Сыр бойының сардары – Қомшабай Сүйеніш

Сағынған Назерке Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің студенті

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің магистр-оқытушысы

«Сыйынарым қазақтың қара өлеңі, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» деп ақиық ақын Мұқағали атамыз жырлап өткендей, Қомшабай Сүйеніш те қуанышы мен өкінішін, аңсары мен мұңын, сағынышы мен шерін бір жол, бір шумақ өлеңге сыйғыза білген  киелі поэзияның көрнекті өкілі деп айтсақ қате емес. Қазақтың Қомшабайы – халықтың маңдайына біткен сый. Әр кезеңнің ғасырға бергісіз біртуар адамы болады. Алла Тағала жаратқан пендесіне туып-өскен жеріне, табиғатына сай мінез дарытатын болса керек. Ақындық пен жазушылықты қатар ұстап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Қомшабай аға ерен жырын халқына арнады. Сыр топырағында дүниеге келіп, дәлірек айтсақ Жалағаш өңірінің тумасы, бірегей ақын, қазақ сөз өнерінің майталманы, алаш сыйлығының иегері Қомшабай Сүйеніш тек қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосып қоймай, сонымен қатар Сыр бойы ақын-жазушыларына ақыл айтар аға, сертке берік дос бола білген. Ақын аға көзден кетсе де, көңілден еш кетпейтіні хақ...

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлы айтқандай,  «Иісі Сыр бойындағы үлкенді-кішілі тұтас ақын-жазушылардың арасынан айрықша бір ақынның басқаларға мүлдем маңайламайтын текті табиғатына әлі күнге дейін қайран қалумен келемін. Ол – Қомшабай Есіркепұлы Сүйеніш». Менің қолыма тиген ақын ағаның «Сая таппай, сай таппай», «Гөй-гөй», «Һәм жабықтым, һәм қамықтым» жыр жинақтарынан байқағаным, ақын шығармашылығының өзегі қарапайым өмірдің қалтарысын ашып, буырқанған көңілдің боямасыз қалпын бейнелейді. Жалған тірлікте көзімен көрген пенделік пиғыл, жанталасқан әрекеттер оның жанына батып, көңіл пернесі күйзеле жыр жазады. Бұдан аңғаратынымыз, дана ақынның парасат төріндегі жан болғандығы. 

Тұманбай Молдағалиев сөзімен айтсақ, ақын өлеңдері «шын тебіреністен, шын күйзелістен, шын шабыттан, шын қуаныштан, шын сағыныштан туған». Ендеше, ақынның шығармашылығына назар аударсақ.

Ақынның тұрмыс мәні, қоғам шындығытурасындағы көзқарасы «Қилы заман» өлеңінен кеңінен көрінеді:

Шыр айналды дүние, шыр айналды,

Шағынатын жалғыз-ақ құдай қалды.

...Ессіз заман еріксіз туғызатын,

Жаны шерлі сарнауық «жылайманды... [1, 41б.]

Абыз ақын тұрмыс қиыншылығын, адамдардың пейілінің тарлығын, басшылыққа наразылығын, қоғам шындығын осы өлеңі арқылы тұтастай табиғатын, болмысын ашады.

Жастардың қанындағы ұлттық рухты күшейту, отаншылдық сезімін арттыру - Қомшабай поэзиясының құдіреттілігі деп білемін. Бұл тұста Бауыржан Момышұлы атамыздың, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзін айтып өтпесек болмайды. Оның Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сезімі оның өлеңдерінде айқын көрініс тапқан:

Отаным дедім,

Отыңа түстім,

Өртендім,

Пәрмене болып пұшпағы күйсе көрпеңнің.

Бимәлім мүлдем бақытың үшін бір жұтым,

Сор жұттым қанша,

Қаншама мәрте дерт емдім! -[3, 116 б.]

Қандай тақырыпқа қалам сермесе де, жеткізе жырлайтын зор талант иесі Қомшабай аға махаббат мәселесін де үлкен шеберлікпен жыр етті. Өмір шындығына табанын нық тірей отырып, жырларына ғашықтардың ішкі сезім дүниесін дәл бейнелейтін сөздер қосады.

            Сүйе білген пендеге,

Ғашықтық дерт,

Дауа да.

Дарымайды ем неге,

Обал да,

Әрі сауап, ә? -[2, 314 б.]

Ақынның шығармашылығында достық тақырыбы да шет қалмаған. «Айтулы достың малы бір, кемедегінің жаны бір», «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген халық мақал-мәтелдерінің астарында терең ой жатыр. Адам баласының достық пейілі, көркем мінезі бауырымен, досымен тату болуға, достық сертке берік болуғашақырады.Сондай-ақ, Қомшабай ағаның да досын мақтап, достықты қадір тұтатын, дұшпанын даттап, келеке қылатын өлеңдері де аз емес.

Дос айтады «үріп ішіп үйрен» деп,

Дұшпан теріс айналады күйбеңдеп.

Кім біледі, тілді тістеп күн кешсем,

Әлдеқашан алар ма едім күйді өңдеп -[1, 5 б.]

Бұл тақырыпта жазылған қайсыбір өлеңін алып қарасаң да, достықтың өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық, асыл қазына, достықтың сақтаушысы –адалдық пен шынайылық екендігін айқындап  тұрғандай. Қомшабай ағаның шығармашылығымен танысу барысында, жазған жырларынан, ғасырға бергісіз асыл дүниелерінен өзіме рухани азық алдым. Достық тақырыбына қалам сермеп, бұл сөздің қандай қасиетті ұғымекенін дүйім жұртқа өзінің өлеңдерімен өрнектеп жеткізе білді.

            Айрылмастай досыңа,

            Қайрылмастай сөз айттың-ау, азамат –

            Опасыздық осы да.

Өкінерсің артынан,

Енді қайтып саған ондай дос қайда –

Бөліп жейтін жарты нан?!-[1, 163 б.]

Қомшабай Есіркепұлының поэзиясы – өткір ойдың, отты сезімнің поэзиясы. Ол сөз өнерінің барлық қырын жасындай жарқылдатып, оттай лапылдатып, өрттей жандырып, өз дегеніне көндіріп меңгерген ақын. Өзінің өмір жолында мол мұра қалдырған ол – қазақ халық позиясы аталатын алтын сарайдың берік бір іргетасы, биік бір діңгегі іспеттес.

Туған жерін, елін жырына қоспаған ақын жоқ та шығар, сірә. Мұқағали қазақтың даласы қандай кең, таулары қандай биік болса, азаматтық келбетінің туған тауындай биіктігін жырлап өтсе, Қомшабай Есіркепұлы өзінің туып өскен Сыр өңірін жырына қосып, туған жеріне деген махаббатын өлеңдерімен өрнектеген.

Сағынғанда иіскерсің, жіберейін,

Жоқ қой басқа тәуетіп, шоқынарың.

Жіберейін,

Жүрерсің бойтұмар ғып,

Туған жердің бір уыс топырағын...-[3, 57 б.]

Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі».

Пенде болып жаратылған соң, адам өмірінде көптеген келеңсіз оқиғаларға тап болады. Соған дәлел, адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынасқа сызат түсіп, арақатынастың үзілуі. Өкпе, ренішке бой алмай, кез келген мәселені сабырмен шеше білу керек. Адам мінезінің аса бір көркем түрі – сабырлық. Бұл айтылған ой Қомшабай ағаның «Сабыр түбі – сары алтын» өлеңінен көрініс тапқан.

            Сарғайса санаң сарғайсын,

«Сабыр түбі – сары алтын».

Үзілген жібін жалғайсың,

Үміттің күтіп тағы артын...-[3, 291 б.]

Сыр өңірінің мақтанышы Қомшабай Сүйеніштің ақындығы түпсіз терең мұхитпен тең десек, қателеспеген болар едік. Ақын шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай өркендеп, келешек ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Сүйеніш Есіркепұлы Қ. Гөй-Гөй: жыр кітабы – Алматы: Қайнар, 1996-240б.

2.      Сүйеніш Қ. Һәм жабықтым, һәм қамықтым (жыр кітабы) – Алматы: «Үш Қиян», 2003-344 б.

3.      Сүйенішов Қомшабай Сая таппай, сай таппай: Жыр кітабы-Алматы: Жазушы, 1993-296 б.