Танатаров М.К.
Болтай батыр атындағы
орта мектеп, Жамбыл облысы, Қазақстан
ОРТА
ҒАСЫРЛЫҚ БАЛАСАҒҰН ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР
Қазақстан жері ерте замандардан бері
отырықшы мәдениеттің пайда болған және оның
дамыған аймағы. Олардың ішінде дүниеге әйгілі
Ұлы Жібек жолындағы бірнеше түркі мемлекеттерінің
астанасы болған Афрасиаб, Бұхара, Өзкенд, Сужаб және
Баласағұн қалалары. Өкінішке қарай, бұл қалалардың
көпшілігінің орналасқан жерін анықтау өте
қиынға соғып жүр. Ескі қалалардың, бекіністердің
орындары Шу, Талас өзендерінің алқаптарында
археологиялық ескерткіштер күйінде сақталып келген. Мезгіл
ағымымен олардың көпшілігі өздерінің
алғашқы атауларынан айырылған. Бізге ол қалалар
құм, саз, топырақ басқан үлкенді-кішілі
төбелер күйінде, сары ашылмаған күйінде келіп жеткен.
Сондай
жер астында қалғандардың бірі әлемге әйгілі тарихи Баласағұн
қаласы. Оның қай жерде орналасқанын анықтаумен
шығыстанушы ғалымдар ХІV ғасырдың басынан бері
айналысуда. Баласағұн Батыс Түрік
қағанатының басты астанасы, саяси, экономикалық
және рухани мәдениетінің орталығы болғаны тарихи
деректерден белгілі. Сондықтан да Баласағұнның
тұрған жерін анықтаудың тарихи да, ғылыми да зор
мәні бар екенін есте сақтап, оны іздеуге көп
көңіл бөлінген. Енді Баласағұн қаласы туралы
ғалымдардың жазып қалдырған деректерінен
мәліметтер келтірейік.
Баласағұн
қаласы туралы азды-көпті тарихи деректер орта ғасырлық
ғалымдардың, саяхатшылардың еңбектерінде кездеседі. VІІ
ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында өмір
сүрген Мұхаммед Ибн-Мұса әл-Хорезм дүниежүзілік
географиялық картасында Шу, Талас, Жетісу
өңірлеріндегі түркі қалалары туралы сөз
қозғаған және де оларды картаға түсіріп,
координаттарын белгілеген. Солардың ішінде Баласағұнды да
дәл көрсеткен [1, 61]. Х
ғасыр аяғы мен ХІ ғасырдың бірінші жартысында
өмір сүрген, Хорезм елінің ұлы ғалымы
Әбу-Райхан Бируни жасаған дүние жүзінің
жағрафиялық картасында Баласағұн қаласына сипаттама
берген.
Х ғасырда Иерусалимде
дүниеге келген ғалым Мұхаммед Ибн-Ахмед ал-Макдиси
«Баласағұн халқы көп, суы мол қала. Оның
төңірегінде бір-біріне жақын көлемді және
тұрғындары көп қалалар орналасқан» дейді [2, 99].
М.
Қашқари «Түрік сөздігінде» Ұлы Жібек
жолының солтүстік желісінің бойындағы қалалар мен
тұрақты мекендер, асулар сияқты орындарға
сондай-ақ Баласағұн туралы мағлұмат бере келіп.
«Арғу екі таудың арасы. Тараз (Талас) пен Баласағұн
арасындағы шаһарларды «Арғу» дейді.
Өйткені ол жерлер екі тау арасында жатыр» - дейді [3,23].
Баласағұн
шаһарының атамалары мен оның келіп шығуына М.
Қашқари айрықша көңіл бөлген. Ғұламаның
сол пікірлері толығырақ келтіруді жөн көрдік.
«Ұлыш» қала, қыстақ Баласағұнмен оның
жанындағы Арғу шаһарларында тұратын халықтар тілінде
«илио» сөзін «шаһар» дейді. Содан барып Баласағұн
шаһарын «Кuz uluш – Күз ұлұш» деп атаған. Тағы да бұл қаланы «Құз орда»,
яғни хан қаласы деп атаған. Осы деректер халықтың
«сүйген құлдың аты көп» - деген қанатты
сөзін еске түсіреді. Өйткені ол түркілердің
ірі қаласы болғандықтан, өздерінің сүйікті
қаласына әр түрлі атамалар бергенге ұқсайды.
Баласағұн
қаласының этимологиясы мен оның келіп шығуына М.
Қашқари құнды деректерді береді. Қаланың
аты екі сөзден құрылғанын былайша түсіндіреді:
Бала+сағұн. Бірінші сөз «жас» дегенді білдірсе, екінші
сөз жоғарғы дәрежелі адамдарға беретін
құрметті атақ, лақап екені айтылған. Махмұд Қашқари
Баласағұнға жақын жатқан жерлердің,
қалалардың атын атайды. Олардың кейбіреулері Баласағұнмен
тіпті іргелес жатқан. Солардың бірі – Қырықүй,
Қарақыршын, Тасқала (Тасөткел), Тоқтали.
Бұлардың бәрі осы күнгі Ақтөбенің
(Баласағұнның) солтүстігіндегі жалғасып
жатқан қалалардың орындары болса, қаланың
оңтүстігіндегі осы күнгі Қырғызстанға
қарайтын жерлерде Орта ғасырлық қалалар жеткілікті. Осы
көптеген қалалар мен отырықшы мекендердің ортасында
Баласағұн орналасқан. Осынша көп санды мекендердін
кейбіреулері М. Қашқаридың еңбегінде аталған: «Шу
– Баласағұнға жақын шаһар; Бақырлығ –
Баласағұнға жақын жер; Бадаларт – Ош пен
Баласағұн шаһарларының арасындағы жолы қиын
асу».
Баласағұн шаһары туралы құнды деректерді
Мосул қаласының тұрғыны Изз-ад-дин Али
Ибн-Мұхаммед Ибн ал-Асир (1160-1234) қалдырған. Ол
өзінің «Ал-Камиль фи-т-тарих» еңбегінде, 992-993 жылдары
Қарахан мемлекетінің ханы Бограхан Илек Бұхара
хандығына шабуыл жасады, нәтижесінде Бұхара әмірі
Ибн-Мансур Бограханның әскерін қиратқан соң, ол қалған қолымен
өзінің астанасы Баласағұнға қайтқаны
айтылған. Қарахан мемлекетінің бас астанасы Баласағұнда
Бограхан Илек, оның ұрпақтарынан шыққан
билеушілердің тұрғаны айтылған [4, 56].
Сирияның Хама қаласының басқарушысы Абу-л-Феда
Исмаил Ибн ал-Али ал-Айюби «Китаб таквим ал-булдан» кітабында, Орталық
Азияның бірқатар бас қалаларының координаттарын беріп,
Баласағұнның 91º 35',91º 50' ендікте, жетінші климатта
орналасқанын көрсеткен [5, 21 Б.].
Арабтың
ғалымы Махмұд Ибн-Вали өзінің «Бахр әл-Асрар»
атты еңбегінде Баласағұн қорғанының ені 2,5
гяза (біздіңше, 5-6м.) болғанын айтады. Ол
Баласағұн
туралы төмендегі мағлұматтарды береді: «Монғолдар
келгенге дейін Баласағұн жақсы сақталған,
гүлденген қала болатын. Онан кейін қирап, азып-тозып,
қаңырап қалған. Айналасын құм басқан,
биіктігі 4-5 зира (бір зира 40-45 см), сақталған
үлкен-үлкен үйлердің қабырғаларын
көрдік. 4 фарсақ (бір фарсақ 6 шақырым)
қашықтықтан мұнаралар, сарайлар, медреселер сорайып
анық көрінеді. Бұрын ең жақсы, үлкен
қала болған, қазір қирап қалған.
Қаланың аты да естен шыққан» [5, 60 Б.].
В.В.Бартольд
Орталық Азия, Солтүстік Кавказ жерлеріндегі ономастикалық
және Орта ғасырлық қалалардың тарихына
қысқаша шолу жасап, «Баласағұн» атты мақала
берген. Араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған
ғылыми еңбектер мен қолжазбаларды кең пайдаланып,
Баласағұн шаһарынын орналасқан жерін табуға
ұмтылған. Бірақ қолдағы деректердің
жетіспеуінің нәтижесінде, бұл мәселеге болжам айтумен
шектелген. Ол пікірінше: «Баласагун – Город,
по-видимому, следует искать в западной части русской области, называемой ныне
Семиречье, вероятно на Чу, где и поныне можно увидеть много городищ. На это же,
кажется, указывают приводимые Абу-л-Фида» [6, 52].
Баласағұн
қаласы туралы осындай ізденістер, болжамдар жинақтала берген.
Бірақ бұл жұмбақ дәл шешілмей, Ұлы
Қазан төңкерісіне дейін келіп жеткен.
Бірақ, әзірге дейін
бұл қаланың орналасуы жөнінде әр түрлі
пікірлер айтуымен шектелуде. Сондықтан бұл болжам ғана, ол
ғылыми тұрғыдан осы күнге дейін дәлелденген
жоқ. Осы себептен Баласағұн қаласын жан – жақты
зерттеу келер күннің еншісі болмақ.
Әдебиеттер:
1. Шәлекенов
Ә.Х.Түріктердің отырықшы өркениеті. – Алматы,
2003.
2.
Байпаков
К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. -
Алма-Ата, 1986.
3.
Қашқари
М. Түрік сөздігі Т1. – Алматы, 1997.
4.
Маргулан
А.Х. соч. Т 1. - Алматы, 1998.
5.
Сенигова
Т.Н. Средневековный Тараз. - Алматы, 1972.
6.
Бартольд
В.В. Баласагун Соч. Т. ІІІ. - Москва,1965.