Өзбекстан
тәуелсіздігімен қалыптасқан қазіргі тілдік саясат
Оспанова Баянды Рамазанқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ
«Әдебиеттану және тіл білімі»
ҒЗИ қызметкері, ф.ғ.к.
Қазан
төңкерісінен кейін бұрнғы Ресей империясы
құрамындағы елдер шартты түрде дербес республикаларға
айналды. Өзбекстан да КСРО құрамындағы көп
ұлтты республикалардың бірі
болды. Негізгі тұрғындарын өзбек, тәжік,
қазақтар және т.б. орталық азиялық ұлтар
құрағанымен, онда ұзақ жылдар бойы орыс тілі
ұлтаралық қарым-қатынас тілі қызметін
атқарды.
КСРО
ыдырап, оның орнында дербес мемлекеттердің құрылуы бұрынғы
кеңестік кеңістіктегі тіл жағдаятын мүлдем өзгертіп
жіберді. Бұрынғы барлық одақтас республикалар
өзінің ұлттық тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.
Тәуелсіздік
алып, жаңадан құрылған елдердегі ұлттық
тілдердің мемлекеттік мәртебе алып,
саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық
тұрғыдан елге жан-жақты қызмет етуі – бәрінде
бірдей жанданып кете алған жоқ. Батыс Еуропа елдерімен
іргелес-көршілес отырған Балтық теңізі
жағалауындағы Эстония, Латвия, Литва секілді елдерде бұл мәселе бірден дұрыс
бағыт алып кетсе, басқаларында біртіндеп жүзеге асырылып
жатыр. Өз тілін өз мемлекетінің тіліне айналдыра алған
елдердің бірі – Өзбекстан.
Тәуелсіз
жаңа мемлекеттердің құрылу кезеңінің
бастапқы жылдарында Орталық Азия республикаларынан орыс тілді
тұрғындар өз отаны – Ресейге көптеп кете бастады.
Өзбекстандық орыстардың да көпшілігі көшіп
кетіп, біртілді жағдаяттың қалыптасуына қатты
ықпал етті. Өзбекстанда орыс тілді орта, арнайы, жоғары
мектептер саны қысқарып, осы тілде оқитындардың саны да
азайды. Орыс тілді БАҚ, кітап-журналдар таралым аясы тарылды. Елдің
кейбір аймақтарында ғана аз көлемде орыс тілді теле
және радиохабарлар жүрді. Бұрынғы орыс тіліне деген
мұқтаждық біртіндеп өткенге кетті.
Қазіргі таңда
Өзбекстанда тілдік мәселе біршама шешілген. Өйткені ел
тұрғындарының басым көпшілігі – өзбектeр. Олар
елдегі халықтың 80 пайызын құрайды. Қалған
бөлігі қарақалпақ, қазақ, тәжік, орыс
сияқты т.б. ұлт өкілдері болып саналады. Орыстардың
немесе еуропалық ұлттар өкілдерінің саны
жылдан-жылға азайып барады. Орыстар тұрғын
халықтың небары оннан бір бөлігін құрап,
негізінен ірі қалалар мен өндіріс орталықтарында
қоныстанған. Олар, көбінесе, Ташкент, Самарқант,
Бұхара секілді ірі қалаларда ғана шоғырланған.
Өзбекстанда
өзбек тілі басым сипатта болуына байланысты қоғамдық-саяси
өмірдің көптеген салаларынан ығыстырылып
шығарылған қазақ тілінен айырмашылығы бар. Оларда
өзін-өзі сақтап қалу (витальдік) мәселесі
туындамаған [1].
Осыған байланысты Өзбекстан республикаларындағы 1989 жылы
қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңдар өзбек тіліне
мемлекеттік мәртебе берді, іс жүзінде өзбек тілі бұрын
ұлтаралық қатысым тілі қызметін де атқарған
болатын.
Кез келген тілдің дамып жетілуі мен өркендеп
кемелденуі оны өз ана тілім деп санап, тұрмыс-тіршіліктің
барша саласында кең қолданатын тұтынушыларының
көп болуымен тығыз байланысты екенін ескерсек, Өзбекстандағы өзбек ұлтының саны мен сапасы кеңес
өкіметіне кейін тәулсіздік алған Қазақстан
Республикасы сияқты көптеген елдерден әлдеқайда жақсы
боп тұр. Осыған орай, мемлекеттің тілдік саясат та біршама
жақсы жолға қойылған.
Өзбек әдеби
тілінің қоғамдық-әлеуметтік
қолданыстағы қызметі тұрмақ,
саяси-экономикалық бағыттағы да кең өрісті
қолданысы оның барынша мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін
арттыра түсуде. Тұрмыс-тіршіліктің барлық
саласындағы жан-жақты қызметі – өзге ұлттар
өкілдерінің өзбек тілін жетік меңгерулеріне
қажеттілік туғызып отыр. Сол себептен Өзбекстанда тұрып
жатқан қазақ, қарақалпақ,
қырғыз, түркімен, тәжіктердің, тіпті
орыстардың айтарлықтай
бөлігі өз тілдерін ұмытып, өзбектеніп кеткен. Олардың
арғы тегі аталған ұлттардың бірі болса да, қазір
өздерін өзбекпіз деп санайды. Әлбетте, бұл өзбекттердің
өз елінде үстем ұлт (доминант) болып отырғанынан екені
анық. Алайда Өзбкстанда тілдік мәселе мүлдем жоқ
деуге болмайды. Оларға да орыс тілі белгілі бір мөлшерде
ықпал етті. Әсіресе, өзбек жазба әдеби тілінің
1940 жылдан 1990 жылға дейін кирилшеге негізделіп келуіне қарай, өзіндік бітім-болмысынан
алшақтай бастаған еді. Өзбек тілінің кирилл (орыс)
әліпбиіне негіздеуі кеңестік иеологияның орыстандыру саясатынан
еді. Бұл саясат айтарлықтай өз нәтижесін берді.
Өзбек
тілінің латын графикасы негізіндегі жазуға көшуінің
бірнеше себептері бар. Атап айтқанда ең алдымен ұлттық
сананың көтерілуімен болған елдегі ұлттық
отаншылдықтың серпілісіне жауап беретін нақты шаралар керек
болды, ол болса, ұлттық жазуға негізделген графика талап етті.
Одан кейін әлемдік сауда, экономикалық қатынастар үшін
латын графикалы жазудың тиімді болғаны алға тартылды. Сонымен
қатар дүниежүзі бойынша ақпарат алмасудың негізгі
құралы латын қаріптері негізінде ұлттық жазу
әліпбиін жасау қазіргі ақпарат заманының талабы болды.
Сөйтіп, Өзбекстан үшін латын графикалы жазуға
көшудің ең басты себебі саяси және экономикалық
түрткіжайттардан келіп туындады.
Әрине, тіл
мәселесі әліде болса да өзекті. Өзбек тілінің ұлттық сипатын бейнелейтін
жазу керек болды, өйткені о баста кирилл жазуы кеңестік
өкімет тарапынан күштеп енгізілген графика
болғандықтан, өзбек тілінің дыбыстық
жүйесінің ұлттық арнада дамуына мүмкіндік
тудырмады.
Латын әрпіне дайындық, өту кезеңі
және одан кейінгі тілдік жағдаят. Дайындық кезеңі.
1989 жылы 21
қазанда «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы»
заң қабылданып, өзбек тіліне мемлекеттік мәртебе берілген
уақыттан бастау алады [2].
Өзбекстан
Республикасы мәжілісінің 1995 жылы 21 желтоқсанда
қабылдаған «Мемлекеттік тіл туралы Өзбекстан
Республикасының заңын жүзеге асыру тәртібіне
қатысты» жарлығы бойынша Өзбекстан республикасының
латын жазуына көшуінің соңғы кезеңі болып 2005
жылдың 1 қыркүйегі қабылданды [3].
Оған
кеңес өкіметі кезіндегі орыс тілінің үстем
қолданыста болып, бірталай өзбек азаматтарының орыстана
бастауы дәлел. Осыдан арылудың бір жолы әліпби өзгерту
деп тапқан Өзбекстан үкіметі 1993 жылы 2
қыркүйекте «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін
енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл заңға
сәйкес 26 әріп, үш әріптік тіркестен тұратын
графемалар жүйесі қабылданды. 1994 жылдың 16 маусымында осы
заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы
бағдарлама бойынша орта және жоғары білім беретін мекемелерде
өзбек тілі мен әдебиетінің оқулықтарын,
өзбек тілінің сөздіктерін жасау жоспарланды.
Жоғарыда
аталған жылдан бастап латын қарпіне өту жүргізілді.
Біртіндеп елдің білім беру және басқару жүйелері
қатар өтті.
1993-2007 жылдар
аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:
- орта білім беретін
мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында
білім алды;
- осы жылдар ішінде
мемлекеттік ісқағаздарының бір бөлігі жаңа
қаріпке көшірілді;
- барлық
мемлекеттік мекемелер атаулары мен маңдайшалардағы жазу латын
әрпіне көшірілді;
- ресми БАҚ
латын әліпбиіне көшірілді;
- жекеменшік
мекемелердегі ісқағаздар толық көшкен жоқ;
- орыс және
қазақ мектептерінде кирилл жазуымен білім беріледі.
- осы кезеңде
өзбек тілінің 4 томдық академиялық сипаттағы
түсіндірме сөздігі де құрылып аяқталып
қалды.
- Министрлер
кабинетінің «Мемлекеттік тіл туралы» заңды жүзеге асырушы
мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар
туралы 1996 жылдың 10 қыркүйектегі жарлығы бойынша
«O'zbegim dasturlari» электрондық баспалар редакциясымен тіл мамандары
біріге отырып, 120 мың сөзді қамтитын «Іbora» атты
өзбекше-орысша-ағылшынша электрондық сөздік
құрастырылды. Бұл сөздік көпшіліке
арналғанымен, толықтығымен ерекшеленеді, мұнда
сөздер тек кирилл емес, сондай-ақ латын әліпбиімен де
берілген.
Дегенмен,
Өзбекстанда латын графикасына өту кезеңі әлі де
толық аяқталмаған соң, көшудің
кезеңін мемлекет 2010 жылға дейін созуды бекітті.
Өзбек
жазу-сызуы үшін қазіргі өзбек тілінің латын
әліпбиі мен оған көшу кезеңінің
артықшылығын ғалымдар былай деп көрсетті:
1) латын графикасы
өзбек тілінің дыбыстық қорындағы фонемаларды
белгілеуге негізделген, ал кирилл жазуы орыс тілі сөздеріндегі
бөтен фонемаларды да таңбалайтын;
2) латын графикасына
көшкен кезде түркітілдес басқа халықтар да латын
әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі
әлеміне ортақ жазу ақпарат алмасуға қолайлы
болды;
3)
экономикасының батыстық даму бағытына латын графикалы жазу
толық жауап берді;
4) жастар мен сауда
адамдары латын қаріпін тез үйреніп алып, оның таралуын
қолдап отырды.
Өзбек
жазу-сызуы үшін латын әліпбиіне көшудің кемшіліктерін
өзбек ғалымдары былай деп көрсетті:
1) ең алдымен
мектептер латын әрпіне көшірілгендіктен, оларды оқытатын
мұғалімдерді дайындау ісі жолға қойылмады; кирилл
графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын
әліпбиін оқып-үйрену қиынға соғып отыр;
2) балаларға
арналған латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болып отыр.
3) өзбек
әдеби тілі гетерогендік (көпнегізді) сипатта болуы себепті онда
жалпыхалықтық тілдегі дыбыстар мен жазба тілдегі ескі түркі
тілінің, сондай-ақ жазба тіл арқылы қалыптасқан
араб-парсы сөздеріндегі фонемалары араласып, жазуда таңбаланып
келді. Жаңа әліпбиге көшу кезеңінде ғылымда
олардың арақатынасы жеткілікті
анықталмағандықтан, қазіргі графикада бір
таңбамен әртүрлі фонемалық статустағы дыбыстар
белгіленіп жүр. Бұл жаңа жазуда көрініс беріп,
оның халық арасында бірден түсінікті болып кетуіне кедергі
келтірді;
4) өзбек
тілінің жаңа әліпби жобасын жасауда тілші ғалымдар
пікірлері тыңдалып, оны қабылдау кезінде интернетке икемдеуді
жөн көрген компьютерлік техника саласы мамандарының
ұсыныстары басымдық алып кеткен; қазіргі кезде өзбек әліпбиі
интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің
мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар басым айтылып
жүр;
5) жаңа латын
графикасында алынған 3 екі әріптен тұратын әріптік тіркес бір сөздер
құрамында бір дыбыс ретінде оқылса, келесі бір сөздерде
екі дыбыс түрінде оқылып, жазуда ережелермен де реттеле алмайтын
келеңсіздіктер, екіұшты оқылулар пайда болған;
бұның бәрі өзбек жазуының мағынаны
дұрыс жеткізу сипатына нұқсан келтіріп, жазба тіл беделін
төмендеткен.
Жаңа
әліпби жобасының лингвистикалық негіздеріне интернет
жүйесіндегі ақпараттар тасушы таңба талаптарына
сәйкестік принципі алынды. Бұл принциппен қатар өзбек
тілінің дыбыстық қорын толықтай белгілеу жағы да
алынды, яғни жаңа латын әліпбиі ұлттық
тілдің мүддесін көздейтін жазуды қамтамасыз ету керек
болатын. Дегенмен өзбек әдеби тілінің гетерогендік сипатына
байланысты жалпыхалықтық тілдің дыбыстық
қорындағы барлық фонемалар, сонымен бірге орыс тілінің
әсерімен енген сөздер құрамындағы орыс
фонемаларының сөзіндегі <о>, ескі жазба тілден енген
сөздердің құрамында сақталып қалған
араб-парсы фонемаларының қайсысын графемалық жүйеде
көрсету керек деген проблема әлі күнге дейін талас тудырып
келеді.
Сонымен бірге бір
дыбысқа бір графема принципі толық сақталмады. Әріп
тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп принципі қоса жүрді.
Әйтсе де мұндай тіркестер құрамындағы
әріптер жеке тұрғанда да толық мағынасы,
яғни белгілейтін жеке дыбысы болғандықтан, екі түрлі
оқылды. Мысалы, Ishak - 1) Исхак; 2) Ишак. Мұндай әріптік
тіркестерді алуға интернет жүйесінде таңбаға
қойылатын талаптарға икемді болу принципі негіз болды.
Өзбек
тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбинде 26 графема
3 әріптік тіркес, бір апостроф таңбасы бар. Өзбек
тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген латын
графикасындағы жазу кирилл әліпбиінде қалыптасқан
қосамжар орфографиядан арылудың жолына айналды. Жаңа
әліпби өзбек жазба тілінің жүйеленуіне, оның
мәдениетінің дамуына әсерін тигізді.
Жазу реформасын
жүзеге асырушы құзырлы орындар құрамына
өзбек тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология
саласындағы лингвист мамандардың аз тартылып, олардың пікірі
негізге алынбады.
Тілге қатысты
мәселеде шешуші сөзді осы салада біліктілігі жоғары мамандар
айту керектігін Өзбекстанның осы тәжірибесі дәлелдеп
отыр. Жаңа әліпби жобасы Интернет желісіне қолайлы болу керек
деген принцип басым түсіп кеткен. Кейбір дыбыстарды қосалқы
таңбалармен бірге қолданылатын бір әріппен белгілеуден
қашып (интернет үшін қолайсыз болғандықтан), бір
дыбысты екі әріптің тіркесімен таңбалаған.
Қандай жазу
болмасын ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын
сақтауға қызмет етіп, оның еркін дамуына, сыртқы
әсерді өзінше игеріп алу қабілетіне қызмет ету
керектігі ескерілмеген жағдайда, ол жазудың қолайлы болуы
екіталай.
Өзбек
тілінің жаңа әліпбиіндегі графемалар жүйесі
гетерогендік сипаттағы әдеби тілдің дыбыстық
қорына негізделгендіктен, бір әріп бірнеше фонеманың
репрезентанты болып қабылданған. Жалпыхалықтық тіл
элементтері өзбек фонетикасында басым емес, сондықтан
халықтың сауат ашу ісін жаңа әліпби біраз
қиындыққа соқтырды.
Графика ауыстыру,
жазу реформасын жүргізу ісінде әр елдің осыған себеп
болған түрткіжайттары, тілдерінің даму деңгейі,
шараларды жүзеге асыру кезеңдері, әріп таңдау принципі
әртүрлі. Сондықтан басқа елдің оң
тәжірибесін өзгеріссіз қабылдай салуға немесе теріс
тәжірибесін талдаусыз жоққа шығаруға болмайды.
Ең басты мақсат өз еліміздегі жағдайды талдап,
тілдің мұқтажын, халықтың қалауын,
қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі, сондай-ақ
адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен ретіндегі сақталуы мен
болашақтағы дамуына мүмкіндік туғызуды бірінші кезекте
ойлау керек.
Өзбек тілі
басқа туыстас түркі тілдерінен сөз басында “й” дыбысын (йол –
жол, йіп – жіп), сөздің ортасы мен соңында “ғ”, “г”
дыбыстарын (тағ – тау, ағыз – ауыз) қолдану, сондай-ақ
морфол. тұрғыдан көптік жалғауының тек “-лар”
түрінде (сизлар, дафтарлар), ілік септігінің “-нинг”, табыс
септігінің “-ни”, жатыс септігінің “-да”, шығыс
септігінің “-дан” үлгілері негізінде бір ғана фонет.
нұсқада қолданылуымен ерекшеленеді. Өзбек тілінің
жазуы ертеден қалыптасқан, 14 – 16 ғ-лардағы көне
жазба әдеби тілін ғыл. әдебиетте шағатай тілі деп те
атайды. Өзбек тіліне үндестік заңы (сингармонизм) тән
емес, лексик. жағынан араб, парсы тілдерінен ауысқан сөздер
көп кездеседі, граммат. құрылымы тұрғысынан
жалғамалы (агглютинативті) тілге жатады. 1927 жылға дейін араб,
одан кейінгі он жылдықта латын (1927 – 38), 1939 жылдан кирилл (орыс)
әліпбиін қолданса, қазіргі жазуы қайтадан латын
әліпбиіне көшті (1994) [4].
Өзбекстандағы қазіргі тілдік
саясаттың бір көрінісі
Өзбекстанда
тіл мәселесі әліде болса да бар. Бұны туындатып отырған
қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен үкімет
билігінің саяси-экономикалық ұстанымы деп айтуға
болады. Мәселен, Өзбекстанның Әділет министрлігі 2012
жылғы 23 қазандағы N 2397 бұйрығымен
айрықша жарлық шығарды. Енді елдегі азаматтық хал
актілерінің құжаттары екі тілде толтырылады, туу және
жеке куәліктер екі тілде жазылады. Латын қарпімен өзбек
тілінде және орыс тілінде. Бұған дейін тек қана
мемлекеттік тілде, яғни өзбекше жазылып келген құжат
неге аяқ астынан орыс тілінде жазылып шыға келді. Елді елең
еткізетін шешім, Кремльді және ормандай орыс қоғамын
қуантатын қадам десек те, мұның астарында не жатыр?
Тіпті саясатшылардың ойын сан-саққа жүгірткен бұл
әрекет бекер емес. «Өзбекстанның Азаматтық хал
актілерін тіркеу бөліміндегілер түгелдей орысша сөйлейді,
сондықтан шығар». Бұл енді қисынды жауап емес.
Ақиқаты неде? Өзбек билігі тіпті некеге тұру, ажырасу,
туу және өлім-жітімге байланысты құжаттарды да орысша толтыруға
көшіпті. «Подробно.uz» ақпараттық порталының
қызметкерлері осылай деп хабар таратып отыр. Өзбекстанның
Әділет министрлігінің қабылдаған бұл шешімі 2
қарашадан бастап күшіне енді. Министрдің қол
қойған бұйрығы бойынша осы салаға қатысты
кез келген құжат латын қарпімен өзбекше және орыс
тілінде көк сиямен жазылуы қажет.
Жалпы, өзбектің қолжазба тарихы бірнеше рет реформаға
ұшырағаны белгілі. 1940 жылдан бастап олар кириллицаға
көшті, ал тәуелсіздік алғаннан
кейін екі жылдан соң елде латын қарпін қолдану басталды.
Қазіргі таңда екі жазу да бірдей пайдаланады. - Анығы,
қазіргі Өзбекстанның тарихи оқулықтарында «КСРО
құрамында болған Өзбекстанның отарлық
жағдайы» немесе «орыс» шпиондары» деген терминдер өте жиі
қолданылады, - дейді «Биржевый лидер» журналының «Өзбекстан
жаңалықтары» бөлімінің сарапшысы Евгений Ольховский.
Тіпті сарапшылардың айтуына қарағанда, Өзбекстанның
«Оккупация музейіне» келген оқушыларға Ресейдің өзбек
елін қалай оккупациялағаны туралы жете түсіндіріледі екен.
Сонымен қатар Өзбекстанның тәуелсіздігі мен
бостандығы үшін басманшы Мадамин бектің большевиктермен
қалай соғысқаны терең суреттеледі. Оны өзбек
оқулықтарында ұлттық батыр етіп көрсетеді.
Бұл ғана емес, өзбек билігі мен қоғамы екінші
дүниежүзілік соғысқа ұлттық мүдде
тұрғысынан қарай бастады (біз әлі Ұлы отан
соғысы деп жазамыз). Қазіргі таңда Ташкент
метросындағы кейбір стансаларға берілген «Ұлы отан
соғысының» батырлары мен генералдарының есімі алынып
тасталды, оның ішінде қаны қазақ, генерал Сабыр Рахимов
та бар. Негізі өзбектің сыртқы саясатындағы
жиі кездесетін кереғарлық әрекеттерге қарап
бір-ақ түйін жасауға болады. Мұның барлығы
да саналы түрде жасалынады. Сан қырлы сайқал саясатты
ұлттық мүдде тұрғысынан ғана өлшейтін
олардың аяқ астынан «орысшаға» көшуі де мәнсіз
емес. Бұл шығыс даналығы ма, жоқ әлде
тепе-теңдікті ұстау ма? Тек даналық емес, соңғысы
деуге болар. Дәл қазір Өзбекстан үш алып
державаның арасында Қытай, АҚШ және Ресейге
қарап өмір сүріп отырған жайы бар. Соңғы
саяси шешімдер ресми Ташкенттің АҚШ-қа қарай
жақындағанын көрсетіп отыр. Тіпті өзбек жерінде таяу
уақыттарда АШ-тың әскери базасы қайтадан орналасуы
мүмкін деген пікірлер аракідік айтылып жатыр. 2005 жылғы
қанды Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстан елдегі
АҚШ-тың әскери базасын шығарып, Кремльге қарай
бет бұрған. Тіпті Ұжымдық қауіпсіздік келісімшартына
да қосылған. Алайда сыртқы саясатында тұрақты
ұстанымы жоқ ресми Ташкент осы жылдың ортасында бұл
ұйымның тағы да шығып кетті. Түсініксіз
әрекет деп баға беруге болар, алайда мұның саналы жасалған
қадам екендігіне ешкім дау айта алмайды. Қазір АҚШ-пен
арадағы жағдай жаңа деңгейге көтерілді.
Қытаймен қатынас та соны қарқын алды. Енді Ресейдің
көңілін аулау керек. Өзбекстан нарығындағы №1
инвестор саналатын Ресейден ресми Ташкент бәрібір ұзап кете
алмайды. Бұл бір. Екіншіден дәл қазір өз елінен
нәпақа таппаған 1 миллионнан аса өзбек Ресейден нанын
тауып жүр. Бір ғана мысал, орыс елінің түкпір
-түкпірінде жұмыс істеп жүрген өзбектерден 2011 жылы
Өзбекстанға 4,9 миллиард доллар ақша аударылған. Демек,
өз ұлтының әлеуетін көтеріп, жағдайын
жақсарта алмаған Каримов билігі бәрібір Ресейге борыштар
және уақытша болса да қас-қабағына қарайды
деген де пікір бар. Осыны ескере келіп, Өзбекстанның Әділет
министрлігі арнайы бұйрық шығарып отыр. Өйткені орыс
жерінен жұмыс іздеп босып жүрген өзбек латын қарпімен жазылған
жеке куәлігімен Ресейде еркін жүре алмайды.
Өзбекстанның Азаматтық хал актілерін тіркеу
бөлімінің (АХАТ) аяқ астынан «орысша» сөйлеп жаза
бастағанында осындай сыр жатқан секілді.
- Мұнан Өзбекстан саясаты түпкілікті өзгерді деп шешім
жасау қиын, - дейді сарапшы Евгений Ольховский....Шындығында солай.
Өзбекстанның Әділет министрлігі шешімді өздігінен
шығарып отырған жоқ. Саналы түрде жоғары билікпен
ақылдаса отырып жасалған қисынды және айлалы
қадам деуге болар. Бірақ...Уақыты келгенде АХАТ бөліміндегілер
құжаттың бәрін қайтадан орысша сөйлетуі
мұмкін. Көпвекторлы саясат ұстанбайтын өзбектің
өзгермелі саясатынан күтпеген көп нәрсені күтуге
болар...
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Абдуллаев Е. Русские в Узбекистане 2000-х: идентичность в условиях
демодернизации //
Диаспоры. – 2006.
– № 2. – С. 6-35.
2 Закон о
государственном языке Республики Узбекистан. Закон о государственном языке
Республики Узбекистан был принят 21 октября в 1989 году.
3 Закон Республики
Узбекистан О
ВНЕСЕНИИ ИЗМЕНЕНИЙ И ДОПОЛНЕНИЙ В ЗАКОН «О ГОСУДАРСТВЕННОМ ЯЗЫКЕ РЕСПУБЛИКИ
УЗБЕКИСТАН». Ведомости
Олий Мажлиса Республики Узбекистан, 1995 г., № 12, ст. 257; Собрание
законодательства Республики Узбекистан, 2004 г., № 51, ст. 514; 2010 г., № 37,
ст. 313; 2011 г., № 41, ст. 449)17 февраля 1995 г. в Ташкент
4 Абдуллаев Е.
Русский язык: жизнь после смерти. Язык, политика и общество в современном
Узбекистане // http://www.intelros.ru/readroom/nz/nz-66/4102-russkijj-jazyk-zhizn-posle-smerti..html