Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

 Халан Елка 2 курс магистранты  

Абайдың аударма өлеңдеріне орыс әдебиеті үлгілерінің ықпалы

Абайдың қазақ тілінің қуатын көтеріп, құнарын арттыруда шығармашылық өрісіне орыс әдебиеті мен мәдениетінің ықпалы өте зор болды. Абай 70-80 жылдардан бастап орыс әдебиеті мен мәдениетіне түгелдей бет бұрған кез болды. Орыстың идеясымен танысып, үн қосқан бірінші ақын болды. Сонымен бірге  орыстың атақты  ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен  өлеңдерін, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға бұл жағынан да тура  келеді. Бұны – біpінші себеп десек, ал екіншіден, Пушкин, Лермонтовтардың шынайы  мәніндегі өнер иелері екендігін Абай жақсы ұғынды. Сондықтан да Абай Құнанбаев танымал, белгілі ақындардың кез-келген өлеңдерін аудара бермеген. Абай тек талғап, таңдап  қана аударғандығы Абайдың ұлы өнерінің дәлелі, айғағы іспетті. Жалпы Абай өлеңдерінің өн-бойында тұңғиық тереңнен өрілген мағына, адамға қалайда бір «қара қылды қақ жара» ой салатын талантты өнер. Сондықтан да  Абайдың аударған өлеңдері түгелдей  адамгершілік, жаман мінез-құлықты сынап-шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой, философиялық толғаныстарға толы.

Абайдың  ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық үзінді өлеңінен басталғанг еді. Ал ең соңғысы аудармасы «Вадим» атты Лермонтовтың ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасының  қысқартып жазған поэмасы болды. Зерттеушілер Абайдың орыс әдебиетінен елуден аса аударған өлеңдерін айқындады. Солардың ішіне мысал өлең, сатира, лирика т.б. көптеп кездесетініне көзайым болды. Мысалы: «Қарға мен түлкіні» алар болсақ, ол екі түрлі вариантта аударылған мысал өлең. Абайдың  «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» (Кинжал), «Жалғыз жалау жалтылдап» деген өлеңдерін білмейтін қазақ мүлде аз шығар.

Aбай аудармалары  халық  мәдениетінің  ұлы ақындары мен қазақ халқының жұртшылығы араларындағы дәнекер дүние  болды.

Абай орыс ақындарын тек дос көріп қана қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы тұтты.

Aбайдың  интернационалдық жүректің иесі екендігінің осы орыс жазушыларына көзқарасының өзі-ақ дәлелдейді.

         Орыс әдебиетінің ықпалы әсіресе Абайдың аударма өлеңдерінде көрінуі заңды еді. Ақын аудармаларында автормен жарыса отырып, қазақ өлеңіне жаңа түр тапты. Абай аудармаларының құрылысы екі түрлі болғандығына мына бір деректер дәлел болмақ. Оның біріншісі  - дәл аударма делінсе, екіншісі – ерікті аударма деп аталған. Орыс өлеңдерінің буын, ырғақтары қазақ өлеңдерінің  буындарына дәл келе бермегендіктен, саны жағынан жақын келетін өлеңмен аударған екен.

Мысалы қазақшасында:

 

«Қараңғы түнде тaу қалғып,

Ұйқыға  кетеp бaлбыpaп.

Дaланы жым-жырт  дел-сал қып

Түн бaсады сaлбыpaп.

Шаңдай aлмac жoл дағы

Cыбдыpламac жапырақ,

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ...»

                                            (Абай, ІІ том, 94-бет)

 Ал орысшасында:

 «Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны  свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного –

Отдохнешь и ты...» (227)

Абайдың аудармаларында орыс ақын-жазушыларының шығармалары ұлы ақын шығарған әуенмен астасып, көркем бейнеленіп, өзіндік бір ұлттық нақышқа ие болды. Ақынның сыншылдық, ойшылдық алымына орыс әдебиетінің ықпал-әсері өлшеусіз мол болды. [1, 173]

         Абайдың өмір сырына қанықтығын, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылығын, қилы пиғылға, күйініш-сүйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре-сезе, сезіне білуінде қаншама құдіретті нәзіктік жатыр. Бұл ретте ұлы ақынның  «Көлеңке басын ұзартып» деген өлеңінде де орыс әдебиетінің ықпалы айқын байқалады.

Көлеңке басын ұзертып,

Алысты көзден жасырса

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса.

Сұрғылт тартқан бейуақта,

Төмен қарап мұңдасар

Ой жіберіп әр жаққа! –

өлеңнің осы жолдарынан-ақ  дүние жүзі поэзиясына ұялмай қосылатын бұлбұл лирика екенін аңғарамыз. Абай табиғаттың шырайлы да мұңлы тұстарын көңіл-күйімен байланыстыра бейнелейді. Басы ұзарған көлеңке, қызарып батқан күн, кешкі арай, сұрғылт тартқан бейуақыт ақынның ішкі дүниесімен үндесе сыр шертіседі. Өмірдің осындай кештей өкінішті екенін пайымдаған байқампаз ойлы пенде, алғыр ақын, әрі толғана да, әрі мұңаяда толықси сырласады. [2, 153]

         Абайдың өлеңдеріндегі, сөз өрнегіндегі көп үлгілер орыс әдебиетінің нәрінен дарыды делінсе. Демек, аударма Абай тілін байыта түскен бірден-бір фактор екені мәлім. Абай өлеңінің, тілінің ішкі сыры өзінің айрықша қырларымен танылып, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боп, қанша замандар өтсе де өз құнарын молайта түсіп, үлгі, өсиет, өнеге болып қалмақ. Ақын орыс әдебиетінің образ жасауында, ой салуында өзіндік әдісін ұтымды пайдаланған. Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым орыс әдебиетін жатсынбай еркін игеріп, терең меңгереді және орыс әдебиетін ең алғаш қолданысқа енгізіп, айрықша рең берген бірден-бір жалғыз әрі дана. Соның арқасында Абай қазақтың тілінде бұрын соңды қолданыста болмаған жаңа сөзді ерекше әдістермен жасап халық, болашақ ұрпаққа тарту етіп кетті. Бұл жөнінде Қ.Жұмалиев нақтылы дәлел, дәйекпен ой түйінін ашудың жөнін алғаш рет қисындаған еді. «Абайдың жаңа сөздері әр түрлі жол, әр түрлі әдістермен жасалынады. Кейбіреулері тіптен де қазақта қолданылмаған, өзінің кіргізген сөздері. Ал кейбіреулері, сөздің түбірі бұрын болса да, Абайдың қолданысындай жалғау, жұрнақтармен қоса айтылмайтын сөздер бұрын бар, қазірде қолданылатын сөздердің алдына жаңа эпитет, жаңа теңеулер қойып жаңа образ жасап, жаңңаша көркемдік мән беру болса, сөздерінің бәрі күнбе-күн қолданылатын сөзорындарын ауыстырып, сөйлемді жаңарту» [3, 212]

Абайдың бұлжытпай қаз-қалпында аударды деген өлеңдердің өзін алсақ та, қазақтың өз өлеңдеріндей болып шығады. Егер кейбір деректердегі оригиналмен салыстырсақта,  дәл оқысақта, өлеңнің өз тіліндегі әсері мен Абайдың аудармаларынан алатын әсерінде де ешқандай да айырма байқалмайды.  Міне, осының өзі-ақ ақынның аударма жөніндегі  озат шеберлігі.  Ал Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, үш түрлі себебі бар болса керек: 1) өзінің үлкен таланттылығы;  2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек қана жай мәнін емес, әдемілік қасиеттерін де терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.

Лермонтов,  Крылов, Пушкиндер  - ұлы талант иелері. Осындай дарынды ақындардың  өлеңдерін аударушы адамда  талантты  ақын болуы тиіс екені анық. Ал кез-келген ақынның ондай талант иелерінің өлеңдерін  ойдағыдай етіп аударуы оңайлықпен ешкімнің де қолынан келе бермесі анық. [4, 55]

Aбaйдың орыс классиктерінен алған өте  құнды әдісі ол - сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі жан-дүниесін, сыр-сипатын ашу. Ал бұл  әдіс - психологиялық суреттеуде ерекше әдіс болып табылады. Егер психологиялық суреттеуде ішкі әртүрлі сезім өзгерістері көрсетілер болса, ал мінездеуде адамның бойына берілген өзіне ғана тән, басқалардан ерекшеліктерін суреттейтіні белгілі.  Егер біреу күйгелек, ал біреуі жеңілтек, енді бірі салмақты, ақкөңіл, сұңғыла келетін әр адам лайық өзіне тән табиғи мінездері болады. Бұл бір адамда бір мінез ғана болуы шарт еместігінің айғағы.  Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан мінездердің болуы да мүмкін. Ал осы түрлер Абайға  дейінгі қазақ әдебиетінің барлық түрінде де кенже қалған әдіс болды. Осындай олқылықтарды сезген Абай орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин өлеңдерін аудару арқылы мінездеудің тамаша үлгілерін қалдырып кетті. «Онегиннің сипаты» деп аталатын «Евгенни Онегин» романынан аударған үзіндісі адамның мінез-құлқын суреттеуде, өзіне дейінгі әдебиетте жоғын есептемегенде, күні бүгінге дейінгі теңдесі жоқ мінездеу болып табылады. Осы өлеңнен алынған мына бір үзінді жолдарына  назар салып көрелік.

«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Hанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген...

Kейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырып  орны келсе.

Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,

Қалжыңын білдірмейді қалай деген.

Жаның шошыр, ерлігі жаннан бөлек,

Кісіге балдан тәтті орны келген...»

                                                 (Абай, 2 том, 69-бет)

Абайдың мінездеу жөніндегі үзіндісі тек орыс әдебиетіндегі айрықша үлгілерді аудару ғана емес, өзінің өн бойына сіңіріп, өзінің шығармаларының өн бойына да айрықша үлгі-өнеге дарытуында [5, 143].

Пайдаланған әдебиет

1.     Мәдібаева Қ.Қ. Абайтану: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 204 б.

2.     Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – Алматы, 1991. – 494 б.

3.     Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп, 1973. – 212 б.

4.     Кенжебаев Б. Әдебиет белестері: Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1986. – 400 б.

5.     Тоғжанов Ғ. Абай. – Алматы-Қазан, 1935.

6.     Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1984. – Т.15. – 328 б.

7.     Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. – Алматы: Ғылым, 1982. – 296 б.

8.     Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. – Алматы: Қазмемәдеббас, 1960. – 364 б.

9.     Абай. 2 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 1 т. – 292 б.