Ясымбек А.Я.

Магистрант

ҚазМемҚызПУ

Қазақстан

Алматы

 

 

«Айман-Шолпан» жырының сюжеттік желісіндегі әлеуметтік мәселелердің сипаты

 

«Айман - Шолпан» - реформа дәуірінен кейінгі қазақ ауылындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды, қоғам өміріне, тұрмыс-салтқа енген өзгеріс, жаңалықтарды суреттеу идеясынан туған жыр. Ол өзінің осындай негізгі идеясын жырдағы басты кейіпкерлердің мінезін, іс-әрекеттерін суреттеу арқылы көрсетеді. Бұл ретте жырдың кейіпкерлері екі топқа бөлінеді. Біріншісі - ескілік өмірді, бұрынғы тұрмыс-салтты жақтайтындар. Ол - әлеумет сахнасынан кетіп бара жатқан феодалдық құрылыстың өкілдері Көтібар мен Маман. Екіншісі - жаңа туып келе жатқан капиталистік қарым-қатынасты, қоғам өмірінде соған негізделген жаңалықты жақтаушы жастар. Олар: Айман, Арыстан, Әлібек, Шолпан. Бұлар қазақ қоғамына ене бастаған жаңа дәуірдің өкілдері ретінде жырға қосылады, олар бұрынғы заманда кездеспеген жаңашыл іс-әрекеті, мінез-қылығымен алынады. Сондықтан да олар бұрынғы қазақ әдебиетінде болмаған, жаңа заманда туған жаңа кейіпкерлер болып табылады. Сөйтіп жырда ескі мен жаңаның тартысы бейнеленеді, жыр оқиғасы сол тартыстарды суреттеуге құрылады.

Мәселен, “Бабалар сөзі” топтамасының бірінші томына жазылған “Қазақ дастандары” атты мақаласында С.Қасқабасов пен Б.Әзібаева былай деп жазады: “Шығыстық сюжеттегі дастандармен қатарласа туған қазақтың әлеуметтік-сүйіспеншілік және ертегілік дастандары жеке бір топ құрайды. Олар өзіміздегі ежелгі сюжеттерді, діни-кітаби хикаяттарды пайдаланумен қатар өмірде болған оқиғаларды да жырлайды. Әсіресе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласының әр түпкірінде орын алған тарихи оқиғалар мен әлеуметтік-сүйіспеншілік мәселелер дастан мазмұнына айналады да, ондай шығармаларда махаббат қана емес, тарихи және әлеуметтік сарындар пайда болады. Мұндай дастандардың қатарына “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Айман-Шолпан”, “Ақбөпе-Сауытбек” сияқты шығармаларды жатқызуға болады. Бұлардың біразының авторы болған, бірақ сол авторлық дүниелер ел арасына тарап, бірте-бірте фольклорлық сипат қабылдаған. Соның нәтижесінде олардың халықтық  варианттары пайда болған.

Лиро-эпостардағыдай махаббат, сүйіспеншілік мәселесі емес, арқауы әлеуметтік, тұрмыстық, тіршілік мәселелері болғаннан кейін поэманың өрнегі де сол өмірдің сипатын беруге арналған. Мұнда романтикалық ерекше көтеріңкі серпін, асқақ әсірелеу, әр алуан қиялдан туған бейнелер жоқ, бәрі өмірдегі қалыпты адамдар, солардың арпалыс-тартыстары, әрекеті, қимылы беріледі. Сөз өрнегінде де ақын әсіре қызылдыққа емес, тұрмыстық детальдарға байланысты қалыпты сөздерді қолданады. Соларды шығарма арқауына енгізіп, шындық өмір сипатын берген.

Белгілі фольклорист ғалым C.Садырбайұлы өзінің «Фольклор және Жамбыл» атты еңбегінде жырдың басты кейіпкерлерінің тарихи адамдар екендігі жайлы: «ХІХ ғасырдағы қазақтың жыршы-жыраулары атақты батырлар Көтібар, Есет, Бекет, Ерназар туралы бірнеше жыр-дастандар, тарихи көркем шығармалар туғызған.

         Сондай-ақ осы еңбегінде ғалым жырдағы негізгі болмағанмен, Айман тағдырының шешілуінде елеулі рөл атқаратын Көтібар батырдың баласы Есет бейнесіне қатысты да тарихи мәліметтерді келтіріп кетеді.

 Кіші жүзде Есет есімді белгілі үш адам болған. Есет атымен аталатын бірінші Есет туралы Ұлттық Ғылым Академиясының орталық қолжазбалар қорында (ш-354) сақталған мынадай дерек бар: Есет, әкесінің аты Көкі, руы Тама, шамамен, ол 1776 жылдары Елек өзенінің бойында, Бестамақ болысында туған. Жастайынан жетім қалған, ауыр бейнетті көп көрген, өмірге шынығып өскен. Бірде Еділ қалмақтары Есеттің ауылына шабуыл жасайды, Тама руының тас-талқанын шығарады, көзге ілінген қыз-келіншектерді тұтқындап, бейтаныс жерге аттандырады, аз уақыт өткен соң қалмақ әскерлері тағы да Тама еліне екінші рет шабуыл жасайды. Арада үлкен шайқас басталады, Есет бастаған Тама руының сарбаздары зор жеңіске жетеді, сөйтіп қалмақтардан кек қайтару ұрыстары екі-үш рет қайталанады. Бір соғыста Есет кездейсоқ қолға түседі. Оны қалмақтар тұтқындап, ханның зынданына қамайды. Белгілі бір адамдардың көмегімен есет тұтқыннан босап, аман-есен еліне келеді.

         Еділ мен Жайықтың арасына таласқан қалмақтар Кіші жүз жеріне шабуылдарын тағы да тоқтатпайды. Осындай үздіксіз соғыстың бірінде Есет батыр Ақмаңдай деген баласынан айырылады, жалғыз қалады. Бірақ Есет қалмақтарға қарсы соғысын 90 жасқа дейін тоқтатпайды, әбден қартайып барып көз жұмады. Еділ қалмақтарының әділетсіз соғыстарынан туған жері мен елін қорғаған азамат Есет кезінде әулие батыр деп аталған. Оның атында Есет деген тау бар, бейіті қорғанмен қоршалған, оған күні бүгінге дейін ел адамдары бас иіп, зират етеді делінген.

         Ал екінші Есет 1667 жылы туып, 1749 жылы қайтыс болған, Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүз шонжарларының қатарында, 1831 жылы патшалық тәртіпті қабылдауға ант берген адамның бірі.

         Үшінші Есет бар, ол - тарихта өте белгілі адам. Оның әкесі Көтібар Кіші жүз елінің биі, әрі батыры атанған. Көтібардың жеті баласы болған, оның ең үлкені Есет. Есеттің елі, яғни Шекті рулары Үстірттің бойымен көшіп-қонып жүрген Каспий және Арал теңізінің аралығын мекендеген.

         С.Садырбайұлы жыр кейіпкері Есеттің тарихта белгілі жоғарыда аталған үшінші адам екендігін және жырда оның бала кезіндегі бейнесі жасалғандығын атап өтеді.

         Жырдың туындауының тарихи негіздері туралы талдау жасаған Ы.Дүйсенбаев та осы бір мәліметтерге, нақтырақ айтар болсақ жыр кейіпкері Есет туралы тарихи деректерге жүгінеді. «Сонымен бұл шығарманың мазмұны ертедегі бұлдыр ескілікке емес, XIX ғасырдың бас кезіндегі қазақ өмірінің шындығына арналғандықтан, оның қай мезгілде және қандай жағдайда туғандығын дәлелдеп айтуға әбден болады. Өйткені, жырдағы оқиға дамитын жер, ел аттары тура аталып отырса, сонымен бірге басты кейіпкерлердің ішінен тарихта болған адамдардың да есімдерін ұшыратамыз. Мысалы, Көтібар мен Арыстан XIX ғасырдың алғашқы жарымында өмір сүрген адамдар, шыққан руы - Шекті, екеуі бір ағайынды кісінің балалары. Кейбір тарихи документтерге қарағанда Көтібарды 1833 жылы жағалбайлықтар өлтірген.

    Әдетте, жырдағы бейнелерге талдау бергенде, түп төркінін ашуға   бармай-ақ олардың мыналары жағымсыз кейіпкерлер, ал мына біреулері жағымды персонаждар деп жасанды екі топқа бөле саламыз. Көтібар батыр мен Маман байдың образдарын сөз еткенде де міне осыны көреміз.

Бұл жерде айта кететін бір жәйт, кейбір тарихшылар «батыр» деген      ұғымның өзі заман өзгеруімен бірге ескі мағынасын жойып, өзгеріп отыратынын дәлелдейді: «Батыр дегеніміз көне заманда, патриархалдық-рушылдық құрылыста пайда болған. Бұлар қол бастаған әскери ру шонжарларының өкілдері. Бертін келе қазақ қоғамының феодализациялану дәуірінде батыр қол басы, рудың әскери көсемінен гөрі өз халқының қанаушысы - феодалға айналады. Әуел баста қазақтар батырды немесе сұлтан жанындағы әскери дружинаның басқарушысы, жау тайпаларға немесе жат елдердің әскерлеріне қарсы соғыс әрекеттері кезінде рудың яки жүздің халық жасақтарын басқаратын қол басы деп танып келген.

Шет елдердің шабуылы кездерінде батырлар халық жасақтарының басшылары ретінде қазақ халқы үшін өте пайдалы рөл атқарды, олар халық тәуелсіздігінің қорғаны болып көрінеді. «Ақтабан шұбырынды» мен жоңғарлардың жорығы кезіндегі көптеген батырлардың есімдері бізге мәлім. Олар жөніндегі аңыздар мен жырлар халық жадында ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген болатын. Сондықтан да күні бүгінге дейін халық арасында батыр деген түсінік «халық қорғаны», халықтың мүддесі мен тәуелсіздігі үшін күресуші деген түсінікпен барабар болды. Ру мен тайпаның мүддесін қорғауда көзге түскен қазақтың қайсысын болмасын халық батыр деп атап кетті.

      

Пайдаланылған әдебиеттер

     1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар. «Жазушы», А., 1985  368 б

2. Жолдасбеков М. Асыл арналар. «Жазушы», А.,1993 348 б

3. Әуезов Әр жылдар ойлары. А.,1959

4.Әуезов Әр жылдар ойлары. А.,1959

5. Дүйсенбаев Ы. Қазақтың лиро – эпосы.  «Ғылым», А.,1973 149б

6. Қасқабасов С.,Әзібаева Б. «Қазақ дастандары»/Кітапта. Бабалар сөзі.

Жүз томдық. Астана. 2014. Т-1. 18-19 б.

7. Сейтжанұлы З. Тарихи эпос. – Алматы, 1997.

8. Қазақ әдебиетінің тарихы І том. Алматы 1960.