Экономические науки/4.Инвестиционная деятельность и фондовые рынки.

 

Жеңсікбаева  Кулаш   Мырхықызы

Қорқыт Ата атындығы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Шетел инвестициялары, оларды тарту және қолдану

Қазіргі таңда әлемдік экономикалық жүйенің жандануы жағдайында, сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуы және ашық нарықтық экономиканы қалыптастыруымен байланысты шетелдік инвестиция объективті қажеттілікке айналып отыр. Өтпелі кезеңде экономикалық өрлеу мен нарықтық реформаларды қаржыландыру үшін елдің ішкі қорланымдарының жеткіліксіздігі  себепті  шетелдік инвестицияның рөлі мен мәні арта түсті.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап экономикалық жағдайын тұрақтандыру, ішкі экономикалық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету және инвестициялар тарту жөніндегі саясатты белсенді түрде жүзеге асырды. Шетел капиталын ұлттық экономикаға тарту өте пайдалы процесс. Біріншіден  шетелдік инвестициялар елдің өндіріс базасын жедел  жетілдіруге және оның өндірістік мүмкіндіктерін артыруға көмектеседі. Екіншіден шетел фирмалары жаңа өндірістік кәсіпорындар ашумен қатар өндірісті ұйымдастыру тәжірибесін де ала келеді.

Инвестиция (латынша іnvestіre – киіндіру) – табыс алу, меншікті капиталды молайту, елдің материалдық байлығы мен бейматериалдық сипаттағы қоғамдық құндылықтарын еселей түсу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер салатын инвестициялық қаражатты білдіреді. Инвестициялар инвестициялау формаларына, айналыс өрісіне, негізгі капиталдың ұдайы өндірістегі мақсаты мен рөліне  және қаржыландыру көздеріне қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар, шетелдік инвестициялар, қоржындық инвестициялар болып бөлінеді. Шетелдік инвестициялар – шет ел инвесторлары жүзеге асыратын инвестициялар. Шетелдік инвестицияларға:

-     тікелей шетелдік инвестициялар (қаражатты компаниялардың немесе кәсіпорындардың  жарғылық қорына немесе акцияларына салу);

-     қоржындық шетелдік инвестициялар ( қаражатты ұзақ мерзімді борышқорлық міндеттемелер мен бағалы қағаздарға салу);

-     сыртқы несиелер, қарыздар, ресми және гуманитарлық көмектер жатады.  Шетелдік инвестициялардың түрлері 1-суретте көрсетілген [1,б.5].

 

Сурет 1. Шетелдік инвестициялардың түрлері

Тікелей инвестиция  деп капиталды экспорттаушының оны  қабылдаушы елдің территориясында өндірісті ұйымдастыруын айтады. Тікелей инвестициялар арқылы халықаралық корпорациялар дүниежүзілік нарықта өз бөліктерін жүргізеді.

Қоржындық инвестиция – ұзақ мерзімді борышқорлық міндеттемелер мен бағалы қағаздарға салынған қаражат; капиталға қатысуды және салынған капиталға шаққанда табыс алуды қамтамасыз етеді. Әлемдік практикада капитал қорланымы мен халықтың жинақ ақшасының көп бөлігі бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдары арқылы жанама түрде өндірісті инвестициялауға қатысады. Мысалы, әлемдік инвестициялық байлықтың жалпы көлеміндегі қаржы байлығының үлесі көп – 57,7%. Халықтың ақшалай қаражатының қорланымына келетін болсақ, мысалы, АҚШ-та бағалы қағаздарға (негізінен, акцияларға) салынған инвестицияның жалпы көлемдегі үлесі 50%-дан асады. Қазақстанда халықтың акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар сатып алуға жұмсаған шығыны олардың жалпы көлемінің 3%-нен аспайды. Мұндай жағдайдың себебі қор рыногі мен қаржы құралдары дамымаған.

Қазақстан үшін тікелей шетелдік инвестиция неғұрлым тиімді. Нарықтық экономика жағдайында шетелдік инвестицияны тарту және пайдалану тек қаражаттың ғана емес, сонымен бірге шетелдік технологиялардың, басқару тәжірибесінің де ағылып келуін қамтамасыз етеді, жаңа рыноктарға жол ашады, ірі құрылымдық өзгерістерге, нарықтық инфрақұрылымның қалыптасуына, инновациялық процестердің кеңеюіне, экономиканың жекеше секторының қалыптасуына серпін береді. Ол қабылдаушы елдің шаруашылық қызметінде инвестордың ұзақ мерзімді мүддесін қанағаттандырады және мемлекеттік сыртқы борышты қалыптастырмайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жыл 1-ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен  Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жыл 19-наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” міндеттерін  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жыл 30- қазандағы № 1145 қаулысымен “Қазақстан Республикасында инвестицияларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған бағдарлама” қабылданды. Бағдарламаның мақсаты - шикізаттық емес экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық өндірістерге тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау және әлемдік сауда жүйесіне өңделген тауарлардың экспортын ілгерілету арқылы кірігу болып табылады. Бағдарламаның міндеттері:

1)       Инвестициялар тарту талаптарын жетілдіру;

2)       Қазақстанның оң инвестициялық имиджін ілгерілету;

3)       Жаңа АЭА және индустриялық аймақтар (бұдан әрі - ИА) құру;

4)       АЭА қызметін реттеу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны жақсарту;

5)       Экспорттаушыларды сервистік қолдауды қамтамасыз ету арқылы Қазақстандық өнім экспортын дамытуға және ілгерілетуге жәрдемдесу;

6)                      Экспорттаушыларға қаржылық қолдау көрсету [2,б.6].

Бүгінгі күні Қазақстанда инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті барлық құқықтық база жасалған. Мысалы, 2003 жылы «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының  заңы қабылданды. Заң тарапынан отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарының толықтай қорғалуы мен жасалған келісімшарттардың тұрақтылығына кепілдік берілген. Сондай-ақ, Заңда Қазақстан экономикасының басым салаларында жүзеге асырылатын инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары анықталған. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары отандық инвесторларға да, сол сияқты шетелдік инвесторларға да тең дәрежеде таралады.

Алайда, инвестициялау үшін қолайлы жағдайлар (салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беруді, заңнамадағы өзгерістерден сақтау кепілдіктерін қоса алғанда) ауыл шаруашылығына, құрылысқа, қызмет көрсету аясы мен басқа да салаларға шетелдік инвестициялардың қарқынды өсіміне ықпал ете алмай отыр.

Инвестициялық қаржыларды ел экономикасына жүзеге асыру әртүрлі нысанда жүзеге асырылады. Оған шетелдік банктер мен халықаралық ұйымдардан қарыз алудан бастап кәсіпорындарды тікелей шетел инвесторларының меншігіне сатуға дейінгі әрекеттер жатады. Қарыз қаражатына қол жеткізудің шектеулі болуынан кəсіпорындардың меншікті қаражаты бұрынғысынша негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі болып қалуда.

Қазақстан Ұлттық Банкінің 2010-2012 жылдарғы жылдық есебінің мәліметері бойынша 2010 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымындағы шетел инвестицияларының үлесі 37,0%-тен 24,4%-ке дейін төмендеген болса,  2011 жылы 26,7%-тен 20,9%-ке дейін, 21,5%-тен  13,7%-ке дейін азайған [3,б.9].

Шетелдік инвестициялар үлесінің 2 есеге жуық қысқаруы Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық мұнай-газ секторында мемлекеттің қатысуын күшейту жөніндегі саясатына сəйкес Қарашығанақ жобасына 10%-дық қатысу үлесін мемлекеттің сатып алуымен байланысты болған.

Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы 10%-дық үлесті иемденуі-  Қазақстанға тікелей инвестициялардың таза əкелуінің төмендеуіне және бір мезгілде ҚРҰҚ шетелдік активтерінің өсімінен портфельдік инвестициялар бойынша таза əкетілудің ұлғаюына, сондай-ақ қазақстандық банктердің борыштық міндеттемелерінің төмендеуіне  әсерін тигізген.

Елге ағылатын инвестициялардың шектілігінің себебін талдау шетелдік инвесторлардың өздерінің және мамандандырылған әлеуметтік ұйымдардың берген бағаларына да негізделген. Отандық және шетелдік мамандардың бағалауы бойынша, инвесторларды ең алдымен мынадай факторлар алыстатады:

-     елдегі еркін экономикалық аймақтардың жеткіліксіз саны;

-     жалпы алғандағы заңнамалық базаның тұрақсыздығы;

-     инвестициялық жобалар үшін қаржыландырудың жоқтығы;

-     іскерлік ақпарат нарығының дамымағандығы;

-     көліктік инфрақұрылымның дамымағандығы.

Қорытындылай келе мыналарды атап өтуге болады, шетелдік инвесторлар мен зерттеу ұйымдарының пікірлеріне сәйкес, қазіргі кездегі мемлекеттің инвестицияларды тарту жөніндегі жүргізіп отырған жұмыстары жеткілікті емес және жүйелі болып табылмайды, елдің және экономиканың мүдделерін халықаралық капитал нарығында білдіру жөніндегі мамандандырылған орган құру арқылы мемлекеттің инвестицияларды тарту бойынша әрекеттерін ұйымдастыруды жақсартуды және мемлекеттің күшін шоғырландыруды талап етеді.

Шетел инвестицияларын тарту мен қолдау стратегиясын жүзеге асыруда, тәуелсіз мемлекеттердің саяси және экономикалық қызығушылықтарын ескере отырып, шетел инвестицияларының табысты және тиімді нысандарын таңдап алу бүгінгі таңда  маңызды мәнге ие болып отыр [4,б.6].

Қазақстан Республикасына инвестициялар тарту, АЭА және экспортты дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі іс-шараларын қаржыландыру көлемі  1- кестеде келтірілген.

 

Кесте 1

Қазақстан Республикасына инвестициялар тарту шараларын қаржыландыру көлемі

 

Іс-шараның атауы

Қаржыландыру көлемі, мың. теңге

1

Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту

1 382 596

1.1

ТШИ тарту үшін жағдай жасау

45 000

1.2

Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін жылжыту

723 170

1.3

Шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жасау

614 426

2

АЭА мен ИА дамыту және құру

13 506 395

2.1

АЭА мен ИА инвестициялық тартымдылығын арттыру

13 506 395

3

Экспортты жылжыту

4 670 971

3.1

Экспорттаушыларды сервистік қолдау

1 316 971

3.2

Экспорттаушыларды қаржылай қолдау

3 354 000

 

Барлығы:

19 559 962

Е с к е р т у -“ҚРинвестицияларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған бағдарлама” 2010 жыл 30- қазан, № 1145.

 

Экономикалық үрдістің тұрақтылығы негізінде шетелдік қаржы қорларының Қазақстанға деген сенімі жаман емес. Бұны Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің республикаға шетел капиталының құйылуын ынталандырудағы іс-әрекетінен, қолданып жатқан шараларынан көруге болады. 

Шетел инвестицияларын тарту және қолданудың тиімділігін арттыру үшін  келесі ұсыныстар беріледі:

1) инвестициялық климатты үнемі жетiлдiруде;

2) инвестициялық iс-әрекеттің заңды қамтамасыз етiлуiнiң жетiлдiрiлуi;

Сонымен бірге ел эканомикасының басым секторларын дамытуға шетелдік инвесторлар қана емес, Қазақстандық инвесторларды да тартуға барынша жағдайлар жасалынуы тиіс.

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер   тізімі

 

1          Инвестициялар туралы Қазақстан Республикасының 2003 жыл 8 қаңтардағы №373 –II Заңы.

2          “Қазақстан Республикасында инвестицияларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған бағдарлама” ҚР Үкіметінің қаулысы. 2010 жыл 30- қазан, № 1145.

3          Экономикалық даму: экономиканың  нақты секторы. ҚР Ұлттық Банкінің жылдық есебі. 2012 жыл.

4          Макроэкономикалық орта жəне Қазақстандағы экономикалық жағдайлар. Қазақстанның қаржы тұрақтылығы туралы есеп. ҚР  Ұлттық  Банкі мен Қадағалау Агенттігі. www. nationalbank.kz. 2012 жыл желтоқсан. www. nationalbank.kz