Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

Диханбаева Индира 2 курс магистранты

Қазақ фольклорындағы миф пен мифологиялық түсініктер

Қазақ әдебиетіндегі мифология өзіндік тарихы бар, іргелі сала ретінде қалыптасқан, орныққан зерттеу нысаны. Мифология туралы зерттеулер жүйесінің бастауы мифтер, яғни мифтік сюжеттер болып табылады. Мифтердің қоғамдық санадағы алатын орны қандай болған, мифтер әлем мәдениетінің даму тарихында қандай орын алған деген сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, бұл аталған мәселеге қатысты түрліше көзқарастардың барлығын көреміз. Оның алғашқылары мифтерді адамзаттың балаң, ақыл-ойы, санасы толық жетілмеген кезде, табиғаттың алдында өздерін әлсіз, бағынышты сезінген кезде ойлап тапқан шытырман сюжетті, қызық оқиғаларға толы баяны немесе табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұра алмай, оның алдында құрып бара жатқанда шығарған қиял-фантастикалық сюжеттегі шығармалар десе, кейінгілері мифтер байырғы халықтардың мәдени, рухани байланысының көрінісі, миф астарында неше түрлі құпиялар жатыр, олардың сырын ашып, кәдеге жарату үшін күрделі зерттеулер қажет деген пікірлерді алға тартады. Қалай болғанда да, алдыңғы пікірдің материалистік санадан туындаған пікір екенін, кейінгісінің адамның рухани өмір сүру болмысына жақын келетін түсінік екенін ескермеске болмайды.

Әрине, мифтер әдебиет саласында қызықты әңгімелер ретінде оқытылып жүр. Дүниежүзілік мифтердің ішінде грек мифтері мен мысыр (египет) мифтері айрықша маңызды орын алады десек артық айтқандық емес. Себебі аталған елдердің мифтік шығармалары үзік-жұлық емес, тұтастай сақталып қалған, әрі оқиғалары толық болып суреттеледі. Грек мифтеріне көп ұқсайтын Египет мифтік әңгімелері құрылымдық жағынан көркемдік сипаттарымен ерекшеленеді. Екі елдің де мифтік туындыларында құдайлар, титандар, жауыздар мен ізгілердің айқасы, адамдар мен құдайлардың қарым-қатынасы суреттелген. Демек мұның бәрі сол кезде адамдар өміріне, тарихына қатысты дәл осындай құбылыстар болды деген сөз.

Халықтар өмір кешкен дәуірінде сол дәуірдің ізіндей қылып, бір белгі тастап кетеді. Сондықтан олардың бағзы замандардан бергі өмір кешкендігі айқын дәлелді болады. Тіпті адам алғашқы кезде дәрменсіз болды, ессіз күн кешті, өйткені олар маймылдан жаратылған еді деген сыңаржақ материалистік идеяны ұстанушылар да алғашқы кездері өмір сүрген адамдардың артына тастап кеткен рухани мұралары миф, аңыздарының алдына келгенде қауқарсыз қалып танытады. Ал мифтер, аңыздар дегеніңіз ежелгі тайпалардың, халықтардың ақыл-есінің жоғары деңгейде болғандығын көрсететін бірден-бір дәлел.

Мифті көп жылдар бойы зерттеуші ғалымдар тек адамның қиялынан, ұшқыр ойлауынан туған шығармашылық мұра ретінде бағалап келді. Мына пікірге құлақ түрейікші: «Адамзат ұрпағының балғын, бала кезеңінде олар жаратылыстың терең сырларын білмеді, табиғаттың алдында өздерінің дәрменсіздіктерін сезді. Сондықтан күнге, отқа, найзағайға, тағы да басқа дәл сондай қаһарлы табиғат құбылыстарына табыну, оларды құдай санап сыйыну белең алды. Бұл әдет-ғұрып, жоралғылардан кейін мифтер, аңыз-әңгімелер, фольклорлық шығармалар туды» [1, 86].

Зерттеуші Серікбол Қондыбай «Арғықазақ мифологиясы» деп аталатын қазақ мифологиясының қыр-сырына талдау жасаған кітабында миф туралы мынадай пікірді келтіреді: «Миф деген сөзді жұрт екі түрлі, біріне – бірі кереғар келетін мағынада түсінеді. Баспасөз беттерінде осы «миф» деген сөздің «ертегі сияқты, яғни өтірік, жалған, ойдан шығарылған қиял» мағынасында берілгенін байқаймыз. Ал шындығында «миф» деген сөздің нақты мағынасы осы келтірілгендерге қарама-қарсы.

Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси - әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі – сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктерінің жиынтығы, дәлірек айтқанда – «түсіндім» деген таптаурыны. Яғни – бұл жағдайдағы Миф – ойдан шығарылған өтірік, жасанды дүние емес, нақты халықтың дүние мен өзі туралы Шындығы, басқаша айтқанда – «шын» деп есептелінген, тарихи, рухани тәжірибесіне сүйенген стереотиптік деңгейдегі ақиқаты. Миф - әрине, тарихи айғақ емес, бірақ нақты бір тарихи қоғамның танымы, рухани дамуымен байланысты қалыптасқан, тарихи негізі, қисыны бар, яғни, бұл жағынан, «ақиқат» деп есептеуге болатын дүние»[ 2, 21].

Міне, осылайша «миф» деген ұғымды бағдарлап, салыстыра, салғастыра қарайтын болса, ол қиялдан туған адамның өзі білмейтін, өзі түсінбейтін нәрсесін фантастикалық форма арқылы санасында пішіндеуі деген ұғымның оның ауқымына сыя бермейтін түсінік екендігі байқалады. Миф дегеніміз – жаңаша түсініктің қалыбына салып қарасақ, адамдардың өмір кешкен ерте замандардағы бастан кешірген оқиғаларының немесе санамен сезіп – түйсінген, қисынға келетін ақиқат нәрселерінің көрінісі. Әрі аталған пікірдің бүгінгі таңда жан – жақты қолдау тауып келе жатқандығы тосын емес.

Миф және мифология деген ұғымдар туралы ғылыми көзқарастың өзі бүгінде екі салаға бөлектеп, бір-бірінен ірге тартып алшақтап кеткен. Біріншісі – мифтерді, оны зерттеуі тиіс мифологияны ауыз әдебиетінің бір саласы (жанры) деп қарау, сол көзқарас негізінде мифологияға әдеби тұрғыдан бағам жасап, әдеби тұрғыдан оның қалыптасуы жөнінде көркемдік, тілдік, т.б. үрдістері мен сипаттары (ерекшеліктері) жөнінде тұжырым жасау. Белгілі бір деңгейде бұл дұрыс та болып шығады. Бірақ мұндай зерттеудің қоғам үшін қайыры аз болатындығын да ескеру қажет сияқты. Өйткені, миф тек  әдебиеттің ғана үлесіне тиген дүние емес, одан әлдеқайда зерттелу аумағы кең тақырып. Ауыз әдебиеті үлгілері ретінде оның тек бір ғана қырынан қарастырылу мүмкіндігі бар. Қазақ ғалымдарының миф туралы бүгінгі таңда беріп отырған бағасы – осы. Екіншісі – мифті ауыз әдебиеті ауқымынан шығып кететін, өз алдына дербес (әрине, гуманитарлық ғылымдардың барлығының тоғысар тұсында орналасып, сол ғылымдардың әдістемесіне сүйенетін) ғылыми пән деп қарастыру. Бұл жағдайда осы ғылыми пәнді, саланы дамытудың өзінің теориялық, әдістемелік, терминологиялық жүйесін қалыптастыру қажет болады.

Мифті зерттеудің қазіргі таңда қалыптасып отырған осы екі дәстүрлі мектебінің аталып өткен алғашқысы жөнінде әдебиетші-ғалымдарымыз теориялық еңбектер қалдырды. Атап айтқанда, қазақ әдебиеті теориясы мектебінің негізін салушы әрі қалыптастырушы ғалым, академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» атты монографиясында мифті шағын көлемді эпикалық шығармалардың қатарына жатқызады. Кітапта мифке мынадай анықтама берілген:

«Миф – табиғат құпияларын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял-ғажайып оқиғаға айналдырып бейнелейтін фантастикалық баян. Бұл байырғы халықтардың бәрінде бар, бірақ түпкі туған төркіні көне Греция (Троя, Фивы циклдері); кейін римляндарға ауысқан.

Сайып келгенде, шағын көлемді эпикалық түр ретінде сипаттасақ, миф – аңыз. Кейіпкерлері – құдайлар, батырлар, әр алуан сиқырлы кереметтер. Әрқайсысы адам таң қалғандай тартымды, соншалық қызық сюжетке құрылады. Көркемдік бояуы қанық, идеясы айқын, аса әсерлі. Сол себепті мифтік аңыздар – мазмұнындағы көптеген кісі нанғысыз аңғырт һәм албаты жайларға қарамастан кезінде айта қалғандай эстетикалық және тәрбиелік роль атқарған әдеби туындылар» Миф – «адам баласының сәбилігі туралы» шежіре; ендеше оның біздер үшін таным тарапындағы мәні де үлкен» [3, 291].

Ғалым сонымен бірге мифті эпикалық форманың ең ежелгі бастапқы түрі деп, оның дәуірлер сайын өзгере беретін түрлеріне аңыз, ертегі, әпсана үлгілерін жатқызады. Бұндай түсініктің ауыз әдебиетіне қатысты әдеби туындыларды оқып отырғанда, шындыққа біршама жақын келетінін көреміз. Бірақ жаңаша көзқарас негізінде мифтің тек әдебиет теориясы ауқымында зерттелуге тиіс дүние екеніне келісуге болмайды. Миф, сонымен бірге жоғарыда айтылғандай гуманитарлық ғылымдардың барлығының басын қосып, солардың барлығын біріктіре зерттеген кезде ғана құпиясы ашылатын дүние. Демек мифтік мұралар бір кезде тарихтың да, әдебиеттің де, географияның да, лингвистиканың да, этнографияның да зерттеу нысанына айнала алады.

Ал әдебиеттану сөздігінде мифке мынадай анықтама беріледі: «Миф – халық шығармашылығының өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрларының бірі. Миф алғашқы қауымдық қоғам адамдарының дүние туралы, әлемге әмір етер сыртқы күштер, яғни құдайлар мен рухтар образдары туралы және табиғаттан тыс құбылыстар мен оқиғалар жөніндегі түсінігі, сонымен қатар осылар жайындағы қалыптасқан мифтер»  [4, 37]. Басқаша айтқанда миф – алғашқы қауымдық қоғам адамдарының әлем, дүние жөніндегі танымының көрінісі. Ғылымда мифке берілген анықтама өте көп және ауқымды. Бұның өзі миф тек қана көне жанр емес, сонымен қатар дәл анықтама беру қиын күрделі жанр екендігін де көрсетеді.

Миф әлем халықтарының бәрінде бар. Оған ежелгі Греция, Рим, Египет, Үндістан, Қытай мифтері және кейінгі кездері зерттеле бастаған Азия, Африка, Америка, Австралия т.б. елдердің мифтерін айтсақ та жеткілікті.

Кейінгі жылдары қазақ фольклортану ғылымында да мифтер зерттеліп, жүйелене бастады.

Қазақ мифі типологиялық сипаты жағынан әлем халықтарында, әсіресе түркі елдерінде кездесетін мифтермен ұқсас болып келеді. Ұмай, Баба Түкті Шашты Әзіз, Еміре, Үббе, Қорқыт т.б. персонаждардың әралуан вариантта түркі халықтарының көпшілігінің мифологиясында ұшырасуы – қағанат қалыптаспаған бағзы заманаларда-ақ ортақ танымдық кеңістік болғандығының айғағы.

Қазақ фольклорында өзгерген немесе халық прозасының басқа жанрларының сипатын қабылдаған көне мифтердің ізі сақталған. Екінші бір түрі – тау-тас, алып құздардың ерте заманда алып болғаны жөніндегі («Келіншектау», «Қырық қыз», «Жеті қарақшы», «Үркер т.б.» т.б.) көне мұралар және оған қатысты мифтік аңыз-әңгімелер.

Қазақ фольклорындағы мифтік жанрлар туралы фольклортанушы С.Қасқабасов: «Стадиялық жағынан келгенде, қазақ мифі – алғашқы қауымға және австралиялықтар мен африкалықтар, солтүстік азиялықтар мен американдықтардың көне мифі мен антикалық Греция, Рим мифтерінің арасындағы аралық жанр», - дейді» [5, 238].

Мифтер қазақ ғалымдарының зерттеу еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Оның көрнекті өкілдері Шоқан Уәлихановтан бастап, арысы Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібай, Е. Тұрсынов, О. Сүлейменов сияқты ғалым тұлғалар болып табылады. Жиырмасыншы ғасырдың басында  өмір кешкен қазақ зиялысы, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынов та миф туралы тың ойлар айтып, қазақ мифтерінің ерекшеліктерін айқындап кеткен. Миф өзгешеліктері, бір жағынан, халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне де байланысты.

А.Байтұрсыновтың ойынша, мифтер табиғатта болып жататын өзгерістердің (күн күркіреуі, жел, дауыл, құйынның соғуы, күн тұтылуы, т.с.с) әрқайсысының істеуші иесі бар деп білген алғашқы адам баласының табиғат ісін танымаған күйде шығарған ертегілері, ертегі сияқты әңгімелері [6, 108].Табиғаттағы зат атаулының иесі (тау иесі, жел иесі, күн иесі, су иесі, тас иесі, көл иесі т.б.) болады деген көне мифтерді ғалым-фольклорист С.Қасқабасов алғашқы қауымда пайда болған рух-иелік мифтерге жатқызады. Көне наным-сенімдерге негізделген ауыз әдебиетінің кейбір жанрлары мифтік наным-сенім аясында пайда болған. Қазақ ауыз әдебиетіндегі наным-сенімдерге байланысты туған «құрт шақыру», «жан шақыру», «дерт шақыру», бақсы сарыны, бәдік, арбау – байлау өлеңдері, тыю, үшкіру, қағу, дем салу іс - әрекеттерінен магиялық әрекет, сөз құдіретіне сенген мифтік сана көрінеді [5, 350]. Бұл өлеңдер белгілі бір іс - әрекетке құрылып, ғұрыпты, рәсімді, жораны өткеру үстінде ғана айтылады.

Мифті зерттеушілердің ең алғашқы мифтердің шығу тегін грек мифтерінен әкеліп шығаратыны жасырын емес. Шындығында да грек мифтері талай ғасырлар бойы ғалымдардың қызығушылықтарын тудырып келді. Сондықтан ежелгі Греция мифтерінің жетпей қалған жерлері жоқ. Қазақ тілінде ол «Ежелгі Греция мифтері мен аңыздары» деген атпен басылып шықты. Бұл аталған жинақтағы мифтер көп жағдайда Шығыстық аңыздармен, ертегілермен ұқсас болып келеді.

Мифологиялық сана қабатында дүниеге келген алғашқы әдет-ғұрып өлеңдері кейіннен эпостық жырлардың туындауына жол салды. Грек әдебиетіндегі құдіретті күштердің қақтығысын суреттейтін «Одиссей» мен «Илиада» батырлық жырларының негізі – мифология. Сол сияқты қазақ әдебиетіндегі ең ескі дәуірде шыққан эпостық жырдың бүгінгі күнге жеткен «Ер Төстік», «Төлеген батыр», «Сұр мерген», «Қара мерген», «Хан Бодай», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Дотан» т.с.с жырлар бертінде ертегіге айналған.

Ғалым Ә. Марғұлан «Ер Төстік» жыры мен ескі грек әдебиетіндегі «Илиада», «Одиссей» жырына салыстырмалы талдау жасап, «Ер Төстік» жыры сияқты мифтер ескі шумерлерде, гректерде көп болған және «Ер Төстікте» бір жағынан, фантазия күшті болса, екінші жағынан, кәрі заманның мифі»  [7, 89], - дейді. Түркі ру-тайпаларының батырлық жырларын құрайтын – «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіштері, «Оғыз - наме», «Қорқыт ата кітабы», «Алпамыс» («Алып Манаш», «Манас») жырларында мифологиялық сюжет басым. Сондықтан да «қазақ романдарының тамырлық жүйесі – қазақ батырлық эпосынан» [8, 124] бастау алары сөзсіз.

Көркем әдебиетте ежелгі түсініктердің көрініс беруі бір нәрсені байқатады: қоғамдық сананың ең бірінші ойлау формасы болып табылатын мифологиялық ойлау әрбір адамның санасында сақталып қалған. Нәтижесінде миф көркем шығарманың құрылымына еніп, трансформацияланады. Көркем өнерге айналады. Мифтің трансформацияға ұшырауынан пайда болған мифопоэтикалық форма миф пен әдебиетті байланыстырушы қызметке ие. Мифопоэтикалық форма – индивидуалды сана жемісі. Мифопоэтикалық форма – архаикалық формаға еліктеу емес, ол жеке авторлық шығармашылық жұмыс түрі болып табылады.

Ғалым-академик Рахманқұл Бердібай мифтердің, аңыздардың халықтың рухани дүниетанымымен байланыстылығына назар аударады. Оның айтуынша: «Халықтың өткен замандардағы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы қазіргі кезде қазба жұмыстарының нәтижесінде терең дәлелденіп отыр. Мұның барлығы олардың ойлау санасының жемісі» [9, 14], - деп есептейді.

Демек әдеби жүйедегі мифтік зерттеулер, бір жағынан алғанда, сол халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен терең байланысты болса, екінші жағынан, оның астарында небір сырлардың жасырынып жатқанын, оның жан-жақты зерттеу кезінде ғана ұғынылатынын байқай аламыз.

Мифтердің сонымен қатар ертегілерден мынадай ерекшеліктері ажыратылып көрсетіледі:

-  ертегілерде ашық қиялға белгілі бір негіздемелер қондырылады. Яғни, мәселен, ертегілерден адам санасының ойлау дәрежесі аңғарылғанмен, ол көпшілік қауымға бірдей түсінікті деңгейде болмайды. Ертегілердің арасында ойға сыймайды деп есептелгенімен, сол замандарда іске асқан нәрселер болады. Мәселен, «Ұшқыш кілем», «Тазшаның қырық өтірігі» сияқты қазақ ертегілерінде белгілі бір шындық бар екендігі қазіргі кездері дәлелденіп отыр.

-  Мифтерден айырмашылығы, ертегілерде тарихи шындықтарға ондай көп мән берілмейді.

-  Ертегі табиғи, қоғамдық және тәңірлік процестердің ұғымдары ретінде қабылданбайды.

Орыс ғалымдары мифтер туралы зерттеулерде оның осындай ерекшеліктеріне назар аударады. Мифке төмендегідей ғылымдар тарапынан зерттеулер жасалады:

-                  мәдениеттанулық;

-                  антропологиялық;

-                  этнографиялық;

-                  филологиялық. [10, 27]

Мифті мәдениеттану негізінде зерттеу мифтің орны мен ролін мәдениет жүйесінде зерттеуге мүмкіндік береді, оның идеологиямен, философиямен, эстетикамен, дінмен өзара байланысын қарастырады, сонымен қатар мәдени дамудың сан алуан кезеңдеріндегі мифтердің ролін зерттейді. мифті мәдениеттану негізінде зерттеуді қолдайтындар: А. Ф. Лосев, П. С. Гуревич, В. П. Шестаков.

Мифті антропологиялық тәсілде зерттеуді қалыптастырған негізгі өкілдері мифті қоғамдық сананың тарихи формасы ретінде қарастырғанды жөн көрді. Яғни, олардың түсінігінше, мифтік сана жүйесінен адамдар замандар өткен сайын алыстай түседі. Ал Карл Маркс болса, қашан адамдар табиғатқа өз үстемдіктерін жүргізе бастайды, сол кезден миф жойылады деген пікірді алға тартқан. Антропологиялық жүйеде зерттеушілердің бір ұстанатын пікірлері осыған келіп саяды.

Этнографиялық тәсіл мифтерді заманға дейінгі, алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі олардың рөлін қарастырады, бұдан басқа мифтерді дәстүрлі қоғамда, ғұрыптармен байланыста зерттейді. Бұл саланың өкілдері алғашқы адамдардың табиғаттың сырларын ұға алмау нәтижесінде, сол кезде жіберіп алған  қателіктерінен туған мифтерді зерттейді. Зерттеу материалдары ретінде ежелгі тайпалардың салт – дәстүрлері, әдет – ғұрыптары, күнделікті өмірлерінде қолданған құралдары алынады. Бұл ағымның өкілдері болып Э. Тайлор, Г. Спенсер, Дж. Фрезер, Л. Леви – Брюль есептеледі.

Э. Тайлор мифтер – сәбидің рухани өмірінің құрамдас бөлігі деп бағалайды, сондықтан оларды зерттеу адам санасының дамуын зерттеумен тікелей байланысты. Мифологияның бастауын Э. Тайлор алғашқы кездегі анимизм – адамның жұмбақ құбылыстарды бақылауының нәтижесі деп білген. Дж. Фрезер мифтерді қонақжай халықтардың салт – дәстүріне талдау жасау негізінде түсіндіруге тырысты. Бұл ойлар кейін оның «Алтын бұтақ» деген еңбегіне тірек болғандығы белгілі.

Филологиялық тәсілдің өкілі – В. Я. Пропп, О. М. Фрейденберг және басқалары – мифті баяндаушылық дәстүр ретінде зерттейді, оны әдеби шығармалардың көзі ретінде, мәңгілік сюжеттердің бастауы ретінде қарастырады. Мифтер негізінде олар ерте замандағы халықтық туындылардың тілдік көркемдегіш құралдарын, фольклорлық дәстүрлерді және оның поэтикасын зерттейді. Жазушылар мен ақындар шығармашылығындағы мифологизмді зерттеу, символдар мен образдарды сипаттау осының барлығын филологиялық зерттеулер арқылы шығарып алуға болады.

Мифтерге филологиялық тәсілде зерттеу жүргізу қазақ әдебиеттану ғылымында бүгінгі таңда кеңінен тараған. Қазіргі қазақ романдарында, повестерінде, әңгімелерінде мифопоэтикалық сюжеттер өте жиі ұшырасады. Зерттеушілердеің ешқайсысы бұдан бас тартпау қажеттігін, өйткені фольклорлық сюжеттер шығарманың жаны екенін көп айтып жүр.

Әр халық өзінің әдеби бастауларын ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілерінен алады. Демек, ең бірінші қалыптасқан әдеби үрдістің көркем түрін біз фольклорлық шығармалардан табамыз. Фольклор мен оның сансыз көп салалары тұтас бір ұлттың сөз өнерінің бір жүйеге түсуіне әсер етеді.

Соңғы кезде қазақ прозасына фольклорлық элементтерді көптеп енгізу арқылы шығармалардағы ұлттық бояуды қоюландыруға деген талпыныс байқалады. «Қазіргі дәуірдегі қазақ тарихи романының көркемдік – идеялық жүйесінде тарихи және этнографиялық материалдармен бірге халық ауыз әдебиеті үлгілерінің де атқаратын қызметі аса мол», - дейді профессор Ж.Дәдебаев [11, 207]. Қазақ әдебиетіндегі миф, аңыз жасаушылық жекелеген қаламгерлердің шығармашылықтары арқылы еніп, прозамызға ерекше бір өзіндік өрнек, стильдік айшық түзеді.

Аңыздар мен мифтерді көркем әдебиетте әдеби тәсіл ретінде қолдану ХХ ғасырдың 70 – 80 жылдарынан бастап, кеңінен өрістеп дамыды. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана емес, көршілес елдерге де тән құбылыс еді. Кеңестік дәуірдегі сөз зергерлері В. Быков, А. Мұхтар, Т. Ахтанов, В. Астафьев, Р. Ғамзатов, А. Ким, В. Белов, С. Наровчатов және т.б. қаламгерлер шығармаларынан аңыздық прозаның айшықты үлгілерін жаңа мазмұндық формада пайдаланғанын көреміз. Қырғыз халқының көрнекті жазушысы Ш.Айтматов фольклорлық сарындарды, мифтік мотивтерді өз туындыларына қолданудың шебері. Оның «Боранды бекет», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» сияқты романдарындағы халықтық аңыз-әңгімелер, мифтер адам тағдырымен, адам ғұмырымен сабақтас өріледі. Әсіресе «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» романы пенде бойындағы сарқалмас қуаттың, өшпес рухтың белгісін көрсете отырып, оны мифологиямен байланыстырады. Автор халық ауыз әдебиеті үлгілерін көркем прозаға енгізудің маңызы туралы былай дейді: «Необходимо находить в недрах своей родной литературы, своей древней культуры то, что важно и актуально для современности. Синтез сегодняшней действительности и прошлого, жизнеспособных культурных традиции – вот задача, перед нынешними поколениями писателей» [12, 3].

Мифтік шығармашылықты әдебиетте қолдану сонау фольклорлық шығармалардан келе жатқан құбылыс. Өзінің сакральдік, яғни киелілік қабатынан адамзат қоғамының дамуы барысында біртіндеп ажыраған миф түрлі ертегі, хикаят, аңыз, әпсана, т.с.с ауыз әдебиеті үлгілерінің жасалуына материал болды. Бірақ бұларда мифтік сана, яғни шынайы болмысты қиялмен қабылдайтын пайым жанр поэтикасының талабына сәйкестік міндетті түрде болды. Ал адам санасына «мифтік емес» сипат тән кейінгі ғасырларда миф түсінігіне қатысты барлық категориялар «аяқ – қолын жиыстырып» автордың қаламына тән стильдік ерекшелікті һәм даралықты көрсететін көркемдік тәсіл қызметін иеленді. Мифтік шағармаларда жиі қолданылатын мотивтер оның шындығында, есте жоқ ерте замандарда пайда болғанын айғақтайды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қоңыратбаев Ә. «Қазақ фольклорының тарихы», Алматы, 1993

2. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы Алматы, Үш қиян, 2003

3. Қабдолов З. Сөз өнері, Алматы, Қазақ университеті 1993

4. Әдебиеттану терминдер сөздігі. Семей, Талер – пресс, 2006

5. Қасқабасов С. Жаназық, Астана, Аударма, 2002

6. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы, Атамұра, 2003

7. Марғұлан Ә. «Ежелгі эпостар», Алматы, 1965

8. Қасқабасов Қазақстың халық прозасы, Алматы, 1989

9. Рахманқұл Б. Қазақтың тарихи романдары. Алматы, 1973

10. Геращенко Л. Л. Мифология рекламы. Москва, 2006

11. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. Алматы, Ғылым, 1991.

12. Айтматов Ш.  Әдебиет туралы ойлар. Москва, Наука, 1986.