ЖАСТАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДА  ҚОРҒАУ, БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢАША ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Дауренбекова С.Н. аға оқытушы

Махашева Ж.А. аға оқытушы

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті, Тараз қаласы 

 

ХХI ғасыр табалдырығында тұрған адамзат дамуының жаңа кезеңі – білім беру прогрестің ең маңызды факторларының бірі болып саналатын кезеңге келіп жетті.

            Қазақстан Республикасында инновация ұғымын пайдалану соңғы он жылдыққа жатады. Ең алғаш “инновация” ұғымы қазақ тілінде анықтаған ғалым профессор Немеребай Нұрахметов. Ол “Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі” – деген анықтаманы ұсынды.

“Инновация” термині ғылымға ХIХ ғасырда антропология және этнография арқылы еніп, “дәстүр” терминіне антоним ретінде мәдениет саласындағы өзгерістерді зерттеу үдерісінде қолдана бастады және өзгеше мәдениетке өту барысындағы жаңалық ендіру деп танылды. Инновация ұғымы мәдени өзгерісінің эволюционистік жазықтығының орнын басты. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Батыста әлеуметтік ғылымдар саласында айтулы өзгерістер орын алды, инновация қалыптасқан жүйенің нормадан ауытқуы ретінде көрініс тауып, жаңалықтың шығу көзі ретінде таныла бастады. Ал экономика ғылымында ХХ ғасырдың басында-ақ “инновация” ұғымы ендіріліп, бар элементтердің жаңа комбинациясы ретінде қалыптастырылып, халық шаруашылығында, адам өмірінде, тұрмыста «пайда табудың« көзі ретінде саналып, циклдік дағдарысты жеңудің негізгі құралы деп қарастырылды.

Педагогикалық инновация мәселесін жан-жақты талқылап зерттеушілердің бірі – югославиялық  педагог-ғалым К.Ангеловски. Зерттеуші мұғалімнің жаңашылдығына қандай әлеуметтік факторлар әсер етеді, жаңашылдыққа мұғалімдердің көзқарасы қандай, оның мұндай іс-әрекетке қатысуы немен белгіленеді деген сұрақтарға жауап іздейді. Ғалым  «Учителя и инновации» деген еңбегінде инновация термині экономика немесе техника ғылымдарынан педагогика саласына келуі мүмкін, бірақ бұл терминнің нақты қайдан алынғанын анықтау аса маңызды емес дей отырып, инновацияға жақын туыстас ұғымдарға тоқталады.

Инновация мәселелерімен айналысып жүрген бірқатар ғалымдардың еңбектерін, жазған анықтамаларын қарастырып, талдай келе бұл ұғым белгілі уақыт арасында жаңашыл идеяны қайта қарау, жаңалау дегенді білдіреді.

Инновациялар классификациясы негізінде білім беру мекемелердің қызметіндегі туындайтын саналы педагогикалық ой-идея жүйесі жатыр.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмекетеседі.

Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыруда, кәсіби шеберлігін арттыруда мұғалімнің өз жұмысына өзіндік кәсіби талдауы үлкен рөл атқарады:

·        Мұғалімнің оқушы  білім сапасының мониторингісін жасауы, өз іс-тәжірибесіндегі дидактикалық қиындықтарды, кемшіліктерді көре алуы және оны болдырмаудың алдын алу шараларын белгілеуіне көмектеседі;

·        Мұғалім өз жұмысына сын көзбен қарауды үйренеді, өз жұмысын, педагогикалық іс-әрекетін өзі талдауды үйреніп, өзіне-өзі баға береді;

·        Жоғары кәсіби деңгейі қалыптасқан шебер-мұғалім өзінің төл инновациялық педагогикалық технологиясын ұсынуы мүмкін.

Қосымшада мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттырудағы инновациялық іс-шаралардың үлгі-жоспарлары берілді.

            Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегі алғы шарттар қажет:

·        оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу;

·        оқушылардың сабақтастылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми-әдістемелік, оқыту-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау;

·        жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, пәндік білім стандартымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы оқушыларға білімді  мемлекеттік стандарт  деңгейінде игертуге қол жеткізу;

·        оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу.

Кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарлылығы, дүние жүзілік  қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапалылығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Экономикалық жоғары дамыған елдердің тәжірибесі білім беру тәжірибесі білім беру жүйесін  ақпараттандыру экономика, ғылым және мәдениеттің қарқынды дамуының негізгі кілті екендігін көрсетіп отыр. Ендеше қазіргі заманның ақпараттық және телекоммуникациялық технологиясын игеру міндетіміз. Ол үшін болашақ мұғалімдерді даярлауға жоғары оқу орындары төмендегідей жұмыстар атқаруға тиісті:

1) Болашақ мұғалімдерді  ақпаратты қоғам жағдайында оқып білім алуға, өмір сүруге бейімдеу:

2) Жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияға бейімделген білім берудің ғылыми-әдістемелік базасын жасау, білім саласын басқарудың жаңа формалары мен әдістерін пайдалана отырып жоғары білім беру жүйесін жаңарту;

3) Дүниежүзілік ақпараттық білім кеңістігіне орта білім беру мен жоғары білім беру жүйесін сәйкестендіре отырып кіріктіру;

4) Білім берудің иллюстративтік түсіндірмелі жүйесінен дамыта оқыту жүйесінен дамыта оқыту жүйесіне көшу. Оқыту үрдісінде оқушы шығармашылығына негізделген оқыту әдістерін пайдалануға түбегейлі көшу.

Қазіргі кезеңде психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде «технология» ұғымы кеңінен пайдаланыла бастады. Бұл термин өмірге компьютерлік техниканың келуімен және білім беру саласында жаңа компьютерлік технологияның енуімен сипатталады. Ғылымда дамудың жаңа бағыты – технологиялық бағыт өмірге келді. Ғылымдағы осы технологиялық бағыттың пайда болуы және оның педагогикада тереңірек зерттеле басталуы кездейсоқтық емес. Себебі педагогика ғылымы ежелден-ақ білім-беру, тәрбиелеу, оқыту саласындағы ең тиімді әдіс-тәсілдерді табуға, оны өмірде пайдалануға, жоғары нәтиже алуға талпынады, оқытудың жаңа формалары мен әдістерін табуға ұмтылады.

«Технология» сөзі грек тілінен енген және 2 сөз тіркесінен құралған:

·        «techne» - өнер, шеберлік, іскерлік дегенді білдірсе;

·        «logos» - ғылым, ілім дегенді білдіреді және «өнер туралы ілім» немесе «шеберлік туралы ілім». 

Педагогикалық технология – практикада іске асырылатын педагогикалық жүйенің жобасы.

Ал, педагогикалық жүйе дегеніміз – белгілі бір қабілеті бар дара тұлғаны қалыптастыруға бағытталған педагогикалық әсерді ұйымдастыруға қажет құралдар, әдістер мен тәсілдердің өзара байланысқан бірлігі. Оқыту технологиясы – оқытудың тиімді жолдарын зерттейді, ғылымда оқыту процесінде қолданылатын әдістер, тәсілдер мен қағидалар. Ол оқыту процесінде нақты жүйе қызметін атқарады.

Педагогикалық технология құрылымы :

1. Концептуалдық негізі.

2. Мазмұндық бөлігі:

·        жалпы оқыту мақсаты;

·        нақты оқыту материалдық мазмұны.

3. Процесуалды бөлігі – технологиялық процесс:

·        оқыту процесін ұйымдастыру;

·        оқушының оқу әрекетінің әдістері мен түрлері;

·        ұстаздың оқу материалын меңгеру процесін басқару әрекеті;

·        оқу процесін диагностикалау

Педагогикалық технологияның даму көзі мен құрамдас бөліктері болып:

·        әлеуметтік өзгеріс және педагогикалық жаңаша ойлау;

·        педагогика, психология, қоғамдық ғылымдар;

·        отандық, шетелдік тәжірибелер, ескі мен жаңа;

·        этнопедагогика болып табылады.

Педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің міндеті жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, жаңа технология бойынша әдістемелік жүйенің басты бөлігі оқыту мақсаты болып табылады. Сондықтан танымдылық іс-әрекеті белгілі бір дәрежеде белсендірілуі қажет. Бұл әдістемелік жүйенің басқа бөліктерінің де (мазмұн, әдіс, оқыту түрі мен құралдарының) өзара байланысы қалпында өзгертілуін талап етеді. Мұны орындау үшін төмендегідей ұстанымдар жүзеге асуы тиіс.

1.      Оқушылардың өзіндік іздену іс-әрекетінің әдістерін меңгеру талап етіледі. Өйткені бұл әдістердің күнделікті пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Яғни жаңа жағдайдағы  “оқыту әдістемесі” деп отырғанымыз: “оқушы - мұғалім” ұстанымының өзара тығыз байланыстылығы. Демек, мұнда бірінші орында оқушы тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.

2.      Жаңаша оқытудың негізгі түрлері: оқытудың дербес және топтық түрлері болып табылады. Бұл жерде алға қойылатын басты мақсат – оқушыға деген сенім, оның өз ісіне жауап беру мүмкіндігіне сүйеніп беделі мен қадір-қасиет сезімін дамыту. Ал оқытудың фронталды түрі, көбінесе, бағыт беру, талқылау және түзету енгізуде ғана пайдаланылады.

3.      Жаңа технологияның мақсаты бойынша  “оқытуды ізгілендіру ” қажет. Бұл үшін оқу құралдары оқушылардың өздігінен танымдық іс-әрекетін жүргізе алатындай болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан оқушылардың өз бетімен білім алуына аса бейімделген жаңа типтегі оқулықтар керек-ақ.

Жаңа педагогикалық  технологиялар арқылы оқытуды ізгілендіру мен демократиландыруға  оқушылардың өздігінен бағыт-бағдарын анықтап, дамуына, ең бастысы, өзін-өзі тәрбиелей алатын тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасауға болатыны күмәнсіз. Сондықтан да білім беру жүйесінің алдында тұрған басты мақсат : жаңа технологияның талаптарына сай жаңа оқулықтар буынын жазу болып отыр.

Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды.

Жеке тұлғаның өзін-өзі дамыту технологиясында оқу пәндері әдістемелері мен білім беру технологияларын жоспарлау жүйесі қолданылады.

Еліміздің болашағы, көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі білім беру саласындағы проблема – әлеуметтік педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан, білім маөмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру, оларды жүзеге асыра алатын мұғалімдерді даярлау.

Мұғалімдерді даярлау қай уақытта да ең өзекті мәселелер қатарына кіретіні белгілі. Олай болатыны, қоғамның әлеуметтік-экономикалық міндеттері заманына сай өзгерістерге ұшырап, өскелең ұрпақты соған лайықтап өмірге бейімдеудің жаңа талаптары туындап отырады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

1.      Б88 Ұстаздық шеберлік. Оқу-әдістемелік құралы/К.Ж.Бұзаубақова – Тараз: ЖК «Байтелиев Е.», 2009 – 130 б.88- бет

2.      Б88 К.Ж.Бұзаубақова, Ж.Т.Сарыбекова  Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту: жаңа стандарт, бағдарлама және технологиялар. Оқу-әдістемелік құрал / К.Ж.Бұзаубақова,  Ж.Т.Сарыбекова . – Тараз, 2011.-254 бет

3.      К.Ж.Бұзаубақова Жаңа педагогикалық технология. Оқу құралы. Жазушы, 2004. – 208 бет.