Экономические науки

МҰСТАФАЕВ Қ.С.

«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты

 ҚАСЫМОВА С.Б.

«Қаржы» кафедрасының оқытушысы, экономика магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕС САЛАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ НӘТИЖЕЛЕРІН БАҒАЛАУ

 

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап елімізде бизнестің дамуына, жалпы экономика ауқымында кәсіпкерлер шығаратын өнімдердің ұлғаюына тиісінше назар аударылып, мемлекет тарапынан жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіліп келеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес 2010 жылдан бастап үкімет «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарлама белсенді іске асырылуда, ол ілеспе Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы ретінде жалпы кәсіпкерлердің арасында табысты және сұранысқа ие болды.

Ресми деректерге сүйенсек, «Бизнес­тің жол картасы-2020» шеңберінде қазір­дің өзінде 2,2 мыңнан астам жоба субси­дия­лауға қолдау алды, 335 кәсіпорын үшін инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. 30 мыңнан астам кәсіпкерлер нақты қолдау алды. Түрлі кездесулер, кеңесулер ме басқосулар нәтижесінде бағдарламаға толықтырулар қабылданды, ол арқылы алғаш рет жаңа бастаған кәсіпкерлерге 3 млн. теңгеге дейін гранттар беріледі, лизингтік мәмілелер субсидияланады, несиелерді кепілдендірудің жаңа жүйесі жүзеге асырылады. Ірі қарыз алушылардың несиелері бойынша 60-тан 750 млн. теңгеге дейін, 750 млн.-нан 4,5 млрд. теңгеге дейін, сыртқы сарапшы ұйымдарды тарта отырып, жұмыс істеп тұрғандар үшін (несиелер бойынша 60 млн. теңгеге дейін) және жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін (сомасы 20 млн. теңгеге дейін, бұл ретте кепілдіктердің ең жоғары мөлшері несиенің 70%-ын құрайтын болады) дербес кепілдіктер енгізілді.

ҚР Экономикалық даму және сау­да министрлігінің мәліметтеріне сүй­ен­сек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы бойынша жаңа бизнес-бас­тамаларды, экспортқа бейімделген өн­ді­рісті қолдау және кәсіпкерлік сектор­ды сауықтыру шеңберінде жалпы несие сомасы 585,387 млрд теңге болатын субсидияланған 2093 жоба мақұлданған. Оның ішінде бизнес-бастамаларды мақұлдау бойынша 1714 жоба, бизнес секторды сауықтыру бойынша – 223 жоба, экспортқа бейімделген өндірісті қолдау бойынша – 156 жоба мақұлданған. Мақұлданған жобалар саны бойынша Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы қатарда екенін айта кету қажет. Несие қоржыны бойынша мақұлданған жобалар саны жағынан Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орындарда.

Шарт бойынша бағдарламаны жү­зеге асыру төрт бағыт бойынша жүр­гі­зі­леді: жаңа бизнес-бастамаларды қол­дау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экс­порт­қа бағдарланған өндірістерді қолдау, кәсіпкерлік әлеуетті күшейту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерге, бірінші кезекте Кеден одағы елдерінен инвестициялар тарту бөлігінде «Бизнестің жол картасы-2020»-ның бесінші бағыты әзірленуде. Агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет, әлеуметтік сала бағдарламаға ықтимал қатысушылар үшін экономиканың басымдықты секторлары болып табылады.

«БЖК-2020» – бұл біздің еліміздегі іс­керлік белсенділікті ынталандырудың нақ­ты жолдары көрініс тапқан құрал. Үкімет отандық бизнестің өзінің дағдарыстан кей­інгі алға басуында «тың» күштер алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бағдарлама жүзеге асырылған үш жыл ішінде барлығы 136 мың жұмыс орнына қол­дау көрсетілді, 31 мың жұмыс орындары құрылды және 8 мың жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр .

Жалпы, қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының қолдау шараларымен шамамен 30 мың кәсіпкерлер қамтылды.

 Шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылық қолдау шаралары да кезең-кезеңмен жұмысын бастап кетті.

2012 жылғы 2 шілдедегі жағдайы бойынша Бағдарламаның барлық 3 бағыты бойынша субсидиялауға жалпы кредит құны 503,06 млрд. теңге болатын 1603 жоба мақұлданды.

- 1-ші бағыт бойынша жалпы кредит құны 248,38 млрд. теңге болатын 1277 кәсіпорын мақұлданды, 994 субсидиялау шартына қол қойылды;

- 2-ші бағыт бойынша жалпы кредит құны 167,497 млрд. теңге болатын 203 кәсіпорын мақұлданды, 162 субсидиялау шартына қол қойылды;

- 3-ші бағыт бойынша жалпы кредит құны 87,19 млрд. теңге болатын 123 кәсіпорын мақұлданды, 99 субсидиялау шартына қол қойылды;

 

Сурет 1. Өңірлер бөлінісінде субсидиялау

Бағдарламаның үш бағыты шеңберінде субсидиялауда мақұлданған жобалардың ең көбін мына облыстарға жатқызуға болады: Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, облыстары және Алматы қаласы, оларға шамамен 37,9 % (608 жоба) жобалардың үлесі келеді.

Мақұлданған жобалардың ең азы Қызылорда (56 жоба) және Маңғыстау (48 жоба) облыстарына келеді.

Сурет 2. Салалар бойынша Бағдарламаның жобалар құрылымы

 

 

Сурет 3. 2010-2012 жылдардағы жұмыс орындардың саны

Бағдарламаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі қазіргі уақытқа қолданыстағы 132 мың жұмыс орнының сақталғаны, 35 мыңнан астам жұмыс орнының құрылғаны болып табылады.

Қазіргі уақытта инвестицияларын жалпы сомасы 49,01 млрд. теңге болатын 263 кәсіпорындар үшін құрылыс және өндірістік инфрақұрылымды қайта құру жүзеге асырылуды, атап айтқанда, қайта құрылған жолдар – 48,5 шақырым, салынған жолдар – 81,83 шақырым, темір жолдар – 16,5 шақырым, жүргізілген электр желілері – 364 шақырым, қайта құрылған электр желілері – 10,4 шақырым, жеткізілген су құбырлары – 70,53 шақырым, кәріздер – 54,45 шақырым, газ құбырлары – 41,9 шақырым, жарықтандырулар – 23,4 шақырым, телефонданды-рулар – 35,49 шақырым, жылу желілер – 9,65 шақырым, орнатылған трансформа-торлық кіші станциялар – 26 бірлік.

Сондай-ақ, 2012 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде жаңа қаржылық құралдар іске асырылуда:

- кәсіпкерлердің ЕДБ-дің кредиттік ресурстарына қол жетімділігін жақсарту мақсатында әзірленген кредиттерді кепілдендірудің жаңа жүйесі.

Кепілдік берудің келесі түрлері қарастырылады:

-        қызметтегі кәсіпкерлер үшін жеке кепілдіктер 50%-ға дейінгі мөлшерде кредит сомасы бойынша 60 млн. тенгеден 750 млн. тенгеге дейін;

-        қызметтегі кәсіпкерлер үшін жедел кепілдіктер 50%-ға дейінгі мөлшерде кредит сомасы 60 млн. тенгеге дейін;

-        қызметтегі кәсіпкерлер үшін жедел кепілдіктер 70%-ға дейінгі мөлшерде кредит сомасы 70 млн. тенгеге дейін.

  Еліміз­дегі банктер жалпы құны 500 млрд. теңгені құрайтын 1513 жоба бойынша несие ставкасын субсидиялауды мақұлдаған. 270 кәсіпорынға инженерлік инфра­құ­рылым тартылып, нәтиже­сін­де, 132 мың қосымша жұмыс орны сақталып, 35 мың жаңа жұмыс орындары құрылды.

2012 жылғы қаңтар-мамырдағы өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 2011 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,3% құрады. Өндірістің өсуі республиканың 10 өңірінде байқалды. Төмендеу Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында тіркелді .

Шығыс Қазақстан облысында 2012 жылғы қаңтар-мамырдағы өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 123,9%-ды құрады. Мыс және қорғасын-мырыш кендерін өндіру артты, тазартылған алтын және күміс, жеңіл автомобильдер, тиындар мен медальдар, құнбағыс майының шығарылымы артты.

Алматы қаласында құнбағыс майы, сыра, шай, ШОБолад, жылу энергиясы  және өнеркәсіптік сипаттағы қызметтердің шығарылымы артты (114,3%).

Ақтөбе облысында мұнай, мыс кендері мен қойыртпалары, пропан және бутан өндірісі артты (107,9%).

Оңтүстік Қазақстан облысында нақты көлем индексі  107,4% құрады. Уран және оның қосылыстары, бензин, керосин, газойльдер, ұн,  кардо және тарақпен түтілген мақта  өндірісі өсті.

Солтүстік Қазақстан облысында ұн, тазартылмаған құнбағыс майы, сүт, макарон, локомотивтерге арналған индикаторлы панельдер, жылу энергия өндірісі артты (107,4%).

Алматы облысында шылым, алкогольсіз сусындар, сыра, сүт және электр энергиясы шығарылымы артты (105,7%).

Павлодар облысында бензин, газойльдер, оттық мазут, ферросиликохром және электр энергия өндірісі артты (103,4%).

Негізінен мұнай және ілеспе газ өндіру артуы есебінен Қызылорда облысында нақты көлем индексі 102,9%-ды құрады.

Жамбыл облысында цемент, газойльдер, фосфорлы тыңайтқыштар, электр энергия, ферросиликомарганец және оттық мазут шығарылымы артты (102,3%).

Нақты көлем индексі Қостанай облысында 101,6%-ды құрады. Теміркенді қойыртпалар, құрамында алтыны бар кендер өндіру, жеңіл автомобильдер, Доре қорытпасындағы алтын және ұн өндірісі артты.

Атырау облысында өнім көлемі (99,4%) мұнай өндіру мен пропан және бутан өндірісінің азайуынан төмендеді.

Ақмола облысында нақты көлем индексі 99%-ды құрады. Құрамында алтыны бар кендер өндіру мен тазартылмаған алтын, бетоннан жасалған құрылыс конструкциялары, пластмассадан жасалған құбырлар, түтіктер өндірісі төмендеді.

Батыс Қазақстан облысында газ конденсатын өндіру және газойльдер өндірісі төмендеу есебінен нақты көлем индексі 98,7%-ды құрады.

Маңғыстау облысында мұнай және газ конденсатын өндірудің төмендеуі есебінен нақты көлем индексі 96,7%-ды құрады. 

Қарағанды облысында тазартылған мыс, легірленбеген болат, жазық илек, тазартылған күміс өндірісі төмендеуінен нақты көлем индексі 95,1%-ды құрады.

Локомотивтер, қара металдан жасалған конструкциялар, бетон өндірудің төмендеу есебінен Астана қаласында нақты көлем индексі 92,2%-ды құрады.

Дүниежүзілік Банк жыл сайын «Doing Business» рейтингінің 11 индикаторы бойынша 183 елде бизнес ахуалдың жағдайын бағалау жүргізеді (рейтинг, бизнесті жүргізудің жеңілдігін анықтайды).  Қазақстан ТМД-нiң Украина (152 орын), Тәжікстан (147 орын), Ресей (120 орын), Қырғызстан (77 орын), Беларусь (69 орын) және Әзірбайжан (66 орын) сияқты елдерін және Қытай (91 орын), Италия (87 орын), Түркия (71 орын), Польша (62 орын), Люксембург (50 орын) сияқты дамыған елдердi басып озды.

Моноқалаларда шағын және ірі бизнесті жандандыру үшін мынадай қосымша шаралар қабылданатын болады:

1. салалық шектеуліктерсіз кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау және әлеуетті төмен мен орта моноқалалар үшін банк кредитері бойынша пайыздық ставкалардың субсидиялау мөлшерін 7%-дан 10%-ға дейін ұлғайту;

2. өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту;

3. жаңа өндірістерді құруға 1,5 млн. 3,0 млн.-ға дейін гранттар беру;

4. шағын бизнесті дамыту бойынша әріптестік бағдарламаларды іске асыру;

5. бизнес-инкубаторлар мен микрокредиттік ұйымдарды құру;

6. бизнесті қолдау орталықтарын құру;

7. өз бетінше жұмыспен айналысушы, жұмыссыз және күнкөрісі төмен халық бизнесті дамытуға көмек көрсету.

 Осы бағдарламаның шеңберінде ШОБ дамыту мақсатында ірі компаниялардың айналасында «Әріптестік бағдарламасы» іске асырылуда. 2012 жылғы мамыр айынан бастап ҚазМұнайГаз, Қазақмыс, Қазцинк және Теңгізшевройл сияқты компаниялармен келісімдерге қол қойылды және ынтымақтастыққа жол қойылған.

Осы шараларды дәйекті іске асыру Қазақстанның іскерлік ортасын жақсартуға және бәсекелесуге қабілетті, серпінді жеке сектор қалыптастыра отырып, Дүниежүзілік Банктің «Doing Business 2013» бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингі ең үздік елдердің қатарына енуге мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Қазақстан Республикасы Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

2. «Даму» бизнесті дамыту қоры» АҚ-ның  сайты. http// www.damu.kz

3. Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің 2012 жылдың 1-ші жартыжылдығына шағын бизнесті дамыту туралы талдамалық баяндама (оның ішінде облыстар бөлінісінде)// Астана қ. шілде, 2012 жыл.

4. Қазақстан Республикасындағы Шағын және орта кәсіпкерлік 2007-2011жж. статистикалық жинағы// ҚР статистика агенттігі, http// www.stat.gov.kz, 2012ж.