ф.ғ.к., доцент Кадина Ж.З.

2 курс студенті Тұрлыбек Ғазиза

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖАҢА ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ ЖАСТАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫМЕН

 

Тіл – өміріміздің өзегі, қоғамымыздың айнасы. Бүгінгі ғаламдық жаһандану үрдісіндегі латын әліпбиі негізіндегі жазудың үстемдік сипаты мен қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртатындай жаңа жазудың қажеттігі еліміздегі әліпби жүйесін өзгерту керектігін танытты. Уақыттың елегінен өткен тұжырымдарды салмақтай келіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек»  - деді. Жалпы қоғам, зиялы орта, тілші ғалымдарымыз латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп,  тіл  тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да талқыдан өткізді.  Әліпби  реформасы  нақты ғылыми  ұстанымдарға  сүйенуді талап етті. Құрылған жұмыс топтары  100-ден аса әліпби жобаларының артықшылықтары мен кемшін тұстарын саралай келе, латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбинің електен өткен  жобаларын  үкімет алдына ұсынды.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде: «Ата-бабаларының асыл сөзін жүз томға жинап, бастырылып шығара алатын ел – бақытты ел, бақуатты ел, болашағы кемел ел. Қазақ  елі – сондай ел. Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін, жатық етіп аударып, бар бояуымен, өзгеше өрнегімен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, құнарлы тіл, құдіретті тіл. Қазақ тілі – сондай тіл» деген еді [1]. Иә, тіліміз бай, құнарлы, алайда заман көші жан-жақты ойлап, келешек үшін, тіліміздің қуатын нығайту жолында жаңа қадамды талап етіп отыр.

Қазақ әріптерінің латынға ауыстыру мәселесі көтерілгелі бері ортаға тартылған әңгімелер арасында «біз бұл әріпке енді көшейін деп жатқан жоқпыз, ол біздің осы әріпке қайта оралуымыз емес пе» деген пікірлер көбірек құлаққа қонымды болды.   Бір қарағанда, біз қазір қолданып жүрген кириллица әріптерінде кемшілік жоқтай көрінеді. Қазақ тілінің дыбысталуына тән төл әріптерімізді жасап алдық, орфографиямызды қалыптастырдық, әдебиетіміз бен ғылымымыздың аса мол қоры жасалған. Дегенмен, өмір бір орында тұрмайды. Компьютерлік технология өркендеген мына заманда кирилл-қазақ әріптерінің  әлемдік жедел даму қарқынына ілесе алмайтыны байқалып жатыр. Дүние латын әрпінің негізінде құрылған технологиялық үдерістерге еңсеріле ауғалы бері, орыс ғалымдарының өзі де кириллицадан латыншаға ауысқанымыз дұрыс деген әңгімелерді айта бастады [2].

Компьютерлік технологияға, интернет жүйесіне көшкеннен бері кириллицадағы жеті-сегіз әріптің машақатын тартып-ақ келеміз. Ол жағдай бәрімізге де белгілі. Бір компьютерде терілген мәтінді келесісі «жатырқап» оқымайды, баспаханаға өткізген кітаптарымыздың қазақ әрпі ұшып кетіп, орнына үшбұрыш, төртбұрыш белгілер одырайып тұрады т.с.с. Электронды пошта арқылы шет елдерде тұратын бауырымызға хат-хабар жолдау үшін қазірдің өзінде латын әрпін қолданып келеміз. Сондықтан, латынға көшуге дайынбыз деуге толық негіз бар [3].

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажетігін атап өтті:  «...қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев [1].

Сонымен, латын әліпбиінің қазіргі уақытта халықаралық  деңгейде орныққан тәжірибелерін негізге алып,  әлемнің 4 млрд 200 млн адамы  қолданатын қаріпке біздің мемлекетіміз де  оралуды шешті.  Бірталай талдаудан кейін әліпбидің үш үлгісі салыстырыла зерделеніп, 32 әріптен тұратын апострофты  латын графикасына негізделген  қазақ тілі ӘЛІПБИІ бекітіліп, ресми мақұлданды. 2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жаңа әліпби кестесі қолымызға тиді. Жарлық деген - заң. Ендеше, біз бәріміз сол заңға бағынамыз. Қоғам жаңаны жақсы қабылдағанымен қорқыныш та жоқ емес. Жаңа әліпбиге байланысты  көптеген сын, ескертпе, ұсыныстар айтылып жатыр. Жазудың жаңа кезеңіне өту жеңіл болмайтыны сөзсіз. Алда мамандар атқаратын талай жұмыстар күтіп тұр.

Қазіргі таңда жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгерген. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналуы да мүмкін. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп жатыр. Бұл әрине, қуантады. Жаңа жазу жастарға еш қиындық тудырмайды. Алайда, сауатсыздыққа ұрынбау үшін мамандарға емле-ереже, сөздіктер жасауда ыждағат пен сәттілік тілейміз. Жаңа әліпби жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, қазақ тілінің тазалығына қызмет ете аларына сенеміз.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», латын әліпбиіне көшу – заман талабы.

Латын әліпбиіне көшу әлемдегі елдермен байланысымызға үлесін қосары сөзсіз, алға қарай кедергісіз қарыштап басуға  тиімді екендігі дәлелді.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1.    Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухану жаңғыру»

2.    Қ.Шамақайұлы «Қазіргі ақпарат кеңістігіне латын әліпбиі лайық» Егемен Қазақстан, 2006.

3.    Ж.Бейсенбайұлы «Латынша болашағымыз үшін қажет» Егемен Қазақстан, 2006.

4.    http://www.tilalemi.kz/article/690