Сарманова Ф.Т.                                              

 А.Байтұрсынов  атындағы  Қостанай  мемлекеттік  университетінің доценті

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖАРНАМАЛАРДЫҢ АУДАРМА БАРЫСЫНДАҒЫ ҚОЛДАНЫСЫ                                                  

        

Ана тілі – ұлтымыздың, еліміздің қамалы. Тіл-халықтың ажары, базары, бағы.Ұзын ғасырларға тамыры бойлаған ұлттық мәдениетіміздің шырыны да, салт пен санамыздың сәні де, дәстүрімізбен ұлттық табиғатымыздың мәйегі де –тіл. Қазақ тілінің мәселесі бүгінгі таңда өзекті де, өткір мәселенің бірі болып отыр. Бір - бірімізбен жұмыста, қоғамдық көліктерде, көшеде жүріп  тек қазақша сөйлесек, сонда ғана бір жетістіктерге жетуіміз мүмкін. Өз елімізде сөйлемей, қайда сөйлейміз?

         Мамандығым филолог болғасын , көшедегі  жарнамаларға ерекше көңіл аударып, билбордтардағы қателерді көріп, туған тілімізді назардан тыс қалдырғанымыз деген сөз. Сол себептен бұл мәселе мені қатты толғандыруда. Өзімнің зерттеп жүрген  тақырыбым бойынша көптеген әдебиеттер, газет, журналдар оқып шықтым. Зерттеу барысында көшелерде, маңдайшаларда, теледидардан көрген жарнама роликтерде , плакаттарда, теле және радио жарнамаларда кездесетін қателер көрсетілген.

         Бүгінгі күні жарнамалардағы қателер көкейтесті мәселеге айналып, ұлтжанды азаматтардың орынды алаңдауын тудырып отырған жай: қазақ тілінің көрнекі ақпарат пен жарнама тілі ретінде қолданылуы. Жасыратыны жоқ, бұл салада қазақ тілі – қосалқы тіл, аударма тіл, оқылмайтын шалажансар тіл. Өз тіліміз өз көшемізден көрінбей жүр. Қазіргі қазақ қоғамы нарықтық қарым- қатынасқа көшкен уақытта жер мен көкті жарнама жаулаған заман. Көшеге шықсаң – жарнама, теледидар, радио қоссаң да –жарнама. Біз үнемі заттарды жарнамалаудың тіліне назар аударамыз да, тілдің жарнамалауына аса назар аудара бермейміз. Бұл біздің заманымызда ғана емес, ғасырлар бойы жүріп келе жатқан табиғи үдеріс болатын.

         Жарнама дегеніміз – белгілі бір зат пен құбылысты, іс-әрекет пен қызметті елге таныту, насихаттау, оларға деген сұранысты күшейту мақсатымен жарияланған хабарлама жиынтығы. Жарнама (жар+нама; «жар»-жария етті, мәлімдемеді, хабар таратты, жарияланды; «нама» -араб, парсы «жазылған хат», шығарылған бәйіт, дастан» - қазақ мәдениетінде кең қолданылған ұғым, дефенициясы айқын термин. Энциклопедиялық, лексикологиялық, мағлұматнамалық, терминологиялық еңбектерде берілген анықтамалардан шығатын қорытындысы- «жарнама»- спектакль, концерт немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын- сауық туралы хабарландырудың бір түрі».

         Жарнама- тілдік құралдар арқылы да, вербалды емес құралдар арқылы да ұлттық мәдениеттің белгілерін көрсетуі қажет. Ал ұлттық мәдениеттің танылуы тілдің ұлттық белгілері: сөз қолдану, грамматикалық заңдылығы, нормалары игерілгенде көрінеді. Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады.

         Қазіргі қазақ жарнамалары таралу жолдарына, қамтитын тақырыптарына, түрлеріне қарай әр түрге бөлінеді:

-сырттық жарнама ( маңдайшалар, жарнамалық қалқандар, панно, плакаттар);

-теле және радио жарнама ( жарнама роликтері, жарнамалық телерепортаждар, теледидардағы жарнамалық қатарлар, радио хабарландырулар, радио роликтер);

-парақша жарнама ( каталогтар, буклеттер, жапсырмалар, шағын жарнама парақтар, шақыру билеттері, баға көрсеткіштері)

- газет жарнамасы ( газет- журналдарда жарияланған жарнама мәтіндер).

         Бүгінде жарнаманың жаңа түрлері мен жаңа қалыптары пайда болуда, алайда жарнама мәтінінде әрдайым негізгі, жетекші қызметті сөз атқарады. Жарнама тілі саласы қазақ тілінде жаңа сала деп қарастыруға болады. Қазіргі таңда жарнама үстем болып отырған орыс тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Бұл жағдай керісінше болуы тиіс. Алдымен қазақ елінде қазақ тілінде әзірлену керек. Сол тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым. Оған лайық балама немесе қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтау ұмытып қалғандай. Сөзбе-сөздіктің қазақ тілінің грамматикалық құрылысына, қиыстыру жүйесіне қиянат жасаған жерлері баршылық. Қиыны, міне осында. Небір жарнама аудармаларын оқып отырғанда, қарап отырғанда,не оқып, не түсінгеніңді білмей қаласың. Бірен-сараны болмаса, кілең қазақ сөздерінен құрылған тіркестер өзара байланыспай, қиыспай нақтылы ұғым берместен сіресіп тұрады. Бұған дәлелі келесі мысал:

Строительные материалы – Құрылыс заттары

Оптом и в розницу – Көтерме және бөлшек.

Бұл мысалда сөйлем тиянақсыз, аяқталмаған. Негізгі ой –құрылыс заттарының көтерме және бөлшек бағамен сатылатындығында , яғни бұл сөйлем «баға» деген сөзді керек етіп тұр. Демек, «Құрылыс заттары. Көтерме және бөлшек бағамен» десе сөйлем түсінікті болар еді. Немесе калька тісілмен аударылған тағы бір мына мысалға назар аударыңыз: 

Ген победителя в каждом – Жеңімпаз гені әр.

Адресаттың не айтқысы келіп, қандай ой жеткізгісі келгені белгісіз.

Мағынаға мән беру атымен жоқ.

Магазин продуктов и промышленных товаров –Азық-түлік және өнеркәсіп тауарлары дүкені. Бұл мысалда «тауарлар» деген сөзге Ілік септігін, яғни «-нің» жалғауын қоссақ, сөйлем түсінікті, мәтін сауатты құрылған болар еді.

Азық-түлік және өнеркәсіп тауарларының дүкені. Кейбір сөздердің, терминдердің аудармасы болар тұра, орыс тілінде қазақ тілінің қосымшасымен жазылып жатады.

Мысалы, Ремонт автомобилей – Автомобильдер жөндеу. Автомобиль – адам немесе жүк таситын машина, яғни көлік. Неге «автокөлік жөндеу» демеске? Тағы бір мысал келтіруге болады: Для всех кто ищет!- Кім іздесе, солардың бәріне! Для всех кто выбирает! – Кім таңдаса, солардың бәріне! Бұл жарнаманың адамға әсер ету қызметі өте төмен. Неге дейсіз ғой? Өйткені, кімнің нені іздейтіні, нені таңдайтыны беймәлім. Бір сөз бірнеше рет қайталанып, естір құлаққа да жағымсыз. Іздеушілер мен тыңдаушылар назарына! десе де айтар ой жетімді болары анық.

         Қазіргі кезде көшелер мен мекеме атауларында да жарнамалық сипат болатыны мәлім. Осы атаулардың қазақша, орысша, ағылшынша үш тілде бірдей берілуі оларды жазудан гөрі еуропалық болмыстағы суреттерге көбірек ұқсатып жіберген секілді. Солардың арасынан қазақша нұсқасын зорға тауып алатын жағдайлар кездеседі. Керісінше қазақшасы үлкен әріптермен жазылып, қалғаны тілді түсінбейтіндер үшін аударма ретінде берілуі керек еді. Әрине, мұндай үлгідегі жарнамалар қалаларымызда кездеседі.

         Жарнамалардағы аудармалар да қате аударылады ( Астана қаласы). Зима не за горами дегенді Қыс тауларға емес деп аударылыпты. Мұның мағынасы «Қыстың қамын жазда ойла» дегені.

         Баспасөз беттерінде жарнама мәселесі біраз жылдардан бері сөз болып келеді, алайда оған байланысты айтылатын сын-пікірлер тоқталар емес. Оның бірнеше себебі бар сияқты. Біріншіден, жарнаманың қазақша нұсқасында кеткен қателер мен қателіктер, екіншіден, түпнұсқасы орыс тілінде дайындалып, аудару кезінде ұғымдарды дұрыс жеткізе алмауы, үшіншіден, қажет емес деп тауып, мүлде аудармай орыс тілде нұсқасын бере салумен байланысты деп тоқтауға болатын секілді. Мұндай жағдаяттардың қайсысы  болса да, бүгін мемлекеттік тілдің дамуына кері әсерін беріп, беделін төмендетіп отырғандығына дау жоқ.

         Осы байқағанымызды қорыта келгенде, енді талаптың бірі – жарнамада негізінен суретке үлкен орын беріледі. Демек, берілуге тиіс ақпараттар да  сурет мазмұны арқылы белгілі болып жататындықтан, ондағы жазуларды қазақша, орысша деп екі тілде бос шығынға және түсініксіздікке жол бермес үшін, тек қазақ тілінде ғана жазса дұрыс болар еді немесе ұсақ әріптермен астыңғы жағына аудармасы берілсе де жеткілікті. Сонда жарнама тілі арқылы да адамдардың қазақша үйренуіне мүмкіндік жсауға болар еді.

         Жарнама мазмұнының ұлттық сипатта болуына аса назар аударуымыз қажет. Біздің әрбір жарнамада ұлттық сипат болса, ұлттық сананың қалыптасуына да өзіндік үлес. Қазақша ойлайтын адамның қазақша сөйлеуі де жеңіл.

Қазіргі заманда жарнаманың орны үлкен, ол арқылы тек тауар жарнамаланбайды, ұлттық тіл мен ұлттық болмысымыздың да ішкі сырлары айқындалып, оның мазмұнынан қаншалықты құрметтейтініміз де көрінеді.

          

                             Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әбдуәлиұлы Б. Жарнама – ұлттық болмысымыздың да жаршысы /Хабаршы.№ 1, 2011 ж.

2. Қайдаров Ә. «Тіл майданы». Алматы, 2000 ж.

3. Солтанбекова Ғ. «Қазақ жарнамалары: тілдік сипаты және олардың ықпал ету қызметі». Автореферат.Алматы, 2001 ж.

4. Қазыбек Г. «Каз МУ хабаршысы »№ 8.Алматы, 2002 ж.