УДК 9.91.910
МАҢҒЫСТАУ
ЭКОТУРИЗМНІҢ НЕГІЗІ ҮСТІРТ МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ
ҚОРЫҒЫ
Байискакова Карлығаш Алимбековна
Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік Технологиялар
және Инжиниринг университеті, аға оқытушы, магистр
В статье рассматривается
о проблемах, связанных с ухудшением окружающей среды-одной из основных угроз, с
которой столкнулось человечество на рубеже ХХ- ХХІ веков. О роли Казахстана в развитии всемирной
системы охраняемых природных территорий.Устюртский Государственный природный заповедник
его туристический потенциал.
The article is about the problems
associated with environmental degradation is one of the major threats facing
mankind at the turn of the XX-XXI centuries. On the role of Kazakhstan in the
implementation of the world area forecast system of protected natural areas. Ustyurt State natural reserve
of its tourism potential.
Адам баласы ХХ-ХХІ ғасырлар аралығында
негізгі кауіп-қатердің бірі – қоршаған ортаның
нашарлауына тап болды. Осыған байланысты экожүйені әлемдік,
аймақтық және ұлттық дәрежеде
қорғау жалпы мақсатқа жетудегі негізгі міндет болып
табылады. Әлемдегі ең ірі және беделді табиғат
қорғау ұйымы Халықаралық табиғат
қорғау одағы (ХТҚО, ағылшынша
қысқартылған атауы-IUCN) болып табылады, оған бірнеше
мемлекеттер, сонымен қатар халықаралық және
ұлттық үкіметтік емес бірлестіктер мүше болып кіреді.
ХТҚО бүкіл әлемнен алты белгілі мақсатқа
арналған бағытта жұмыс істейтін бірнеше мыңдаған
сарапшыларды біріктіреді. Олардың бірі – қорғалатын
территориялар жөніндегі Әлемдік комиссия (WCPA), табиғи
экожүйені қорғаудың теориялық және
практикалық мәселелерімен айналысады, табиғи қор
жағдайларына сараптау мен бағалау жүргізеді, тәуелсіз
мемлекеттер үкіметіне қорғалатын табиғи территориялар
жүйесін құруға ұсыныстар дайындайды.
ХТҚО онжылдықта бір рет
қорғалатын территориялардың Бүкіләлемдік
конгресін өткізеді, онда табиғи экожүйелерді
қорғаудағы қазіргі жағдай мәселелері
қаралады және келешекке жоспар жасалады. 2003 жылы Дурбан
қаласында (ЮАР) өткен бесінші Бүкіләлемдік конгресс
комиссия жұмыстарын қорытындылай келе, биоәртүрлілікті
қорғау және оның тұрақты дамуы үшін
қорғалатын табиғи территориялар (ҚТТ) маңызын
қайта бағалады.Оның ішінде, өткен онжылдықта
табиғатты территориалдық қорғау мәселесінде
ХТҚО келесідей нәтижелерге қол жеткізді:
- қорғалатын территориялар
Биоәртүрлілік жөніндегі конвенция пікірін іске асыруда
негізгі топ болып танылды;
- 1992 жылдан бері әлемдегі
ҚТТ-ның жалпы саны және олардың көлемі екі еседен
көп ұлғайды: қазіргі кезде, Антарктиданы
қоспағанда, құрлық бетінің 12%- ынан
көбі қорғалады, тек территорияның 10%- ына ғана
қатаң қорғау тәртібі таралған;
- әлемдік мұраның
табиғи және табиғи-мәдени нысандарының саны
101-ден 172-ге өсті, сонымен қатар
табиғи және мәдени қазыналарды
қорғау қажеттілігі одан да бетер ақиқат болып
отыр.
Бұрын қорғалатын
табиғи территориялардың адам баласының басқа
саладағы мүдделерімен байланысы толық емес еді.
Сондықтан Дурбан конгресі келешектің негізгі бастамасы
қорғалатын табиғи территориялардың біртұтас жалпы
жүйесін құру туралы қаулы қабылдады.
Әлемдік үлгі талабы бойынша мемлекет территориясы көлемінің
10%-нан көбі қорғалатын табиғи территория болуы керек.
Жер көлемі жағынан әлемде
тоғызыншы орын алатын Қазақстан, қорғалатын
табиғи территориялардың әлемдік жүйесінің
дамуында маңызды рөл атқарады. Біздің мемлекетімізде
қорық құру тарихы 1922 жылдан басталады. Бұл жылы
мәдени және көне табиғи ескерткіштерді
қорғау жөніндегі Түркістан комитеті
құрылған, ол алғаш рет сол аймақта
қорықта қорық құру қажеттілігі
мәселесін көтерді. 1926 жылы Орта Азия мен Қазақстанда
бірінші рет Ақсу-Жабағылы қорығы ұйымдастырылды.
5 жылдан кейін, яғни 1931 жылы, Наурызым мен Алматы
қорықтары, 1936 жылы Бурабай қорығы, ал 1939 жылы
Барсакелмес қорығы құрылды. Одан әрі
қорықтармен бірге қорғалатын табиғи
территориялардың басқа да түрлері – геологиялық, зоологиялық және ботаникалық
қорықшалар, табиғи ескерткіштер және т.б.
ұйымдастырылды. 1985 жылы біздің елімізде алғаш рет Баянауыл
мемлекеттік ұлттық қорығы құрылды.
1997 жылдың 17 шілдесінде
қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи
территориялар жөніндегі» ҚР заңы негізін құрайтын
заң шығару базасы жете дайындалды. Заң табиғат қорғау
мекемелерін құру және олардың жұмыстары
жөніндегі мәселелерді реттейді. Қорғаудың
құқықтық шаралары төмендегідей
бөлінеді: қорықтық, яғни қоршаған
ортаның табиғи жағдайын бүлдіретін кез келген
шаруашылық жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады; және
қорықшалық, яғни мемлекеттік табиғи-
қорықтық қор нысандарын сақтауға
қауіп төндірмейтін және олардың өсіп- дамуына
зиян келтірмейтін шаруашылық кез келген жұмыстарға тек
белгілі маусым мен уақытта рұқсат беріледі[1].
Қазақстанның
шөл зонасының эталондарының бірі ретінде оның
табиғатын сақтау үшін 1984 жылы шілденің 12
жұлдызында Үстірт қорығы ұйымдастырылған.
Қорықтар – бұл
табиғат обьектілерін қорғаудың ең жоғары
формасы. Қорық аймағы шаруашылық айналымынан босатылып,
онда кен өндіру мен құрылыс жұмыстарын жүргізу,
аң-құс атып, балық аулау, шөп шабу мен мал жаю
және ағаш дайындау сияқты табиғат байлықтарына
нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салынған. Сонымен
қатар, қорық жеріне улы химикаттарды шашуға және
басқа жерлердің өсімдіктері мен хайуанаттарын жерсіндіруге
болмайды. Бір сөзбен айтқанда, қорық
ұйымдастырылған жердің табиғаты, сол
аймақтың ландшафтылы-географиялық белбеуінің
үлгісі ретінде қорғалуы қажет. Бұл жерлердегі
экологиялық процестердің барлығы адам араласуынсыз
табиғи жағдайда өтеді.Адам оның бақылаушысы,
зерттеушісі ғана. Сол себепті де қорықтарды соңғы
кезде ашық аспан астындағы нағыз «табиғат
лабораториясы» деп те атап жүр [2].
Маңғыстау аймағы
өте қызықты танымдық орталықтардың бірі, ол
жерлерде екі мың жыл бойына Ұлы Жібек жолы өтті. Біздің
заманымызға дейінгі 129 жылы ашылған шығыстан батыс елдеріне
бет түзейтін «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы ретінде
сол кезден бастап Маңғыстау түбегі мен Үстірт
арқылы өтетін (Хазардан Хорезмге дейінгі) керуен жолы
пайдаланылыпты[3].
Үстірт
қорығының түрлі жануарларымен бірге бірегей жер бедері,
бірегей табиғат ескерткіштері мен тарихи және мәдени
ескерткіштерінің көптігі, Каспий жағалауының әсем
орындары әлеуетті турист үшін үлкен
қызығушылық тудырады[4].
Қорықтың
құрылу тарихына келер болмақ, ХХ ғасырдың басында
В.П. Семенов-Тяньшанский Үстірт
шыңдарының оңтүстік - батысында қорық
ұйымдастыру туралы ұсыныс берген. 1960-шы жылдары Арал – Каспий
аймағында Қазақ ССР зоология институтының биология
ғылымының докторы А.А.Слудский басқарған кешенді
экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл
зерттеулердің қорытындысы бойынша, Маңғышлақ -
Үстірт физикалық-географиялық аймағында мұнай
шығаратын жерлердің тез игерілуі, жолдардың салынуы
және шаруашылық қызметтердің пайда болуынан, бұл
аймақтың өсімдіктер мен жануарлар дүниесін
қорғау үшін қорық ашу туралы ұсыныс
жасалды. Үстірттің сирек кездесетін жануарлар мен
өсімдіктерін сақтап қалу мақсатында қорық
ұйымдастыру қажеттігіне байланысты Қазақ ССР-нің Қызыл
кітабында (1978) айтылған болатын. Сол жылы Қазақ ССР
Ғылым академиясының жанындағы «Қазақстандағы
қорық жұмысының ғылыми негіздері» комиссиясы тез
арада Қазақстанда 11 қорық ашуды ұсынды.
Ұсыныс Ғылым Академиясында
және Қазақ ССР Министрлер кеңесінің
жанындағы қорықтар мен аң шаруашылығы бас
басқармасы және Қазақ ССР мемлекеттік жоспарында қолдау
тапты. 1984 жылдың 12 шілдесінде Қазақ ССР Министрлер
Кеңесінің № 294 қаулысы шығып, Маңғыстау
облысының Ералы ауданында (қазіргі Қарақия)
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы ұйымдастырылды.
Қорық аумағы батыс
Үстірттің оңтүстік бөлігін, Үстірт
қырқасының жиектерін, Қарынжарық ойысының
шығыс бөлігін - Кендірлі сорын және Қарынжарық
құм массивінің шығыс жағалауын алып
жатыр.Үстірт МТҚ-ның ауданы 223,3 мың
га.Аймақтың өте ауыр табиғи жағдайларына
байланысты қорық әкімшілігі 150 шақырым
қашықтықта, аумаққа ең жақын
қала Жаңаөзенде орналастыруға шешім қабылданды.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы –
Қазақстанның батыс аумағындағы осы кезеңге
дейінгі – жалғыз қорық. Қорықты
құрудың негізгі мақсаты - оңтүстік – батыс
шөл аймағының сирек кездесетін өсімдіктері мен
жануарлар дүниесін, табиғатын қайталанбайтын көне
дәуір ескерткіштерін және Арал-Каспий су айрығының
ерекше табиғи кешендері мен ландшафтарын сақтап қалу. Негізгі
атқаратын жұмыстары: аумақты қорғаудың
қорықтық режимін қамтамасыз ету, жануарлар
дүниесі мен өсімдіктердің дамуын зерттеу мақсатында
көп жылдарға арналған кешенді стационарлық зерттеулер
жүргізу және олардың биологиясы мен экологиясын үйрену,
«Табиғат жылнамасын жүргізу», Арал-Каспий аймағында сирек кездесетін түрлерді
қорғау мен қалпына келтіру. Қорықтың
ұйымдастырылуына себеп болған оңтүстік - батыс
Үстірттің эндемигі - Үстірт муфлонының жойылып кету
қаупі еді. Үстірт арқары қорықтың Көкесем,
Кендірлі, Елшібек жеріндегі тау шыңдары мен шатқалдарында
және Қарамая тауында мекендейді. Қазақстанда тек
қана Арал- Каспий су айрығы шегінде кездесетін балжегішті аю,
шағыл мысығы, қарақұлақ және
үстірт арқары сияқты өте сирек кездесетін аңдарды
қорғап, сақтап қалу – Үстірт
қорығының негізгі мақсаты.
Қазіргі таңда Үстірт
қорығында өсімдіктердің 332 түрі тіркелген, олар
50 тұқымдас 196 туысқа жатады. Олардың 5
түрі Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген: бор
рияңы, майда қатыран, берік сүттіген, кәдімгі
жұмсақ жеміс, хиуа сораңы және 1 түрі эндемик –
Үстірт астрагалы (таспа). Қорықта сирек кездесетін
өсімдіктердің 15 түрі Маңғыстау облысының
сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктерінің
каталогына енгізілген.
2004 жылы қорық
мұражайы ашылған болатын. 2010 жылы қорық мұражайына күрделі жөндеулер
жүргізіліп, табиғат және
өлкетану бөлімдері жаңартылды.
Қорық аумағында
мекендейтін аң-құстарды, өсімдіктердің дамуын
зерттеу, олардың өсіп-өнуін үнемі қадағалай
отырып, бір жүйеге келтіру, тізімдеп, талдап, қорғау
жұмыстарын ұйымдастыруға ғылыми негіз жасау,
қорықтың ғылым, ақпарат және мониторинг
бөлмінің негізгі атқаратын жұмысы. Бүгінгі
таңда ҚР Білім және ғылым министрлігімен келісіп, орман
және аңшылық шаруашылығы комитеті бекіткен
«Үстірт қорығында сирек кездесетін омыртқалы
аңдардың кадастры», «Үстірт қорығында сирек
кездесетін және ерекше қорғалатын құстар өсімінің
жағдайы», «Үстірт қорығының өрмекші
тәрізділері мен жәндіктер дүниесін түгендеу»,
«Үстірт қорығының өсімдіктер
дүниесінің қазіргі жағдайы, флорогенезі және
сараптамасы» тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізілуде [5].
2011 ж. сәуір айында жалпы 250км
қашықтықта автомобиль және жаяу маршруттар арқылы
Үстірттің жыртқыш құстарына бақылау
жүргізілген. Осы экспедицияның мәліметі бойынша 5-
жұртшы, 6- тазқара, 1
–сақалтай кездестірген. Осыған
байланысты Маңғыстау облысының табиғи қорлар
және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен Үстірт
мемлекеттік табиғи қорығының басшыларына саны азайып
бара жатқан жыртқыш құстарды әсіресе ұя
салу кезеңінде қорғауға алып, оларды мал соятын
цехтардың қалдықтарымен қоректендіру ұсынылған
[6].Еуропаның көптеген елдерінде мұндай биотехникалық
шаралар сирек жыртқыш құстардың жойылып кетпеуіне
оң ықпалын тигізіп отыр. [7].
Үстірт мемлекеттік табиғи
қорығының аумағында әр түрлі
мәдени-табиғи нысандар баршылық. Діни туризм мақсатында
тарихи-мәдени нысандарға ескі қойымшылықтар мен белгілі
тарихи тұлғаларға қойылған ескерткіш – тамдар
жатады. Олар Балуанияз Батыр мен Тұрмамбет Батыр тамдары,
Қадырберді әулие мен Табан Ата қорымы, Көкесем
қойымшылығы, Елшібек қойымшылығы,
Төбелтұран араны. Табиғи нысандарға Қаражар
құрғақ арнасы, Қарамая тау жотасы, Көкесем
шатқалдары, Кендірлі шыңдары мен Кендірлі соры, Өнере
бұлағы және тау етегіндегі су көздері жатады.
Маңғыстау үшiн
саяхатшыларды тартатын орындардың бірі- Бозжыра. Бұл жер
саяхатшылар үшiн әзірге белгiсiз, әрі барар жолы
қиын. Саяхатшы көпшілік
біле бермейтін шағын жалғыз аяқ жолмен бозжыралық
қорғандар жазығының
ұмытылмастай көріністерін тамашалауға болатын
алаңға дейін көтерілуіне болады. Жазғы мерзiмде
бұл жерде өте құрғақ және ыстық.
Көзге көрінбейтін жануар әлемінің бар екенін
арқарлар мен қарақұйрықтардың аз ғана
iздерiнен білуге болады.
Тұзбайыр - табиғи
апаттардың маңғаз туындысы. Үстірт
жазығының шыңы осы жерде жергілікті өңір сор деп
атайтын, түбінде көлемдi сортаң жатқан, саз
балшықты ақбор сатылы тік құлама жармен үзіліп
қалғандай. Тұзбайыр жазықтың негiзгi сілемдеріне
ұштасқан екi ерекше тауымен-ақ алыстан көз тартады.
Елшібек – Кендірлі сорына дейін жалғасқан Үстірт
жонының бүйірлі бөлігі. Сордың ең көрікті
келбеті – тып-тыныш жатқан аппақ-тұзды жердің ортасында
150 метрге дейін биіктікте оқшауланған бес шошақты таулар
саналады. Жергiлiктi қазақтар бұл тауларды «батырлар» деп
атайды. Мұнда табиғи жағдайларда мекендейтін үстірттік
тау арқары – муфлондар жүреді.
Үстірт ЕҚТА-ның сиымдылығы 850 адам /жылына.
Қазіргі кезде аумақтың әлеуметтік-экономикалық
жағдайы туристерді қабылдауға мүмкіндік бермейді. Ол
үшін қонақ үйлер салу қажет, маршруттарды
белгілеу және безендіру қажет, әрбір маршрутты буклеттерде
көрсету керек, арнайы тренингтік және танымдық
бағдарламаларды дайындау
және туристік фирмалар арқылы гидтерді оқыту
және дайындау керек.
Әдебиеттер:
1. Иващенко, А. А. Қазақстанның қорықтары мен
ұлттық бақтары / А. А. Иващенко.- А.: Алматыкітап , 2006.-284
б.
2. Бейсенова, Ә. С. Экология. Ә. С. Бейсенова, Ж. Б. Шілдебаев,
Г.З. Сауытбаева. - Алматы: Ғылым,
2001.-238 б.
3. Қондыбай, С. Маңғыстау географиясы Маңғыстау
мен Үстірттің киелі орындары/ С. Қондыбай. –А: Арыс, 2008.-18
б.
4. Омаров, Қ.М. Қазақстанның туризм географиясы/
Қ.М. Омаров. – А.: Ұлағат, 2011.-74 б.
5. Нұрмағамбетова, Т. Үстірт – Батыстың бірегей
қорығы// Маңғыстау газеті - 2013.- 4маусым.
6.
Пестов М.В.(НРОО Экологический центр «Дронт», Нижний
Новгород, Россия) Нурмухамбетов Ж.Э. (Устюртский государственный природный заповедник,
Жанаозен Казахстан) Падальщики Устюртского Государственного природного
заповедника, Казахстан// Пернатые хищники и их охрана= Қанатты
жыртқыштар және оларды қорғау – 2012.-№24. - С. 205-207.
7. Donázar J.A., Cortes-Avizanda A., Carrete M. Dietary shifts
in two vultures after the demise of supplementary feeding stations:
consequences of the EU sanitary legislation. Eur. – J. Wildl. Res. 2010. №56.
P. 613–621.
Байискакова Карлыгаш Алимбековна г. Актау сот.тел. 8701 2671374,
Karlygaw73_aktau@mail.ru