Технические науки/4.Транспорт.

 

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби көркемөнер факультеті көлік және кәсіби оқыту кафедрасының

аға оқытушысы Абишов Қ.А.

 

АВТОМОБИЛЬДЕРДІҢ ЖӘНЕ БАСҚАДАЙ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ

 

Әрбір адам автомобильді және басқа техникаларды басқаруды, жүргізуді үйрене алады, бірақ та техниканы жақсы, сауатты және жол-көлік  оқиғасыз басқару үшін жүргізуші белгілі бір қасиеттерге ие болуы қажет. Ол қасиеттердің негізгілері болып: көзбен мөлшерлеу, уақыттың қысқа мерзімін бағалай алу қабілеті, назарды жақсы бөле және аудара білу, қысылтаяң жағдайда дәл әрі мейлінше жедел әрекет жасай білу, сезімдік деңгейінің жоғары болуы жатады.

Жол жағдайларын көру және түйсіну. Жүргізуші жолдың және оның маңайындағы барлық элементтерді өзінің назарына ұстай білуі қажет. Жылдамдықты және жүру бағытын көре отырып түйсіну өте маңызды рөл атқарады. Жолмен жүріп келе жатқан кезде жүргізуші қозғалмай тұрған әр түрлі заттарға қарап, өзі жүргізіп келе жатқан автомобильдің жылдамдығын сезіну, жол айрығына дейінгі қашықтықты және оған дейін жетуге қажетті анықтай білу, айналып өту және басып озар кезде ара қашықтықты және бүйір аралықты дұрыс таңдай білу, жүргізушіге тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Автомобильдердің аударылуы жүріс кезінде ортадан тепкіш күш немесе көлденең серпінді күш әсерінен оның орнықтылығы бұзылуы себебінен болады. Барлық көліктік оқиғалардың 15 пайызы автомобильдердің аударылу үлесіне тиеді.

Автомобильдің және басқа өздігінен жүретін  техникалардың аударылуына жиі себепші болатындар мыналар: шұғыл бұрылыстармен тайғақ жолдарда жылдам жүру; бір бүйірге алып қашу және оның кенет тоқталуы; артқы доңғалақтың борттық тасқа немесе кедергілерге тірелуі; рульдік басқару дөңгелегін шұғыл бұру; кенет тежеу; автомобиль қорабында, тіркемеде жүкті бір қалыпсыз орналастыру.

Жүргізушінің бұрылысқа қарама-қарсы жаққа бағытталған көлденең көлбеулігі бар жолға бұрылу кезінде өте сақ болғаны жөн. Жүктің дұрыс орналаспауы бұрылыс кезінде бүйірге қисаюына әсер етеді, мұндай құбылыс сұйық жүктерге онша толмаған автоцистернаның жүрісі кезінде болады. Автомобильдің ауырлық центрі биіктеу (тіркеме қорабы жүкке толтырыла тиелген кезде) орналасқан сайын, бұрылыста жылдамдықты едәуір баяулату керек.

Бұрылыста, әсіресе тайғақ жолда, тежеу немесе жылдамдықты арттыру өте қауіпті, себебі дөңгелекті тежеу немесе тарту күштерінің әсерінен  жолдың жабыны мен екі аралықтағы ілініс коэффициенті төмендеп аударылып кетуі мүмкін. Автомобильдің алдына немесе артына қарай алып қашу білінісімен оны тоқтату үшін былайша істеу қажет: автомобильдің алдыңғы бөлігін алып қашқан қарама-қарсы жаққа бұрады, ал машинаның артқы осінің алып қашу кезінде  алып қашу жағына бұрады.

Автомобильді дұрыстап тежеу. Тежеудің екі түрі бар, әдеттегі қызметтік және дереу. Тежеудің әр түрінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өздік тәсілдер бар. Әдеттегі (қызметтік тежеу) жүргізушіге алдын-ала белгілі орынға автомобильді тоқтату немесе жылдамдығын баяулату үшін пайдаланады. Мұндай тежеу әдетте беріліс қосылу кезде тежеуішті барынша пайдаланбай іске асырылады. Тежеудің бұл түрінде жылдамдық қозғалтқыштың айналыс санынын төмендету есебінен, ал тоқтау тежеуіш педаліне жайлап басу нәтижесінде іске асырылады.

Дереу (апаттық) тежеу автомобильді кенеттен тоқтату қажет болғанда, мысалы кенет қауіп туған жағдайда пайдаланады. Дереу тоқтату қажет болғанда доңғалақтарды «юз» яғни жетекші доңғалақтардың айналуын тоқтатып, жолмен сырғанау күйіне дейін толық тежелгенше тоқтауға болмайды. Себебі ол жағдайда, біріншіден, тежеу жолы ұзарады, әсіресе тайғақ жолда, екіншіден, автомобильдің бір бүйірге алып қашу мүмкіндігі кенет артады. «Юз» біліне бастаған кезде басқышты басуды бәсеңдетіп тежеу қарқынын кеміту керек. Тайғанақ жолда әлсін-әлсін тежеу әдісін жүргізушіні қозғалтқышты тоқтатпай және доңғалақтардың ұстап қалуын болдырмайтындай тежеуіш басқышына тез әрі қысқа мерзімде әсер етуді пайдаланған жөн. Тежеудің бұл тәсілінде қозғалтқышпен тежеудің әсерін пайдаланған жөн, әрі автомобильдің орнықтылығы сақталады. Автомобильді қозғалтқышпен тежеу кезінде трансмиссия бөлігінде жұлқи тартуды болдырмау керек, бұлар автомобиль 10-12 км/сағ жылдамдықпен жүрген кезде іліністі ажыратып жіберуге тиіс.

Әдетте автомобильді қозғалтқышпен тежеу доңғалақтарды тежеу жүйесімен бір мезгілде іске асырылуы тиіс. Қол тежеуішті тек тоқтап тұрған кезде немесе аяқ тежеуішті жұмыс істемей қалған жағдайда пайдалану керек.

Тежеуіштерді мұқият күту және оларды ептілікпен пайдалану олардың сенімді әрі оңды жұмыс істеуіне кепілдік береді. Әіресе қыс мезгілінде барлық доңғалақтардың біркелкі реттелуінің маңызы зор. Бұл жайт автомобильдің бір бүйірге алып қашуы себептерін болдырмауға көмектеседі.

Қазіргі автомобильдер мен кейбір тракторларда аяқ тежеуішінің пневматикалық немесе гидравликалық жетектері бар. Тежеуіштер жетектерінің екеуі де міндетті түрде жалғамалары тығыз болуы керек. Гидравликалық жетек жүйесінде ауа тығынын тудыратын ауа болмауы керек, бұл тежеу кезінде ауаның сығылу есебімен тежеу басқышының бос басылып кетуіне әкеп соқтырады. Бас тежеуіш цилиндр бөлігінде тежеуіш сұйығы қажетті мөлшерде болмаған кезде автомобильмен жұмыс істеуге болмайды. Тежеу жүйесін бірдей маркалы сұйықпен толтыру керек, ал ондай сұйық болмаса тежеуіш сұйығының маркасын алмастыру керек, ол үшін алдын ала тежеуіш жетегі жұйесін түгелдей жуып тазарту қажет.

Тежеуіштің жетегі пневматикалық не гидравликалық жүйе болған кезде шлангтардың оңды болуына назар аудару керек. Тежеуіш шлангтарының сыртына жанар майларының тамуына жол беруге болмайды. Ол резинаны бірте-бірте бүлдіреді, шлангтың беріктігі бұзылады, осының салдарынан тежеуіш жұмыс істемей қалады да апатқа соқтыруға ықтимал. Шлангтерді күн сайын қарап отыру керек, шлангте болымсыз ақау байқалса оны дереу алмастыру керек.

Автомобиль тежеуіші әсерінің тиімділігі тежеуіштің әрбір доңғалаққа түсіретін тежеуіштік күшінің шамасы немесе тежеу кезінде автомобильге  әсер ететін жалпы тежегіш күштің шамасы бойынша анықталады. Тежеуіш күш килограммен өлшенеді және олар арнайы стенділерде анықталады.

Автомобильді дереу тежеу кезіндегі жүрісі. Жүргізушіге қауіп төнген кезеңінен бастап, машинаның тоқталуына дейінгі кезеңде жүріп өткен қашықтығы тоқтау жолы деп аталады және тежеудің қауіпті аймағы болып табылады. Тоқтау жолында, жүргізушінің тежеуіш басқышына күш түсіру кезеңі тежеулік жол деп аталады. Автомобиль 100 км/сағ жылдамдықта әр секундта 28 метрге дейін жол жүреді. Толықтай тоқтау үшін белгілі бір уақыт қажет. Жас жүргізушінің әрекет ету уақыты (сигнал беру, аяқты дроссельден алу, тежеу басқышын басу) уақыты 0,5 секундтан 1-2 секундқа дейін ауытқиды; тежеуіш жүйенің іске қосылу уақыты (гидравликалық жетектің ең тез іске қосылу уақыты – 0,2 с, ал пневматикалық – 0,6 с); толық тежелудің  іске асырылатын уақыты. Жүрістің баяулауы – автомобиль жүрісінің 1 секунд аралығында өзгеруі (кемуі) шамамен м/с-пен өлшенеді. Жоғарыда келтірілген мәліметтер автомобильдің ілінісу коэффициенті – 0,6 құрғақ асфальт жолмен жүру шарттарына сәйкес келеді. Тежеу жолдары салмақты кемітетін сәтте пайда болады, яғни салмақ динамикалық түрде осьтер аралығында бөлінеді. Сол кезде машинаның алдыңғы бөлігі жолға қабысса, ал артқы бөлігі жеңілдеп көтеріле түседі. Жеңілдету салдарынан артқы доңғалақтарға «юз» болып тежелу деңгейі артады. Сүйреткіштің (тягач) тіркемемен жалғасы негізгі жалғасудан басқа сақтық шынжырмен қосылуы қажет. Автомобильді бір бүйірге алып қашуды және бүйірге әкетуді болдырмас үшін оң және сол жақтағы доңғалақтардың тежелу күштері тең болуы керек. Бұл үшін тежеуіштердің реттелуін, тежеуіш бастырмаларының және барабандарының үйкеліс беттерінің қалпын мұқият қадағалау қажет.

1-кесте Тежеуіштің мүмкін болатын ең ұзын жолының шамасы және автомобильдің баяулауы

Автомобильдің түрі

Жүктеме

30 км/сағ жылдамдықтағы мүмкін болатын ең ұзын тежелу жолы, м

Жүрістің ең төменгі баяулау мүмкіндігі, м/с

1

2

3

4

Жеңіл автомобильдер

 

Жүксіз

 

7,2

 

5,8

Жалпы салмағы 9 тоннаға дейін жететін жүк автомобильдері

Жүксіз

 

Толтырыла жүк тиелгенде

9,5

 

 

11,5

5

 

 

4

Жалпы салмағы 9 тоннадан артық  жүк автомобильдері

Жүксіз

Толтырыла жүк тиелгенде

11

 

13,5

6,2

 

3,5

Автобустар

Жүксіз

11

4,2

Автомобиль адамның күнделікті қажетті басты құралы десек, оны пайдаланғанда, техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайларда  адам баласына зиян келуі мүмкін. Мұндай қолайсыз жағдайды болдырмас үшін қауіпсіздік техникасын жете білген жөн. Автомобильдерде, әр түрлі жабдықтарда қауіпсіз жұмыс істеу үшін қауіпсіздік техникасын нұсқаулықта көрсетілген талаптарды орындау керек. Қауіпсіздік техникасы ережесінде автомобильдерді, тракторларды, күрделі ауыл шаруашылық және арнайы техникаларды басқару, және олармен жұмыс істеу ісі жасы 17-ге толған, көлікті басқару құқығы жөнінде құжаты бар әрі қауіпсіздік техникасы жөнінде арнайы нұсқау алған адамдарға ғана жүктелетіні көрсетілген.