Көшекова А. -  ф.ғ.к.

                                                                                  Қалжанова Г. - магистрант

                                                                             Қазақстан, Алматы

                                                                             ҚазМемҚызПУ

 

                  Ауызша әңгіменің фольклорлық сипаты

Ауызша әңгіменің фольклорлық сипатын белгілейтін өзіндік белгілері мен дәстүрі бар. Айталық, әңгімедегі белгілі бір сюжеттің пайда болып, фольклорлық тұтастануы, оның айтылу формасы мен мәнері, өмір сүруі мен таралу жолдары, оған айтушы мен тыңдаушының қатынасы, міне, осылар әңгіме жанрын даралайтын жәйттер. Ауызша әңгіме, өзінің мазмұны мен айтылуы және болмысқа қатысуына байланысты ол хроникалық һәм мемуарлық сипатта болады. Хроникалық әңгіменің негізінде әдетте адамның өзі көрген оқиға немесе бір жайт, яки мәліметтеу мақсатында айтуы мүмкін. Мұндай әңгімелерде арнайы көркемдеу де, бастама да, аяқтама да болмайды. Сон-дықтан мұнда фабулалық сипат аз, сюжет үлкен фабулаға айналмайды.

Ауызша әңгіме көбінесе ситуативті болады да сюжеттің негізгі түйіні ықшамды әрі динамикалық қасиетке ие. Сол себепті ауызша әңгіменің сапасы көп жағдайда айтылып отырған ситуацияға, тыңдаушылардың аз көптігіне де байланысты болады. Мәселен, тыңдаушылары үлкен топ болса, ауызша әңгіме орташа, жай, қызықсыз деректерден ғана тұрмауы мүмкін. Тыңдаушылар үшін маңызы бар жәйттер сөз болса, әңгіме көркем фольклорға тән сұрыпталу заңына бағынады. Мұндай жағдайда әңгіме хроникалықтан гөрі мемуарлыққа жақын болады, тіпті кейде үлкен фабулалық әңгімеге айналып кетуі мүмкін.

Қазақтың тарихи оқиғаларға, әсіресе, тарихи тұлғаларға арналған ауызша әңгімелері өте көп. Оларды аңызға, я болмаса хикаятқа жатқызу қиынырақ, өйткені қазақтар халықтың бұл рухани ескерткішін естеліктер ретінде айтады. Бұл - өздері куә болмаса да жақсы танитын адамдары қатысқан немесе өздерінің жақындарының айтуы бойынша есінде қалған оқиға. Өздерінің айтып отырған әңгімелерінің шын екенін дәлелдеу үшін, әңгімешілер қатысып отырған адамдардың арасындағы диапог сөздерін келтіреді. Сөзіміз дәлелді болу үшін фабуласы ұқсас екі әңгімені алалық. Оның біреуі К.Әзірбаевтың айтуы бойынша жазып алынған, ал екіншісі 1963 жылы И.Баймағанбетов ақсақалдың айтуы бойынша жазылған:

«Бір үлкен тойда бәйгеден алдымен келген күрең атты танып Жәлменде деген жалайыр: - Менің осыдан алты жыл бұрын ұры әкеткен биемнің ішінде кеткен құлыны, - деп ұстапты. Ат иесі: - Өзімнің қол тума атым, күрең биемнен туған төл малым, - дейді. Осыдан екеуі егесіп, ұрыс-төбелес шығады. Жиналған ел үйде жатқан шешен Кебекбайға келеді. Жағдайды естіген Кебекбай: - Кәне, Жәлменде мырза, танығыш болсаң, ана өрістегі бір қора қозыдан, бір қойдан туған егіз қозыны танып алып келші,- депті. Жәлменде атымен желіп барып, қозыларды аралап, екі қозыны ұстап алып келеді. Кебекбай қозыны көгендетіп қояды. Енді осының енесін танып әкел! - деп, оны өрістегі қойға жіберіпті. Жәлменде тағы барып бір саулықты өңгеріп келеді. Қалың елдің көзінше қозы мен қойды қоя бергенде маңырап, табысып кетеді. Кебекбай: - Ат жалайыр Жәлмендеге берілсін, - депті. Халық Кебекбайға риза болады. Аттың иесі әділ билікке көніп, шынын айтады: - Өзім ұры емеспін. Буаз күнінде енесін жылқыма қосып, айдап кетіп едім, күрең төбел құлын содан туған, - депті. Кебекбай жүйрік аттың бәйгесін баққан жігітке бұйырады да, атты Жәлмендеге береді».

«Үлкен бір ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қанша аттың алдынан бір қара жал құла жеке дара озып келіпті. Топтың ішінен бір адам: - Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым, - деп аттың шылбырына жармасады. Атты бәйгіге қосып отырған иесі: - Жоқ, бұл мүлде жала, өзімнің кер биемнен туған қолтума малым, - дейді. Көпшілік шеше алмай Келдібек биге келеді. Екі даугердің сөзін тыңдап, Келдібек те дағдарып отырып қалады. Мұны байқаған жеті жастағы Қазыбек даугерлердің біріне: - Сенің танымпаздығың қандай? - дегенде, тай күнінде жоғалтқан кісі: - Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем, енесін жаза баспай танимын, - дейді. Қазыбек бәйгіге ат қосқан адамнан: - Сіз қалай айырасыз?- деп сұрайды. Ол: - Мен енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын, - дейді. Сонда Қазыбек тұрып: - Жарайды, енді екеуіңіз бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңіздер,-дейді. Олар барып әкелгенде:- Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңіздер, - дейді. Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп, қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа салғанда, енесі еміреніп тұра қалады, қозы бауырына кіріп, еме береді. Қазыбек көпшілікке қарап: - Қане, халайық, бұған сіздер не айтасыздар?- дегенде, көпшілік бір ауыздан: - Ат - тай күнінде жоғалтқан адамдікі екен» деседі.

Халық арасында мұндай әңгімелер көп. Онда бір кейіпкер (көбіне бұл тарихи тұлға) әр түрлі жағдайда көрінеді. Мысалға Қазыбек би Келдібекұлы туралы әңгімелерді алалық. Ол халық есінде атақты би және қазақтар мен қалмақтар арасындағы соғыс кезіндегі елші ретінде сақталып қалды. Қазақтарда ертеден шебер сөз иелерін құрмет тұтып, ардақтаған, сондықтан олар жайында әңгімелер де көп. Мағынасы жағынан бұл әңгімелер бір-бірімен байланысты емес. Бірақ әртүрлі оқиға бір кейіпкердің тұлғасына жинақталып, тұтастанған да әр қайсы жеке әңгіме болып қалыптасқан. Қазақ фольклорында мұндай бір кейіпкер маңына топтасып, фольклорлық циклге түскен әңгіме аз емес.

Халық прозасының кең тараған түрінің бірі - өмірбаяндық ауызша әңгіме.Мұнда әңгімешінің өміріндегі ең бір айтулы оқиғалардың көрінісі бейнеленеді. Өзі туралы айта отырып, әңгімеші өзі қатысқан маңызды оқиғалар мен достарын, жолдастарын еске түсіреді. Болған уақиғалар мен жағдайлар тікелей әңгімешінің қатысы арқылы болады. Мұндай ауызша әңгімелер үйрететін, үлгі боларлық болып келеді. Әңгімені айтушылар-көпті көрген, өмірлік тәжірбиесі мол, тілдік қоры бай, әңгімешіл адамдар.

Өмірбаян шынымен қызықты, тартымды болып, тыңдаушыларға таныс оқиғалар мен жағдайларға толы болса, тек сонда ғана тыңдарман қауым мол болады. Орындаушылар өмірбаяндық әңгіменің барлығын біртіндеп айтып шықпайды, тек тақырыптары бір-бірімен байланысты кей эпизодтарын ғана таңдап алады. Бұл айрықша эпизодтар сюжеттің желісі болып табылады. Кейде әңгімеші бірнеше онжылдықтарды бірақ қамтиды: балалық және жастық шағын, өзі қатысқан маңызды тарихи оқиғаларды, кіммен дос болып, кімдермен жұмыс істегенін еске түсіреді.

Уақыт өткен сайын ауызша әңгімелер халық санасында әр түрлі өзгерістерге ұшырап отырған: кей жерлері жаңадан толықтырылып, кей жері қысқарып қалып, бояуы қоюлана түскен, сөйтіп фольклордың басқа прозалық жанрына көшіп отырған. Осыдан бірнеше жылдар бұрын шыққан әңгіменің кей бөліктері біздің өмірімізге дейін сақталып жетті. Өткенді біліп, зерттеу үшін бұл материалдар аса құнды болып табылады.