модельді тек бүкіл когнитивті ғылымдар шеңберінде
ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін,
олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу
тілдерін зерттейді. Екінші жағынан, бүгінгі тілдерді зерттеу
интенция, ес, семантикалық қорытынды, есте сақтау,
түсіну, жоспарлау, дискурсты басқару сияқты когнитивтік
категориялардың қатысуынсыз мүмкін емес. Реарда тілдік,
сенорлық, моторлық және басқа информациялар
қамтылады. Когнитивтік лингвистика – тіл көмегімен информацияларды
беру, сақтау құрылымдары мен тәсілдері туралы
көзқарастарды тереңдетуге арналған» [1, 181].
Лингвомәдениеттануда тіл коммуникация мен таным
құралы ғана емес, ұлттың мәдени коды
ретінде қарастырылады. Әлемнің ұлттық тілдік
бейнесі тіл бірліктері мен тілдің
ұғымдық-категориалдық құрамындағы
мағыналық бірліктерді ұлттың қабылдауы мен
дүниетанымы тұрғысынан сипаттайды. Адам когнициясы мен
мәдениеттүзу қызметінің негізгі тетіктерінің
пайда болуы мен дамуы барысындағы тілдің қызметін зерттеу
ақиқат болмыстың тілдегі бейнеленуін сипаттап, осы
мәдениет өкілдерінің дүниетанымы, эстетикалық
нормалары, діни наным-сенімдері туралы жан-жақты ақпарат
алуға мүмкіндік береді. Лингвомәдениеттануда тіл мен
мәдениетті тұтынушы ретінде адам маңызды орын алады.
Оның аялық білімі, мінез-құлығы мен
тәртібі, ұстанымдары мен дүниетанымы белгілі бір
мәдениеттің өкілі ретінде оны басқалардан
ерекшелендіріп тұрады. Сол себепті лингвомәдениеттануда адам
факторына маңызды орын беріледі.
Қазақтың музыкалық мұрасының
ең көп тараған – халық әндері болып табылады.
Көне музыкалық фольклордан бастау алып, сан ғасыр
сабақтастығын үзбей жетілген ән мәдениетінде ұлттың
дүниетанымы, салт- дәстүрі, ой-өрісі саз тілімен
ең қарапайым көркем құрал ретінде көрініс
тауып отырған. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа
ауызекі жеткен музыкалық-поэтикалық туындыларды ел аузынан жинап,
нотаға түсіріп, талдау рухани мұрамыздың асыл
қазынасын толықтыра түсумен қатар, ғылыми зерттеу
жұмыстарына негіз болып, отандық музыкатану ғылымының
одан әрі алға басуына жол ашары сөзсіз.
Халық музыкалық
шығармашылығындағы әртүрлі жанрлардың
қалыптасуы бір уақыттың жемісі емес, ол ұзақ
уақыт бойы сол ұлтпен бірге жасап келген, бір-бірімен байланыса
отырып жетілген көне әуендер негізінде пайда болды. Фольклортанушы
ғалымдар ғұрыптық музыканың лирикалық
әндермен салыстырғанда ерте дәуірдің жемісі екендігін
бірауыздан дәлелдейді. Сондықтан да белгілі бір этностың
музыкалық фольклорындағы дамыған ауызша кәсіби
жанрлардың арқауы болған ең архаикалық түр –
ғұрыптық әндер болып саналады. Бұл топқа
кіретін үйлену салт өлеңдері мен жерлеу рәсімдері
әуендері әдет-ғұрыппен, тұрмыс-тіршілікпен,
белгілі бір өңірдің тарихи-этнографиялық негізімен
байланысты екендігі белгілі.
Қазақтың
үйлену тойы қоштасу ғұрпынан тұратын
қалыңдық ауылындағы ұзату, тойбастар, беташар сияқты салтанатты сәттері
бар күйеу еліндегі тойдан тұрады. Бұл екі кезеңде де: қалыңдықты шығарып
салу үшін қыз әкесінің үйінде
жасалатын тойда да, сондай-ақ күйеу жігіттің ауылында өтетін келін түсіруде де тойбастар әні айтылады. Тойбастардың
мазмұнын оны айтушы ақынның өзін таныстыруы, халыққа қаратып
айтылатын сөз, той иелерін құттықтау, жастарға бақыт тілеу мен қалыңдықтың сұлулығын сипаттайтын шумақтар
құрайды.
Келін түскен үйде айтылатын әндердің бір ерекшелігі, мұнда бірыңғай көңілді, қуаныш
сарыны бар және екпінді, көтеріңкі күймен, көбінесе жыр
формасында болып келеді. Тойды бастаушы ақын жарастықты жырлап, екі жастың
ертеңгі болашағына
ақ жол тілеп, жарқын өмірді мадақтайды.
Той иесінің қуанышын
көтермелеп, айнала отырған көптің атынан «құтты болсын» айтады [2, 40]. Мұнан соң тойдың
құрметіне, үй иесіне арнап, бас қосқан
көпшілікке арнап құттықтаулар, мақтау
өлеңдерін төкпелеп, соңында жақсы тілек-батамен
аяқтайды.
Үйлену
тойының ең бір үлкен ғұрпы беташар жаңа түскен келіншекті қайын жұртымен
таныстыру, оның бетін ашып,
жүзін көрсету үшін айтылады. Жаңа түскен
келіннің атқаратын қызметі, жүріс-тұрыс, мінез
құлқы, аналық борышы, тағы басқа толып
жатқан мораль мәселесі осы беташар өлеңінің
өзегін қүрайды. Филолог Б. Уахатов беташарды мазмұнына қарай үш
бөлімнен тұрады десе [3, 210], ғалым С. Қасқабасов
беташарды іштей екі
тарауға жіктейді. Басында қалыңдықтың ажары
мақталады, сонан соң оған жолдасын сыйлау, ата-енеге деген
құрмет туралы міндеттер айтылады.
Беташар
өлеңдері өзінің тақырыбы, поэтикалық
сыр-сипаты, мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас, белгілі
бір қалыпқа түскен жаттамалы өлеңдер.
Бірақ, соған қарап бүл тектес өлеңдерді
бір-бірінің көшірмесі, бірінен-бірінің ешбір айырмасы
жоқ деуге болмайды. Кейде үгіт-насихат сөздер
келіншектің өзіне қаратылып тура мағынасында айтылса,
кейбір нұсқада өсиет-пікірлер салыстыру формасында беріледі.
Бүл әндердің музыкалық-поэтикалық табиғатын
академик М. Әуезов былай сипаттаған: «Бет ашарда жеңіл
күлкі, қалжың сияқты сөздің араласып
келетін де жері бар. Шын сөз, шын өсиетті айтумен бірге,
қалжыңға ұқсас қылыгі, салақ,
олақ, ретсіз эйелдің күлкілі мінездері де көрсетіледі»
[4, 54]. Ал Б. Уахатов үйлену салт өлеңдерінің
арасында «... беташардың сюжеттік құрылысынан
байқалатын бір ерекшелігі – оның әзіл-оспақ,
күлкіге құрылуында. Бұл, көбінше, жиналған
жүрттың көңілін көтеріп күлдіру, жадырату
мақсатымен айтылады. ...Әңгіме алдымен
қалыңдық жайында, соның жастық көркі,
сүлу пішіні, сыпайы мінезі туралы болады. Әсіресе беташар
өлеңдерінде жаңа түскен жас келіннің көркін
бейнелеуге ерекше мән беріледі» [3, 211-212], – дейді.
Халқымыздың
Қазан төңкерісіне дейінгі тұрмысында
қалыңдықтың қоштасу әндері кең
таралған жанрлардың бірі болды. Зерттеуші В. Гордлевский
өзінің «Из наблюдений над турецкой песнью» атты еңбегінде
қыздардың үзатылар алдында айтатын өлеңдерін
мазмұнына қарай қыздың сәукеле киіп, құрбы-құрдастарына
айтатын қош-қошы; қалыңдықтың келін болып
түскен жерден көретін мүшкіл халі және
соңғы кезең, қалыңдықтың сыңсуы, яғни
наразылығы деп үш кезеңге бөліп түсіндіруге
болады дейді [5, 17]. Қалыңдық әндері туралы Б. Ерзакович: «Некоторые,
наиболее выразительные прощальные песни девушек, с содержательными
художественными стихами, надолго оставались потом в памяти народа и входили в
его музыкальный быт» [6, 69], – деген.
Сыңсу – әдет-ғұрып жырларының ішіндегі ең бір әлеуметтік
сипаты мол, ашық, айтар ой, айыптар обьектісі айқын шығармалардың бірі. Оның бойындағы сахналық элементтерді ғалым Б. Құндақбаев: «Еріксіз ұзатылып бара
жатқан қазақ
қызының мұң-шерін,
арман-ниетін, наза көңілін, аянышты тағдырын танытып мұнмен айтылатын бұл өлең өзінің ұлттық,
салттық орындалу жағынан сахнаға жақындығынан
20-30 жылдардағы драматургияда
жиі қолданыс тапты» [7, 5-6], – дейді.
Отандық музыкатану ғылымында сыңсу
мен жоқтау әндерінің жылау музыкалық
семантикасының ортақтығына назар аударып, олардың
түбі бір негізде екенін дәлелдеген Б.Кокумбаева, белгілі бір
әуендік мотивтің кезеңдегі даму барысында лирикалық
әндерде де өзегін сақтағанын айтып, ғұрыптық
фольклор мен лирикалық туындылардың өзара жанраралық әсерін
анықтайды [8, 91].
Тарихшы-этнографтардың пайымдауынша
ұрпақтан-ұрпаққа, заманнан заманға ауысып
келе жатқан тым ескілікті кәденің бірі азалау салты.
Қазақтың мұң-шер өлеңдерінің
шығу мезгілін дэл басып анықтау қиын. М. Қашқаридың
жазуы бойынша жоқтау – ежелгі түрік
тайпаларының ерлік тұрмысынан туған жырдың бірі.
Академик Ә. Марғұлан
жалпақ елдің салтымен байланысқан шер
өлеңдерінің мазмұны ежелгі Орхон-енисей жазбаларымен
үштасып, тамырласып жатқанын айтады: «патриархал
қауымның әлеуметтік тұрмысы, жора-жосыны, өлікті
қадірлеумен байланысты дәстүрлері – қоштасу, естірту,
жоқтау, аза тұтып қайғыру, жылау, қадірлеп
шығарып салу, басына белгі орнату, ас беріп той жасау, сойыс қылу –
бәрі бұрынгы көшпелі сақ, ғұн,
үйсіндерден бері қарай қазақ пен қыргыз
халқына дейін жеткен тарихи жоралар» [9, 36], – дейді.
Жоқтау – сан
ғасырлардан сақталып келіп, соңғы кезге дейін
сөнбей, өшпей жеткен үзілмес жанды дәстүр,
халықтың тұрмысымен, әдет-ғұрып, жора-жосынымен
тығыз байланысты туған шер өлеңдерінің бірі. Ол
бар жерде, бар кезде бірдей, өзінің негізгі мотивінен аса
ауытқымай айтыла беретін фольклордың бір түрі. Онда бұрыннан
келе жатқан жаттамалы жолдар да, жоқтап отырған адамның
жеке басының қайғысынан туған өлең
шумақтарының да болуы мүмкін. Сөйтсе де олар бір-біріне,
негізінен, мотиві, ұйқасы, сөз байлығы, образды
суреттері жағынан өзара ұқсас болып келеді.
Бұған жылау өлеңдерінің әбден
орныққан, тұрақтанған, көп үлгілерде
қайталанып келетін кейбір жолдары дәлел. Этнограф А. Диваев: «Жоктау – ярко обрисовывает характер,
умственное развитие и сердечные качества женщин кочевников» [10, 45], – деген пікір айтқан.
Болашақта, жалпыұлттық ән
жанрымен түпнегізі, болмысы ортақ сипатқа ие
Қазақстанның әр тарабындағы өңірлердің
өзіне ғана тән музыкалық-стилистикалық ерекшеліктері,
сол өлкедегі басқа да өнер салаларымен біте қайнасып
дамуы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұрын өз алдына
арнайы зерттелмеген өңірдің ән мәдениетін
танудағы бұл қадам ары қарай да ән дәстүрі
мен жыр өнерімен ұштасатын тұстары әртүрлі
аспектілердегі жаңашыл ғылыми үрдістерге жол ашары
сөзсіз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Аскольдов-Алексеев С. Концепт и слово // Русская
словесность. – Антология.– М.: Academia, 1997. – 271 б.
2. Қазақтың әдет-ғұрып,
тұрмыс-салт әндері (оқу құралы)
(Құраст. К.Байқадамова, А.Темірбекова). – Алматы:
Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының
Республикалық баспа кабинеті, 2001. – 298 б.
3. Уахатов Б. Қазақтың халық
өлеңдері. – Алматы: Ғылым, 1974. – 288 б.
4. Әуезов М. Шығармаларының елу
томдық жинағы. – Алматы: Ғылым, 2001. Т.4. – 456 б.
5. Гордлевский В.А. Из наблюдений над турецкой песнью //
Этнографическое обозрение. – 1908. – № 4. – С.15-25.
6. Ерзакович
Б.Г. Песенная культура казахского народа. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 402 с.
7. Құндақбайұлы
Б. Театр туралы толғау.
Алматы: Онер, 2006. – 320 б.
8. Кокумбаева Б.Д. Семейно-обрядовые плачи казахов и
лирические песни темы утраты (некоторые аспекты взаимодействия): рукопись ...
канд. иск.: 17.00.02. – Ташкент, 1989. – 194 с.
9. Марғұлан Ә. Шоқан жэне «Манас». –
Алматы: Жазушы, 1971. – 164 б.
10. Диваев
А.А. О свадебном ритуале киргизов Сыр-Дарьинской
области. – Казань:
Типо-литография Императорского Университета, 1899. –
30 с.