Т.ғ.к. Тоқболат Сейілхан Тоқболатұлы
«Болашақ» университеті,
Қазақстан Республикасы, Қызылорда қаласы
Бөкей
ордасы әкімшілік басқару жүйесіндегі өзгерістер (ХІХ
ғасырдың орта шені)
Жәңгір
ханның дүние салуы Ішкі орданың
қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер әкелді.
Ширек ғасырға созылған Жәңгірдің
ұстанған басқару жүйесі өміршең болып
қала берді. Мұны Орынбор әкімшілігі және ханның
жанындағы ақсүйек тобы жақсы түсінді. Дәл
осы кезеңде патшалық Ресейдің шығыстағы саясаты
зор күш ала бастаған еді. Мұны сол кездегі Ресей мен
Англияның Орта Азия жері үшін өзара талас-тартысының
көрінісі арқылы түсіндіруге болады. Бұған неміс
тарихшысы К.Ф. Нейманның: «Орта Азиядағы британдық агенттер
мен резиденттер осындай қолайлы жағдайды барынша пайдаланып
қалу ниетінде өздерінің мемлекетінің билігін Амудың арғы жағындағы
жерлерде ықпалын жүргізуге тырысты» – деп жазғаны дәлел болады [1, c. 103].
Қазақстан
мен Орта Азия иеліктерін өз қолында ұстап қалу
үшін Ресей батыл қадамдарға көше бастады.
Қазақстанның өздерімен шекаралас орналасқан
солтүстік және солтүстік батыс бөлігін едәуір
түрде бақылауына алғаннан кейін, олардың алдында
Қазақстанның оңтүстік пен оңтүстік
шығыс бөлігі және Орта Азия хандықтарын өздеріне
бағындыру мақсаттары тұрды. Бөкей ордасының
тарихи өміріндегі бұл кездегі ең басты өзгеріс –
патшалық Ресей Жәңгірдің өлімін пайдаланып,
хандық басқару жүйесін жойып, оның орнына
өздерінің басқару үлгісіндегі билігін орнатуды қолға
алды. Орынбор әкімшілігі осындай көптен күткен оңтайлы
сәтті тиімді пайдалану үшін жедел түрде билік реформасына
кірісті.
Жәңгір
хан жиырма жылдан астам басшылық еткен уақыт аралығында Ресей
империясының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі кішкене
ғана аумақта хандық биліктің негізін бірнеше уақытқа
дейін бұзылмайтындай етіп, берік тұрақтанғанына кейін
Орынбор шенеуніктері куә болып, таңданыстарын білдірді. Сол
себептен де Ресейдің Ішкі ордаға қатысты жүргізген
саясаты нысаналы жүрді.
Ресей
империясының Ішкі ордаға байланысты жаңа саясатының
мәнін Орынбор генерал-губернаторы В.А. Обручевтің
Жәңгірдің өлімінен кейінгі іс-әрекетінен
және сол жердегі жағдайдың мән-жайын анықтау
үшін арнайы жіберілген Бикмаев, Ерофеев, Генс сияқты
шенеуніктердің жасаған шара, жоспарларынан және соның нәтижелерінен
көре аламыз. Ішкі ордаға нақты тапсырмамен жөнелтілген
патша шенеуніктердің басты мақсаттарының бірі – ханның
орнына жергілікті халық пен ақсүйек тобы алдында беделі бар
уақытша басқарушыны таңдап, ұсыну еді. [2, 42-п.].
Ресей
әкімшілігінің жоспар бойынша алдында тұрған ең
басты мәселесі – хан мұрагерін биліктен аластату міндеті
уақытша болса да кейінге шегеріліп, патшалық үшін оң
шешімін тапты. Сонымен, Ішкі орданы уақытша басқару үшін бір
басшы және оның екі көмекшісін жергілікті Шыңғыс
тұқымдарынан тағайындау қажет болды. Сондай
мақсатпен осы жерде арнайы тапсырмамен келген коллеж кеңесшісі
Бикмаев жергілікті ақсүйек тобының арасынан патшалық
Ресейдің көзқарастарына сәйкес басқарушы ретінде
ханның інісі Әділ Бөкейхановты басты үміткер ретінде
қойды. Оның бұл байламы Орынбор Шекара комиссиясының
басшысы М.В. Ладыженскийдің Әділ Бөкейхановқа:
«...мейірімді адам, бірақ белгілі болғандай, болжамы
қысқа және әлсіз мінезді» – деп берген мінездемесіне
сәйкес келеді. Әділ Жәңгірдің тірі кезінде
оның көмекшісі ретінде белгілі болатын. Сонымен қатар, хан
басқа жерге сапарға аттанған уақытында хандықты
өз қолына уақытша алатын [2, 13-п.]. Соны ескере отырып Ресей
әкімшілігі Әділді Ішкі орданың уақытша
басқарушысы ретінде тағайындайды.
Ал оның
көмекшілері ретінде Нұралының баласы, Бөкейдің
інісі Шөке Нұралыханов және Жәңгірдің інісі
Меңдікерей Бөкейхановты тағайындайды [3, 117-п.]. Бұдан
байқағанымыз, Орынбор әкімшілігі билікті Әділдің
бір өзіне беріп қойса, ішкі тұрақтылықты
жоғалтып алудан қауіптенді. Сондықтан оған ханның
жақындарының ішінен екі беделді сұлтанды – Меңдікерей
мен Шөкені таңдауы түсінікті жәйт еді.
Алайда, Орынбор
әкімшілігінің шенеунігі Бикмаев жергілікті халық пікірімен
толық санаспай, істі біржақты шешкені кейін байқала бастады.
Беделді топ өкілдері арасында осындай шешімге келіспейтін, яғни
жікке бөлінушілік орын алды. Бір топ Сақыпкерейді хан тағына
отырғызып, хандық басқару жүйесін қалпына келтіру
қажет деп тапса, ал келесі жіктің тобы Әділді қолдады.
Ресей әкімшілігі Ішкі ордадағы барлық билікті бір Әділ
Бөкейхановқа беріп қоюға асықпады. Оның
үстіне империя өкілдері ханның інісіне сенімсіздікпен
қарады және жаңа басшының жеке қабілеті мен
мінезінің осал тұстарын байқап, көңілге
түйді.
Жәңгірдің
дүние салуынан алты ай өткеннен кейін 1846 жылдың 21
қаңтарында Ресей патшасының жарлығы бойынша Ішкі орданы
басқару жөніндегі Уақытша кеңес құрылады.
Бұл мекеменің құрылуы Ресей әкімшілігінің
Ішкі ордада реформа жүргізуге тура кіріскенінің белгісі еді.
Бұған дәлел келтірсек, патшаның жарлығы
шыққаннан кейін Орынбор әкімшілігі жергілікті билік формасын
өзгертуге кірісті. Ішкі орданы басқару жөніндегі арнайы жоба
Уақытша кеңеске қолданысқа берілді. Ішкі орданы
басқару жобасы бойынша Уақытша кеңестің
қызметкерлер штаты белгіленді [4, 47-67-пп.].
1846 жылы 9
наурызда Уақытша кеңестің басшысы қызметін
атқарған Әділ Бөкейханов Орынбор генерал-губернаторына
Ішкі ордадағы жағдай туралы есеп берді. Онда аталған билік
аппаратының штаты туралы мағлұмат нақты
көрсетілген [3, 56-п.].
Жәңгір
ханның өлімінен кейін Орынбор әкімшілігі бүкіл орда
жерін бірден әкімшілік өзгеріске ұшыратпай, алдымен
жергілікті жоғарғы билікті губерниялық тәртіпте
құруға кірісті. Уақытша кеңес басқару
аппаратын біріңғайландыру процесінің өзі бірнеше
жылға созылды. Ішкі ордаға Орынбор әкімшілігі арнайы
тапсырмамен жіберген Орынбор Шекара комиссиясының шенеунігі Бикмаев
жергілікті билік жүйесімен танысып, өзінің басқару
жобасын ұсынды. Кейін осы ұсыныс, саралау арқылы Ішкі
орданың билік жүйесі қалыптасты. Бұл жаңа
басқару жобасынан отаршылдық, империялық орталықтандыру
саясатының көрінісін айқын байқауға болады.
Жаңа
әкімшілік басқару жүйе арқылы барлық ішкі істер
Ресей шенеуніктерінің қатысуымен және бақылауымен
атқарылатын болды. Оған Ресей әкімшілігінің сенімді
өкілі, әрі осы жауапты істі ұйымдастырушысы Бикмаевтің
даярлаған жобасымен танысу арқылы көз жеткізуге болады, ол
дайындаған жобада Орда басқармасы мен Уақытша
кеңестің ең басты міндеттеріне қазақтар арасында
тыныштық пен қалыпты жағдайды сақтау,
халықтың арасында болып тұратын барымтаны жою, жергілікті
тұрғындардың мәселесі бойынша өзара
қырқысудың алдын алу, сұлтандар және басқа
да ел басқарушылардың жай халықтан жерді негізсіз
басынушылықпен тартып алып, қысым көрсетуін болдырмау,
рубасқарушылары және бөлімдер мен бөлімшелердің
басшыларының істерінің заңды орындалуын бақылау,
оларға жүктелген тапсырмалардың, әсіресе
қылмыстық әрекеттерге байланысты істердің жедел
түрде орындалуын қадағалау, жергілікті
қазақтардың шаруашылық істеріне
қамқорлық жасап, қиын-қыстау кезеңдерінде
жәрдем беру, жылдан жылға сиреп бара жатқан ормандарды
сақтап, қамқорлыққа алу. Ордада шешек ауруына
қарсы егу жұмыстарын жолға қою, халық
денсаулығын сақтау үшін шаралар қолдану. Ішкі
ордадағы, әсіресе хан ордасындағы жәрмеңкелердегі
сауданың жүру барысын қадағалау, сауданың
кеңінен тарап, дамуына үлес қосу, Ішкі ордадағы
ашылған мектептер, аурухана және түрмеге меңгерушілік
қызмет атқару, қазақ халқының орналасуы
жайлы, шаңырақтар мен қол астындағы мал саны туралы
мәлімет жинау кірді.
Уақытша
кеңес Ішкі ордадағы казак әскерінің өз
міндеттерін бұлжытпай орындауын қадағалауы тиіс еді, егер
олардың істерінде олқылықтық байқалса, дереу
Орынбор басшылығына хабарлады. Ел
басқаратын рубасқарушылар және старшындарды тағайындау
үшін Уақытша кеңес сенімді, беделді қазақтардан
кадрлар іріктей білуіге тиіс болды. Кеңестің алдына Ішкі
орданың саяси жағдайы туралы нақты, толық біліп,
хабарлы болып тұру міндеті қойылды. Орынбор генерал-губернаторы
Ішкі орда жағдайымен жете танысу үшін бұл жаққа
арнайы шенеунік аттандырылып, кеңес басшысымен бірге мәлімет
жинады. Кеңес және қарамағындағы сұлтан
рубасқарушылары, сондай-ақ, старшындар саудагерлердің
заң бойынша бекітілген билетсіз Ішкі орда аумағынан асып кетпеуін
қадағалады.
Орыс
кеңесшісі, яғни Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан
тағайындалған орыс шенеунігі Уақытша кеңес
басшысының бірінші көмекшісі міндетін атқарды. Егер
басшының іс-сапармен кеткен уақытында немесе
науқастанған кезінде ол соның орнын басты және
басшының міндетіне кіретін жұмыстарды өз қолына алды [5,
с.705]. Уақытша кеңестің әскерилендірілмеген
шенеуніктері: дәрігер, мал дәрігері және кіндік шеше орыс
кеңесшінің тәуелділігінде болады. Орыс кеңесшісі сол
мекемедегі құжаттар мен іс-қағаздардың жедел,
өз уақытында орындалуын қатаң қадағалауға
алды. Хан ордасындағы орыс-қазақ мектебіне байланысты істерді
жеке қадағалауға алып, жауапкершілікпен қарады, ол
сонымен қатар сол жердегі аурухананың жағдайына ерекше
көңіл бөлуі тиіс.
Уақытша
кеңестің кеңсесіндегі істер атқарушылық, сот,
шағымдық, дау, есептік деп бірнеше топқа бөлінді.
Бұл істерді жүргізу бағытына байланысты кеңсе
жұмысы екі салада атқарылды. Алғашқысына
атқарушылық, соттық, дау-шағымға қатысты
істер жүктелсе, екіншісіне есептік істер кірді. Кеңсе
құжаттары іс жүргізушінің бақылауымен оның
көмекшілерімен толық игеріліп жатуы тиіс еді. Барлық істер
кеңестің жалпы отырысында мүшелердің қатысуымен
атқарылды. Іс-шараларды қарау күндері мен сағаты
кеңестің мүшелерінің ортақ келісімімен белгіленуі
қажет болатын және орда халқына хабарланып тұруы
міндетті еді. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларға
қатысты істер үшін жұмыс жүргізу кез-келген
уақытта жүзеге асатын болды. Кеңеске келіп түсетін
арыз-шағымдар, түсініктемелер, басқа да құжаттар
және пошта арқылы қабылданған мөр басылған
конверттегі құжаттар кеңес мүшелерінің
қатысуымен ашылады. Егер де жедел түрде шешімін табуды
көздейтін істер және бұрын қаралған
шағымдар қосымша анықтаманы қажет ететін болса,
кеңес ондай мәселелерге толық үш күндік
уақыт аралығында өз шешімін беруі қажет болды.
Орыс тілінде келіп
түскен құжаттарды орыс кеңесшісі кеңес
мүшелерінің алдында оқып шығуы және аудармашы
оқылған мәтінді еш бұрмалаусыз тура мағынасында
аударып тұруына міндетті болды, сонымен қатар аудармашы
өзінің қолы арқылы атқарған ісін растауы
қажет еді. Кезекті қаралатын іс бойынша кеңес мүшелері
мәслихат өткізіп, соңында жалпы шешім немесе көпшілік
дауыстың ұиғарымы бойынша қорытындысын орыс
кеңесшісі жинақтап хаттамаға түсіреді. Нәтижесінде
сол құжат кеңес басшысы, орыс көмекшісі,
қазақтардан ұсынылған кеңесшілер және іс
жүргізушілердің қолдары арқылы расталды. Егер
атқарылып отырған іс бойынша ортақ пікір болмаса, бұл
жағдайда іс Орынбор Шекара комиссиясына тапсырылды. Сондай-ақ,
қазақ-татар тілінде келіп түсетін істер де жоғарыда
аталған тәртіп бойынша жүзеге асты. Орыс
кеңесшісінің қолымен резолюция жазылды. Кеңестің
келтірген резолюциясы мен шешімінің мағынасы заңға
қарсы келсе, оған кеңес басшысы және барлық
кеңес мүшелері жауапты болды. Ал қаралған іске
нақты сәйкестік таппайтын кемшіліктерге немесе іс жүргізу
тәртібі бойынша кеткен олқылықтарға орыс
кеңесшісі мен іс меңгерушісі жауапқа тартылуы тиіс болды [6,
50-53-пп.].
Жәңгірдің
билік еткен кезінде жалпы қылмыстық істер және шағымдар
мен дау-дамайларды ханның бақылауымен билер соты арқылы
шешілетін. Тек 1838 жылы Ішкі орда Ресейдің Сыртқы істер
министрлігі құзырынан Мемлекеттік мүлік министрлігінің
бақылауына көшкеннен кейін, хандыққа қатысты
жаңа заңдар қабылданды. Бұл кезде 30 рубльден аспайтын
шағымдар мен дауларды ханның билігіне берді. Міне, ескі
әкімшілік үлесіне осындай жеңіл-желпі мәселелер
қалды, бұл жәйттердің шешімі де жоғары
жақтың бақылауында болды, айрықша айтарымыз осы. Ал ірі
заң бұзушылық әрекеттер Орынбор әкімшілігі
арқылы шешіліп отырды. Бұдан байқап тұрғанымыз,
хандық билік жойылғанға дейін-ақ Ішкі ордадағы
сот билігін патша әкімшілігі өз қолдарына алып
қойған еді.
Ішкі орданы
басқаруда жаңа реформаның туындауына 1836-1838
жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің де
әсері тигенін аңғаруға болады. Осы көтерілістен
кейін Жәңгір хандықтағы сот билігін патша
әкімшілігінің қолына беріп қойғаны барлық
билік шаруалар көтерілісінен кейін Ресей әкімшілігінің
құзырына өткендігін айқындайды. Осындайда еске саларымыз,
ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі этнограф-ғалым
Салық Бабажановтың өзінің жазып кеткен естеліктерінен
Уақытша кеңестің қызметі туралы мәліметтерді
кездестіруге болады. Өйткені, ол кеңестің
құрамында қазақтар тарапынан тағайындалған
кеңесші қызметін атқарған еді. Ол «Уақытша
кеңестің негізгі жұмыстары осы мекеменінің
құрылуынан бастап Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан
тағайындалған орыс кеңесшісі арқылы шешіліп
отырған, ал басшылық қызметтегі Әділ
Бөкейхановтың ешқандай саяси салмағы болмаған» – деп өз мақалаларында көрсетеді [9,
с.33].
Осындай
жолмен өзінің құрылуынан бастап Уақытша
кеңес патша әкімшілігі тарапынан тағайындалған
шенеуніктердің үстемдігімен орданың
саяси-қоғамдық істерін шешіп отырған. Мұндай әміршілдік
әрекет басқару ережесіне қарсы келді, дәлел ретінде
мұрағат құжатындағы: «Кеңес
төрағасы орданы уақытша басқарушы деген
атаққа ие, ол істі шешуде бірінші дауыс береді және
қарауға қатысты мәселелер оның қол
қоюымен тиісті жерлерге жөнелтіледі» – деген ереже пунктін
келтіруге болады [6, 12-п.]. Ортақ талап бойынша Уақытша
кеңес басшысы кеңесшілердің келісімінсіз ешқандай
істерді өз еркімен шеше алмайды, бірақ, ауызша айтумен орындалатын
даулар мен шағымдарды шешуге құқығы бар, тек
бұл істерді арнайы кітаптарға тіркеп, жалпы кеңесте баяндалып
тұруы қажет еді. Сол сияқты, сұлтандар мен беделді
топтың халықтың алдындағы әміршілдік күші
жойылды.
Дегенмен
Уақытша кеңес Ішкі орданы басқару жөніндегі
маңызды істерді дербес шеше алмады. Бұл мекеме Мемлекеттік
мүлік министрлігінің қарамағында болды. Ал ең
жақын бақылаушы Орынбор генерал-губернаторы болды,
бұйрықтар мен тапсырмалар губернатор арқылы орындалып отырды.
Уақытша кеңес өз істері бойынша алдымен Орынбор Шекара
комиссиясы арқылы шешуге міндеттенді. Қазақ жерінде саясатты
нәтижелі жүргізу үшін құрылған Орынбор
Шекара комиссиясы Кіші жүз қазақтарына және Бөкей
ордасына өз бақылауын жүргізіп отырды. Бөкей
ордасындағы билік патша әкімшілігіне өткеннен кейін Шекара
комиссиясына жүктелетін істер көбейді. Орынбор Шекара комиссиясы
басшысы М.В. Ладыженский Азия департаментіне ханның мұрасы
және мұрагерлері, зекет пен соғымға қатысты
істермен айналысу үшін қосымша күш қажет деп
мәлімдейді [7, 3-5-пп.] Соған байланысты Бөкей ордасына
қатысты істермен жеке айналысу мақсатында 1847 жылы 31
қаңтарда Орынбор Шекара комиссиясы жанынан Ішкі орданы
басқаратын уақытша бөлімше (Временный стол по управлению
Внутренней киргизской ордой) ашылды. Қызметкерлер құрамы 11
адамнан тұратын бұл бөлімшеге жыл сайын мемлекет есебінен
2830 руб. жұмсалып отырды [8, с.37].
Ішкі ордада Ресей билігінің
орнығуының алғашқы кезеңінде патша
әкімшілігі жергілікті сұлтан, би, қожаларға
сүйене отырып, олардың қазақ
қоғамындағы билік жасау рөлін нығайтуға
күш салды. Патша әкімшілігі Шыңғыс хан
тұқымдарына билікті берумен бірге оларға жерді тегін беріп,
салық төлеуде жеңілдіктер жасады, әр түрлі
марапаттар жасап, сыйлықтар беріп, өздеріне қызмет ету ісін
жүзеге асырды.
Қорыта
келгенде Уақытша кеңес құрылғаннан кейін патша
өкіметі хандық билікті біржола жоюға мүмкіндік алып,
соны жүзеге асырады. Уақытша кеңеске Ішкі орданы
басқару жөніндегі арнайы Ереже қолданысқа беріледі.
Ереже бойынша Уақытша кеңес Ішкі орданың
саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық және
мәдени-рухани жағдайына бақылау орнатып, қызмет етті.
Басқару Ережесінде Уақытша кеңестің әрбір сала
бойынша қызмет ету бағыты көрсетіліп берілді. Патша
өкіметі жергілікті билік жүйесін реформалауда
ақсүйектер тобына сүйенуге мәжбүр болды.
Хандық билік жүйесінің негізі сақталып, Уақытша
кеңес ханның құзырындағы барлық істерді
жүргізуге міндеттелді. Уақытша кеңестің штаттық
құрамы анықталып, оларға жергілікті салықтан жылдық
еңбекақы белгіленді. Сөйтіп ресейлік
әкімшілік-бюрократиялық жүйенің негізі
қалыптасты. Жергілікті басқарушы топ Уақытша кеңеске
бағынышты болып, барлық істі осы мекеме арқылы шешуге
мәжбүрленді. Уақытша кеңес
құрылғаннан кейін патша әкімшілігі Ішкі орданың
саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайын тереңірек
зерттеп, империялық басқаруды орталықтандыруға
алғышарттар жасауға тырысты. Патша өкіметі Уақытша
кеңеске нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы жайлы есеп
беруді талап етті. Сондай-ақ, жыл сайын атқарылған істер
және Ішкі орданың жағдайы туралы жылдық есеп беріп
тұрды. Хандық билік кезеңіндегі жергілікті басқарушы
топты патшалыққа жақсы жағынан көрінген жаңа
буынмен алмастыруға кірісті. Уақытша кеңесті сұлтан
басқарғанымен бүкіл ішкі істер Мемлекеттік мүлік
министрлігінен тағайындалған орыс шенеунігі арқылы іске асты.
Яғни сұлтан басшы мен сұлтан кеңесшілер тек
халықтың және билеуші ақсүйек тобының
наразылығын тудырмас үшін ғана қажет болды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Нейман
К.Ф. Афганистан и англичане в 1841 и 1842 годах. – М., 1848. – 183 с.
2.
Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік
Мұрағаты (ҚР ОММ) 4-қор, 1-тізбе, 5435-іс.
3.
ҚР ОММ 4-қ., 1-т., 2350-і.
4.
Ресей Федерациясы Орынбор Облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ
ОрОММ) 6-қор, 10-тізбе, 5802-іс.
5. История Букеевского ханства (1801–1852 гг.): сб. док. и
материалов./ Сост. Б.Т. Жанаев, В.А. Иночкин, С.Х. Сагнаева. –
Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 1020 с.
6. ҚР ОММ 4-қор, 1-тізбе, 2580-іс.
7. ҚР ОММ 4-қор, 1-тізбе, 2387-іс.
8. Полное собрание законов Российской Империи.
Собрание второе, Т. 22, Отд. І, 1847, № 20885. – Спб., 1848. – 950 с.