ОӘК 371(574) 

Шағын жинақталған мектеп математикасын оқытуда үлгермеушіліктің алдын алу жолдары

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Сарыбекова Қ.Н.-педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Баймұратова Ж.Б. – магистрант

 

     Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.А.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» даму стратегиясында   елдiң дамуының басты бағыттарының бірі ретінде  Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсуі  атап көрсетiлген [1 ].

        Әрбір тәуелсіз мемлекеттің алға қойған басты мақсаты ел экономикасының дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан» сынды жарқын болашаққа үміт артқан жас мемлекет үшін ондағы ұрпақ бойындағы білімді білікті ету саясатын дұрыс жүзеге асырудың маңызы зор. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар жас ұрпақтың білімді болуы – баянды да бақытты болашақ кепілі.

          Шағын жинақталған мектептердiң тарихы ХIХ ғасырдың орта тұсынан бастау алатыны белгiлi. Бiрқатар ғалымдардың (Т.Тәжiбаев, Ә.I.Сембаев, Г.М.Храпченков, П.А.Жильцов, Г.Ф.Суворова, А.Ө.Мұханбетжанова) зерттеулерiне қарағанда, сол кездерде Қазақстан топырағында пайда бола бастаған орыс-қазақ мектептерiнiң басым көпшiлiгi бiрнеше бөлiмдi (сыныпты) бiр мезгiлде бiр мұғалiм оқытатын шағын жинақталған бастауыш мектептер болған. Осы үлгiдегi мектептердiң ашылуы, негiзiнен, К.Д.Ушинский, Н.А.Корф, Л.Н.Толстой, Н.Ф.Бунаков, Ы.Алтынсариндердiң ағартушылық қызметiмен тiкелей байланысты. Бұл ұстаз-ғалымдардың, әсiресе, ауыл мектептерiндегi оқу-тәрбие iсiн ұйымдастыруға, яғни ауыл балаларына лайықтап оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға, оларға берiлетiн бiлiм көлемi мен мазмұнын, оқытудың тиiмдi әдiс-тәсiлдерiн анықтауға сiңiрген еңбектерi зор болды. Содан берi мұндай мектептердегi оқу-тәрбие процесiн жақсарту, жолға қою мәселесi қолға алына бастады [2].

Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Уақыт талабы болашақ азаматтарды тәрбиелеу үрдісінде жаңаша бағыт, соңы серпілістер мен шығармашылық негіздегі педагогикалық ізденістерді қажет етеді. Адам факторы алға шығарылып, қатаң бәсекелестік заманында өзінің білімділігі мен біліктілігін таныта алар дарынды да талапты жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жалпы білім беретін мектептердің білім мазмұны мен оқыту процесіндегі жаңа ойлар мен шешімдердің жүйесіне келіп тіреледі.

          Жаппай білім беру жағдайында оқушылар пән бағдарламасында қарастырылған білім, білік және дағдыларды мектеп қабырғасында игеруге міндетті. Дегенмен, оқушылардың математикалық білімді меңгеруінде, теориялық білімді іс жүзінде қолдануында, өздігінен қосымша әдебиеттермен жұмыс істеуінде, сондай-ақ математикалық іс-әрекеттерінде олқылықтар мен кемшіліктер бой көрсетеді. Оқушылардың математикадан алған білімі, білігі мен дағдыларындағы кемшіліктердің болуы, соның салдарынан үлгермеушіліктің себептері бар, солардың қатарында:

1.   Ұғымдардың анықтамаларын, ерекше белгілері мен қасиеттерін және т.б. тұжырымдауға оқушылардың біліміндегі олқылықтар мүмкіндік бермейді;

2.  Есеп шығаруға кедергі келтіретін жағдайлар, біліктердің қалыптасуындағы кемшіліктер;

3.  Есептеулер жүргізуге және графиктік жұмыстарды орындауға жеткілікті деңгейде қалыптастырылмауы;

4.  Жұмысқа кірісуге немесе бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермейтін оқушының дербестігінің, зейінінің, табандылығының жеткіліксіздігі.

         Үлгермеушіліктің алдын алу бүкіл сыныптың неме­се әрбір оқушының сабақтағы және үйдегі қызметін пәрменді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.Үлгермеушіліктен сақтандыру үшін мұғалім жалпы математикалық білімді меңгергенде кездесетін қателерді болдырмау шараларын іздестіреді және оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарының тиімді тәсілдерін жолға қояды. Сонымен, үлгермеушіліктің алдын алудың алғышарты бағдарламалық материалды әрбір оқушының жүйелі оқуы болып табылады. Бір жағынан, бұл оқу материалының бір-бірімен тығыз байланысы немесе сабақтастығы арқылы шешілетін мәселе.

          Үлгермеушілікпен күресудің маңызды бір кезеңі -әрбір оқушыны өздігінен жұмыс істеу тәсілдерімен қаруландыру. Мәселен, оқушы қате жіберсе өздігінен ол ма­териалды қайта қарап, қатесін түзетуге қиналуы мүмкін. Бұл жағдайда мұғалім оқулықтағы қажетті материалды зер сала қарауға баулып, кеңестер беруі тиіс. Кейбір кезеңдерде мұғалім ол материалды түсіндіріп, екі-үш жаттығудың орындалу жолын тақтада көрсетуі мүмкін, оқушы өздігінен жұмыс істей алатынына көз жеткізгеннен кейін ғана жаттығулар орындатуға кіріскен жөн[3].

         Озат мұғалімдердің тәжірибесінде жаттығуларды орындауда басшылыққа алынатын нұсқау топтамалар жиі қолданылады.

Үйге берілген тапсырмалар бойынша уақтылы кеңес беру оқушыларды кездейсоқ кателерден сақтандырады. Ал оқушыларды үлгермеушіліктен сақтандыруда олардың білімін мұғалімнің есепке алып, арнайы дәптерге жазып отыруының тигізетін әсері мол. Сондағы жазбаларда мыналар атап көрсетілуі міндетті болып табылады:

      1.  Жеке тақырыптар бойынша кездесетін олкылықтар;

2.    Олқылықтарды жою шаралары жеке тапсырмалар беру және оларды орындау мерзімін анықтау (берілетін кеңеске қатыстыру);

3.   Оқушы қызметінің нәтижесі (оқу материалын игеру сапасын анықтау, орындалмаған тапсырмалар тізімін түзеу.

       Oқушылардың біліміне қойылатын бағаны дәптерге жазбай, тек олардың оқу қызметіндегі оңды өзгерістерді белгілеп отырған дұрыс.

Үлгермеушіліктің алдын алу ісін алға бастыру әрекетінде оқушылардың жасқаншақтануына жол бермеу, дұрыс жауап бергенде мадақтау, үлгерімі төмен оқушыға уақытында жалықпай көмек көрсету, оларға сыпайы болу сияқты психологиялық факторларды ескеруді ұмытпаған жөн.

Осы бағыттағы мұғалімінің жұмысының басты бағыттарының бірі - әрбір оқушының өз мүмкіндігін, қабілетін және икемділігін көрсетуіне жағдай жасау. Бұл маңызды шара "Оқытудың үжымдық сипаты мен оқушылардың дербес ерекшеліктерін ұштастыру" ұста-нымы арқылы жүзеге асырылады. Бұл ұстаным барлық оқушылардың белсенді қызмет етуіне жағдай жасаумен бірге, олардың дербес ерекшеліктерін ескеруді де талап етеді.

Оқушылардың жеке ерекшеліктері сабақ барысындағы сұрақ қою, кіріспе әңгіме, оқыған материалды тиянақтау, т.б. іс-әрекеттерді ұйымдастыруда ескеріледі. Сабақты сұраған кезде ширақ, қол көтеріп отыратын окушылармен қоса, бүйығы, жауап беруден жасқанатындарға да үнемі көңіл аударып, дұрыс жауап берген жағдайда оларды көтермелеп және мадақтап отыру жөн. Мұның бәрі оқушының сенімін, ынтасын арттырады.

Үлгерімі төмен деңгейдегі оқушылардың білімін талапқа сай көтеру үшін орын алып отырған білімде кездесетін олқылықтардың сипатын, қандай тақырыптың жеткіліксіз меңгерілгенін, есептердің қандай типтері қиындық туғызатынын, қандай біліктер мен дағдылар қалыптастырудың қажет екенін анықтау керек. Тақырыптардың өзіне тән қиындықтарын мұғалім алдын ала анықтап, сабақ үстінде немесе үй тапсырмаларын бергенде, оларды түсіндіруге баса назар аударуы керек. Оқыту үдерісін оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру үшін оқу тәрбие жұмысына әр мұғалімнің өзіндік әдіс енгізуі өте орынды.Бұл әдістің мәні әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқушы мен мұғалімнің бірлесіп жұмыс істеуін, олардың үйде өздігінен орындайтын тапсыр­маларын, сыныпта және сыныптан тыс атңаратын жұмыстарын үйлестірудің неғүрлым қолайлы түрлерін анықтау [3].

Өзіндік әдісті жүзеге асыру мыналарды көздейді:

1)   оқушылардың жеке ерекшеліктерін зерттеп, олар­ды типтік топтарға бөлуді;

2)   оқу үдерісінің барлық кезеңдерінде әр түрлі топқа тиісті оқушыларды Оқытудың, тәрбиелеудің және жан-жақты дамытудың әдістемелік тәсілдерін жасауды;

3)   әр алуан мақсатта қолданылатын жеке дидактика-лык материалдың жүйесін құруды;

4)білімді бағалау, бақылау жүйелерін жетілдіруді.

Оқушыларды топтарға бөлгенде олардың оқуға және жұмысқа деген ңабілеті ескеріледі. Жалпы алғанда, оқушылардың оқуға қабілеттілігі деп оның неғүрлым қысқа мерзім ішінде білімнің биік деңгейіне жету қабілетін түсінеміз. Бұл белгі бойынша оқушыларды оқуға қабілеті жоғары, орташа және төмен деп үш топқа бөледі. Ал оқушылардың жұмысқа қабілеті деп белгілі бір уақыт аралығында олардың өнімді оқу қызметімен шүғылдану қабілетін айтады. Жұмысқа қабілеттілік дәрежесі оқушылардың психологиялық-физиологиялық мүмкіндіктерімен, оқуға ынтасымен және іскерлігімен анықталады. Жұмысқа қабілеттілікті арттыруда оқу дәйектілігі, оқуға қүлшыныс, денсаулық жағдайы, табандылықты дамыту, сезімталдығы, оқудың тиімді тәсілдерін қолдану, т.б. елеулі рөл атқарады.

         Оқу материалының даралануы мен саралануының сынып-сабақ түрінде қолданысы мен қиындығынан, дидактикалық материалдардың нысаналы жүйесі мен әр топтағы оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай әдістемелік тәсілдерді қолдану қажеттілігі туындайды.

       Теориялық материалды оқыту кезінде жеке оқушының біліміне сүйене отырып, мұғалімнің түсіндіруі, топтама-тапсырмалар, алгоритмдер, нүсңаушы парақтар бо­йынша жеке оқушылардың немесе топтардың өздігінен жұмыс істеуі, өздігінен жұмысты ішінара орындауға көшу, ахуалдарды шешкенде сұрақ-жауап әдісін қолдануы, т.б. сияқты тәсілдер пайдаланылады. Оқушылардың білім сапасын көтеру үшін үйге берілетін тапсырмаларды даралаудың да рөлі зор[3].

       Оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай үй тап­сырмаларын даралағанда тапсырмалардың көлемі, әр түрлі құралдарды пайдалану, тапсырманың толықтық және тереңдік дәрежесі, шығармашылық және дербестік деңгейлері, орындау мерзімі ескерілуі міндетті.Үй тапсырмаларының толық орындалуын қамтамасыз ету үшін оқушыларды өздігінен ізденуге баулу қажет. Бұл маңызды шара көпшілік жағдайда сатылап үйрету әдістемесі арқылы жүзеге асырылады.

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1. «Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы  - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті. №236 (2147), 15 желтоқсан, 2012 жыл.

2. Хмель Н.Д. Педагогический процесс в общеобразовательной школе.-Алма-Ата, «Мектеп», 2004,-134с.

3. Құрманалина Ш., Құрманалина С. Шағын жинақталған мектептегі математика. –Астана, «Фолиант», 2008.