Мәңгілік  ел идеясының  арғытүп  негіздері

                         Мейіржан Топашов  ф.ғ.к., доцент

                       Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

      Қазақстан Республикасының президенті Н. Ә. Назарбаев  өзінің  "Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына Жолдауында: "Мен қоғамда "Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?" деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - "Мәңгілік ел" идеясы",[1,6]- деген еді. Шынында да, қазақ елі дербестік  алғаннан бері ұлттық  идея  немесе ұлттық  идеология жөнінде біршама қоғамдық- әлеуметтік ой - пікірлер айтылып  келеді. "Мәңгілік Ел"  ұлттық идея болып жарияланғанымен де, осы идеяның қайдан бастау алатынын, қандай тарихи алғышарттарының бар екендігін және идеяның негіздері қай уақытта, кімдерден бастау алатынын  көпшіліктің білгені жақсы. Сонымен қатар, бұл идеяның еліміздің даму  тарихының   бір кезеңінде  мемлекеттік идеология  ретінде уақыт тезінен, сынынан өткендігін, сөйтіп, осы мезгілге дейін ел санасында тарихи сабақтастықты жалғастырып келе жатқандығын да елдің зерделеп  жүргені  дұрыс.  "Мәнгілік ел" идеясының арғытүп негіздері - түркілік дүниетаным мен оның тарихи  кезеңдердегі  қалыптасу  мұраттарының  мақсат - міндеттерінен  бастау  алатыны  айқын. Тарих  толқынында  түркі  жұрты елдік құрып, талай  күйреп, талай еңсесін түзеді.  Күлтегін  жырлары сол  тарихтың тасқа басылған көркем  шежіресі. Бұл түркі әлемінің тағы  бір серпіліп, тізесін  жазып, өркениетке  бетбұрған тұсы. Сондағы, қайтсек ел боламыз, қайтсек  іргелі  ел, қуатты  мемлекет  боламыз дегендегі тәңірінен  тілек  тілеп, елдікке  ден  қойғанда  көздегені  тәуелсіздік еді. «Түркі қағанаты өз елін "Мәңгілік ел" деп жариялауы  мемлекеттік - саяси мағынасын  толығырақ беріп тұрғаны байқалады  әрі  елбасы  Н.Назарбаевтың қуатты  қоғам, өркенді  мемлекет  туралы толғаныстарымен сабақтастық  желісі  айқын аңғарылады»,[2,26]. Түркі  әлемінде  құбылыс  болған Ж.Баласағұнның « Құтты білігін »  ел болып еңсе  тіктеу жолындағы  қоғамтану, елтану  дастаны  деуге болады. Әйгілі  туындының ой-идеялары ел президенті Н.Назарбаевтың ұсынған мәңгілік ел идеясындағы  аналогиялық толғам, философиялық түйіндер бір өркениеттің, нақтырақ айтқанда, қаймана  қазақтың өмір сүру  ғұрпы  қалыптастырған бір  дүниетанымның жемісі. Екі тұлғаның ел, ел басы, қоғам  туралы ой-толғамдары бір арнада  тоғысып отырады.

    Ұлттық  идеяның алғышарттары хакім Абайдың  рухани әлемін негіздейтін көркем туындыларында да аз емес. Рухани құндылықтарға, ар-ұждан қағидаларына, адамдар мен  табиғатқа  жеке тұлғаның  жалпы қатынасын білдіретін негізгі  таным,  болмаса қоғам  мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған  ортамен  қатынасты реттеудегі негізгі өлшем – Абай  дүниетанымында жатыр. Абай  дүниетанымында тұтас адамзат  әлемінің  үлгісі  сияқты  мәдениет категорияларының  жүйесі көрініс тапқан. Ұлттық рухани  байлықтың  басқа да элементері  осы Абай дүниетанымының  айналасында өрбиді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының кәмелеттену жолының күретамыры  ұлы Абайдың  эстетикалық әлемінде  жатыр. Қазіргі  қазақ еліне Абай  әлемі байырғы  елдік  салтын, мемлекеттік  дәстүрін  сезіндіруімен  қымбат. Рухани - мәдени кеңістігіміздегі  Шәкәрімнің, Мағжанның  дәстүрлі  дүниетанымы «Мәңгілік ел» идеясының авторы Н.Назарбаевтың қоғам, мемлекет, ел тәуелсіздігі, т.б толғаулы ой- пікірлерімен үйлесімділік тауып, ұлттық идеология  дережесінде философоиялық - теориялық  тұрғыдан  үндесіп, тарихи - танымдық мәні өзіндік  дербестігін  қамтамасыз ету қажеттіліктері бойынша  айқындалады. Біз атап өткелі отырған парадигма ұлттық болмысымызды нығайта түсуді, этномәдениетімізді  қайта таразылап, мемлекетіміздің ұлттық сипаттарын өркендетуді  керек  ететіндігі сөзсіз. Ұлттық дүниетанымның терең тамырларына үңіліп, оның  психоәлеуметтік негіздерін ұсынған алаш  қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың еңбектерінде  байырғы  қазақтардың  көркемдік танымына, тыныс- тіршілігіне, елдік салт - санасына жасалған  талдаулардың  түйіндеулері  ел президенті Н.Назарбаевтың  ұсынған «Мәңгілік  ел » идеясының қоғамдық- әлеуметтік  өмір  шындығындағы  нұсқа  екендігі  дәлелденеді. Осыған  орай зерттеу жұмысының  алдына  мынандай  міндеттер  қойылса:

 - Қазақ әдебиетіндегі  көркемдік танымның психологиялық астарына үңіліп, байырғы этникалық  дүниетанымның  тарихи-әлеуметтік  негіздері арқылы  әдеби  даму бағыттарының  дәстүршілдік  пен жаңашылдыққа  негізделген  теориялық  жүйесін  ашу;

 - Көркемдік  танымдағы жеке ұлттық ерекшеліктерді  ажыратып, оның  жалпыадамзаттық  және  ұлттық мәдениеттегі өзгешеліктерін  сараптап, ондағы  мәңгілік  ел  идеясын  зерделеу;

- Қазақ  қаламгерлері шығармаларындағы  ұлттық дүниетанымды тұтас мәдени -әлеуметтік феномен ретінде тани отырып, көркем  туындылардағы  мәңгілік  ел  идеясын  өмірге  қатысты тұрғыдан  зерделеу  және оның  шынайы мағынасы  мен  мәнін  ұғындырудың  мәдени-әдеби  деңгейіне  қол жеткізу;

- Қазақ халқының  сөз өнеріндегі этноархетиптерді ашу  жолындағы  ретроспективтік талдаулар арқылы  « Мәңгілік ел" идеясының бүгінде жаһандану үдерісінде  жасампаз  ұлттық идеяға айналып  отырғанын айқындау;

- Ұлттық  идеяны  халқымыздың  қарапайым дүниетанымдық ұғымдарынан бастай отырып, қалыптасу  кезеңдерін, оның теориялық негіздерін  өркениеттік  өлшемдер  бойынша  әдеби  үрдісте  қарастыру;

   Өкінішке орай, ұлттық  идеяны халқымыздың қарапайым дүниетанымдық ұғымдарынан бастай отырып, қалыптасу кезеңдерін, оның теориялық негіздерін өркениеттік өлшемдер  бойынша даму үрдісінде қарастырған кешенді зерттеулер  күні бүгінге  дейін жоқтың қасы. Осыған байланысты  бұл  идеяның  болашақта  ұзақ мерзімге белгіленген стратегиялық мақсаттарды шешудегі маңызы  мен  мәнін анықтауда  жалпыұлттық және жалпыөркениеттік  деңгейде зерттеулер жүргізу  қажет.  "Мәңгілік ел" идеясының теориялық  негіздерін анықтау, әлеуметтік алғышарттарын нақтылау, қалыптасу кезеңдерін тарихи сабақтастықта қарастыра отырып, бүгінде тәуелсіз қазақ елінің ұлттық идеясына  айналуын  зерделеу  күн  тәртібіндегі  өзекті  мәселе  болуы  тиіс.

 Пайдаланылған  әдебиеттер тізімі

1.Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» Стратегиясы  қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси  бағыты»  Қазақстан  халқына  жолдауы. 14.12.2012.

2.Д.Кішібеков Біздің идеологиямыз қандай болу керек? // Халық  кеңесі.-1995,7.10.

 

.