Филол.ғ.к., доцент Қайырбекова Ұ.С.

                              Оқытушы Амангелдиева Г.С.

 

Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті

 

Ұлттық тұлға – тіл – мәдениет

 

        Әрбір ұлттық тілдің өзіне ғана тән лингвомәдени бірліктері мен ерекше құралдары болады. Олар терең ұлттық сипатпен және бірқатар сөзжасамдық құрылымдар арсеналымен, сондай-ақ коннотативтік-экспрессивтік бояулар диапазонымен ерекшеленеді. Лингвомәдени бірліктердің ұлттық-мәдени ерекшелігі, ең алдымен, мәдиниеттанымдық факторлармен айқындалады: табиғи, мәдени-тарихи, әлеуметтік-экономикалық және т.б.

Лингвокогнитивтік, лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің мазмұны белгілі бір халықтың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымының тілде таңбалануын қарастырудан тұрады. Сонымен бірге халықтың ділі де миллиондаған адамдар мінез-құлқының психологиялық детерминанты, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің инварианты ретінде осы тіл білімі салаларының зерттеу нысаны болып табылады. Бір нәрсеге ат беру әр халықтың мәдениетінің, тілінің ерекшелігін білдіреді. Кейбір заттардың тарихи-мәдени потенциалы айқын, кейбіреулері солғын болуы мүмкін. Бірақ әр халықтың мәдениетімен, тарихымен, байланыссыз қойылған атаулар болуы мүмкін емес. Тіл – таңбалар жүйесі. Семиотикада таңба – қоршаған ортадағы кейбір заттардың атауы, яғни түрлі символикалық құралдар жүйесі адамға таным процесі барысында жинақталған сыртқы әлемнің үлгілері деп қарастырылады. Тілдік таңба қоғам қажеттігінен туған,  жүйелілік сипаты бар, белгілі мақсатқа сай қоғамның әрбір мүшесі саналы түрде қолдана алатын сигналдық қана емес, сингификаттық та қызмет атқара алатын, шындық өмірдің қорытылған бейнесін жинақтай алатын құрал.

Лингвомәдениеттану термині соңғы он – он бес жылдан бұрын В.Н.Телия басқарған фразеологиялық мектеп жұмыстарының негізінде пайда болғаны белгілі. Бұл ғылым саласының қалыптасуына С.Г.Воркачев, В.В.Воробьев, В.В.Красных, В.А.Маслова және т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері негіз болды [1;2;3;4]. В.А.Маслованың анықтамасы бойынша «лингвомәдениеттану – тілде көрініс беретін халық мәдениетінің сипатын зерттейтін лингвистика мен мәдениеттану байланысы негізінде пайда болған тіл білімінің саласы» болса [4,9б.], лингвомәдениеттану саласының зерттеушісі В.В.Красныхтың пікірінше: «лингвомәдениеттанудың міндеті ғаламның ұлттық бейнесін, тілдік сананы, ділдік-лингвальдік кешен ерекшеліктерін зерттеу болып табылады» [3, 12 б.]. Сондықтан да бұл ғылым саласының міндеттеріне тіл мен мәдениеттің, тіл мен этностың, тіл мен халық ділінің өзара қарым-қатынасын зерттеу жатқызылады.

Зерттеушілердің пікірінше, кез келген тілде үш түрлі белгілер жиынтығын айқындауға болады:

1)        Әлем тілдерінің барлығында кезедесетін әмбебап таңбалар;

2)         Белгілі бір тілді басқа бір тілдермен байланыстырып, жақындастыратын белгілір – фреквенталиялар (бір топ тілдерге ортақ белгілір жиынтығы);

3)         Белгілі бір тілге ғана тән белгілір жиынтығы – уникалиялар.

Сол себепті де лингвомәдениеттану саласының орталық үштағаны «тіл – ұлт (ұлттық тұлға) – мәдениет» ұғымдарынан құралады. Біздің түсінігіміз бойынша, мәдениет:

а) адам өмірін ұйымдастырушы қоғамдық құбылыстардың ерекше түрі;

ә) ұлттық тұлғаға оның ішкі рухани әлеміне қатысты көзқарас;

б) ұлттық тұлғаның заттық және рухани құндылықтар өндірісіндегі шығармашылық қызметінің әдіс-тәсілдерінің жиынтығы;

в) материалдық және рухани құндылықтарды пайдалану және тең етіп бөлудің амалы;

г) адамзаттың дамуына үдемелі ықпал ететін қоғамдық қарым-қатынасты ұйымдастыру саласындағы жетістіктер және т.б.

Біздің бұл пікірімізді Э.Сепирдің мына айтқан ойы құптай түседі: «Мәдениетті сол қоғамның не ойлап, қандай қызмет атқаруымен сипаттауға болады. Ал тіл дегеніміз қалай ойлайды дегенмен ұштасады» [5, 171 б.]. «Ұлттық тұлға – тіл – мәдениет» үштағанының арасындағы қатынастар өзінің аса күрделілігімен ерекшеленеді. Өйткені олар ұлттық-психологиялық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени тәжірибе, дүниетаным мен ұлттық қабылдау және рухани болмыс өлшемдері мен ұғымдарынан тұрады. Себебі кез келген халықтың ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс тауып, халық танымы мен дүниеге деген көзқарасы тілінде түйінделеді.

«Ұлттық тұлға – тіл – мәдениет (материалдық және рухани құндылықтар жүйесі)» бір-бірімен тығыз байланысты ажыратылмас құрылым ретінде бір-бірінің мазмұны мен мағынасын айқындаудың, танып білудің негізгі үлгісі болып табылады. Қазіргі таңда семиотика саласының дамуы таңбалық жүйелерді зерттеудің төрт деңгейі мен аспектісі бойныша сипатталады:

1)             Синтактика (таңбалар арасындағы қатынас пен оларды қолдану тәсілдерін зерттейді);

2)      Семантика (таңба мазмұны мен мән-мағынасын қарастырады);

3)                  Прагматика (таңбалар жүйесі мен олардағы ақпаратты қолданушы мен қабылдаушы арасындағы қарым-қатынасты сипаттайды);

4)                  Сигматика (тілдік таңбаның мағынасын зерттеуімен қатар бір затқа немесе құбылысқа атау болу, яғни таңбалаушы қызметін де атқарады. Сондықтан сигматика саласының негізгі зерттеу нысаны – заттық-ұғымдық, тілден тыс дүние құбылыстары немесе  тілдік және тілдік емес негіздер бірлігі ретінде көрініс беретін мәдениет нысандарын талдау). Лингвомәдени бірлік – күрделі де, кешенді де тілдік бірлік болып табылады. Яғни ол лингвистикалық және экстралингвистикалық мазмұндардың диалектикалық тұтастығынан құралатын таңба ретінде сипатталады: тілдік бірлік: таңба → мағына → ұғым; лингвомәдени бірлік:  таңба → мағына → ұғым → зат. Алғашқысының аясы тек тілмен ғана шектелсе, екіншісі тілден тыс, яғни ақиқат шындықпен тығыз байланыста болып келеді.

Мәселен, өзге тілді, қазақ мәдениетімен таныс емес адам  «Қой аузынан шөп алмайтын» тұрақты тіркесінің мағынасын ұғынуда тек тілдік мазмұнмен ғана шектеледі: «Қой аузынан шөп алмайтын – өте момын, жуас». Бұдан өзге тіл, мәдениет өкілінің санасында қазақ лингвомәдени бірлігінің мазмұны толық қалыптасты деуге болмайды. Оның толық қалыптасуы тікелей қосымша ақпарат алумен байланысты жүзеге асырылады. Академик Ә.Қайдар «Тысяча метких и образных выражений» атты сөздігінде аталмыш фразеологизмге төмендегідей анықтама береді: «досл. «не берущий траву даже изо рта овцы» образован на основе представления скотоводов о том, что самым робким, покорным и неприхотливым домашним животным является, считается овца, что отмечено и в ряде других устойчивых выражений: қойдан қоңыр (қар); қонақ қойдан жуас, май берсең жей береді; қой бақтым қоңырау тақтым и др. «Чрезмерная застенчивость, робкость человека здесь не только сравнивается с податливастью, неприхотливостью овцы вообше, а и усиливается еще тем, что этот человек не смеет даже взять травинку изо рта у покорной овцы. Своеобразная манера поэтической гипербализации здесь налицо, что и послужило семантическим стержнем образования и функционирования данного фразеологизма в языке» [6, Б.214-215].

Лингвомәдени бірліктердің құрылымдары әр алуан болып келеді: жалқы сөзден біртұтас мәтінге дейін. Лингвомәдени бірліткредің құрылымдық және семантикалық топтарының ең маңызды да күрделі де жиынтығын құрайтыны – тұрақты теңеулер. Әлемдегі тіршіліктің бар саласын қамтитын ұлттың өзіне ғана тән көркем сөз орамдары оның ішінде адам сипаттамасына қатысты теңеулер тілімізде молынан кездеседі:

1. Сыртқы келбеті, түр-сипаты: алма мойын, аршын төс; айбаты арыстанға ұқсау; аю секілді тұп-тұтас, күдіс; апанынан ата жөнелген қасқырға ұқсау; қасқырша күдірею; қасқырша қарау; шойырылған қасқырша шоңқию және т.б.;

2. Адамның әл-қуаты: қанден итше үру; қасқырша басып қалу; қасқырша қабысу; қоянша қорқу;  қоянша бұғу және т.б.;

3. Физиологиялық жағдайы: адасқан күшік секілді; арс еткен төбетше; итше жағыну; итше қыңсу; итше салпақтау; қабаған итше өшігу; үйден үрген итке ұқсау; көтерем малша дәрменсіз; қасқырша тіміскілеу; қасқырша ішіп жеу; шаптарын жалап қыңсылаған аш қасқырша; есі ауған киікше мәңгіру; арсыз айуандарша қарау және т.б.;

4. Физикалық іс-әрекеті: мысықша бұғу; мысықша ойнау; ұры мысықтай көзінше жылтылдауиттің ырылдауы секілді; итше қуу; итше үру; құтырған итше қабу; жолбарысша жұлыну; ін аузындағы суырша сілею; аяғын ор киікше басу және т.б.;

5. Қозғалысы – қимылсыздығы:   аяғын мысықша басу; аяғын мысықша ұрлап басу; итше ертіп жүру; итше қашып жүру; ; бұралқы итше; бұралқы итше ертіп жіберу; итше тоңқиып отыру; қасқырша алысу; қасқырша орғу; қасқырша шабу; киікше зымырау; құлынша ойнау және т.б.;

6. Мінез-құлқы: есектен де жуас; қасқырша өз күшігін өзі жеу; түлкіше құйрығын шалдыру; борсықша сору; масаша қан сору; балаша алдау; балаша мәз болу; балаша сену; балаша таңырқау; балаша ұялу; балаша илану және т.б.;

7. Адамдардың өзара қарым-қатынастары: ит көрген мысықша тіксіну; иттің етінен жек көру; итше қырқысу; итше ырылдау және т.б.;

8. Ақыл-ой қабілеті: құйрықты жұлдыз секілді және т.б.;

Кез келген халықтың ділі, тілі мен мәдениетінің байланысы тұрақты теңеулерінде айқын көрініс табады. Алайда тілдің бұл феноменін кешенді лингвомәдениеттанымдық, когнитивтік, психологиялық, философиялық зерттеусіз айқындау мүмкін емес. Яғни әрбір ұлттық лингвомәдени бірлік концептуалдық талдауды қажет ететіні сөзсіз.

Қай тілде болмасын тұрақты теңеулердің жалпы тіл жүйесінде көрініс беруі, олар білдіретін мағыналардың сәйкестігінен фразеологизмдер мен сөздер бірінің орнына бірі жүре алатындығы тілдік құралдардың аса молдығының дәлелі деуге болмайды.

Сонымен, тұрақты теңеулер әр халықтың өзіне тән мәдениетін, мінез-құлқын, көңіл-күйін, ұлттық дүниетанымын білдіретін, айқындайтын тілдік бірліктер болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Воркачев С.Г. Лингвокультурология, языковая личность, концепт: становление антропоцентрической парадигмы в языкознании // Вопросы языкознания, №1, 2001. – С.64-72.

2.  Воробьев В.В. Лингвокультурология (теория и методы): Монография. – М.: Изд-во РУДН, 1997. – 331 с.

3.  Красных В.В. Этнопсихолингвистика и лингвокультурология: Курс лекций. – М.: ИТДГК «Гнозис», 2002. – 284 с.

 

4.  Лингвокультурология. Учебное пособие. М.:Искусство, 2001. – 208 с.

5.Сепир Э. Язык. Введение в изучение речи (Пер. с англ. А.М.Сухотина). М., Л., 1934. – 223 с.

6.  Кайдар А. Тысяча метких и образных выражений: (казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями). – Астана: ТОО «Білге», 2003.- 368 с.

7. Гайдукова В. К вопросу о логическом анализе языка (на примере концептосферического поля власти) .