ҚАЗІРГІ ЗАМАНАУИ МҰҒАЛІМ ТҰЛҒАСЫ

Айтжанова Р.М., Әділбаева Б.Ө.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық  – ұстаздық мамандық. Олай дейтініміз, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.   Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.

Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасаунда.  Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы  ағылшын  ағартушысы Уильям Уорд:  жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады,- деген  екен.                                     

Қазіргі заман  мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа ширақ, өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық – адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлілігі мен қабілетін өздігінен еркінен дамуын ұйымдастыра алатын, және ата– аналармен педагогикалық ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар әрі шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс. «Ескіден  қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», - деген екен Қытайдың дана ойшылы Конфуций [1]. Сонымен мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын кәсіби қызығушылығы жоғары танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы керек. Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – ұлы міндет. Бала тәрбиесіндегі ата – анадан кейінгі жауапты. Қоғамға пайдалы жеке тұлғаларды әкелу ұстазға, мұғалімге байланысты. Оқушының мектеп қабырғасынан әрі білім, әрі тәрбие алып шығуы да мұғалімнің еңбегі, қайраткерлік қызметі.

Ұлағатты ұстаз – ең алдымен шәкіртіне өмірді, білімді үйретуші. Өйткені, ол шәкіртіне үйрететін нәрсесін өзі жан – жақты терең біледі және қалай үйретудің тәсілдері мен әдістерін жақсы меңгереді де, шәкіртін білімге қызықтыра, ынталандыра түсіндіріп, оның сезімін, әсемдік, сұлулықты түйсіндіретін эстет. Ұстаз шәкіртіне ана да, әке де болады. Шәкірттерін туған ата – анасындай баурап, оның жанын терең түсінетін балажан, кішірейіл, қайырымды, инабатты, жанын сала жақсылық жасайтын гумманист болуы тиіс. Ұстаз өте әдепті, әділ, шыншыл шәкірттерін алаламай тең ұстайтын, өзінің терең білім, білігі жоғары мәдениеттілігі мен ақыл – парасаттылығымен үлгі болғаны жөн [2].

Бүгінгі таңда мұғалім тұлғасы деген мәселе өте өзекті болып отыр. Ол туралы ойшылдарымыз да, ғалымдарымыз да, қоғам қайраткерлері де ерекше мән беріп, түрлі тұжырымдар мен пайымдаулар жасаған.  Меніңше, мұғалім тұлғасының қалыптасуы ең алдымен өз мамандығын сүйіп тандауынан бастпу алады. Кез келген мұғалім өз мамандығын шынайы сүйіп таңдайтын болса, өзіне міндеттелген талаптарды орындау қиынға соқпайды. Сондықтан да, ең алдымен, ата – ана баласының бойында қандай қасиет бар, болашақта қай мамандыққа икемді, сол мамандыққа орай алған білімі тиянақты ма, таңдап отырған мамандығының ерекшелігін, қиындығын сезіне ме деген мәселелерге ерекше көңіл бөліп, баласының болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етуі қажет. Оқытушы шәкірттерінің психологиялық ерекшеліктерін, қабілетін, ой топшылауын, жеке тұлға ретіндегі бейнесін көре, тани алуы керек. Ең бастысы ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырын тигізуден шаршамайтын, шалдықпайтын өмірінің әр шақтарын қиып, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі. Ұлағатты шайыры, адам жанының адал бағбаны болған жөн. Ұстаз бойындағы білім мен мінез үйлесімділік тауып, шәкіртке деген ұлы махаббатпен тоғысып жатса, әрбір шәкіртіне жеке тұлға деп қарап, адал жүрегін ұсынса , өз ісін жан тәнімен сүйіп істесе, нағыз ұстаз болмақ.

ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Елбасымыз халыққа арналған жолдауында  «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген болатын [3]. Қашан да білімді ұрпақ – болашақтың кепілі. Қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалім қажет. Ол бір мезгілде әрі педагог, әрі психолог және оқу үрдісін ұйымдастырушы технолог бола білуі тиіс. Сонымен қатар, оқушының шектеусіз қабілетін дамыта алатындай білім берудің әлемдік кеңістігін құруға қабілеті бола білуі шарт. Бұдан мұғалімнің мамандық шеберлігі анықталады. Білім беруді ақпараттандыру үрдісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және шығармашылық түрде өзіндік қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан мұғалімдердің жаңа ақпараттық технологияны өз қызметтеріне еркін пайдалана білуі үшін және оқыту құралы түрінде пайдалану бағыттары бойынша білімдерін көтеру және қайта даярлауда ақпараттық әлемде оқу – тәрбие үрдісін ұйымдастырудың негізгі құралдарын, жаңа әдістер мен формаларды кез келген уақытта таба білуіне мүмкіндік туғызды. Мұндай жағдайда педагог мамандар өзін-өзі дамытуға және өздігінен білім алуға мүмкіндік алады. Бұл жөнінде  Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Білім сапасы мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты. Мұғалім қандай болса, мектепте сондай болмақшы.

Жаңа ғасырдағы мектептің жаңа тұрпатты мұғалімнің алдындағы міндеті-егеменді еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамыта отырып тәрбиелеу. Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады.Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз.

Енді осыған сәйкес ХХІ ғасыр мұғаліміне қойылатын талаптарға тоқтала кетейік: Біріншіден, мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман мұғалім болуы қажет. Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар мұғалім  жалтақ болмайды. Өз ісін жетік біліп табанды жүргізетін мұғалім  ғана  түпкі  нәтижеге  қол жеткізе алады. Ондай мұғалім әрбір күніне есеп беріп отырады, азаматтық ар-ожданын үнемі қорғай алады. Екіншіден, педагогтік, психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол  білімін  күнделікті  ісінде  шебер пайдалана білетін болуы керек. Мұғалім  қай  пәннен  сабақ бермесін, ол баланы өмірдің әр саласына қатысты  кез келген  сұрағына жауап беруге даяр болуы  керек. Әр мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс. Психологиялық  басты  заңдылық  "Адам  өзінің  шығармашылық өзгерушілік қызметі арқылы адамдармен қарым-қатынас жасайды және жеке ойлау қабілеті зор жеке тұлға болып қалыптасады" дейді. Үшіншіден, міндетті орта білім беру,  стандартты оқулықтарды пайдалану, ақпараттардың көбеюі. Өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйретпеген мұғалім қазір түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Төртіншіден, мұғалім ұйымдастырушылық, құрылымдылық, бейімділік сараптамалық қабілеттермен қатар өз бойындағы педагогикалық жағдаяттарды, дәйектерді, құбылыстарды талдай білуі және солардың пайда болуының себеп-салдарын анықтай білуге де бейім болуы шарт. Соның негізінде күрделі жағдайларда шешім таба алатын дәрежеге жету мүмкін. Бесіншіден, мұғалімнің  адамгершілік,  саяси идеялық  ұстанымы  жұмысында көрініс тауып, ол ұстанымда бала тәрбиесіне негіз етіп алуы шарт. Қысқасы, бала ықпал ету объектісі емес ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы қажет. ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпасада түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуы тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. "Ұстаз" сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі - белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы десе, екіншісі - жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз - баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Бұл мұғалімнен өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Елбасымыздың осы жылғы Жолдауында "Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңарту қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет" - деп айқын атап көрсетті.

Қазіргі заманғы мұғалім - бұл кәсіби маман. Педагогтың кәсібилігі оның кәсіби жарамдылығымен, кәсіби жол табуымен, дербес дамуымен, яғни өз бойында кәсіби қызметті орындау үшін қажетті қасиеттерді мақсатты түрде қалыптастыруымен анықталады.  Осы жаңа ғасырдағы кәсіби маманның  бойында мынандай қасиеттер болуы керек: сергектік, байқағыштық, сезімталдық, сенім, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабыр сақтау, ілтипаттылық, мейірімділік.

Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының  егеменді ел болуы жас ұрпақтың жан - жақты дамуын, дүниежүзілік алдыңғы  қатардағы ақыл- ой мен тәжірибені өскелең өмір талабына жеткізуін, халқымыздың  көп жылдар бойы тұншығып келген тілін, мәдениетін, тәлім- тәрбиесін жаңартуды  талап етеді.

Қазақ халқының көрнекті педагогі Ы.Алтынсарин: «Халық мүдделері үшін ең керектісі- оқытушы. Тамаша жақсы  педагогика құралдары да, ең жақсы  үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген басқарушының  бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» - деп, мұғалімнің баланы оқыту мен  тәрбиелеу ісіндегі жауапкершілік  міндетін жоғары бағалаған. Қазір бұл  міндет төмендеген жоқ, қайта ғылыми- техникалық прогреске сәйкес оқушыларға терең білім беру, халқымыздың  дәстүрлі мен әдет- ғұрпы, салтына  сай имандылыққа тәрбиелеу қажеттілігі  туған заманда, мұғалімдерге күрделі  жаңа міндет жүктеледі [4].

Ұстаздық киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе - жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Бұл қиынның-қиыны. Себебі, әр  адам-қайталанбас жеке тұлға. Бүгінгі талапқа сай мектепте білім берудің жаңа саласына жету – мұғалімнің мейірімділігімен, білімімен, шеберлігімен тығыз байланысты. Өз мамандығына жан –жүрегімен берілген ұстаз ғана ұстаздық этиканы да, ұстаздық техниканы да, шеберлікті де жақсы меңгереді.

Мұғалімнің шығармашылық қабілеті, жаңашылдық әрекеттері, біліктілігі, физиологиялық және психикалық сапасы, педагогикалық кәсіптік біліммен сәйкестенеді. Жаңашылдық, шығармашылық қуат шексіз, әрі үздіксіз қозғалыста дамиды. Бұл педагогикалық бағытта оқытушы мен оқушының өзара ықпалы, өзара дамуда, ынтымақтастықтан теңгермешілікке, дамудың жоғарғы деңгейіне жетуде мәні зор.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.   Жүсіпова Ж.А. Педагогикалық шеберлік.- Алматы, 2011. – Б. 103.

2.   Шыныбекова Э.И, Ұстаздық қызметтегі педагог этикасы.- Алматы, 1987. – Б. 25.

3.   Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Астана,2006. - 36 б.

4.   Шәбжантайқызы М. Ұстаз-мектептегі басты тұлға. -Көкшетау, 2004. – Б. 96.