А.Байтұрсынов атындағы Қостанай  мемлекеттік университеті   

          практикалық   лингвистика  кафедрасының аға оқытушысы

                                      Абильбекова Б.Т.

 

Тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын орыс тілімен салыстыра отырып оқыту.

   Тұрақты сөз тіркестері – сөздердің орны әбден қалыптасқан және құрамындағы сөздерден мүлдем басқа  мағына беретін тіркес. Тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге, басқа сөзбен алмастыруға келмейді. Неше сөзден тұрса да,  тұрақты сөз  тіркесі бір ғана мағынаны береді. Сөйлем ішінде бір ғана мүшенің қызметін атқарады. Мысалы: Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елге қызмет етеді. Осы сөйлемдегі көзі ашық, көкірегі ояу тұрақты тіркестің сұрағы қандай? Саналы деген мағынаны білдіреді, анықтауыштық қызмет атқарады. Тұрақты  сөз тіркестері ғылым тілінде фразеология, фразеологизм деп те аталады. «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз – формасы  жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркесі мен сөйлемшелер». Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің барлық түрі де жатады. Олар тұрақты сөз тіркестерінің түрлері номинативтік бірліктер, ресми іс құжаттарындағы даяр сөз орамдары түрінде болуы мүмкін.

  Фразеологизмдердің осы айтылған түрлерінің құрылымдық, мағыналық, қолданымдық сипаты, лексикологияға қатысы бірыңғай емес. Сондықтан, тәжірибе жүзінде фразеологизмдер тар және кең мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген. Тұрақты сөз тіркесі бірнеше топқа жіктеледі: идиомалық тіркестер немесе идиома (мысалы: қабырғаңмен кеңес, біреудің ала жібін аттама); мақал-мәтел (Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар; Өнерлінің өзегі талмас).Тұрақты сөз тіркесі қатарына  бұлардан басқа екі кейде одан да көп сөздердің қатары жұмсалуынан жасалып, бастапқы мағынасын сақтай отырып, бір ұғымды білдіретін тіркестер (лексикалық тіркестер) де кіреді. Мысалы, (қол қою, көз салу, қол ұшын беру).

          Тұрақты сөз тіркесі

Мағынасы

Ит өлген жер

Алыс

Тайға таңба басқандай 

Анық

Тілді үйіреді

Тәтті

Көз шырымын алу

Ұйықтау

Ажары кірді

Көріктенді

Ат салысу

Көмектесу

Аш көз

Қомағай адам

Аяғы аспаннан келді

Тас талқаны шықты

Бармағын тістеді

Өкінді

Бауыр басу

Үйрену

Бес аспап

Өнерлі

Жібі түзу

Дұрыс адам

Сәлемі түзу

Ниеті дұрыс

Тон пішу

Сырттай  болжау

Таба болу

Мазақ болу

Төсек тарту

Сырқаттану

Түбіне жету

Құрту

Тіс жармау

Айтпау

   Кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік единица, әдетте, фразеологизмдік оралым деп аталады.  Фразеологиялық оралымдардың түрлері бір-біріне әрқашан ашық айқын ажыратыла бермейді, осыған орай,  оларды  классификациялау тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе болып  саналады. Тіл білімінде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жағынан қарастырылып, осыған сәйкес, олар  түрліше топтастырылып жүр.

   Академик В.В.Виноградов фразеологиялық единицаларды бүтіндей фразеологизмнің біртұтас мағынасы мен оны  құрастырушы сыңалардың  мағыналарының ара қатысы тұрғысынан  фразеологиялық тұтастық (фразеологическое  срашение), фразеологиялық бірлік (фразеологическое единство) және  фразеологиялық тізбек (фразеологическое сочетание) деп үш  түрге бөледі. Орыс тіліндегі фразеологизмдерді  зерттеуші Н.М. Шанский  аталған классификацияны қолдай келіп, фразеологиялық оралымдардың 4-ші түрі фразеологиялық сөйлемше (фразеологическое выражение) деп есептейді.

Тұрақты сөз тіркестерін, яғни фразеологизмдерді орыс тіліне аударғанда, олардың өз ара мәндес келетіндігі ескеріледі. Мысалы:

Беречь как зеницу ока

Көздің қарашығындай сақтау                                    

В пух и в прах

Күлін көкке ұшыру

В прятки играть

Жасырынбақ ойнау

Он пятки показал

Ол өкшесін бір-ақ көрсетті

Хоть глаза выколи

Көзге түртсе көргісіз

Зубы точить  

Тісін қайрау

Волосы встали дыбом    

Төбе шашы тік тұру

Как в воду канул

Жер жұтқандай

За три девять земель

Жеті қабат жер астында

Седьмым небе

Төбесі көкке жету

   Дегенмен, қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркетерін  орыс тіліне, сол сияқты орыс тіліндегі  тұрақты сөз тіркестерін қазақ тіліне аударғанда бірден тура мағынасымен, яғни калька аудармасымен аудару әрқашан ұтымды бола бермейді. Олай дейтініміз, тұрақты сөз тіркестерін бір тілден екінші бір тілге, сөзбе-сөз аудару барысында сөз мағынасы, сөз көркемділігі, әуезділігі жоғалады немесе айтайын деп отырған сөз мағынасы өзгеріп, мүлде мағына үстемеуі мүмкін.

  Мысалы: Ни рыба, ни мясо — ет те емес, балық та емес. Как две капли воды — екі тамшы судай. Рыбак рыбака видит из далека — балықшы балықшыны алыстан көреді. Лучше поздно, чем никогда — Ештен кеш жақсы. Правда - хорошо, а счастье - лучше —- шындык - жақсы, ал,  бақыт- одан да жақсы т.б.

 Фразеологизмдерді орыс тілінен аударған кезде ерекше көңіл бөлетін тағы бір мәселе — ол тұрақты сөз тіркестерінің арғы шыққан тегі. Мысалы, қазіргі орыс тілінде қолданылып жүрген фразеологизмдердің ішінде басқа тілдерден енгендері бар. Олар: “лучше поздно, чем никогда”, “убит время” (француз тілінен);“холодная война”, “железный уровень” (ағылшын тілінен); “невзирая налица”, “Вот где собак зарыта”(немістілінен) Сонымен қатарорыстіліндекөне грек мифологиясынабайланыстысөзобраздары да көпкездеседі: “танталовы муки”, “авгиевы конюшни”, “троян-ский конь”, “яблоко раздора”, “Ахилесова пята”, “Дамоклов меч” . т. б.

Осылар сияқты сөз орамдарының ең алғаш қай тілде, қандай мағынада қолданылып, қалыптасқанын жақсы білмейінше, оларды бірден аудара салуға болмайды. Қазақшаға мұндай сөз образдарын аударғанда сілтемеде олардың мағыналары ашылып, түсініктеме беріліп отырса дұрыс болады.

Фразеологизмдердің дамуының негізгі екі түрі бар: Бірінші, тұрақты сөз тіркестері, ең алдымен, сол тілдің иесі болып табылатын халықтың ұлттық ерекшелігіне қарай жасалып, қалыптасады. Бұлар тілдің өзінің ішкі даму процесімен байланысты болады. Екіншісі — тұрақты сөз тіркестері дамуының сыртқы процесі. Халықтар арасындағы қарым-қатынас бір тілден екінші бір тілге фразеологизмдердің ауысып отыруына мүмкіндік туғызады. Фразеологизмдер бір тілден екінші тілге сөйлеу тілі және жазба нұсқалар (публицистика, көркем әдебиет т. б.) арқылы ауысады. Мәселен: көк базар, көз бояу, өмір сабағы, әр бір істің басталуы қиын, ештен кеш жақсы, жылтырағанның бәрі алтын емес, бейбітшілік көгершіні т. б. тіркестер біздің, тілімізде орыс тілінің ықпалымен қалыптасып, фразеологиялық қорымызды байыта түсуде. Сондай-ақ, Келдім, көрдім, жеңдім (Юлий Цезарь). Уақыт біздің пайдамызға қызмет етеді (Гладстон). Бәрі де ағады, бәрі де өзгереді (Гераклит). Стиль — ол адам (Бюффон) т. б. сияқты әр түрлі халықтың афоризмдері де бізге орыс тілі арқылы енгені белгілі.

 Сөйтіп,  қай тілдің болмасын фразеологиясы халықтардың өзара қарым-қатынаста болуының нәтижесінде бірін-бірі толықтырып отырады. Ал бұл мәселе, бір жағынан, фразеологизмдердің сәтті аударылуына да байланысты. Яғни, бір тілдегі фразеологизмдердің екінші бір тілге аударылғанда олардың жымдасып, жатық болып жұмсалуында.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ә.Болғанбаев «Қазақ тілінің лексикографиясы мен фразеологиясы»

3. Кеңесбаев      «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі»