Ф.ғ.к., доценті Кадина Ж.З.
Ф.ғ.м., аға оқытушы Сатеева Б.С.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
ОҚЫТУ МЕН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ОЙЫН ӘРЕКЕТІ
«Ойын баланың
алдынан өмір есігін ашып,
оның
шығармашылық қабілетін дамытады
ойынсыз ақыл-ойдың
қалыптасуы мүмкін емес»
В.А. Сухомлинский
Тіл
ұлттық ерекшеліктердің бірі, ұлт
мәдениетінің басты формасы. Әр халықтың дәстүрінің, сана
сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез-
құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің
айырықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді.
Ана
тілді үйретудің бастапқы ауыр жүгін көтеру, мектепке дейінгі мекемелер мен ата – аналар
қауымына жүктеледі. Тілді үйрету жұмыстары
баланың жас ерекшелігіне қарай жеңілден ауырға,
белгіліден белгісізге қарай принципіне негізделуі керек. Баланың
жалпы сөз қорын дамыту, диалог, монолог түрінде ауызекі
сөйлеуге үйрету, сөздік қорын сан жағынан
ғана емес сапалық жағынан дамыту, үйренген
сөздерді, берілген тапсырмаларды өздігінен орындауға
үйрету, байланыстырып сөйлеу тілін дамыту жұмыстарын ойын
әрекеттері арқылы іске асыруға болады.
Халықтың тіл қазынасын байыту, тілді
қоғамдық өмір тіршілігінің нақты
құралы ету, оны жетілдіріп, дамытып, дәуір талабына орай
көріктендіріп, ұстарта білу – нағыз өнер екені белгілі.
Ата – бабамыз жасаған асыл мұраны меңгерту, болашақ
ұрпақ игілігіне меншіктеу, ізгілікке, адамгершілікке, дербес ой
қабілеттілігіне, өздігімен еркін әрекет жасауға, ата –
анаға, айналасына жүрек сезімін оятып ана тілін қастерлеуге
үйрету, оның музыкалық әуезін санасына ұялатып,
зердесіне жеткізудің барлығы баланың нәрестелік
шағынан басталатыны баршаға аян, сондықтан да ойын
баласының әрекеттерінде дұрыс сөйлеуіне үлкен
мән берілгені дұрыс. Ойын кезінде әдейі ұйымдастырылған
жағдайға сәйкес (ситуация) баланы ойлауға, жауап беруге
жетелеу, баланың ойлау, сөйлеу, қабылдау зейін
қабілеттерін дамыта отырып, өздігінен еңбектене білуге
үйретуге болады.
Ойын –
оқыту және тәрбиелеудің әдісі ретінде айрықша
орын алады. Ойын- баланың шын тіршілігі. Ойын
арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне
қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың
бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің
дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады.
Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала
табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде
бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал
еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін
білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген
құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде
қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да
білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздер
тегін айтылмағанын ескеріп, ұлттық ойындарымызды жандандырып, заман талабымен байланыстыра
ұрпаққа ұсына
білу тәрбиелеушілердің еншісінде. Баланың ойынға деген
құлқы, қарым- қатынасы, мінез-
құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де
жалғаса береді. Ойын барысында бала өзін қоршаған
үлкендер сияқты, өзінің сүйікті
әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді,
әрекет жасайды. Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді
дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға
бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл- қозғалысы
дене бітімін жетілдірсе, ал қарым- қатынастағы пайымдаулары
өзіндік таным- түсінік, мінез- құлық
әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір
әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі
ақпараттар алады, дүние сырын ашады. Мектепке дейінгі тәрбиеленушілерде
педагогикалық процестер барысында баланың
көңіл-күйін анықтап, психологиялық мотивтерді
туындатып, жағымды мінез- құлық дағдыларын
қалыптастыру көзделеді. Психологиялық жаттығулар баланы
үлкендермен және достарымен қарым- қатынас мәдениетіне
тәрбиелеп, өз пікірлерін айтып жеткізе білуге көмектеседі.
Ойын жаттығулары арқылы
баланың білімділік дағдыларын күнделікті іс-әрекетте
қолдана білу мүмкіндіктері қарастырылады. Психологиялық
ойын- жаттығулар баланың жан дүниесінің, рухани
жай-күйінің үйлесімді дамуына ықпал етеді.
Баланың сезім әрекетін, әсерленушілік деңгейін
анықтау үшін қолданылады. Ойындардың негізгі
мақсаты балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын,
байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытуғы
икемділікті арттыруға, өзінің жеке
құрбыларының іс-әрекетін бағалай,
құрметтей, өз ісінің дұрыстығын
дәлелдей білуін анықтау, қалыптастыру болып табылады.
Ұлттық ойын түрлері мен ауыз
әдебиеті үлгілерін оқуда пайдаланудың арқасында
жасөспірімнің салт-дәстүрге деген саналы
көзқарасы кеңейіп, ана тіліне қызығушылығы
мен ықылас-ынтасы артады. Мысалы «Көкпар», «Алтын сақа»,
«Бәйге», «Тапқыр болсаң, талас жоқ», «Кім жылдам?»
сынды түрлі зияткерлік ойындар бала қиялын дамытып,
мүмкіндіктерін ашып, жаңалыққа, бәсекелестікке
ұмтылуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Ұшты-ұшты» ойынында
бастаушы қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын,
ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар
ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Олар
ұшпайтын затқа қолын көтеріп қалса, айыбына
өз өнерін көрсетеді. Ол өнерге тақпақ,
жұмбақ, жаңылтпаш айтылуы
тиіс. «Сиқырлы
қоржын» ойынының ережесін ұйымдастырушы өзі
құрастыруына болады. Мұнда балалардың жастарына
қарай түрлендіруге болады. Мысалы: Қоржын ішіне
ұлттық нышандағы ойыншықтар (домбыра, асық, түйе
т.б.) салып, сол туралы не білетіндерін айтқызу т.б. «Сөз
жарысы» ойынын
кез келген тақырыпты өткен кезде, нәтиже сабақта
ойнатуға болады.Мысалы, «Азық- түлік» тақырыбын
өткен кезде үш оқушы тақтаға шығып
сөздер жазады. Бір оқушы сүт тағамдарын
жазады,екінші оқушы азық түліктерді жазады,үшінші
оқушы ет тағамдарын жазады, кім бірінші болып жазып бітірсе, сол
оқушы жеңімпаз болады. Бұл ойын балаларға өте
ұнайды,оқушылар белсене қатысады. «Дыбыстар
жұмбағы» ойыны бастауыш сыныптағы балалардың сөздік қорларын дамытады, дыбыстарды дұрыс
табуға, айтуға машықтандырады. Мысалы, қаламда
бар,өшіргіште жоқ,қарындашта бар,сызғышта жоқ.
Бұл қай әріп? Бұл әріп–Қ. Сонымен қатар, кроссвордтар, ребус, жұмбақтар,
жаңылтпаштарды тез әрі дұрыс айттыру арқылы
оқушылардың тілдері жаттығады, логикалық ойлау
қабілеттері дамиды, шапшаң ойланатын болады.
Ауызша ойналатын
дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді
білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі.
Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша
бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір
тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен
тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс
ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар
қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі,
қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті,
уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық,
тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық
көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты
адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір
құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын,
қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген
құштарлығын ойын арқылы
қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі
болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында
маңызды рөл атқарады.
Ойынын
түрлері өте көп, оларды әдіскер-ғалымдар
дидактикалық, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық,
рольдік, іскерлік деп бірнеше түрге бөліп қарастырады. Жоғарыда
сөз еткеніміз дидактикалық, грамматикалық, лексикалық,
фонетикалық ойындарға жақын болса, тілдік
ойындар деп ситуациялық, рөлдік, іскерлік ойындарды
атауымызға болады.
Жас баланың
өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық
ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойында
шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі
қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе
өмірдің әртүрлі құбылыстары мен
үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені
белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол
мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін
қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене
шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің
маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін
сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет
байқатады. Бастауыш сыныптарда, бала-бақшада «Азық түлік»,
«Отбасы», «Киім»,«Тамақ»,«Дүкенде» тақырыптарын өткен
кезде, ертегілерді оқығанда рольдік ойындар тиімді. Мысалы,
«Дүкенде» тақырыбын алатын болсақ,бала мен бала,сатушы мен
сатып алушы болып, күнделікті ата-аналарының қасында
жүріп көрген тәжірибелерінен жинақтаған сөздері
арқылы
қарым-қатынасқа түседі.Ойын әдісінің
тиімділігі тілді үйренуде сөйлеу, тыңдау және
көру іс- әрекетінің маңызды екендігін байқатады.
Тіл дамытуды ойын түрінде жүргізу оқу мотивациясын арттырады,
оқушының кейіпкер сөзін, іс- әрекетін қабілетіне
қарай қайталап (рөлдерде ойнап) қарым-қатынасқа
түсу әсері жоғары болады, оқушының түсіну
және түсіндіру қабілеті дамиды. Рөлдік ойын
лексикалық материалды бекіту мен жандандыру үшін пайдалы. Оқушының танымдық белсенділігі,
ойын жүйелі жеткізу дағдысы, яғни білімге деген жан
–жақты терең қызығушылығын, дербес
белсенділігін туғызады. Қытай
даналығында: «Маған айтсаң, мен ұмытып қаламын;
маған көрсетсең, мен есімде сақтаймын; ал өзіме
әрекет жасауға мүмкіндік берсең, мен үйренемін»
деп айтылғандай, біз балаға бір ақпаратты тек айтып
қана қойсақ, ол ұмытып кетуі мүмкін,
көрсетсек есінде қалуы мүмкін, ал ойын үрдісінде
баланың өзіне жасауға мүмкіндік берсек, бала өзі
үйреніп кетуі әбден мүмкін.
Баланың
ойыныңда да белгілі дәрежеде тиісті жұмыстағыдай
жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі айырмашылығы тек
мынада: баланың ойыны нақты материалдық рухани байлықты
көздемейді, ал жұмыс ондай игілікті өндірудің
негізгі жолы екені айқын. Баланың қуанышы мен реніші
ойыңда айқын көрінеді. Ойын кезіндегі бала ойланады,
эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік
қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі
баланың шығарымашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын үстінде бала
бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне
бөленеді.
Алайда,ойын
технологиясын қолдану арқылы барлық мәселе шешіле
қалады деп айтудан аулақпыз, дегенмен, қиындықтар
азайатыны сөзсіз. Себебі, ойын-баларлардың негізгі әрекеті.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Сұнғатова
Г.Ж. Тілдерді оқыту ойын
әдісі. 2009, №3, 26-29 б.
2. Құдайбергенова А.М. Ойындар-коммуникативтік
компетенциясын қалыптастыру құралы// Қазақ тілі
әдістеме, 2009, №8. 20-22 б.