ПЕДАГОГТЫҚ ӘДЕП ЖӘНЕ ПЕДАГОГТЫҚ

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Айтжанова Р.М., Алимжанова А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

  Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысынан педагоктық әдеп мұғалімнің жан-жақтылығының, оның идеялық сенімінің , жүріс-тұрыс мәдениетінің, жалпы және арнаулы білімінің, мамандығына байланысты ізденіс жемістері қорының жиынтығы іспетті. Шебер педагог болмай тұрып, әдепті педагог болмақ жоқ. Педагогтық әдеп жаттау, еске сақтау және жаттығу жолымен жасалмайды. Ол мұғалім ізденісінің нәтижесі, ол оның ақыл-ойының көрінісі болып табылады. Мұғалімнің педагогтық әдебінде еліктеу деген болмайды.

  Педагогтық әдеп әр мұғалімде әр түрлі және әр қалай көрініс беруі мүмкін. Бұл оның жас мөлшеріне, темпераментіне, мінез-құлқына, тағы басқа да ерекшеліктеріне байланысты. Педагогтық әдеп әр мұғалімнің дара қасиеті. Нақты математикалық есеп бір тәсілмен шығарылады, бірнеше тәсілмен шығатыны сирек, ал оқушылардың жүрегіне жол табудың тәсілдері екібастан саналуан. Әр мұғалімнің педагогтық әдебі бірқатар ұқсас жайттарды шешуге жарамды белгілі бір схемаға және формулаға сыйыспайды. Мұғалімнің оқушылармен тіл табысуы көбіне оның жағдайға ой көзімен қарай білуіне, оған басқа жағдайлардан да гөрі айрықша маңыз беруіне байланысты. Әрбір нақты жағдайға оқушылардың қалай қарайтынын аңғара білу де мұғалімнің біраз білігін танытады. Ал, оқушылардың нақты жағдайға қалай қарайтыны көбінесе олардың мұғалімдермен ара қатынасына байланысты.

  Кей мұғалімнің оқушыларға бірыңғай әдіс-тәсілдермен ықпал-әсер етуі тәп-тәуір нәтиже берсе, екінші бір мұғалімдерде оның керісінше болатын жәйттері жоқ емес. Тіпті, бір мұғалімнің айтқан мәні шамалы , елеусіздеу сөзінің өзі кейде оқушыларға жеңіл әзілдей әсер етсе, екінші мұғалімнің айтқан сөзі ерсілеу естілуі мүмкін. Бірақ, бұған қарамай, әр мұғалімнің дара ерекшеліктеріне бағынбастан педагогтық әдепті дамытуға септігін тигізетін жекелеген психологиялық және педагогтық жайттарды бөліп көрсетуге болады. Аталған жағдайлардан басқа сергектік, сезімталдық, сенім, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерді бөліп алып қарауға болады. Біз бүгін бұл қасиеттердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталамыз.

Мысалы, байқағыштық бұл педагог мамандығының маңызды белгілерінің бірі. Байқағыш мұғалім шәкірттерінің ішкі әлеміне терең үңіліп, көңіл-күйлерін қабақтарынан танып, әр қайсысының мінез-құлық ерекшеліктерімен санаса біледі. Мұның бәрі оған әрбір оқушының тілін табуға, әрбір оқушының оның сезімдері мен ойларына өз сезімдеріндей қуанып, өз ой, сезімдеріндей күйіп-жанып қабылдауына мүмкіндіктер береді.

  Байқағыш  мұғалім шәкірттері талап-тілектерін қалай орындайды, қарсыласу болама, жоқ па, бәрі-бәрін тап басып анықтайды. Байқағыш мұғалім, мәселен сабақ үстінде, оқушылардың қайсысы тапсырманы орындады, қайсысы орындаған жоқ, жаңа материалды қайсысы құлықпен тыңдап, қайсысы құлықсыз тыңдап отыр- бәрін қалт жібермейді. Мұндай мұғалімдер ықтиярсыз көндіру тәсіліне көп жүгінбей-ақ та кластың бүкіл оқушыларын өзіне тарта біледі және оладың өзді-өздерін еркін ұстап, іштей ашылуларына ықпал етеді [1].

  Айталық, соңғы партада отырған оқушы мұғалімді тыңдамай терезеге қарап ойланып қалған екен делік. Мұндай жағдайда оқушыға қарап дауысты сәл ғана көтерсе немесе қасына барса болды- ол дереу ісіне кірісіп кетеді. Екінші бір ұқыпты оқушы бірінші рет үй тапсырмасын орындамаған. Ол өзін класта мықты санайды және мықты боп қалғысы да келеді. Бүгін оны тақтаға шақырмай, сабақтан кейін алып қалып, үй тапсырмасын нендей себеппен орындамағанын, бәлкім, сұрап білген дұрыс болар.

  Ал анау басқалармен бірге қол көтеріп отырған алдыңғы партадағы оқушыны тақтаға шақырмай болмайды. Бұл оқушы соңғы кезде түзеле бастады. Оған талпынса оқи алатындығын дәлелдеуге мүмкіндік беру керек.

  Алайда, байқағыштық қыбырлаған-жыбырлағанның бәрін қапы жібермеу деген сөз емес. Зерделі педагог қыбырлаған-жыбырлағанның бәрін көзімен көріп отырса да көп мән бере бермейді. Егер кластағы қыбыр-жыбырдың бәріне ойымыз бөлінсе күшіміз де, уақытымыз да жетпеген болар еді. Оқушылар сабақты шамалы уақыт тырп етпей тыңдаңдар, бірақ қашанғы тырп тепейді. Көп ретте оқушылар мұғалімді тыңдап отырады да, іле-шала өздерімен-өздері болып кетеді. Әлгінде не айтылғанын, бір оқушыдан сұрасаң , ол сарт-сұрт айтып береді. Бірақ ол мұғалімді тыңдап қана қоймай, қасындағы көршісіне де құлақ түреді, бүгін киноға барып, 16 жасқа толмаған балаларға рұқсат етілмейтін фильмге қалай кірсем екен деп ойлайды, біреу сыйға тартқан қолшамы жарық түсіре ме, жоқ па- соны тексереді, т.с.с [2].

  Әдебі шамалылау мұғалім оқушылардың назарын аудару арқылы сабақтың сапасын жақсартамын деп, болмашы тысырға елеңдеп, тырысып-бүрісіп болады. Мұндай мұғалім қайсысына тиіссем екен дегендей класс ішінде әдейі олай-былай кезіп жүріп алады. «Сен қайда қарап отырсың?» «Сенің қолың қайда?» «Сен не ұстап отырсың, кәне, бері әкел!» - деген сияқты өктем сауалдармен сабағын ырың-жырыңмен өткізеді. Мұндай мұғалімдер былай қарағанда бәрін байқағыш, бірақ әдептен аулақ жатыр. Әдепті мұғалім кішігірім андай-мұндайлардың бәрін байқаса да байқамаған бола салады.

  Аңғарымпаз мұғалімнің оқушыларға жаман ойы болмаса да әдепсіздік танытуы ғажап емес. Яғни, өз білместігін байқамай ол мақтамайтын оқушыны мақтап, керісінше жазығы жоқ оқушының жер-жебіріне жетуі мүмкін. Мұндай мұғалім оқушыларының фамилияларын көпке дейін шатастырып , олардың түр-түстерін айыра алмай жүреді. Кейде бағадан айқай-шу шығарып алып, басы қатады. Кейде жалпылама мағлұматы бар демесек, өз оқушылары жайында ештеме білмейтін класс жетекшілерін де кездестіруге болады. Олар үшін оқушыларбестік пен екіліктің, тәртіптілік пен тәртіпсіздіктің  көрсеткіш бейнесі іспетті. Аңғырт мұғалімдерді оқушылар сыйламайды, біреуінің орнына басқасы жауап қайтарып, тексеруге дәптерлерін ауыстырып беріп, сіз бен бізге ондай материалды жүргізген жоқсыз, деп, тіпті кейде оларды сайқымазаққа айналдырады.

  Байқағыштық педагогтық мамандық сияқты аңғару, сезу арқылы жүре бара қалыптасады. Адамның жан-дүниесіне жол табу тәсілдері қалай іздестірілсе, сезімталдық-байқағыштық тәсілдері де соған ұқсайды.

  Белгілі педагог және психолог М.В. Шелгунов өз ісінің шебері болғысы келген әрбір мұғалімдерге өз жеке бастарының ерекшеліктерін зер сала зерттеп, ескеріп отыруға кеңес береді. Бақылау жұмысы жоспарланған болса, жан-жақты ойластырып, мақсатпен бақылау керек. Мұғалімдерге, әсіресе, ұмытшақ мұғалімдерге бақылау жұмысының барысында не істеп, не қойғанын қағазға жазып жүрсе бөтен болмайды.

  Оқушыларды қадағалау барысында мұғалім олардың жекелеген сұрақтарға қайтарған ауызша, жазбаша жауаптарын, олармен өткізілген арнайы әңгіменің қорытындысын пайдалана алады. Кей ретте бақылау барысында байқағандарын арнайы жүргізілген тәжірибе жұмысының нәтижесімен де мәселен, еске сақтау қабілетін зерттеу, оқушылар көңіл күйінің сәл нәрседен шалқып-тасуы, ғылымның әр түрлі саласындағы олардың мүмкіншіліктерін анықтау т.с.с толықтырып отыруына болады.

  Оқушылармен тереңірек танысу үшін көптеген әдіс-тәсілдерді табуға болады. Оны да дер кезінде ойластырғанның зор мәні бар.

  Ілтипаттылық. Әдетте , оқушылар, өте жақсы көретін мұғалімдерді өздеріне дауыс көтеріп сөйлесе де көңілдеріне ауыр алып қалады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, әділ қойылмаған баға ғана емес, мұғалімдерді көзге ілмей, өтініштерін құлықсыз, жүрдім-бардым тыңдаса да, ең болмағанда қастарына жақындап жай-жапсар білмесе де олардың көңілдеріне келеді. Өздеріне мұғалімнің назарын аудару үшін әдейі тәртіп бұзатын бірді-екілі балалардың да бар екені өтірік емес [3].

  Оқушыны мұғалім сыртқа шығарып жіберген. Оқушының айтуына қарағанда мұғалімнің оны кластан не себепті қуып шыққанын түсіну қиынға соқпады. Сабақ үстінде бұл артқы партада отырған көршісінің сиясауытына қаламын батырып алады да, орнына қайта келіп, жазуға кірісіп кетеді. Неге екені белгісіз, көршілері оның қаламын сиясауытқа батырғанын жаратпайды.  Оқушы мұғалімнен рұхсат етуін өтінгісі келеді. Оқушының ешқандай кінәсі жоқ. Мұғалім өтінішіме бірдеме дей ме деген дәмемен оқушы қолын көтеріп отыра береді. Біресе оң қолын, біресе сол қолын көтеріп, ол екі қолын алма кезек ауыстырады, ұстазының әлі көзі түспейді. Әрі-беріден соң ол ұшып түрегеліп мұғалімнің столына жетіп барады да бүкіл оқушылардың көзінше қаламын сиясауытқа сарт еткізіп малып алады. Кері қайтып келе жатып бірнеше оқушыны жанап өтіп, орнына келіп отырады да жаза бастайды. Мұғалім оны кластан шығарып жібереді, ілтипатты мұғалім ондай күрт қимылға бармаған болар еді. Мұғалім оқушыларға жаңа материалды түсіндірумен қатар оларға назар аудара да білуі керек. Бұл да педагогтық әдеп саласына жатады. Әдебі шамалы мұғалімдер оқушыларды тыңдай білмейді. Кейбіреулер сабақты жай еске салғандай қып айтып, өз ойларын жеткізе алмай, оқушылардың мейірімдерін қандырмай қойса, екінші біреулері сұрақтың оған бәлендей қатысы жоқтай сыңай танытуға тырысып, жауабынан жалтарып, үндемей бағады. Мұндай мұғалімдердің оқушылармен тіл табысуы қиын. Кейде оқушылар өзді-өздері: «Мен тақырыпты жақсы оқып келгем, бірақ сен биологты білесің ғой, сөйлетпей қойды емес пе Егер ол менің сөзімді бөле бермегенде беске жауап беретін ем».- «Бәрінен де тарихқа дауап берген. Дұрыс жауап беріп тұрсың ба, жоқ пабілмейсің, мұғалім  бір  орнынан мызғымай отырады да қояды»; деп жатады.

  Қандай түрде болмасын мұғалімдер тарапынан оқушыларға ілтипат болмаса, мұның өзі олардың араларына түбі сызат жарықшақ  түсірмей қоймайды.

  Сенім. Педагогтық әдеп мұғалімнің оқушыларға сенім арта білу қабілетін де қамтиды. Әрбір оқушы өзінің оқудағы табысының ынтаға, тырысуға байланысты екеніне сене білуі тиіс. А.Е.Макаренконың пайымдауынша, қателесу қаупі төніп тұрса да мұғалім оқуда болсын, тәлім-тәрбие жұмысында болсын оқушыларға өзінің батыл-батыл ойларымен ықпал жасауы қажет.

  Балалар өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін әлі шамалай алмайды. Олар ересектердің бағасына, әсіресе өздерінен де артық сенетін мұғалімдерінің бағасына сүйенеді. Сондықтан мұғалім олардың қабілеттерін бағаларда өте сақ болғандары жөн. Оқушылардың қабілеттерін, әрине, асырып бағалау дұрыс емес. Құлдыратып бағалау одан да оғаштау.

  Оқушыға сенім арту тәлім-тәрбие жұмысының принципі деп Макаренко әдемі айтқан. Шәкірттерге сенім арту мәселесі Макаренко еңбектерінде тиісті орын алған. Демек, бұл жұрттың бәріне әлімсақтан белгілі нәрсе.

  Оқушыларының   келешектеріне күмәнмен  қарайтын және ол күмән-күдіктерін қит етсе оқушыларының беттеріне басатын әдептен саңылаусыз мұғалімдер де болады. Олардың мұндай әдептен саңылаусыздығы көбіне педагогтық қылмыспен ұштасып жатады.

  Тәжірибелі мұғалімдер кейбір оқушылардың өз шамаларына деген сенімін қолдап, күшейту үшін олардың алғашқы жетістіктерін өсіріп көрсетуге саналы түрде барады [4].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

 

 1. Атенова, З. Мектеп-білім тірегі Ұстаз -оның жүрегі: Ұстаз ұлағаты// Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар.- 2006.- № 9.- 12-13 б.

2. Бабамұратов, Д.     Мұғалімдердің қадір-қасиетін бағалай білейік. [Текст]: [Сұхбат] / Шүкірбекова, Ә // Түркістан.- 2005.- 6 қазан.- 9 б.

3. Жүніс, Н. Мұғалімнің кәсіби мәдениеті [Текст]: [Ел тілегі - білімді ұрпақ] // Сынып жетекшісі.- 2005.- N1.- 36-39 б.

4. Синица И.Е. Педагогтық әдеп және ұстаздық шеберлік.
АлматыМектеп»,  1987.106 б.