А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
практикалық лингвистика кафедрасының аға оқытушысы
Абильбекова Б.Т.
Қазақ тілі
лексикасындағы тыйым сөздер
Ұрпақ санасында ұлттық қасиетерді
қалыптастыру тіл мен дін, салт пен сана, ұлттық
дәстүр арқылы жүзеге асады. Халқымыз
ғасырлар бойы даланың қатал табиғатымен бетпе-бет
келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт
өмірдің мамыражай тірлігінде жинақталған бай
тәжірибесінен көрген – түйген қорытындысы ретіндегі
ырым-тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде
қазір де мәні жойылған жоқ. Ізгілікті аңсаудан
туған ырымдар, бәле-жала кесапаттан сақтандыратын
тыйымдардың тәрбиелік мәні өте зор.Ырымдар мен тыйымдар
халқымыздың әлеуметтік өмірінде,
тұрмыс-тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып
отырған. Тыйым сөздерді заң ретінде қабылдаған.
Егер осы мәселеге тереңірек көз салсақ, ырымдар мен тыйымдар
құқықтық норма деңгейінде
қолданылғанын аңғарамыз. Әлеуметтік
өмірдегі түрліше қарым-қатынаста адамдардың
әрекеті үстінде көрсететін мінез-құлқын
анықтайтын, жалпыға міндетті ережелердің жиынтығы
ретінде танылады. Міне, осындай деңгейде ырым-тыйым сөздерді
халқымыз пайдаланып, баршаға бірдей, міндетті түрде
орындатқан. Мұның өзі қоғамдағы
үлгі-өнеге, әдептіліктің негізгі қағидасы
болып қалыптасқан. Сондықтан қазіргі біздің
ортамызда олқы соғып отырған имандылықтың,
сұйылып бара жатқан адамгершіліктің негізі болып саналатын
тыйым сөздер кесел мен кесапат атаулыдан, жүгенсіздік,
тәртіпсіздік атаулыдан сақтандырушы қалқан,
инабаттылық пен ізгіліктің қайнары еді.
Тыйым сөздер жағымсыз, келеңсіз әрекетті
тоқтатуға арналған. Жат пиғылдан, орынсыз
қылықтан, теріс мінезден сақтандыруға бағыттала
қолданылған. Адамдардың бойындағы адамгершілік,
имандылық қасиеттерінің өлшеміндей деңгейде
пайданылған. Бұл тыйым сөздердің
мән-мағынасының қаншалықты екенін
аңғартса керек.
Мысалы, күлді баспа,
ақты төкпе, көкті жұлма, ұяны бұзба – бұл
сөздер жоғарыда
айтқан ойымыздың толық дәлелі болады. Тыйым
сөздер балалардың есі кірген кезден-ақ
қолданылғандықтан, ойы айқын, жас ерекшелігіне сай
түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді. Балаларды
ертеден-ақ жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады.
Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін
құлағында жүріп, жүрегінен орын алатыны
сөзсіз. Мұндай өнегелі, мейірімді сезімге, адами құндылыққа
үйрететін бұл сөздердің естілуі қаталдау
болғанымен, жас баланың жанына төгер шуағы мол,
нұрлы. Қысқа да нұсқа, айтылу екпіні де ерекше
тіркестер шоғыры жас адамды сол айтылғанды орындауға еріксіз
мойын ұсындырғандай. Өйткені ойлы, мағынасы терең
бұл сөздер баланың өмірлік есте сақтауына да
жеңіл. Бұл талдап, талқылауды қажет етпейтін,
сөзсіз орындалуға тиісті өмірлік міндеттей мәнді
тұжырымдар. Оны үлкендердің ұрпағына сөзсіз
орындатуы халықтың бала тәрбиесіндегі ұстанымы
болған. Атаның тілін бала қайтару, айтқанын орындамау
адамшылық жолдан таюмен тең саналған. Мұны
көргенсіздік, шектен шыққандық деп білген.
Сондықтан, әр жас ата салтынан аспай, айтқаны
қалтқысыз орындалған. Міне, қазақи
тәрбиенің құдіретті ерекшелігі осы жерден
көрінеді. Ата салтын тәрбие үдерісінде басшылыққа
алудың мәні де осыдан көрінеді. Осы дәстүр
қайта қолға алынса, ата-ананы тыңдамайтын бала,
тыңдата алмайтын ата-ана болмас еді.
Біздіңше, адам қоғамының барлық
түрінде де тыйым сөздер қажет. Тіршілік болған
соң күнгейі мен көлеңкесінсіз болмайды. Сол кереғарлықты
реттеп отыру үшін нанымдық, сенімдік, моральдық-этникалық,
құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздер
де әлеуметтік ортаны реттеп отырады. Қоғам мүшелерін
игі мақсаттарға бағыттап, адамдар арасындағы
үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Тыйым сөздердің мағнасына үңілсек,
тәрбиенің әр саласын аңғаруға болады.
Оларды шартты түрде былай бөлуге болады: біріншіден, адамның
түрлі қарым-қатынасына байланысты пайда болған;
екіншіден, табиғаттағы тылсым күштердің киесі
ұру, аруақтың қаһарынан, пәле-жаладан
қорғануға арналған. Біздің былай бөлуіміз
қолданылу үстіндегі мазмұнын жіктеуден туған.
Адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты
туған тыйым сөздерде үлкен-кішінің арасындағы,
әке мен балаға қатысты, ағайын арасындағы,
адамның жеке басына байланысты тыйым сөздердің үлгілері
бар. Олар: нанды баспау, дастарханды
аттамау, табалдырықты баспау, үлкенге дауыс көтермеу,
ата-ананың назарына қалмау, ағайынға пышақ,
қайрақ, балта, ит сыйламау, әйелдің мінетін
атының құйрық-жалын күземеу, некелілердің
төсегіне отырмау, таңын ашып жүрмеу, кіндігін көрсетпеу,
неке қиылғанша тазалық сақтау, т.б. Енді екінші
топқа жататындар: отқа
түкірме, үйді айналма, ауылға қарай шаппа, айды
қолмен көрсетпе, айға, молаға қарап зәр
сындырма, жағыңды, бүйіріңді таянба, т.б. Бұл
сөздер пәле-жаладан аулақ болу, табиғаттағы
тылсым күштің құдіретінен, аруақ пен
тәңірдің киесінен сақтандыруға арналған
нанымнан туғанын байқауға болады. Қандай топқа
жататын сөз болса да, адами қасиеттерді қалыптастыруда
қоршаған орта, жан-жануар мен табиғаты қорғау,
имандылық, адамгершілік негізінде ұлттық
мінез-құлық қалыпастыратыны даусыз.
Тыйым сөздердің мазмұнынан тәрбиенің
бірнеше түрін көруге болады. Атап айтсақ: адамгершілік, әдептілік, имандылық, экологиялық,
гигиеналық және тағы басқа түрлерге
бөлуге болады.
Адамгершілік адам болмысы
үшін басты көрсеткіш екені белгілі. Мұндай адами сезімдерді
қалыптастыратын сөздердің қатары көп. Оларда
адамды сыйлау, қайырымды болу, өтірік айтпау, еңбекті
бағалау, т.б. тәрбиелік ұғымдар қамтылған.
Мысалы: адамға қарап
күлме, біреуді алдама, кісі ақысын жеме, үлкеннің
бетінен алма, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен, кемтарға
күлме, ұрлық қылма, зорық жасама, арыңды
сатпа, аманатқа қиянан жасама, әйелге күш көрсетпе, мақтанба,
тәкаппар болма, өтірікке куәлік жасама, жалқау болма.
Әдептілік – адамдармен
қарым-қатынаста көрінетін сыпайыгершілік, ізеттілік таныту
арқылы өз ортасында сүйкімді, жұғымды,
көрсететін ерекше қасиет. Ол адамгершілікпен, имандылықпен
қанаттас жүретін ұғым. Біздің мұны ерекше
бөліп көрсетуіміз бүгінгі қоғам үшін орны
мен маңызы ерекше болғандығынан. Мұндай сөздерге:
үлкенін алдын кесіп өтпе,
үлкенге әрқашан орын бер, үлкеннен бұрын
сөйлеме, үлкеннен бұрын тамаққа
қолыңды созба, топа даурығып сөйлеме, кісінің көзінше
қасынба, мұрныңды шұқыма, кісінің
үстінен аттама, тосып сөйле, кісіге қарап түкірме, т.б.
жатады.
Имандылық
туралы баспасөз беттерінде аз айттылып жүрген жоқ.
Қазіргі қоғамда оның орны ойсырап тұрғаны
баршаға мәлім. Жоғарыда атап өткеніміздей,
имандылық ұғымы өте кең. Адамгершілік,
тәртіптілік, сыпайыгершілік ұғымдарының бәрін де
қамтиды. Біз бұл жерде дінді қадірлеу, хадис талабын орындау,
жан тазалығын сақтау деген ұғымдармен қатысты
сөздерді көрсеттік. Олар: аруақ
аттама, дінді сатпа, құранды баспа, тәңірге,
аруаққа, құранға тіл тигізбе, өлім
үстінде жаман сөз айтпа, өлген адамды жамандама, намазды
бұзба, қабірді баспа, жұма кір жума, т.б.
Экологиялық
тәрбие – қоршаған ортаға қамқорлық, залал
тигізбеу, тылсым құдіретті бағалауға арналған
сөздер жатады. Олар – көкті
жұлма, ұяны бұзба, суға түкірме, ағын
суға кір шайма, малды теппе, аққуды атпа, бұлақты
бітеме, жәндікті өлтірме, суға зәр сындырма,
құмырсқаның илеуін баспа, қара суды сапырма,
бұлақты былғама, ағашты кеспе, т.б.
Тазалық тәрбиесінде
жас ұрпақтың дені таза, тәні сау болып өсуі
үшінжеке бас тазалығын сақтауға арналған тыйым
сөздердің орны ерекше. Олар: аяғыңды
жоғары көтерме, сыпырғышпен ұрма, шалбарыңды
жастанба, дәрет суын аяқ асты төкпе, сыпырындыны, күлді
шашпа, құдыққа түкірме, саусағыңды
сорма, қолға жұққан суды сілікпе,
тамақтың үстінен аттама, итке ожаумен ас құйма,
шелектегі суға аузыңды батырма, т.б.
Эстетикалық тәрбиеге
қатысты адамның сыртқы көрінісінің
жарасымдылығы мен жүріп-тұру әдебіне байланысты бір
алуан сөздер бар. Олар: шашыңды
жайма, тақымыңды көрсетпе, езуіңді керме, талтайып
отырма, шаш-тырнағыңды өсірме, бөркіңді теріс
киме, кіндігінді ашпа.
Халқымыздың ғасырлап жасаған қазынасын
шағын мақалада қамту мүмкін емес және оны
мақсат етпедік. Біздің айтпағымыз ұлтымыздың асыл
қазынасы-тыйым сөздерді пайдалана отырып, қазіргі
ұрпақ бойындағы жамандық атаулыдан
құтылудың қамын жасауды ата-аналарға
ұсынғымыз келеді. Ата салтын пайдалана отырып, айтқанын
ұрпағына орындатар есті ата-ананың назарын ырым-тыйым
сөздерге аударғымыз келеді. Ата дәстүріне иек артпай
тәрбиенің көсегесі көгермейтінін баса айтқымыз
келеді.
Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық
тәрбие көзі, яғни қазақ кішкентай кезінен
жақсылыққа үйір, жаман әдеттерден аулақ
болсын деп тыйым арқылы баласын тәрбиелеп отырғанын біз
жақсы білеміз. Халқымыздың қанына сіңген
тектілігі, адамгершілігінің жоғары болуы, әртүрлі
келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан
аулақ болғаны – осы қазақтың тыйымының арқасы,
яғни тыйым сөздердің мән-мағынасына
тереңнен үңіліп, бой ұрсақ, оның астарында
маңызды да, мәнді, адам баласына, әсіресе, жас,
өскелең ұрпаққа қажетті асыл дүниелер
жатқандығын аңғаруға болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.С.Кенжеахметов
«Қазақтың тыйым сөздері» Абай журналы, №10 2010ж
2.А.Қаралұлы «Қазақы тыйымдар мен ырымдар»
Алматы, «Өнер» 1998ж.
3.І Какенова «Тыйым сөздер
тәрбие құралы» «Тәрбие құралы» журналы,№3
2009ж.