Түркия Республикасындағы  қазақ тілінің  сақталуы мен диалектік ерекшеліктері

Ғылыми жетекші: т.ғ.к. Жанысбекова Г.А.

Магистрант: Мәденов М.Н.

 

Қазақ диаспорасының бір бөлігі орналасқан ел ол – Түркия. Кіші Азияда орналасқан Түркияға қазақтардың қоныс аударуы туралы, Халифа Алтай өзінің «Ана жұртынан Анатолия қалай келдік» кітабында сипаттап жазған, «Шығыс Түркістаннан Құмыл, Баркөл аймағынан  1934-1938 жылдары босқын болып, Ханьсу Шынқай өлкесінен ауған,18 мың адамнан 5 мың  адам 1940 жылы Тибет арқылы Үндістанға өткен, 5 мың адамнан 1941 жылы Үндістанға аштықтан, түрлі қиындықтан 3 мыңдай қазақтар жетіп сол елде 11-12 жылдай қалды. 1953 жылы Пакистан мен  Үндістанның Кашмир  штатынан 1850 адам Түркия жеріне келіп қоныстанды» [1,23-б]. Осы қоныс аударулардың ұзақ мерзімге созылуы, соңында Түркияға 2 мыңға жуық адамның қалып орналасу себебі, ұлттық салт-дәстүрді сақтап қалу, ана тілін ұмытпау және ұрпақтарының жағдайын ойлап өзге ұлтқа сіңісіп кетпеуі үшін жасалынған әрекет еді. 

Сол қазақтарды 1952 жылы Түркия қаулы қабылдап қазақтарға  өздерінің жеріне орналасуға рұқсат берді. Осы қаулының қабылдануына 60 жыл толуына байланысты 2012жылы наурыз айында Түркияда қазақтардың жиыны болып өтті.  Жиынға Қазақстанның Ыстамбулдағы бас консулы  Арсылан Дәндібаев ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев қатысты. Жиында Мимар Синан Көркемөнер университетінің ғалымы Әбдіуақап Қара қазақтардың Түркия ға көшіп келгендері жайында сөз айтты: «1952 жылы наурыз айында қаулы қабылданған соң Пәкістан, Үндістан, Кашмирден 1850 қазақ топ тобымен Түркияға келе бастады. Сол кездегі қазақтар Пәкістаннан қиыншылық көрген жоқ. Бірақ ұрпақтарының  қазақтық болмысын жоғалтып алуларынан алаңдаған. Ұлттық ерекшеліктерін  сақтау барысында ең ұрымтал елдің тілі, діні  ділі бір Түркия елі екенін білді. Сол үшін Түркияға көшіп келді». Қазақ халқы саны жағынан аз ұлттардың бірі, алайда шашыраңқылығы жағынан алғашқы орындарда орналасқан. Шетелдерге босып кеткенде де олардың жағдайы жақсарып кеткен жоқ [2, 23 б].

Түркияның саясатында түркі тектес халықтарға әрдайым жақсы қатынаста болу басты ұстаным болған, түркі дүниесі дағдарысқа ұшыраған кезеңде Түркия елі барша түркіден тараған зиялыларға, қара халыққа отан бола білді. Түркі елінің тілі діні  салт дәстүрлері ұқсас болғандықтан, сол елді паналап барған қазақтар тез бейімделіп, тілінде қиналмай меңгеріп кетті [3. 5-б].

Түркияға көшіп барған қазақ халқының жағдайы, тұрмыс тіршілігі жақсарып кетті дей алмаймыз. Қазіргі кезде, әлем қазақтарын толғандырып отырған басты мәселелердің бірі-қазақ әліпбиі, басқа елде өмір сүріп жатқан  қазақтар үш түрлі әліпби қолданып жатыр, мысалы Түркиядағы қазақтар латын әліпбиін қолданып келеді. Бірақ, Түкиядағы қазақтар бұның зияндығында көруде, себебі түрік тілінде қазақтың  қ, ң, ү, һ, і дыбыстары жоқ. Сондықтан да олар осы әріптерге ұқсас әріптерді пайдаланып келеді. Алайда, мына дыбысты мына әріптің орнына пайдаланайық  деген арнайы ереже жоқ. Бұл қазақ тілінің таңбалау арқылы айтылуының өзгеріске ұшырауына әкеліп отыр. Осы үшінде барша шетелдегі қазақтар үшін ортақ әліпби қолдану маңызды мәселеге айналып отыр. Егер осы мәселелер келешекте шешімін таппаса, шетелдегі қазақтармен байланыс, хат алмасу істері қиындай бермек. Ал егер шешілген жағдайда Түркия және басқа да елдермен ақпарат алмасу, БАҚ-ның  жұмыстары кеңейіп, басқа елдердегі ана тілдің сақталуыда жақсарар еді [4, 14-б].

Қазіргі таңда, Түркияда қазір жалпы саны 10-15 мыңнан астам қазақ тұратынындығы белгілі [4]. Сондықтан, ондағы жастарды Қазақстанмен рухани байланысын нығайтып, тілін және салт дәстүрлерін ұмытқызбау мақсатында қазақ мектебін ашу үшін «Алаш айнасы» газеті тілшілері баспасөз бетінде  осы тақырыпқа байланысты мәселе көтерді.  Түркиядағы қазақ жастары қазақ тілін ұмытып бара жатқандығын анықтаған.

Түркияда жоғары білім алу қымбат, сондықтан оған көптеген қазақ жастарының қолы жете бермейді. Жоғары оқу орнына түсетін қазақ жастарының өкілдері негізінен ең озат студенттердің бірі болады. Кейбір қазақтардың екі жоғары білімі бар. Қазіргі кезде 200-дей қазақтың қыздары мен ұлдары Түркиядағы жоғары оқу орындарында экономика, құрылыс, журналистика, медицина және заңгерлік мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Түркиядағы қазақ тілінде білім беретін мек­тептерге шолу жасар бол­сақ, Ыстамбұл қаласында Абай атындағы қазақ мектебін 2003 жылы сәуір айында Қазақ­стан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтің өзі ашқан болатын. Қазіргі таңда бұл мектепте 1800 бала білім алуда. Дегенмен,  Абай есімі берілгенімен  ол түрік орта мектебі болып табылады. «Арнайы қазақ сыныптарын ашу үшін мектепке шашыраңқы орналасқан қазақ отбасыларының саны сынып ашуға мүмкіндік бермеді» -деп, Абай есімін беруге себепкер болған профессор Әбдіуақап Қара атап көрсеткен [5, 2 -б].

Түркияның Эрзинджан қаласындағы университеттердің бірінде Абай атындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды[6]. Бұлда бір, Қазақ халқы үшін жақсы жаңалықтардың бірі.

9.12.2013жылы Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев пен Түркия Ұлттық білім министрі Н.Авжының кездесуі болып өтті. Бұл кездесуде, Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, технологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған болатын.  Ж. Түймебаев Қазақстанда қазақ-түрік лицейлер мен түрік тілін үйрету орталықтарын жұмыс атқарып жатқанын айтып, Түркияда да Қазақ мәдениеті және тіл үйрету орталықтарын ашу қажеттігін кездесу барысында айтып өтті. Кездесу нәтижесінде, алдағы уақытта Түркияның ең ірі провинцияларының бірі Ескишехирде Қазақ мәдениет және қазақ тілін үйрету орталығын ашылатын болып келісілді [7].Түркиядағы қазақ диаспорасының қазақ тілі мен мәдениетін ұмытпаулары үшін осындай келіссөздер болып өтті, алдағы уақытта мектептер мен орталықтар ашылып жатар.

Түркияда қазақ диаспорасын қоғамға бейімдеп, жергілікті ұлтпен біте қайнасып кетуіне ықпал етсе де, өз мәдениетін, әдебиетін, тарихы мен дәстүрін, тілін ұмытқан қазақтар жоқ. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан қазақтардың 96,6 пайызы дәстүрін біліп қана қоймай, оны ұстанатындығын да айтыпты. Сондай-ақ, жартысынан астамы «ана тілім қазақ тілі» деп санайды екен [8].

Түркиядағы қазақ тілі жайында, Ыстамбұлдағы  Қазақ-Түрік  қоғамының жетекшісі Кәміл Жезер мырза ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мынадай пікір айтты: «жастарға  қиындау: себебі Түркия  қазақтары  кириллица әліпбиін білмейді. Сондықтан да олар қазіргі қазақ әдебиеттерін оқи алмайды, қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен таныса алмайды. Түркияға латын әрібіне аударылған әдебиеттер жеткізілсе екен дейміз. Ал өз тарапымыздан, Зейтынбурну ауданында қазақ тілін оқытатын үлкен мектеп ашу ниетіміз бар. Оған жергілікті  өкімет қарсы болмайды деп ойлаймын. Түркиядағы қазақтар қауымдастығы  екі бауырлас елдің достығын  бекіте түсетін   көпір болуға  әзір екенін  жеткізгім келеді» [9]-деп өзінің деп сұхбатын берген.

Түркия қазақтары қауымдастық төрағасы Дәруіш Қылыш  былай  дейді: «Қазақ Президенті мен мемлекетінен тілейтініміз –Қазақстан латын әрпіне тезірек көшсе екен. Түркиядағы қазақтар болсын, Еуропадағы қазақтар болсын, қазақша кітап-журналдарды, баспасөзді  оқи  алмайды.  Мұнда  біздің  жеке кітапханамыз  бар.  Онда  Қазақстаннан жіберілген 5000-нан аса кітап шаң басып тұр. Оның ішінде Абай атамыздың, Мұхтар Шахановтың, т.б. қазақ ақын-жазушыларының кітаптары бар. Бірақ оны оқуға мүмкіндік жоқ.» -деп қанжылады. Алайда әліпби мәселесі бүгінгі таңдағы өзекті проблеманың бірі болып табылады. Зейтінбұрны ауданында Абай атындағы орта мектеп бар. Бірақ, аты –қазақша да, заты –түрікше. Дәруіш Қылыштың айтуынша, қазақтар қауымдастығы жанында қызмет ететін қордың қазақша мектеп ашуға мұршасы жетпейді екен. Екінші жағынан қандасымыз: «Біз бөлек қазақ мектебін ашып, қазақша бала оқытамыз» деуге ыңғайсызданамыз, -дейді[10].

Түркиядағы қазақ диаспорасының тілі мен мәдениеті жайында baq.kz ақпараттық порталының  тілшісі  Майгүл Сұлтан Түркия Қазақ мәдени қорының төрағасы Абдұлвахап Қылыштан сұхбат алған, төраға өз сұхбаттарында қазіргі  қазақтардың мәдени даму дәрежесін, ана-тілін сақтау жәрежесін жан жақты айтып берген. Сұхбат барысында, қазақ тілді БАҚ жайында: «Қазақтар Түркияда журнал, газеттер шығарды,бірақ, бұл журналдармен газеттер көпке жетпей, аз номерлері шығып, кейін тоқтады. Басты себебі, қаржы мәселесі еді,  үкіметтен ешбір көмек болмады, қазақтардың өздері қаржылай жәрдем берген болатын, өзімізденде қорымыздан журнал шығарғанымызбен  6 саннан артық шығарта алмадық. Оның да шықпау себебі сол қаржы мәселесі еді»-деп бастан өткерген мәселелерін айтқан еді.  Тілшінің, «Қазақ жастарының болашағы жайында не айтасыз?»- деген сұрағына былайша жауап берген: «Бұл елдегі қазақ  жастары ана-тілін жақсы білмейді, себебі, кішкентай кезінен бастап емтиханның кітаптарына көбірек назар аударып, қазақ тіліне уақыт жеткізе алмайды,  сол үшінде, қазақ тілін үйрету басты мәселелердің бірі. Ислам дінін ұстау жағынан айтатын болсақ,  балаларымыз діни білімді мешіттерден үйренеді, осы жердегі Ахмет Ясауи атты қазақтардың құрған қорының дін  орталықтары бар, сол жерлерден балаларымызға дінді үйретуге береміз. Қазақы дәстүрді тойлардан, жиын, мерекелерден ата-аналарымен бірге жүріп үйренеді, соның өзі, мақтанып айтатындай дәрежеде емес»-деп А.Қылыш қазақ жастары жайында тілшіге айтып берген[11]. 

Сырттағы қандастарымыздың елге түпкілікті көшіп келгенше ұлттық бітім болмысын сақтап қалу жолдарының бірі ондағы ұлттық мәдени орталықтар, қазақ тілі қоғамдарымен тығыз байланыс  орнатып,  қоян-қолтық  араласа жұмыс істеу қажет. Оларға методикалық  және методологиялық көмек беру жағын ойластыру керек. Ол үшін олардың жетекшілері, мамандары мен методистеріне  жылына кемінде бір рет семинар сабақтарын  ұйымдастыру, қазақтың этномәдениетін және қысқаша тарихын оқитын оқу  бағдарламасы  мен оқулық кітаптарын шығаруды қолға алу керек. Дегенмен де аталған мәселелер мемлекеттік деңгейде шешімін таппаса  жекелей  зерттеуден шеттегі қазақтардың тұтастай этномәдени  мұраларын  көрсете алмаймыз. 

Бөгде ортадағы кеңістікте ұлттық келбетін, тілін, дінін, дәстүрлі мәдениетін, өзіндік санасын сақтап қалуы, оны дамытуға күш салуы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады.

Жоғарыда айтылған мәселелерді түйіндей келе, Түркиядағы қазақтардың ана тілі мәселесіне байланысты, әсіресе жас буын өкілдерінің оны ұмытып бара жатқандығы бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.                  Арғынбаев.Қ.Р. Қазақ диаспорасының ғылыми-зерттеу мәселелері. Ғылым академиясы. Фәлсәфә институты. Алматы 1992

2.                  Әбдіуақап Қара: Түріктер сөзі өтімді еркекті қазақ дейді. Алтын Орда. №13, 2012. Алматы

3.                  И.Жеймени. Тәуелсіздік және шетел қазақтары. // Қазақ әдебиеті. Алматы 19.2005

4.                  Б. Бәмішұлы. Қазақ диаспорасының өзекті мәселелері. // Қазақ тілі мен әдебиеті. Алматы 2006

5.                  «Алаш айнасы» газеті. Түркия қазақтары бір мектепке зар болып отыр. http://abai.kz/nod

6.                  Түркияда қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылды. http://bnews.kz/kk/news/post/181081/

7.                   Ирина Дынникова. Түркиядағы Ескишехирде Қазақ мәдениеті және қазақ тілін үйрету орталығы ашылады http://www.inform.kz/kaz/article/2612566

8.                 BAQ.KZ. Түркиядағы Наурыздың ұйтқысы – қазақтар http://mongolianislam.mn/kz/?

9.                 Түркиядағы қазақ қауымдастығы екі бауырлас елдің достығын бекіте түсетін көпір болуға әзір. http://www.inform.kz/rus/article/2207383

10.            Төлешова Л.Х. Түркиядағы қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Астана

11.            Абдұлвахап Қылыш: «Түркиядағы жастарға қазақ тілін үйрету үлкен мәселе болып тұр»http://baq.kz/diaspora/477